Басты жаңалықтар

Алаштың ардақтысы

Өткен аптаның жұма, сенбі күндері Ырғыз ауданында тарихи тағылымы мол үлкен бір той өтті. Бұл маңызды шара Алаштың ұлы, жүрегі халқым деп соққан және халқы үшін қызмет ете жүріп, «солақай саясаттың» құрбаны болған Тел Жаманмұрыновтың 125 жылдығына арналды.

Зобалаң зардаптары

Жалпы Ырғыз өңірі ықылым заманнан сауатты, отаншыл қайраткерлерден кенде болмаған. Әсіресе ХХ ғасырдың басында, аумалы-төкпелі уақытта жанын қазағына арнаған, азаттықты аңсап, сол үшін күрескен, ғұмырын халқы үшін пида еткен арыстардың бір легі тарих сахнасына шықты. Кеңес үкіметі тұсындағы зорлық-зомбылықтың, қуғын-сүргіннің салқыны ырғыздықтарға қатты әсер еткен болуы керек, сол тұста шыққан, дербес мемлекеттікті аңсаған арыстарымыздың аттарын атай алмады. Көптеген қоғам қайраткерлері іздеусіз қалып келді. Бүкіл қазақ мақтанып айтатын тұлғалардың бірі де бірегейі Тел Жаманмұрынов болатын. Кешегі өткен шара сол олқылықтардың орынын толтырғандай болды.

Мерекелік шараға еліміздің бірқатар облыстарынан қонақтар келді. Тел Жаманмұрыновтың қызы Гүлнар апа Телқызы және Тел атамыздың 4 қызынан тараған төрт жиені қатысты.

Ғылыми-теориялық конференцияда аудан әкімі Мирхан Дуанбеков негізгі баяндаманы жасады. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, ғалым Светлана Смағұлова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Айшуақ Бақыт қосымша деректермен толықтырды. Ақын, көсемсөзші, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы, Тел Жаманмұрыновтың жиені Әбдіраш Теберіков, Қостанай облысы Жангелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғарин және ырғыздық зейнеткер Нұрқасым Сәрсенбайұлы өздерінің өзекжарды пікірлерін білдірді.

— Ырғыз топырағы қасіретті көп көрген сияқты, — деді Мейірхан Ақдәулетұлы. — Патша өкіметінің теперішін, Кеңес үкіметінің қуғын-сүргінін ырғыздықтар көбірек бастан өткергендей. Кеңес өкіметі тұсында ауданды бір де бір ырғыздық басқарған емес. Мұның бәрі әдейі жасалды. Бірақ аруақ мәңгі жасайды, ұрпақ жалғаса береді. Тарихшы болмаса да Ералы Тұрабаев Тел Жаманмұрынов туралы кітап шығарған екен, енді оны толықтырып, ғылыми деңгейге жеткізу керек. 

Тел Жаманмұрыновтың қызы 81 жастағы Гүлнар апаның айтып берген естелігі кім кімді де тебірентті.

— Әкеміз ұсталар алдында мені көтеріп алып, қолынан түсірмей ұзақ тұрды. Өзі білген ғой. Содан кейін әкемді көрмедім. Жамбыл облысының Шу ауданы Новотройцк кентінде тұрып жаттық. Кейін шешеміз екі баламен — бірі мен, туған жерге келдік. Түнге қарай келіп едік, Жаманмұрыновтың отбасы екенімізді білген ауыл адамдары үйлеріне кіргізбеді. Тек бір үй есігін ашып, бізді паналатты. Бірақ кейін құқық қорғау органдарының өкілдері бізді ол үйден шығарып жіберді. Кейін естідік, «халық жауының» отбасы мүшелерін үйіне кіргізгені үшін үй иесін ату жазасына кесіпті. Содан бір киіз үй тауып алып, айдалада қыстап шықтық. Тіпті Ырғыздың өзінде тұруға да рұқсат бермеді. Шешеміз Молотовқа хат жазды. «Сендерге енді ешкім тимейтін болады» деген жауап келді. Соғыс басталды. Апаларым Ләйла мен Бибі майданға алынды. Шешем тағы да Молотовқа хат жазды. Екі апам соғыстан елге қайтарылды. Осыдан кейін барып жағдайымыз сәл де болса жеңілдеді.

Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов 1888 жылыбұрынғы Торғай  облысы Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысында дүниеге келген. Малшылықты кәсіп еткен әкесі Бұқпан Телдің екі жасында өмірден өтіп, жас сәби Жаманмұрын аталып кеткен жасы жетпіске таянған атасы Дәулетімбеттің қолында қалады. Бір үйлі жанды әкесінің інісі Баймағанбет асырайды. Анасы мен апасы да жалданып  жұмыс істейді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, атасы алты жасқа толған Телді ауылдағы — №7 Аманкөл болысындағы ашылатын мектепке оқуға береді. Атасының ықпалымен ауыл мектебі мен Ырғыздағы екі кластық училищені жақсы оқып бітіреді. Сондай-ақ, ауыл молдасынан қазақша (арабша) сауат ашады.

Жас талап әрі қарай оқығысы келеді. Немересінің арманы оқуды  жалғастыру екенін білетін атасы ақыр соңында отбасының күн көріп отырған бар малы — екі өгізді атқа айырбастап, жолына қаржы беріп, Орынборға аттандырады.

Орынбордағы мұғалімдер мектебінің төртінші класында оқып жүріп ол Орынбор реалдық  училищесінің үшінші класына ауысады.

ХХ ғасырдың басындағы төңкерісшіл көңіл-күй жиырма жасқа толған Телге де әсер етеді. Осы жылдары оның алғашқы саяси көзқарасы қалыптаса бастайды.

Реалдық училищені бітірісімен Тел одан әрі білімін ұштау мақсатында сол кездегі патшалық Ресейдің астанасы Санкт-Петербургтегі мемлекеттік техникалық университетке оқуға түседі. Өкінішке орай, оқу іздеп барған Телдің бар ынтасымен беріліп оқуға мүмкіндігі болмайды. Туберкулездің алғашқы белгілері біліне бастағасын, дәрігерлердің кеңесімен ол өзі бір жыл оқыған университеттен 1913 жылы Москваның ауыл шаруашылығы институтына ауысуға мәжбүр болады. Мұнда Тел 1913-1917 жылдар аралығында оқиды.

1916  жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарды тыл жұмысына алу туралы әйгілі жарлығы шығады. Майданға қара жұмысқа көпшілікпен бірге өз еркімен аттануы 26 жастағы студент Тел Жаманмұрыновтың күрделі дәуірдегі саяси оқиғалар аясында туған халқының мүддесі жолындағы күреске араласуының басы еді. Онда Тел орыс тілін білмейтін қазақтарға көмектесе жүріп, саяси тұрғыдан көп шыңдалады. Бұған халқымыздың жарқын болашағын аңсаған ұлт арыстары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтармен араласуының септігі тиеді.

Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары 1917 жылы «Алаш» партиясын, оның артын ала Алашорда үкіметін құрып, тәуелсіз қазақ автономиясын құруға белсене кіріскені мәлім.

Тел Жаманмұрыновтың өміріндегі маңызды белес Алаш қозғалысына араласуы еді. 1917 жылдың көктемінде майданнан оралысымен Тел әуелі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді қайраткерлермен бірге Орынбордағы «Еркін дала» ұйымына мүше болып кіріп, басшылық құрамына енеді. Алаштың 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезіне Торғай облысынан қатысып, онда Бүкілресейлік құрылтайға депутат болып ұсынылады. 1917 жылы 20-25 тамызда Ақтөбеде өткен Торғай облысы қазақтарының екінші съезінің ұйымдастыру шараларына қатысып, жиында хатшы қызметін атқарады.

Осындай алаш ісіне белсене қатысумен қатар, Тел Ырғыз уезіндегі болыстық  комитеттер құру жұмысын да зор ыждағатпен атқарады. 1917 жылдың шілде айында бірінші Ырғыз уездік съезі өтеді. Осы съезде Тел Жаманмұрынов уездік жер бөлімінің төрағалығына сайланады. 1918 жылы наурыз айында Қырғыз (қазақ) ревкомы Ырғыз уездік атқару комитетін ұйымдастырып, оның төрағалығына Тел Жаманмұрыновты сайлайды.

Ал бұл кезеңде алаш қозғалысы күш ала бастайды. 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезінде Алаш партиясы құрылып, зор саяси күшке айналады. Сол жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезі өтіп, онда аса маңызды мәселелер қаралады.  Бұл құрылтайдағы басты оқиға – қазақ халқының ұлттық-территориялық мемлекеттілігі – Алаш автономиясының жариялануы еді.

Тел 1918 жылдың аяғында кейбір келіспеушіліктер салдарынан төрағалық қызметтен кетеді. 1919 жылдың көктемінде Кеңестердің уездік үшінші съезінде уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары және жер басқармасының меңгерушілігіне сайланады. Могилевтің ақ  бандылар отряды Ырғызды алғанда  Телді далалықта тұтқындап, Кеңес мекемелеріндегі қызметі мен коммунистік партияға бүйрегі бұрғаны үшін далалық-әскери соттың қарауына беріп, 15 тәулікке жазалайды. Босап шыққасын Ырғыздағы көтерме дүкеннің меңгерушілік жұмысына қояды.

1925 жылы ақпан айындареспублика астанасы Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшірілді. Бұл кезеңде Жер халық комиссариатына жүктелетін міндет өте ауыр еді. Сондықтан жоғарыдағы айтылған тарихи міндеттерді жүзеге асыруда осы комиссариаттың белді қызметкері Жаманмұрыновтың да қолтаңбасы бар екені даусыз. Осы қызметтерде жүріп ол 1921-1922 жылдардағы аштыққа ұшыраған елге көмек беру комиссиясының жұмысына араласады.

1921-1922 жылдардағы аштық халықты отырықшылыққа үйрету мен оған жағдай жасау қажеттігін көрсетті. Ал бұл істе Тел Бұқпанұлы секілді кәсіби маманның орны бөлек еді. Осы жылдардан бастап астық өндірудің сенімді жолы — сулы егіске кірісу ойластырылып, бұл үшін суландыру жүйесінің құрылыс жобаларын дайындау жұмысы қолға алынады. Жобалау жұмыстары бүкіл Қазақстан бойынша қарқынды жүргізілсе, оның ішінде Ақтөбе өңірінің Ырғыз, Ойыл, Табын, Ключевой аудандарында да дендеп жүргізіледі.

1927 жылы Жаманмұрынов Жер халық комиссариатының өкілі ретінде Түркістан-Сібір теміржолын жобалау және жабдықтау шараларына қатысады.1929-1930 жылдары Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасының Статистика басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет жасайды. 1930-1932 жылдары Статистика басқармасының Мемлекеттік жоспарлау комитетіне қосылуына байланысты президиум мүшелігіне және ауыл шаруашылығы секциясының меңгерушілігіне ауысады. 1932 жылдың мамыр айында Түйе шаруашылығы ғылыми зерттеу станциясына директор болып тағайындалады. Ал, 1933 жылдың шілде айынан Халық Комиссарлар Кеңесіндегі көшпенділерді отырықшылық шаруашылығына орналастыру жөніндегі комиссияға басшылық жасайды.

Тел Бұқпанұлы 1934 жылдың шілде айында Ақтөбе облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне жіберіледі. Жаманмұрыновтың ел үшін жасаған соңғы еңбегі де ерекше еленуге тұрарлық іс еді. 1936 жылы Кеңестер Одағында ұжымдастырудың салдарын жоюдың бір жолы ретінде Қазақстан мен Қарақалпақстанда түйе шаруашылығын дамыту ісі қолға алынады. Осыған байланысты Халық комиссарлары кеңесi қазақ даласындағы жағдайды түзеу үшiн Моңғолиядан асыл тұқымды түйе әкелу жөнінде қаулы қабылдайды.

Өкініштісі, осындай ел мен жер үшін ересен еңбек сіңірген азамат басқа да боздақтармен бірге жазықсыз жазалау құрбаны болды. Сахан Мұхамбетовтің жазуынша, 1937 жылдың сәуір айында Жаманмұрынов Моңғолия сапарынан  қайтып оралып, оншақты күн өткен соң барған жұмысы жайында есеп  беру үшін қайтадан Мәскеуге кетеді. Онда бір айдай жүріп келген соң, бірнеше күннен кейін, яғни сол жылдың 31 мамырында тұтқындалады. «Халық жауы» деген қамыт ілінген қайраткерге кезінде алаш қозғалысына қатысқаны басты айып болып тағылып, одан кейінгі елге істеген қызметтерінің барлығы өңі айналдырылып, жаулық әрекетке жатқызылады. Жазықсыз жазаланған есіл азамат КСРО Жоғарғы Әскери сотының коллегиясының шешімімен 1958 жылы 4 наурызда ғана ақталды.

 

Жүйріктен жүйрік озды жарысқанда

 

Тел Жаманмұрыновтың мерейтойына арналған шара аясында Ырғыз селосындағы «Жігер» спорт кешенінде жасанды футбол алаңы ашылды. Мұндай үлкен футбол алаңы бірен-саран ғана аудан орталықтарында бар. Бұл үлкен сый болды. Ырғыздық жас спортшылар жап-жасыл жаңа алаңда футбол ойнап, эстафеталық жүгіруге қатысты. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында өткен «Елін сүйген ер» атты шығарма байқауының жүлдегерлері марапатталды. «Үлгілі үй», «Үлгілі аула» секілді байқаулардың қорытындылары шығарылды.

Жұма күні кешкілік «Арай» мәдениет үйінде «Тұғыры биік тұлға» атты ақындар айтысы болды. Ақындар бүгінгі тәуелсіздігімізді арман еткен Тел Жаманмұрыновтың өмірі мен қайраткерлік қызметін жырлады, егемендікті өлеңдеріне арқау етті. Сайыс қорытындысында қостанайлық қонақ Шыңғыс Кенжалиев жеңімпаз атанды. Шалқар ауданы Бершүгір стансасынан келген ақын Ертай Сарман екінші орынды иеленді. Ал Ырғыз ауданының Нұра ауылының өкілі Ардақ Таңжанов үшінші орын алды.

Сенбі күні 21 шақырымдық аламан бәйге өткізілді. Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округінің «Есбол» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Сүйеубаевтың күрең қасқасы бірінші келді. Ат иесіне бәйгеге жылқы тапсырылды. Күрең қасқамен құйрық тістесе келген ырғыздық Дүйсенбай Дабыловтың торы аты екінші жүлде — 100 мың теңгені алып берді. Ал шалқарлық Түгелбай Құдайбергеновтың «Жұлдыз» аты үшінші келді. Сыйлыққа теледидар берілді.

Аламан бәйгемен қатар боз кілемде қазақ күресінің шеберлері күш сынасты. Қызылорда облысының Арал ауданынан келген Нұрым Сәлімгереев «Түйе палуан» атанды. Шалқарлық Азмат Тұрымбетов екінші жүлдегер атанды. Тағы бір аралдық Мақсат Исақабылов үшінші орынды иеленді. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен гір көтеру, арқан тарту, армрестлинг жарыстары өтті.

Бұл күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атындағы саябақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін жәрмеңкеге шығарды. Сондай-ақ ауданның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің озаттары марапатталды.

Мерекелік шараға жиналған қонақтар Аманкөл ауылындағы Т.Жаманмұрынов атындағы мектепте болып, қайраткер мүсінінің ашылуына қатысты. Мектептегі мұражаймен танысты. 

Қоғам қайраткерінің мерейтойына арналған шаралардың ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтуіне аудан әкімі Мирхан Дуанбеков басшылық жасап, Қазкелді Бижанов, Әлібек және Әл-Фараби Сариндер, Құдайберген Бекенов, Боран Ермаханов, Ибрагим Сәрсенбаев секілді көптеген ырғыздық азаматтар, жалпы жергілікті тұрғындар білек сыбана кірісті. Бұл ырғыздық азаматтардың ауызбіршілігін көрсетсе керек.

 

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button