Ауыл

«Жол картасы»: жүйелі жұмыстар желісі

Мемлекеттік бағдарлама аясындағы қолға алынған шаралар легі облысымызда белгіленген мерзімге сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мұны біз іс басында болып, көзбен көріп те, ресми орындар арқылы ақпарат алу нәтижесінде де сезінудеміз.

Төменде облыстың бірқатар өңірлеріндегі атқарылып жатқан жұмыстармен жұртшылықты хабардар етіп отырмыз.

Мәртөк

Клубтардың еңсесі көтеріледі

Көптеген жылдар бойы қараусыз қалған, есігінің қиюы кетіп, сахнасынан сән қашқан клубтар енді еңсесін тіктейтін болады. Бұл ауданда алты мәдениет объектісінде жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. «Колос» кинотеатры, Жайсаң селолық кітапханасы, Рыбаков,  Первомай, Полтава, Андреев селолық клубтары биыл күрделі жаңаруды бастан өткереді.

Мәдениет саласында ғана «Жол картасына» сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден 51,8 млн. теңге қарастырылды. Осы шаруаларды атқаруға байланысты жаңадан 120-дан астам жұмыс орны ашылуда. Ең бастысы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмыссыздарды еңбекке орналастыру белсенді түрде іске асырылуда.

Андреев селолық клубының меңгерушісі Лилия Белогубтың айтуына қарағанда, отыз бес жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген ауылдағы мәдениет ошағы қазірдің өзінде төбесі жабылып, онда ішкі әдемілеу, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеуден соң клубтың есік-терезелері де әсем қалыпқа енбек.

Құрылысшылар бригадасы құжаттары реттелген соң-ақ жедел іске кірісіп кетіпті. Бір айта кетерлігі, ғимараттың жылыту жүйесі де жаңартылады.

Қырық жылдан астам уақыт бойы село жастарының сүйікті орталығына айналған «Колос» кинотеатрының қалыпқа келтірілуіне 24 млн. теңге бөлінді. Бұл объекті түбегейлі жаңарудан соң мұнда ұлттық-мәдени кеңестер қоныс теппекші. Бұдан былай ауданда тұратын сан ұлт өкілдері қалаған уақытында осы жерде бас қосып, халықтар мәдениетінің қайнар көздерінен сусындай алады. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Рустал» ЖШС жүргізуде. Мұнда қазірдің өзінде қырық жеті жұмыс орны ашылды. Бұл әлі де көбейтілуі мүмкін.

Учаске прорабы Сәкен Жақсыбаев 20 тамызға дейін жөндеу жұмыстарының толық және сапалы аяқталатындығына сенімді.

Аққұдық селолық округіндегі Рыбаков,  Первомай деп аталатын шағын ауылдардағы клуб үйлерінің жөнделіп, уақыт талабына сай тұрғыда пайдалануға берілуі тұрғындардың көңілін жадыратқаны байқалады. Өйткені мұндағы іргелі өзгерістерді байқаған бірнеше отбасылар қоныс аудару туралы ойларын өзгерткен.

Ауыл тұрғындары үшін рухани қажеттіліктер – мектеп пен мәдениет ошақтары өз дәрежесінде жұмыс істесе, осының өзі көп игі әсерін тигізетіні мәртөктіктер тіршілігінен анық байқалуда.

Шалқар

Жүзден астам жұмыс орны ашылды

Шалқар өңірінде де мәдениет саласына айрықша көңіл бөлінуде. «Жол картасымен» 52,5 млн. теңге бөлініп, соның нәтижесінде 104 адам жұмысқа тартылуда.

Бөлінген қаржы мынадай мөлшерде орнын тапты: аудан орталығындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуге – 37,0 млн. теңге, Шілікті ауылындағы Мәдениет үйін жөндеуге  – 6,5 млн. теңге, Жылтыр ауылындағы Мәдениет үйіне – 5,0 млн. теңге және Мөңке би селолық округі орталығындағы клубты жөндеуге – 4,0 млн. теңге.

Аудандық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізумен «Рүстем» ЖШС айналысуда. Мұнда есептелген 37 млн. теңгенің жұмыстары 5 маусымнан бастап қолға алынды. Жөндеу жұмыстарына негізінен отандық құрылыс өнімдері пайдаланылуда. «Жол картасы» негізінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің келісімімен елу алты адам жұмысқа тартылды. Еңбекке тартылған жұмысшыларға атқаратын жұмыстары белгіленіп, келісім-шарт бойынша айлықтары төленеді. Барлық нысандарда қолға алынған жөндеу жұмыстарын қазан айының басында бітіру көзделіп отыр.

Шілікті ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеуге осындағы аз қамтылған отбасылардан он екі адам тартылды. Жоспар бойынша қарастырылған 6,5 млн. теңгеге ғимараттың шатыры, сондай-ақ іші-сырты, басқа да көптеген жерлері жаңартылмақшы.

250 орындық типтік жобада салынып жатқан мектеп те көп ұзамай тұрғындар қуанышына айналмақшы.

Қобда

Мамандық игеру мүмкіндікті кеңейтеді

Бағдарлама аясындағы мамандарды қайта даярлау бүгінгі күннің басты және маңызды міндеттерінің біріне айналуда. Қобдада қысқа мерзімді курстар үш айға дейін қысқартылды. Мұнда жаңа мамандық бойынша білім алушыларға бюджет есебінен ай сайын 7500 теңге мөлшерінде стипендия төленеді.

– Біз қазір аспаз, газбен дәнекерлеуші, электрмен дәнекерлеуші, тракторшы-машинист мамандықтарын игергісі келетіндерден арнай топтар жасақтадық, -дейді Қобдадағы №15 кәсіптік лицей директорының орынбасары Кенжегүл Бөпелекова, – Жалпы, курстағылар саны 150 адамды құрады.

Шілде айының басынан бастап ағаш шебері, токарь мамандықтары бойынша жиырма екі адам білім алуда.

Күн өткен сайын жаңа мамандық игеруге талаптанушылар қатар көбейе түсуде. Ауылдық округтерден арнайы тапсырыстар түсе бастады. Талапкерлер қатарын негізінен жұмыссыз жүргендер құрайды.

Лицейде жаңа мамандық игерушілерге барлық жағдай жасалған. Тіпті, жағдайы келмейтіндерге жатақханадан тегін орын да берілді.

Лицей директоры Әділбек Қорғанбаевтың айтуынша, «Жол картасы» бойынша жаңа мамандықтарға даярлау жұмыстары алда да өз арнасын кеңейте бермекші.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button