Әлеумет

Бұқара

Ақтөбе – 140

Мәнзия әженің лебізі

Редакциямызға сексеннен асқан Мәнзия әже Жаманқұлова келді. Таяққа сүйенген әженің жанында қызы мен жиені бар. Ақ жаулықты ана қаламыздың 140 жасқа толған туған күніне арнаған лебізін – жүрекжарды өлеңін ала келіпті. Әуелі өткен өміріне шолу жасаған Мәнзия әже:

«Кигені бозбаланың керзі етік,

Болмаса жалаң аяқ тікен тесіп.

Қол орақпен егін орып, күлте жинап,

Көлікке зілдей қара тастар байлап,

Егін басып, қырман айдап…», – деп шумақтата жөнелді. Одан әрі:

– Өзім Құлтуманың қызымын. Азаматымнан ерте айрылдым. Жалғызбын дегенім жоқ, 8 баланы тәрбиелеп өсіріп, кейін «Күміс алқа» тақтым, – деп әңгімесін жалғастырды. Сондай-ақ, ол бір кездері бұрынғы Ленин ауданы, қазіргі Қарғалы ауданында «Красное поле» кеңшарында жоспарды асыра орындап, озат сауыншы болғанын мақтанышпен жеткізді. «Еңбек ардагері» медалін алыпты.

Әже осы жасқа дейінгі өмір жолын баяндап, қазіргі ел тұрмысына шүкірлік айтып қояды. Ақтөбе өзінің, балаларының оқыған, өсіп-өнген мекені екенін, туған қаланың әр бұрышы ыстық екенін айтып, «Ақтөбеміз гүлдене берсін!» деп тілек тіледі.

Қазір Қарғалы селосында (Жилянка) тұрып жатқан әже бес уақыт намазын қаза жібермей оқиды.

Балаларынан өрбіген 17 немере мен 4 шөбересін сүйіп отыр.

А.ІЛИЯС.

Ауыл

Саз илеп, саман басып...

Міне, жадыраған жаз мезгілінің де орта шеніне жеттік. Маусымдық жұмыстардың да қызатыны осы уақыт. Ерінбегендер кірпіш басып, баспана салуға кіріссе, енді біреулері бақша басында жүр. Әңгімеміз алғашқысы турасында.

Ат үсті ойлаған адамға саман кірпіш басу оңай көрінгенмен, оның да өз қиыншылықтары бар. Оны жыл сайын кәсіп етіп жүргендер ғана біледі. Десек те кірпіш басып, оны сатып кәсіп етушілер саны жыл сайын көбейіп келе жатқандығы қуантады. Бұған Ырғыз өзенінің Нұра, Тәуіп селолық округтеріне шығатын жағалауында жиналып тұрған кірпіштер куә бола алады. Ырғыз тұрғындары «Темір көпір» деп атайтын маңайда да саман кірпіш басушылар жетерлік. Кездейсоқ болмаса күн тас төбеге көтерілер уақытта бұл жерден ешкімді таба алмай қалуыңыз мүмкін. Олар күн шықпастан таңғы сағат бес-алтының шамасында балшығын арнайы қалыппен төгіп, қайтадан илеп кетеді. Кешкі салқынмен келіп, жұмыстарын қайтадан жалғастырады. Осыны есте ұстаған біздер ертемен барып, кірпіш басушылармен аз-кем тілдескен едік. Шынында да біз барғанда жұмыстарын аяқтап қалған олар үйлеріне қайтуға әзірленіп жатыр екен. Жасы қырықтан асқан жігіт ағасы Жолшара Мұханбетиев кірпіш басудың оңай емес екенін айтады.

Дегенмен тұрақты жұмысымыз болмағандықтан қолдан келгенше еңбек етіп жатырмыз. Қыста қамыс шапсақ, жазда балшық илеп, кірпіш басамыз. Биыл бесінші жыл үздіксіз осы кәсіппен айналысып келеміз. Тапсырыспен басқан соң, тұтынушыларымызды өкпелетпеуге тырысамыз. Әзірге «кірпішің нашар» деушілер жоқ. Әр данасын 19-20 теңгенің көлемінде сатып жатырмыз. Балам екеуміз ертемен келіп, күн қызғанша жұмыс жасап қайтамыз. Жыл сайын он-он екі мың кірпіш басып, саудалаймыз. Биыл он бес мың кірпіш басамыз деген жоспарымыз бар. Күз түскенше жұмыс жасаймыз, – дейді ол.

Оның арғы жағында ағайынды екі жігіт басқан кірпіштерін көтеріп, жинап жүр екен. Өзін Айсағали Өтегенов деп таныстырған үлкені осы жұмысты кәсіп еткеніне тоғыз жыл болғанын айтады.

Жыл сайын жеті, сегіз мың кірпіш басып сатамыз. Үй, сарай салатын тұтынушыларым өздері іздеп келіп, сатып алып жатады. Күніге шамамен 180-200 дана кірпіш шығарамыз. Арасында кейбір тұтынушыларымыз саздарын аулаларына төгіп, суын, шөбін дайындап, тек басып беруге шақырады. Бұрын бұл жұмыс еңбегімізге татымайтын, қазір жаман емес қой. Әр данасын жиырма теңгеден береміз, – дейді Айсағали.

– Біз де кірпіштерімізді тапсырыспен басып жатырмыз. Үш мың кірпіш басуымыз керек еді. Екі мың кірпіш дайындап қойдық. Балшығымызға қыстан қалған шөптің сағын мол етіп қосып жатырмыз. Себебі балшықтың шөбі неғұрлым көп болса, кірпіш те соншалықты мықты болады, – дейді тағы бір саман басушы жігіт Берік Аймағанбетов.

Иә, саз илеп, саман басқандардың саны осылай тізбектеліп кете береді. Араларында отбасыларымен келіп басып жатқандар да баршылық. Үй саламыз деп талаптанған жас отбасылар да кездеседі. Бұл дегеніңіз өсу мен өркендеу емес пе?! Алдағы уақыттарда Ырғызда бас жоспарға сәйкес жаңа аудандар мен жаңа көшелер пайда болмақ. Ендеше, саз балшықтан кірпіш құйып, өз еңбегімен үй салатын отбасылар саны арта берсе екен дейміз.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

Ресми жауап

Шұбаршиде пошта кеңсесі салынады

Газетіміздің осы жылғы 26 наурыздағы №38-39 сандарында жарияланған зейнеткер М.Оразымбетовтің «Жаңа пошта кеңсесі ашылса…» атты хатына «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Б.Ордабаевтан жауап келді.

Хат мазмұны мынадай: «Жаңа пошта кеңсесі ашылса…» деген өтінішінде азамат М.Оразымбетовтің көтерген мәселесі орынды.

«Қазпошта» АҚ ауыл елді мекендеріндегі пошта ғимараттарын жақсартып, халыққа қызмет көрсетуді ең басты талап деп біледі. Бұл жөнінде біздің облысымызда да бірсыпыра жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тек қана 2008 жылы 14 ауылдық мекенде жаңа пошта ғимараттары іске қосылып, пайдалануға берілді.

«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы алдағы уақытта да бұл жұмысты жалғастыру мақсатында 2009-2010 жылдарға тағы да 11 елді мекенде жаңадан пошта ғимараттарын салуды жоспарлаған еді. Бұл жоспарда Темір ауданындағы Шұбарши елді мекені де бар. Елдегі болып жатқан дағдарыс басылса, бұл мәселе орындалады».

Жаңғырық

Заң да, «заман» да ортақ

Сәуірдің соңғы онкүндігінде облыстық «Ақтөбе» газетінің «Бұқара» бетінде «Арзанның сорпасы тати ма?» деген Қ.Ықыласовтың мақаласы жарық көрді. Мақалада автор Ойылдағы жанар-жағармай сатушы «Заман» бекетінің бағасына күмән келтіреді. Бәсекені басқаша түсінген автор «бекеттегі арзан жанар-жағармай ұрлық жолмен келуі мүмкін, болмаса сапасы маркасына сай емес» деген ой түйеді. Әрине, қазір сөз бостандығы. Бірақ әр сөздің салмағы бар. Оның үстіне, баспасөзде жарық көрген мақала оқырманын да сондай ойға жетелеуі мүмкін. Ал Ойылдағы оқырмандардың көбі – сол бекеттің  тұтынушылары. Демек, осы арада теріс түсінік қалыптасады. Рас, «Заманның» бекеттеріндегі баға Ойыл емес, облыста да ең төмен деңгейде. Бірақ бұл ешқандай күдікке негіз емес. Оның үстіне, бақылаушы-тексеруші органдар да «ай қарап отырмаған шығар…».

«Заманның» жігіттері шынайы бәсекеге жол ашты. Тек қалталарының ғана қамын ойламайтын нағыз азаматтар екен. Әлемді шарпыған қаржы дағдарысынан қиналған тұтынушыға бұл бәсеке қолайлы болып отыр. Бір ғана мысал, мен көп жылдардан бері егін шаруашылығымен айналысып келемін. Жыл сайынғы «жырымыз» – көктемгі егіске қажетті жанар-жағармай. Биыл да Үкімет арзан жанар-жағармай ұсынды. Бірақ оның тасымал құны мен үшін тиімсіз болды. Сондықтан мен Ойылдағы «Заман» бекетінің басшыларына жағдайымды айтып, жолықтым. Ақтөбедегі басшысы Нұрлан Белқайыровпен де кездестім. Менің жағдайымды дұрыс түсінген азамат маған бес тонна дизель отынын сол кездегі Ойылда сатылып жатқан арзан бағасымен қарызға берді. Міне, нағыз ауылдың мұңын түсінетін азамат! Мен Нұрланмен кездескен кезде оның бойында нағыз қазақтың намысы бар жігіт екеніне көзім жетті. Сондықтан әлгіндей мақаламен оқырманды адастырмаған абзал.

Мұрат ТІЛЕГЕНОВ,

«Шағатай» шаруа қожалығының төрағасы,

Ойыл ауданы.

Думан


Бәйге өтті дүбірлеген…

Жақында темірліктер күні бойына бұрын-соңды болмаған ат жарысы, ит төбелестіру және арқан тарту сайыстарын рахаттанып тамашалады. Бұл шараның өтуіне Сабыржан Молдағұлов, Болат Шайхин және Мұхтар Әкімовтер мұрындық болды.

Ұлттық спортымызды насихаттау мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған доданың тұсаукесер рәсімін Темір қалалық округінің әкімі Ескелді Нағауов ашып, сайысқа қатысушыларға жылы лебізін айтты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкен Әкімов ақсақал да ұйымдастырушыларға ақ батасын берді.

Алдымен өткізілген арқан тартысқа орман шаруашылығы, өрт сөндіру қызметі және қала әкімдігінің сайыпқыран жігіттері қатысып, бірінші орынды тілсіз жаумен күресушілер жеңіп алды.

Ит төбелесінде шұбарқұдықтық Мейірбектің төрт аяқты досына тең келер төбет табылмады.

Көпшіліктің асыға күткені де, сағынғаны да ат жарысы болатын. Ортаға шыққан қырыққа жуық тұлпарды көргенде тақымдарын қыспаған жан қалған жоқ. 10 шақырымдық тоқ бәйгеде жүлделі орындарды победалық Нұрлыбек Қалин, қопалық Өтесін Балмашев және тағы бір победалық Айбек Нақбайбаевтың жүйріктері бөлісті.

30 шақырымдық аламан бәйгеде Алға ауданы Бесқопа ауылынан ат арытып келген Н. Байенбетовтің тұлпары қарсыластарынан оқ бойы озып келіп, иесіне бас жүлдеге тігілген биені алып берді. Екінші орынға тігілген өгізді шалқарлық Қаныбек Мұқановтың шабандозы тұлпар иесінің қанжығасына байлады. Ал ақтөбелік Талғат Қалиевтің аты мәреге үшінші болып жетті.

Жүлдегерлерге сыйлықтарды осы өңірге танымал, кезінде еңбек озаты атанған ақсақалдар табыстады.

Бұл мерекеде ән айтылып, би де биленді. Қазан асылып, қонақтарға сүбелі табақ та тартылды.

Анаргүл ТӘЖІҒАЛИ,

С.Бєйішев атындаѓы орта мектептің тєрбие ісі жөніндегі мењгерушісі,

Темір қаласы.

Ізгілік

Есмұқанға ел риза

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын. Жаманның жамандығын айт – құты қашсын» деген халқымыздың дана сөзі бар. Біз сөз еткелі отырған жай осы сөздің нақты дәлелі деп білеміз.

Біздің Ойыл ауданы Құмжарған ауылында 85 шаңырақ мекен етеді. Ауылымызда 9 жылдық мектеп бар. Мектепте 120 оқушы тәрбиеленеді. «Мектеп басшылығы дене тәрбиесінің маманы Мейрамбек Әбішевті басқа ауылда үйсіз-күйсіз жүруге мәжбүрлеп отыр» деген ауылдастар жазған арыздан соң ғана оны мектепке дене тәрбиесі мұғалімі етіп қабылдаған болатын. Іскер маман келе спорт мәселесін ұршықтай үйіріп, күрес үйірмесін ұйымдастырды. Мектепте орын болмағандықтан ауыл клубының бір бөлмесін жаттығу үшін пайдаланды. Жас маманның еңбегі бірден нәтиже берді. Бір жыл ішінде бірнеше оқушы мектепаралық жарыстарда бірінші, екінші орындар алып, Мейрамбектің өзі «Үздік жаттықтырушы» деген атаққа ие болды.

Пайдасы қара басынан артылмайтын «қарынбайлар» толып жатыр ғой. Біз сөз еткелі отырған ауылымыздың азаматы, Ақтөбе қаласында тұратын кәсіпкер Есмұқан Түгелов осы Мейрамбек Әбішевтің шәкірттеріне үлкен сыйлық жасады. Клуб залының қыста жылытылмайтындығын көрген соң, спортзал үшін пайдалануға ауылдан көшкен азаматтың үйін 250 мың теңгеге алып беріп, 20 палуанға күрес формасын және волейбол, футбол торларын доптарымен қоса сыйға тартты.

Асып-төгіліп жатқан байлығы жоқ, кәсіпкерлікпен жақында ғана айналыса бастаған жігіттің мұншалықты қамқорлық жасауы ауылдастарын ризалық сезімге бөледі.

Келешекте біздің ауылымыздан да есімі елге әйгілі палуандар шығып, әлемдік олимпиадаларда топ жарып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Есмұқандай абзал азаматтарымыз көп болғай!

Ауылдастар атынан Төреғали ИМАНҒАЛИҰЛЫ.

Алтын ұя

Мақсат – 80 ізгілікті іс

Шалқар ауданы Есет Көтібарұлы селолық округінің Байқадам ауылындағы Қорғантұз орта мектебіне биыл 80 жыл толып отыр. Іргетасы сонау 1929 жылы қаланған бұл қасиетті білім шаңырағынан есімі жалпақ елге танылған көптеген азаматтар шыққан.

Деректерге сүйенсек, Қорғантұз орта мектебі – ауданның оңтүстік беткейіндегі Ұлы Борсық құмының бойында алғаш ашылған білім ордаларының бірі. 1929 жылы бой көтерген, алғашқы уақытта 6 шәкірт білім алған бұл мектепте Шәмшә есімді ұстаз дәріс беріпті. Кейінірек Мырзабай Баспақов, Әбділдә Қарасаевтар ұстаздық қызмет атқарған. 1934 жылдан бастап 7 жылдық, ал 1951 жылдан бері аталған білім ордасы орта мектеп болып жұмыс істеп келеді.

Бүгінгі Қорғантұз орта мектебінің оқушылары 2007 жылы пайдалануға берілген 270 орындық типтік жобадағы жаңа мектеп ғимаратында білім алып жатыр. Мектеп қабырғасында осы білім ордасын 1963 жылы «Алтын медальмен» бітіріп, 1975-1985 жылдары «Сарыбұлақ» кеңшарының директоры болған Нұрмұханбет Мырзабаевтың мемориалдық тақтасы ілулі тұр. Біз жақында осы мектепте болып, оқу-тәрбие процесінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтқан едік.

Көнекөз қариялардың айтуынша, алғаш бұл мектеп осы өңірде балаларға діни білім берген Таймағанбет, Жолмағанбет ахундардың мешіті болған, – дейді мектеп директоры Сейіл Үмбеталин.Кейін бастауыш мектепке айналған. Алғаш 6 шәкірт білім алған. Солардың арасында біз білетініміз – елге белгілі азамат болған Хайрулла Иманалин,  Өтежан Иманалин, Бегалы Жиенбаевтар… Бір сәт өткенге көз жіберіп, ұлағатты ұстаздардың бірқатарын атап өтсек: мектепті 17 жыл басқарған Сағитжан Әметов, 45 жыл ұстаздық еткен жылдарының  20 жылында оқу ісінің меңгерушісі қызметін абыройлы атқарған Оспан Бақов, Зағит Сатыбалдин, Нұрадин Дүйісмағанбетов, тағы да басқа ұстаздарды тізе беруге болады.

Педагогикалық ұжым ақылдасып, «80 жылдыққа – 80 ізгілікті іс» атты мектепішілік бағдарламасын қабылдап, соған сәйкес бірқатар іс-шаралар жасап жатыр. Соның бірі, мысалы, мектептің 80 жылдық тарихынан сыр шертетін естелік кітап шығарылмақ.

1999 жылдан бері мектеп директорының бұйрығымен 23 қазан – Мектеп күні болып бекітіліпті. Бүгінде мектептің 17 «Құрметті оқушысы» бар екен.

Қазір мектепте 32 мұғалім жұмыс істейді. Ұжымның осы оқу жылындағы жеткен жетістіктерінің бірқатарына тоқталсақ, облыстық «Жыл директоры – 2008» байқауында С.Үмбеталин екінші, аудандық панорамалық сабақтар сайысында математика пәнінің мұғалімі С.Сапарова екінші, «Үздік мұғалім» сайысында информатика пәнінің мұғалімі Г.Қайырбаева үшінші орындарға ие болса, Г.Амантаева облыстық қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің көтермелеу грантының жүлдегері атаныпты (200 мың теңге).

Ал мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Ә.Сарина «Үздік тәрбиеші» сайысында «Бала тілін дамытушы» атағын иеленген.  Аудан  мектептерінің соңғы рейтингісі  бойынша мектеп І орында тұр.

Осы мектептің 9-сынып оқушысы Арай Садықова «Менің мектебімнің тарихы» тақырыбында аудандық, облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болып жүр. Оның педагогикалық жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Ақмарал Бақытжанова, ал ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкіратдин Байдосов.

80 жылдық тарихы бар қасиетті білім шаңырағынан Мақсат Дүйісмағанбетов, Нұрмұханбет Дияров, Әлімбай Ізбай, Иманбай Жұбаев сынды белгілі журналистер түлеп ұшқан.

С.ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Шарапат

Демалыста демалмайтын дәрігер

Ғалия Көшербаева бала кезінен өзінің туған жеріндегі ақ халатты жандарға еліктеп өсті. Өзінің айтуынша, оның отбасында ақ халат киген адам болмапты. Ал кішкентай кезінде әжесі қатты ауырып қалып, соны емдейтін дәрігер табылмапты. Содан бір аптадан кейін ғана аудан орталығынан Жанбауов деген дәрігер келіп, ауруханаға жатқызып, емдейді. Көп ұзамай әжесі айығып, орталарына келеді. Сол кезде бастауыш сыныпта оқитын Ғалия Нұрлыбайқызы шай ішіп отырып, ата-анасына дәрігер болатынын айтып қалады. Мектеп бітірген соң басқа жұрт сияқты институтқа баруға асықпай, әуелі Алға қаласындағы емхананың балалар бөліміне кіші медбике болып жұмысқа орналасады. Кейін мемлекеттік медицина институтын бітіріп, одан Мәскеудегі Студенкино атындағы ординатураға түседі, бірақ оны отбасылық жағдайға байланысты бітіре алмайды.

Өз мамандығының шебері Ғалия науқас адамдарды өте ілтипатпен қабылдайды. Уақытпен есептесуді білмейтін ол түнде де қасына медбикелерін ертіп алып, шақырылған жерлерге барып, жедел жәрдем шараларын жасайды.

Бірде аяқ астынан зайыбым Мария Білтаеваның қан қысымы көтеріліп, құлады. Жем қаласындағы әкесінің үйінде демалыста жүрген Ғалияға түн ішінде телефон шалуға тура келді. Телефоннан мән-жайды білді де, жатқан жерінен қозғамауды тапсырды. Көп ұзамай жолдасы Амангелді Көшербаевтың машинасыменен жетті, қан қысымының жоғары, қанттың көп екенін анықтап, ем жасады. Тамырға дәрі тамызды.

Терең ұйқыда болған жолдасым екі-үш сағаттан соң көзін ашып, дем алысы дұрысталды. Сол күні таң атқанша медбикесі Тамара Кушкаева екеуі қасында болды.

Емханаға барып, алғыстар мен ұсыныстар жазылатын кітапшаға көз жүгіртсек, алғыс айтушылар саны жетіп артылады екен.

Зайыбым Мария көзін ашқанмен, оның тілге келуі мен тұрып отыруы қиынға соққан. Сол кезде де орнынан қозғауға болмайды деп, өзі келіп қадағалап, емін жасап тұрды. Абзал жан Ғалияның арқасында Мария өлім аузынан қалды, қанты бірқалыпты, сөйлеу қабілеті қалпына келді.

Ғалия Нұрлыбайқызы жолдасы Амангелді Көшербаевпен бірге үш қызын тәрбиелеп отырған аяулы ана екенін де айта кеткім келеді.

Б.АЛМАНОВ,

Мұғалжар стансасы.

Сағыныш

Бала шақтың досы еді…

Биік таудың етегінде тұрып, оның асқар шың екендігін анықтай алмауың мүмкін. Қатарымыздың кішісі болса да, жасы үлкен абыздардай көрінетін, үндемей жүріп үлкен іс бітіретін, бітімі бөлек, сөзге ұста, зейіні зерек замандасымыз Амантай Нығметуллин туралы ойлағанда да кейде осы тұжырымды амалсыз мойындаймын. «Қолда барда алтынның қадірі жоқтығы» да осындайдан айтылатын шығар, бәлкім.

Біздің достық балалық шақтан басталған. Соғыстың ауыр кезеңінде дүние есігін ашып, қолда барды қылдай бөлісіп жегенімізге бүгінде біреу сенер, біреу сенбес те.

Амантайдың ақылы мен парасаты, көш бастаушылық қарым-қабілеті сезіліп-ақ тұратын. Көшелі оймен топ бастап, жай оғындай жарқылдап арамызда жүрген сәттерінде қандай ортаны да еріксіз бағындырып, баяғының билерінше көсемдік танытатын.

Бұл күнде бақилық болған Иван Шалабаев, Бақтығали Жазықов, Қырланбай Қаражігітов, Оңғар Қонысбаев – бәрі де «менің досым болсай-шы» дейтіндей, туған топырақтың – Байғанин өңірінің  қадірлі түлектері еді. Амантай олармен туыс адамдай араласты, қуаныштарын алаңсыз бөлісті, төрі ортақ болды.

Амантай бала кезінен-ақ ақ жүрекке толы арманын ерте арқалап, мектеп табалдырығын өз құрбыларынан бір жыл ерте аттады. Кейін Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының да бірінші түлегі болды. Жас маман Байғанин ауданында балалар дәрігері болып еңбек жолын бастады. Көп ұзамай Жарқамыс ауруханасының бас дәрігерлігіне бекітілді.

Сөзі өтімді, өзі өнегелі өткір жас Батыс Қазақстан теміржолының денсаулық сақтау мекемесіне қарасты Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Орал облыстары аумақтарында да жемісті еңбек етті. Мазасыз күндерін, ұйқысыз түндерін, денсаулығының бір бөлегін сырқат адамдарды сауықтыруға жұмсады.

Амантай жолдастарына адал көңілмен, отбасына мейірімділігімен жағып, қоғам алдындағы абырой биігіне өзінің ерен еңбегімен жетті. Оның терең білімі, өнерпаздық таланты, кісілік қасиеттері айналасына адам жинайтын.

Достарының мерейтойларында тереңнен сөз толғайтын. Достықтың, жолдастықтың мағыналы әңгімелерін айтатын.

Жарасымды жан-жары Ғайнижамал, бауыр еті балалары Амантайды айрықша құрмет тұтты.

…Енді осының барлығы өткен шақпен айтылатыны ғана өкінішті. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген белгі оның өмірінің, қызметінің шын мәніндегі бағасы еді.

Жақсылық СҰЛТАНОВ.

Өмір

Елу жылдық елеулі із

Кешегі кеңес дәуірінде ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру қарсаңында дүниеге келген Ғыйлыман Өтеген өзіне тән байсалды үнімен балалық шақтың жадағай көріністерін күйзеле айтар еді. Татар мұғалімнен не бары екі жыл дәріс алып, зеректігімен аудан орталығы Ганюшкино селосында «Рыбакколхозсоюз» деп аталатын мекемеде бас тексеруші болып жұмыс істеп жүрген әкесі Хайреденнің жасы отызға жетпей бақи дүниеге жөнеліп кеткенде ол төртте ғана екен. Ұлы Отан соғысы басталып, ер-азамат майданға аттанғанда Ғыйлыман қолмен шашып, тары екті, жайдақ жылқы мініп, шөп шапты, біріне бірі жалғасып жатқан алуан шаруаның бел ортасында жүрді. Дәтке қуат – қолында демеушісі, ақылшысы Күлмай анасы бар еді. Тағдырдың жел қайығында не көрмеді?! 1944 жылы Қалмақ АССР-інің Лагань қаласынан Ділдәш шешесінің арнайы келіп, бұларды – бес адамдық отбасын көшіріп алып кеткені, Жұмахмет атасының бас болуымен ағайын-туыс жұмылып, екі бөлмелі үй салып бергені естен кетер ме?!

Бұдан әрі өмірбаяндық деректерге үңілсек, былай өрілер еді: Астрахань облысында мемлекеттік банктің Каспий аудандық бөлімшесінде кассирліктен басталған жол бөлімше басқарушысының орынбасары қызметіне дейін жалғасады, Қалмақ АССР-інің Яшкуль ауданында банк бөлімшесінің басқарушысы, Элиста қаласында республикалық банктің бас тексерушісі болып Ресей аумағында банк саласында шыңдалған жігіт 1966 жылы өзі туып-өскен Гурьев өңіріне оралып, мемлекеттік банктің облыстық кеңсесінде құрылыстарды қаржыландыру бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Ғыйлыман Хайреденұлы бұл ретте ғұмырында өшпестей із қалдырған Смағұл Бисеновті ілтипатпен еске алады. Банктің Атырау облыстық кеңсесінің басқарушысына жат жұртта, бірыңғай орыстың, қалмақтың ортасында жұмыс істеген мұның тиянақтылығы, адалдығы, бірсөзділігі ұнапты. Жас жігітке әлденеше тапсырма беріп, еш қапсыз орындағанына көз жеткізген соң, Талдықорған облысына ауысып бара жатқанында орнына Өтегеновті ұсынып, отырғызып кетеді ғой. Ұстазының сенімінен бұл да шыға білді. Әуелі алты жыл Атырау облысында, кейін 1973 жылдан 1985 жылға дейін Ақтөбе облысында мемлекеттік банк кеңселерінің бастығы қызметтерін үзіліссіз атқарды. Еңбек Қызыл Ту ордені, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасы, «КСРО Мемлекеттік Банкінің үздігі» төсбелгісі, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген экономисі» құрметті атағы, «Еңбек ардагері» медалі – сол кезеңдегі тынымсыз еңбектің бағасы болатын.

Ғыйлыман Хайреденұлы екі облыста банк жүйесіне жетекшілік еткенде бойына сінген принципшілдіктен өзгермеді. Бірақ… Облыстың бірінші басшысы орынтағында отырған адамдардың кейде орынсыз талап қоятыны бар. Мұндайда мәселені шешуде ұстамдылық қажет. Бірде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Ливенцов шұғыл шақыртты. Қабылдау бөлмесінде облыстық автокөлік жолдары басқармасының бастығы Б.Терлікбаев отыр екен. Екеуі бірге кіреді. Хатшы мәселені төтесінен қойып, республикалық маңызы бар Самара-Ташкент тас жолының біздің облыс  арқылы өтетін бөлігіндегі көпір орнына Қарғалы өзені арқылы салынуға тиісті маңызы жергілікті деңгейдегі көпір құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыруды айтады. Бұл болса бірден заңға қайшы екенін айтып, келісім бермейді. Басшы райынан қайтпай, көпірдің қала үшін қажеттігін шегелейді де, сол бойда телефон арқылы республикалық банк төрағасы Василий Бондаренкоға шығады. Ол облыс басшысының табанды пікіріне тоқтап, көпір құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыруға рұқсат береді.

Екі жыл бойына салынған көпірдің кейін қала, облыс тірлігіне жан бітіргені рас. Алайда жоғарғы жақтан 1978 жылы келген комиссия тексеруі бұл құрылыстың республикалық бюджеттен қаржыландырылуы өрескел, заңсыз деген ұйғарымға келіп, акт жасайды. Тексерушілер кеткен соң үш күннен кейін Өтегенов шұғыл Алматыға шақырылады. Кеңесте баяғы көпір әңгімесі алдынан шықты. Тексеру тобының жетекшісі баяндамасында Ақтөбе облыстық кеңсе басқарушысының бұл ісін үлкен сорақылыққа жатқызып, жазалау қажеттігін ұсынады. Осы пікірді қостаушылар да аз болған жоқ. Абырой болғанда кеңесті қорытындылаған республикалық банк төрағасы В.А.Бондаренко обкомның бірінші хатшысының тілегіне орай бұл шаруаға өзі рұқсат бергенін айтты, ақтөбелік банкирлер жетістіктеріне тоқталды және бұйрық шығармай-ақ кеңес хаттамасымен шектелуді ұсынды. Ғыйлыман Хайреденұлы өз ғұмырында кездескен осындай жайларды тебірене еске алады.

Ол беріректе Қазақ КСР «Басмұнайгазқұрылыс» тресінде жоспарлау-экономикалық басқарма бастығының орынбасары, «Крамдсбанкінің» Ақтөбе филиалының директоры қызметтерінде де өзін көрсете білді.

Қаржы қорын реттеуге қызмет ететін айрықша институт – банк саласына елу жылдай уақытын арнаған Өтегеновке республикалық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындалды. Қазір ғұмырлық қосағы Рашида екеуі Ақтөбе қаласында тұрып жатыр, үш баласынан немере сүйді.

Үйде қарап отыруды сүймейтін қарт ұрпағына өмір сабақтарын ұғындырудан жалыққан емес, баспадан кітабын бастырып шығарды, мерзімдік баспасөзге ойлы материалдарын жолдап отырады. Алдыңғы жылы балаларын ертіп барып, атасы Өтеген Мендәліұлының зиратына ескерткіш орнатып оралғанына шүкіршілік етеді. Осылайша, сексеннің сеңгіріне сергек көтерілді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button