Экономика

«ҚазМұнайГаз»: болашақ бүгіннен басталады

 

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – көмірсутегін өндіруден, оларды тасымалдау және өңдеуден бастап арнаулы сервистік қызмет көрсеткенге дейін тікелей интеграцияланған мұнай-газ компаниясы.

Компаниялар тобының  құрамына 243 компания енген, оның ішінде барлау және өндіруде –78 компания, көмірсутегін тасымалдауда – 47,  мұнай өңдеу және маркетингте – 66 компания бар. Бұдан басқа  52 компания қосымша  сервистік қызмет көрсетеді.

Мұнай-газ секторында «ҚазМұнайГаздың»  айтарлықтай үлесі бар: мұнай және газ кондентсатын өндіру бойынша – 26,4 пайыз; мұнай өңдеу – 83,2 пайыз; құбыр арқылы мұнай тасымалы – 67 пайыз; құбыр арқылы табиғи газ тасымалы – 95,7 пайыз.

Компаниялар тобының жинақталған кірісі 3,1 триллион теңге құрады және ол 3,0 триллион көлеміндегі  негізгі қызметтен түскен кіріс есебінен жиналды. Шығын 3,0 триллион теңге құрады, оның ішінде негізгі үлес өндірістің өзіндік құны – 2,1 триллион теңге  (70 пайыз), өткеру шығындары – 361 миллиард теңге (12 пайыз) есебінен келді. 2012 жылы  жалпы 490 миллиард теңге күрделі қаржы игерілді. «ҚазМұнайГаз»  компаниялар тобының жинақталған қорытынды кірісі 2012 жылы 369,4 миллиард теңге құрады.

ҚМГ – еліміздегі ең ірі салық төлеушілердің бірі.  Өткен жылы компания тарапынан республикалық және жергілікті бюджетке  салық және басқа да төлемдер ретінде 599 миллиард теңге  аударылды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда  11 пайыз артық. 2012 жылы  Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 26,0 пайызын мұнай-газ секторы құрады, ал ҚМГ компаниялар тобының жинақталған түсімі 9,8 пайыз.

2012 жылы  мұнай мен газ конденсатының жинақталған өндірілуі 21,4 миллион тонна құрады, бұл жоспардағыдан 2,4 пайыз (518 мың тонна) төмен. Мұндай жағдайға «Өзенмұнайгаз» бен ТШО бойынша жол берілді. 

«Өзенмұнайгаз»  2011 жылы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында жұмыстың уақытша тоқтауынан  кейін бұрынғы қалыпты деңгейіне әлі жете алмай келеді. Төмендеуге жерасты жабдықтары жұмысының тұрақты болмауы, ұңғыларды жөндеу кезеңінің аздығы, тұрып қалған ұңғылар қорының көбеюі себеп болды.   

Жағдайды түзеу үшін ҚМГ 2012 жылы  жерасты жабдықтарының диагностикасы мен жөндеу жөніндегі цехтың, оңтайландыру бағдарламасы бойынша қатпарлық қысымды қолдап, ұңғыларды толтыру үшін сұйықтық әзірлейтін желі құрылысын бастап жіберді. Аталған нысандарды пайдалануға беру  мұнай өндіру көлемін  ұлғайтуға мүмкіндік берді. Үстіміздегі жылдың 22 сәуірінен тәуліктік жоспар асыра орындалуда.

2012 жылы ТШО-ның нақты өндірген мұнай көлемі жылдық жоспардағы 25, 136 миллион тоннаның орнына  24,212 миллион тонна құрады немесе  96,3 пайыз.  Жоспардың орындалмауына бірқатар сыртқы факторлар әсер етті.  Оның ішінде жабдықтардың тұрып қалуы және Ресей аумағында теміржол желісінің жөнделуін айтуға болады. 

Жоғарыдағы нысандарда жоспарлы алдын алу шараларын жүргізу нәтижесінде 2012 жылдың тамыз-қыркүйек айларында пайдалануға беру сенімділігі бойынша жағдай жақсарды, 2013 жылдың 1 тоқсаны қорытындысы бойынша ТШО-ның мұнай өндіру көлемі 107,4 пайыз құрады.

2008 жылы Теңізде Екінші Ұрпақ жобалары жүзеге асырылып, мұнай өндіру бойынша ТШО-ның өндірістік қуатын жылына 14 миллион тоннадан 26 миллион тоннаға дейін  ұлғайтуға мүмкіндік берді. Шикі газды қатпарға қайта айдау жылына 2,4 миллиард текше метрге жетті. 

Теңіз жобасын одан әрі  дамыту үшін ҚМГ және ТШО-ның өзге әріптестері сағалық қысымды  басқару жобасын жүзеге асыру қажеттігін және Болашақ кеңею жоспарын  қолдады. Осы жобаларды жүзеге асырған соң ТШО-ның мұнай өндіру көлемі жылына 38,6 миллион тоннаға жетеді. Қатпарлар қысымын қолдау үшін  шикі газды қайыра айдау жылына 12 миллиард текше метр құрайтын болады.   

Ұзақ мерзімді болашақта Технологиялық схема шеңберінде ҚМГ ТШО бастамасымен Теңіз кенішін игеруде еңіс бөліктегі суды сору және  екінші нысанда ұңғыларды бұрғылауға бағытталған жобаларды жоспарлауға мұрындық болды.  Бұл технологиялар тиімділігін  қолдау үшін 2013-2019 жылдары тәжірибелік жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Олар табысты болған жағдайда осы Теңіз  мұнай кенішінде, оның ішінде келісімшарттан кейінгі кезең ішінде (2033 жылдан кейін) мұнай өндірудің жоғары деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік туатын болады.   

2012 жылы маусым айында Қазақстанға Қарашығанақ жобасының 10 пайыз үлесін беру аяқталды. Бұл үлес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыз еншілес ұйымы болып табылатын «Өнімді бөлу бойынша соңғы келісімшартта үлесті басқару жөніндегі компания» ЖШС-ға берілді.

Қарашығанақтағы нақты өндірілген өнім көлемі  былтыр газ бойынша 17,5 миллиард текше метр құрады. Оның 8,7 миллиард текше метрі  қайта айдалатын газ. Сұйық көмірсутегі бойынша – 11 миллион тонна.

Қазіргі таңда Қарашығанақ жобасын одан әрі дамыту стратегиясы жасалуда. Жобаларды дамыту аясында  газ өндіру көлемі айтарлықтай ұлғаяды деп күтілуде (40-46 миллиард текше метр). Газды қайта айдау 20-25 миллиард текше метрге жетеді. Сұйық көмірсутегі өндіру деңгейі жылына 11 миллион тонна көлемінде болады.  

Қарашығанақты дамытудың түрлі нұсқалары 2013 жылдың соңына қарай қорларды қайта есептеу  және техникалық-экономикалық негіздемелер аясында қарастырылып, әзірленеді.  Қарашығанақты дамытудың түпкілікті нұсқасы 2014 жылдың соңына қарай кен орнының Технологиялық схемасын  нақтылау кезінде бекіту үшін мемлекеттік органдарға беріледі. 

2012 жылы мұнай өндірудің жалпы деңгейі  Қашаған кен орнына сөзсіз ықпал етіп, оның  2013 жылы  коммерциялық негізде мұнай өндіруге бастама жасауына негіз болды. 

Көпке белгілі, 2008  жылы жобаға қатысушылардың барлығымен келіссөз жүргізіліп,  соның нәтижесінде Солтүстік Каспий жобасындағы «ҚазМұнайГаз» үлесі 8,33 пайыздан 16,81 пайызға  өсті.  

2010-2011 жылдары ҚМГ-ның белсене қатысуымен Қашаған кен орнының жаңартылған геологиялық, геологиялық-гидродинамикалық нұсқасы әзірленді. Осы үлгінің негізінде 2012 жылы  Қашаған кен орны бойынша қорларды қайта есептеу және техникалық-экономикалық негіздемелер бекітілді. Сондай-ақ 2012 жылы Қаламқас-теңіз кен орны бойынша қор есебі жүргізіліп,  бекітілді. Солтүстік Каспий жобасының кен орнындағы мұнай қоры 5 миллиард тонна құрайды. Оның  2,2 миллиард тоннасы алынатын қор. 

Қазіргі таңда Қашағанның тәжірибелік-өндірістік жобасын бастауға  өту бойынша  тиісті шараларды жүзеге асыратын кез. Жедел сынап көру жұмыстары кезеңінде Қашағаннан өндірілетін мұнай көлемі  жылына 13 миллион тоннаға жетеді. Солтүстік Каспий жобасының әріптестері мұнай өндіруді одан әрі ұлғайтуға бағытталған ЦК-01 және Миди 1 Стоп жобаларын қарастыруда. Егер мемлекеттік органдар аталған жобаны мақұлдаса, мұнай өндіру көлемі жылына 24 миллион тоннаға жетеді. 

Теңіз, Қарашығанақ және Солтүстік Каспий жобалары қоры жағынан да, өндірістік көлемі жағынан да әлемдік деңгейдегі алпауыттар саналады.  Мәселен, ТШО мұнайының геологиялық қоры 3,6 миллиард тоннадан астам деңгейде бағаланады, Қарашығанақ кен орнында – 1,2 миллиард тонна, Солтүстік Каспий жобасында – 5 миллиард тонна. Аталған үш ірі жоба бойынша  алынатын мұнай қоры жалпы 4 миллиард тонна шамасында.

Болашақта Қазақстанда мұнай өндіру көлемін арттырудың перспективалық өсуі  осы үш алпауытқа байланысты болмақ.  ҚМГ үш жоба бойынша да әріптес саналады. Сол арқылы  келісімшарт кезінде және келісімшарттан кейінгі кезеңде еңбек қауіпсіздігін сөзсіз сақтау және  экологиялық талаптарды орындау негізінде олардың бұдан әрі тиімді дамуына ықпал ете бермек.

Еліміздің экономикалық дамуының қазіргі кезеңі республика экономикасын пайдалы қазбалардың қуатты ресурстық базасымен, оның ішінде сутегі шикізатымен қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және жалпы еліміздің экономикалық жағдайы көп жағдайда барлаудың тиімділігімен, пайдалы қазбалар кеніштерін игерумен, минаралды шикізаттарды өндіріп, одан әрі өңдеумен айқындалады. 

Қазіргі таңда мұнай мен газдың ашылған кен орындарының көпшілігі жобалаудың пісіп-жетілген кезеңінде тұр. Ал жаңадан барланған кеніштердегі қор көлемі 20-30 жыл өткен соң да өндірудің қазіргі көлемін сақтауға мүмкіндік береді. 

Осыған байланысты ҚМГ тәуелсіздік алған кезден бастап бірінші рет 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы шөгінді бассейндерді кешенді зерттеу» жобасын қолға алды. Геологиялық қызмет мамандарының күшімен компания 3 жыл бойы ауқымды жұмыстар жүргізіп, жаңа нәтижелерге көз жеткізді.  Қазақстандағы осындай 15 бассейннің бәрінде жаңартылған геологиялық құрылым моделі жасалды, перспективалық жаңа мұнай-газ аймақтары анықталды. Каспий ойпатын жоғары дәлдікті аэромагниттік суретке түсіру  бұрын-соңды кеңестік кезеңде болған емес. Бұл ҚМГ-ның  ҚР көмірсутегі  шикізаты мемлекеттік резервін жасауға  қосқан алғашқы үлесі болып табылады. 

Компания Каспийдің оңтүстігінде ірі кен орнының ашылуын күтуде. Ол Ақтөбе-Астрахань аймағымен (Қошалақ-Тортай, Новобогатинск, Сарайшық, Айранкөл, Темір және басқалар) кей тұста жалғасып жатыр.  2011 жылы Биікжалдың солтүстік бетінде Шығыс-Оңтүстік Тасым өрімен жалғасып, 7100-7200 метр тереңдікте жатқан көмірсутегі ағыны осы құрылымды зерттеу қажеттігін көрсетеді. Оның перспективасы және болжанған нәтижесі өте жоғары.  

Алдағы жылдан бастап ҚМГ Маңғыстау бассейні сатысындағы Өзен-Жетібай  аумағында 4500-5700 метр тереңдікте жатқан кен көзі ашылады деп болжам жасап отыр.

Каспийдің Қазақстан аумағындағы бөлігінің жекелеген ірі Н блогы мен Ресей жағындағы Хвалынское, Центральное  кен орындарын зерттеудің соңғы мәліметтері   олардың болашағына біршама жаңа көзқараста келуге мүмкіндік беруде.

Оңтүстік Маңғыстау бассейні аумағы  топырақтың жарылып кететін құрылымымен, палеозойлық қабаттың қаттылығымен ерекше байланысты. Самал- Сарыарқа триастық-палеозойлық  кешен бойынша Н блогында қосымша құрылым бөлінді.  Қазір осының бәрін бұрғылау мәселелерін ҚМГ қарастырып жатыр. Маңғыстаудағы және Үстірт-Бозашыдағы мұнай-газ әлеуеті  әлі күнге дейін дәстүрлі зерттеулермен байланысты.   

Сараптау және мәліметтерді қайта қорыту барысында тектоника, құрылымдық ерекшелік және мұнай-газдың болуы туралы ұғым айтарлықтай жаңарды. Мұндай талдау жұмыстары Арал, Сырдария, Шу бассейндерінде де жүргізілді.   Жалпы мұнайгаздың болуы  туралы болжамды бағалауда қолайлы жағдайды негіздеу және перспективалық нысандарды болжау  нәтижесі бойынша талдау кеңейе түсті. Зерттеудің тереңдігіне маңыз берілді. Соған сәйкес болашақта  неғұрлым ауқымды  кен орындарының ашылу мүмкіндігі күтілуде.   

Кешенді мәліметтер нәтижесі бойынша бассейндердің таралу контуры жаңарды. Бұл олардың шекарасын айқын белгілеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Үстірт-Бозашы бассейнінде   оған Арал бассейнінің батыс тұсын қосу нәтижесінде  ауқымының кеңдігі  көрініс берді. Оңтүстік Торғай бассейнінің де аумағы кеңейді.  Осы қорытындылардың бәрі  ұсынылған жаңа мәліметтермен  келістіріледі.

Аумақты аймақтық аудандарға бөлуге сәйкес геологиялық барлау жұмыстарын жолға қою үшін  неғұрлым перспективалы  жаңа сапалы болашақ активтер айқындалады.  

2012 жылы ҚР мұнай және газ министрлігіне Қансу, Жазғұрлы, Өріктау, Үстірт, Исатай және Абай жобалары бойынша тікелей келіссөздер жүргізу үшін 6 өтініш берілді. ҚМГ өзінің жеке күшімен іздестіру жұмыстарының жобаларын дайындап, пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі орталық комиссияда қорғап шықты. Мұндай ғылыми-тәжірибелік әдісті іздестіру-барлау зерттеулерін жандандыру үшін және сәйкес аумақтарды зерттеудің деңгейін арттыруда жергілікті нысандар мен С3 санатындағы ресурстарын кезекті сапаға сай дайындаудағы күшті ынталандыру ретінде толығымен қарастыруға болады. Сонымен бір мезгілде, бұл, сөз жоқ, бұдан бұрын түрлі себептермен келешегі аз аудандарға жатқызылып келген үлкен аумақтардың олардың зерттелу деңгейінің артуына орай және жаңа көкжиектер есебінен инвестициялық тартымды болуына жағымды әсер етуі тиіс.

Биылғы жылдың өзінде Қансу кенорнындағы бұрын бұрғыланған ұңғыманы қайта іске қосу бойынша геологиялық барлау жұмыстарын тың күшпен бастау және Оңтүстік-Манғыстау-Үстірт иіні жүйесі шегінде орналасқан Қансу учаскесіндегі бұрғылау үшін жаңа құрылымдарды дайындау, ҚазГӨЗ газ жүктемесін азайту және Маңғыстау облысын газбен қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ, алдын ала мәліметтер бойынша Қызылсай құрылымында 4800 метр тереңдіктегі іздестіру ұңғымасында озық бұрғылау жүргізуді триас жобалық шегінде жоспарлап отыр.

Кешенді-кеңкөлемді зерттеулер жүргізу, дау жоқ, бассейндердің  зерделенуін бейнелейтін «базалық индикаторларды» жақсартуға, тұтастай алғанда, мұнай-газ келешегіне және саланың хал-ахуалына әсер етті және жағымды нәтиже берді.

Мәселен, соңғы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру нәтижесінде жағымды жаңалықтар болып, Рожковская, Өріктау, Оңтүстік-Шығыс Тасым және Оңтүстік-шығыс Новобогатинск (тұзды кешен) Каспий алабы алаңында жаңа кен орындарының ашылуына алып келді. Жұмыстарды одан ары өрістету үшін кесімді оптимизм Каспий айдынындағы Н. блогы аумағында Ракушечное теңізі мен Нұрсұлтан құрылымдарындағы бұрғылау нәтижелері бойынша алынды. Оңтүстік-Торғай алабында өнеркәсіптік айтарлықтай «керемет» сападағы карбонаттық құрамдағы (Қызылқия, Дощан, Кеңлік және басқалары)  юр кезеңіне дейінгі шөгінділерде (жоғарғы палеозой) кен бары анықталды.

Екіншіден, жаңа учаскелерді геологиялық барлау және өңделген кен орындарын аяғына дейін барлау нәтижесінде жаңа қорлардың көлемі ұлғайды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ нысандары бойынша геологиялық барлау жұмыстарының аясында Қайран, Қаламқас-Теңіз, Жемчужина, Лиман, IV Келісім блогы учаске/алаңдарында және Құмкөл, Ақшабұлақ, Теңіз, Қамысты ЮЗ, Жаңаталап, С.Нұржанов, Мақат кенорындарын барлауда 2008 жыл мен 2013 жыл аралығында алынатын мұнай қоры 77 млн.тоннаға ҚМГ үлесіне тиді.

Жақын кезеңнің өзінде ғана Сәтбаев (1 ұңғыма), Жамбыл (1 ұңғыма), Жемчужина (2 ұңғыма) және Н (1 ұңғыма) блоктарындағы 5 іздестіру және бағалау ұңғымаларын бұрғылау жоспарлануда. Ракушечный теңізіндегі ашық құрылымда «Н» блогы бойынша бағалау жұмыстарының одан арғы стратегиясы анықталу үстінде.

Құрғақта жобалық девон қабатындағы Өріктау алаңындағы терең ұңғымаларды бұрғылау жоспары бойынша және бұдан бұрын айтылғандай, жобалық палеозой қабатындағы Өзен алаңында және триас жобалық қабатындағы Қансуда бұрғылау көзделуде.

«ҚазМұнайГаз» стратегиялық серіктестерімен бірге белсенді жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезеңде СNPC компаниясымен Өріктау кен орнын бірлесіп игеру бойынша және ЭНИ компаниясымен Исатай блогын бірлесіп жүзеге асыру бойынша келіссөздер жалғасуда. 2012 жылы ҚР теңіздері мен құрлықта барлау мен өндіру саласында ықтимал ынтымақтастық мақсатында OMV, ЛУКОЙЛ, Пертамина, Петровьетнам, UnionField Group, Маерск компанияларымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сөз жоқ, Қазақстандағы жобалар халықаралық экспансиялар үшін негіз болып табылатын болады. Және бүгінгі күні ҚМГ Румыния аумағында геологиялық барлау жүргізуде. Өткен жылдардағы геологиялық барлау мәліметтері және жүргізілген сейсмикалық және гравиметрлік жұмыстардың негізінде компания Румыниядағы барлау блоктарының бірінде 5000 метр тереңдікке дейінгі барлау ұңғымасын бұрғылады.

Бұрғылау қорытындысы бойынша қуаттылығы 90 м дейінгі 3 келешегі зор пласт және қуаттылығы 100 м 1 пласт табылды. Қазіргі кезде каротаж жүргізу және ұңғымаларды сынау бойынша жұмыстар жүргізілуде және жақын уақытта ҚМГ сынақтың қорытындысы туралы ақпарат беретін болады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың наурызында барлық қолда бар геологиялық барлау ақпараттарына талдау жасау негізінде Румыниядағы екінші барлау блогында барлау ұңғымасын бұрғылау басталды.

Орталық жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Орталық Каспмұнайгаз» ЖШҚ арасында «Орталық Мұнайгаз Компаниясы» ЖШҚ БК құрылды.

Хвалынск, Центральное және Имашевск трансшекаралық кен орындарында кен қойнауын пайдалануға құқық алу бойынша ресейлік тараппен келіссөздер жүргізілуде, сондай-ақ, «Қазмұнайгаз» БӨ АҚ ЛУКОЙЛ-мен бірлесіп КСКМ–Оқжетпес, I-P-2 және Жеңіс учаскесі аумағында теңіз блоктарының қуаттылығын  зерделей бастады.

Ең бір қарапайым есеп пен болжам бойынша жақын жылдарда ұсынылған нысандарды іске қосу және егжей-тегжейлі зерделеу, іздестіру-барлау бұрғылауларын түрлі көлемдегі кен орындарын табуда жалпы қолда бар статистика есебінен енгізу 2022 жылға қарай компанияға алынатын қорды 1,4 млрд. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Нұрлан ЗАНГАРҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button