Экономика

Үш жылдың 64 нысаны

Жаһандық  қаржы дағдарысының алдын алу — қай ел үшін де қатал  сын болғаны белгілі. Осы жылдарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шын мәнінде алысты болжайтын көреген көшбасшы екенін танытты. Президентің тікелей нұсқауымен елдің экономикасының дамуына тікелей ықпал ететін өмірілік маңызы бар шаралар жүзеге асырылды.

Соның бірі — үдемелі индустриалық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы. Елбасы белгілеген осы стратегиялық бағытқа байланысты еліміздің аймақтарында жаңа өндірістер салынып, жұмыс орындары ашылуда. Мемлекет басшысы қойған бұл міндеттердің  біздің облыста да ойдағыдай шешіліп отырғанын мына деректерден көруге болады. Қазақстанның  индустриаландыру картасына облыстан 517,2 млрд. теңге құрайтын 74 жоба енді, соның нәтижесінде құрылыс басталған кезде 7,6 мың жұмыс орындары ашылды. Ал жобалар пайдалануға берілгенен кейін жаңа жұмыс орындарының саны 9,5 мыңға жетті. Тек соңғы үш жылда индустриаландыру картасы аясында аймақта жалпы құны 188,2 млрд. теңге құрайтын 64 нысан пайдалануға беріліп, 5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Биылғы жылдың басынан бері жалпы көлемі 1,1 млрд. теңге құрайтын 3 жаңа нысан іске қосылды. Оларда 150 адам жұмыс істейді

Бүгінде Ақтөбе — құрылыс жұмыстары қатты өрістеген аймақ. Сондықтан бұл үш жобаның да негізінен құрылысқа қатысты болуы түсінікті. «Стройдеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған жаңа жоба темір-бетон бұйымдарының жаңа түрлерін шығарады.

«Ақтөбе металл құрылымдары зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аспалы металл бекітілімдерін шығаратын цехты іске қосты. Бұл — қазіргі заманғы құрылыстар үшін, соның ішінде жер асты қазба байлығын игеретін өндіріс салалары үшін аса қажетті бұйым және үлкен сұранысқа ие.

«Бұрғылау-жарылыс жұмыстары орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған жаңа жоба осы саладағы өнімді молайтуды көздейді. Ал бұл құрылыс, кен орындары жақсы дамыған біздің аймақ үшін аса қажет. Өткен жұма күні болған  облыстың үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің  мәжілісінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осыларды атап көрсете келіп, Қазақстанның индустриаландыру картасы жаңа жобалармен толығып отыратынын мәлімдеді. Осымен байланысты облыстан ұсынылатын жаңа жобаларды іріктеудің маңыздылығына тоқталды.

— Алдын ала белгілеген жоспарымыз бойынша жылдың соңына дейін 7 жобаны жүзеге асыруымыз керек. Бұл жобалардың қазіргі орындалу барысы қалай? Осы мәселені де бүгін талқылаймыз.  Бәріміздің мақсатымыз бір және айқын. Бұл бағдарлама Елбасының бақылауында. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын уақытында орындап, облысымыздың экономикасының дамуына ықпал жасауға тиіспіз, — деді облыс әкімі Архимед Бегежанұлы.

Мәжілісте облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов үдемелі индустриалық- инновациялық даму жобаларының үстіміздегі жылдағы жүзеге асырылу барысы және Қазақстанның индустриаландыру картасына жаңа жобалар іріктеп ұсыну жөнінде баяндама жасады.

Баяндамашы бұл бағытта үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша жаңа нысандарды іске қосу есебінен елеулі табыстарға қол жетіп отырғанын алға тартты. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 880,2 млрд. теңге құраған. Өңдеу өнеркәсіп орындарының өнім өндіру көлемі 179,0 млрд. теңгеге жеткен.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 253,7 млрд. теңге құрап, өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 98,1 пайызды көрсеткен.

М. Балмұханов соңғы үш жылда еліміздің индустриаландыру картасы аясында аймақта іске қосылған  64 нысанның қол жеткізіп отырған бүгінгі табыстарына да тоқталды. 56 жоба бойынша іске қосылған нысандар толық жобалық қуатына жеткен. Ал 8 жоба технологиялық себептерге байланысты  өнім шығаруды жоспарлай қоймаған.

Сондай-ақ баяндамашының атап көрсеткеніндей, осы бағдарламалық жұмысты жүзеге асырудың барысында жалпы мөлшері 59,0 млрд. теңге болатын және 626 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 6 жаңа инвестициялық жоба ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қосымша ұсынылған. Мұнымен бірге, кәсіпорындардың тікелей бастамашылығымен және үш жоба жоғарыдағы аталған Министрліктің қарауына ұсынылып отыр.

— Қазақстанның  индустриаландыру картасын жаңарту есебінен 2013 жылы  116 млрд. теңге шамасында 9 жоба жүзеге асырылатын болады. Ол 1 мың жаңа жұмыс орынын құрады, деп мәлімдеді басқарма басшысы үйлестіру кеңесінің мәжілісінде.

Үстіміздегі жылдың сегіз айының нәтижесі бойынша өнеркәсіп саласындағы қол жеткен табыстарды облыс әкімі жоғары бағалады. Оның бұрынғы жылдардағыдан жоғары екенін атап көрсетті. Өңдеу кәсіпорындарының жұмыстарының нәтижелі бола бастағанына назар аударды. Алайда инвестиция тарту мәселесімен белсенді түрде шұғылдануды тапсырды. Бұл бағытта екінші жарты жылдықта елеулі жұмыс атқарылуға тиіс. Іске қосылатын кәсіпорындарды қабылдау қатаң бақылауға алынатынын мәлімдеді. Олардың іске кіріскен сәттен толық жобалық қуатында жұмыс істеуі талап етілмек.

Мұнан кейін 2013 жылдың екінші жарытысында  іске қосу жоспарланған жаңа инвестициялық жобалардың  бастамашыларының есептері тыңдалды. Бірінші кезекте «Ақтөбе Дриллинг Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Құрманғазин сөз алды. Бұл серіктестік Алға қаласында полистирол бетондық блоктар шығаратын цех салып жатыр. Оның көлемі 504 шаршы метр құрайды. Жылдық қуаты 30 мың текше метр өнім шығаруға жетеді деп есептелуде. Құрылысты салуға жергілікті кадрлар да тартылған. Осы жылдың қазан айында өндірісті іске қосу жоспарланған. Қазіргі кезде құрылыс салу, жабдықтарды құрастыру жұмыстары аяқтала келген.

Облыс әкімі шағын қаланың өмірін жолға қоюдың маңыздылығына, сондықтан жаңа ашылғалы  тұрған өндірістің жұмыс орнына, онда қызмет істейтін мамандардың алатын жалақысына мейлінше көңіл аударды.

Осы Алға қаласынан асфальт бетон қоспасын өндіретін құрылыс кешенін салып жатқан «КТП Транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ян Вишенин бұл өндірістің жаңа технологиямен жұмыс істейтінін, өнімінің ерекше сапалы болатынын атап айтты. Қазірдің өзінде зауытта жұмыс істейтін 20 маман кәсіпорын қаржысы есебінен оқытылып даярланған. Қазіргі кезде аса маңызды, қала мен ауыл үшін ауадай қажет бұл кәсіпорынның да құрылысын ұзаққа созбай, белгіленген уақытта аяқтау тапсырылды.

Алматының «Рикс ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыз су және алкоголсыз сусындар шығаратын зауыттар тұрғызатын белгілі фирма.  Серіктестік директоры Алексей Мироновтың мәжілісте баяндағанындай, фирма Қазақстанның батыс облыстарында талапқа сай кәсіпорындар сала бастады. Сондай зауыттың құрылысы Ақтөбеде де тұрғызылуда. Ол сусын өндіретін ыдыстарды да өзі шығаратын болады. Өнімдері шетелдік үлгіде. Қазіргі кезде құрылыс жұмысы аяқталып, жабдықтарды қондыру, жергілікті кадрларды оқыту мәселелері қолға алынуда. Серіктестік басшысы өндірісті салуда қолдау көрсеткені үшін қала басшылығына алғыстарын білдірді. Биылғы жылдың қарашасында іске қосылатын жаңа кәсіпорында 200-дей адам жұмыс істейді. Олардың жалақысы 80-100 мың теңгенің көлемінде болатынына сендірді серіктестік басшысы.

Мұнан кейін тоңазытқыштық қойма ғимаратын қолға алған «Рокос» компаниялар тобы» серіктестігінің басшысы Вячеслав Шиканов, Ақтөбе қаласынан 3 гектар алқапқа жылыжай құрылысын салып жатқан «Ақтөбе Жылыжай»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мират Бикешов,  қызанақ пен қияр өсіруге арналған 2 гектар жылыжай кешені құрылысын салатын «Ника-99» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мансур Шадиев есеп беріп, құрылыстардың белгіленген мерізімде аяқталатынын мәлімдеді.

Кейінгі жылдары құрылыс жұмыстарында жылу сақтағыш материалдарды пайдалануға айрықша көңіл бөліне бастағаны белгілі.  «Агран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақтөбе филалы тұрғызған жылу сақтағыш әйнектер жиынтығын шығаратын зауыттың құрылысы осы талаптарды қанағаттандырады. Ал «Қазжылуқуатмонтаж» кәсіпорыны жылу өткізетін құбырлардың бұрмалық жалғамаларын шығаратын кешенді іске қосады. Осы кәсіпорынның директоры Алмаз Исмағұлов коммуналдық мекемелер мен қала тұрғындары үшін аса қажет бұл бұйымдарды бұл жаңа өндірістің молынан шығаруға бел байлап отырғанын баяндады.

Сондай-ақ Сазды ауылынан «KazKorDriIIinq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газоблок шығаратын зауыт салуға белсене кірісті.

Темір ауданының Жақсымай және Шұбарқұдық мұнай кен көздерін екінші қайтара өңдеуге байланысты өз ойларын білдіріп, «Қаңтар ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сағындық Бейсеков бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Кеңестің кезекті мәжілісінің жұмысын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылап, индустриалық-инновациялық жаңа жобаларды жүзеге асыруға байланысты міндеттер белгіледі. Әрбір жобаға жеке-жеке тоқталып, олардың облыс экономикасын көтерудегі маңызын атап көрсетті. Үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі белгіленген жұмысты нақтылауға байланысты ұсыныстар қабылдады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button