Әлеумет

Облыс әкімі есебінен соң

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЛЕБІ ШАЛҒАЙДА ДА БАР

Ақансері ЕРМАҒАМБЕТҰЛЫ, Әйтеке би аудандық мәслихатының хатшысы:

– Облыста атқарылып жатқан оңды істер көп және барлығын да халық қолдайды. Жұмыс бар, қаражат жеткілікті. Осыны үйлестіруде бүгінгі есептен Елеусін Наурызбайұлының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің зор екендігі байқалды. Әрине, біздің облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда көш ілгері екендігі анық. Қомақты табыстар шалғайдағы Әйтеке би ауданында да сезіліп келеді. Әсіресе, ауыз су мен жол қатынасы мәселесінің оңтайлы шешілуі ел ризашылығын тудырып отыр.

МҮДДЕЛЕСТІК – БАСТЫ ТАҚЫРЫП

Түрікпенбай АЙЖАРЫҚОВ, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы:

– Жыл сайын дәстүрге айналған әкімдердің есеп беруінің берері мол. Елеусін Наурызбайұлының баяндамасынан байқағанымыз, облысқа тартылған инвестиция көлемі қомақты. Көптеген жаңа кәсіпорындар ашылған. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, шағын бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініпті. Соның арқасында бюджеттік түсімнің еселеп өскендігі ерекше қуантады. Әрине, еңбекақы мәселесінің шешілгендігі де қарапайым жұмысшылар үшін қуанышты жайт. Бюджеттік мекеме қызметкерлеріне де ерекше ықылас бөлінуі – ертеңге сенім. Бұл орайда облыс әкімінің тікелей араласуымен қолға алған істер де көп.

Кәсіподақ саласында жергілікті билікпен байланысымыз жақсы. Өткен жылғы атқарылған істер мен болашақтағы міндеттер нақты көрсетілген баяндамада мүдделестіктің лебі сезіліп тұрды.

ШАРУАШЫЛЫҚТАР БІРІКТІ

Мейрамбек СӘТИМОВ, Әйтеке би ауданы Комсомол селолық округінің әкімі:

– Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есептік кездесуінде көптеген мәселелер айтылды. Өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын шаруалар назардан тыс қалмады. Облыс әкімі оның ішінде  біздің ауданның шаруаларына да тоқталды.  Жалпы, биылғы жыл біздің аудан үшін берекелі жыл болды. Мәселен, биыл өткен жылға қарағанда  селолық округтегі егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар өнімді мол алып, бір қуанды.  Келер жылы да осындай өнімге қол жеткізу үшін шаруалар осы бастан-ақ қамданып жатыр.

Сондай-ақ, түсімді арттыру үшін егістік көлемін ұлғайту жұмыстарын қолға алдық. Жұмысы жүріп тұрған шаруа қожалықтар мен мүмкіндігі аз шаруашылықтарды біріктірдік. Бұл – біріншіден, өнімді  молайтса, екіншіден, шаруасы кейін кеткен қожалықтың жұмысын жандандыруға септігін тигізбек. Қолға алған істің нәтижесі де жоқ емес. Оны биылғы жылдың өзінен-ақ байқауға болады.

Жалпы, округте 5 серіктестік, 188 шаруа қожалығы бар. Қазіргі таңда барлығының шаруасы жүріп тұр.

КӨШЕ МЕН КӨПІР

Ибрагим СӘРСЕНБАЕВ,  Ырғыз аудандық мәслихатының депутаты:

– Өткен жылы Ырғыз ауданында үлкен өзгерістер орын алды. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей ықпалымен жиырма бес жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп келе жатқан Ырғыз ауданының орталығындағы екі көше асфальтталды. Сол сияқты Ырғызға кіре берістегі бұзылған көпір жергілікті тұрғындардың қатынауына, шаруашылықтың жүруіне көп қиындығын туғызып тұр еді. Осы көпір арқылы жететін 11 шақырым жердегі шаруашылыққа тұрғындар айналма жол салып, 120 шақырым жер жүріп жүр. Облыс басшысының ықпалымен бұл мәселе де оң шешімін тапқалы тұр.  Өткен жылы бұл мақсатқа ауқымды қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен еді. Жоспар бойынша көпір құрылысы осы жылдың мамыр айында аяқталып, жарықтандырылып, қайта пайдалануға берілмек.

Ырғыздықтар үшін тағы бір қуанышты жағдай – Аманкөл ауылында өткен жылы 180 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл істі «Қазпромстройгрупп» серіктестігінің басшысы биыл мерзімінен бұрын аяқтауға уәде беріп отыр.

Облыс басшысы есепті баяндамасында 2009 жылға арналған міндеттер туралы айтты. Елеусін Наурызбайұлының айтуынша, биыл Ырғызда кәсіптік-техникалық білім беру мекемесі бой түземек. Бұл істің нәтижесі болашақта Ырғызда мамандар даярлау мәселесін шешуге септігін тигізбек.

БАҒЫТТЫҢ БІРІ – КӘСІБИ БІЛІМ

Шара СПАНОВА, Байғанин аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы:

–  Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есебіне қатыстым. Жиында көп жайттар айтылды. Жалпы, соңғы кездері облыста біраз игі шаралар жасалып жатыр. Әсіресе, жаңадан салынған мектеп, балабақша, ауруханалар көп. Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша біздің ауданда да орталық аурухана ашылды. Сонымен қатар бір жылдың ішінде 9 балабақша пайдалануға берілді.

Біздің өңір әлеуметтік жағдайы төмен, әлжуаз топтарға көмек көрсетуде республика бойынша алдыңғы орында екен. Облыста жыл сайын жұмыссыздардың саны азайып келеді. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов биыл Ақтөбе өңірінде 200-ден аса зауыт-фабрика іске қосылатындығын, нәтижесінде 14-15 мың жұмыс орны ашылатынын айтты. Демек, халықтың қаржы дағдарысы деп қобалжуының қажеті жоқ.

Ауданда жұмыссыздардың саны – 126, былтыр осы уақытта 222 жұмыссыз болатын. Біздің ауданда атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатындар да азайды. Былтыр 70 адам атаулы әлеуметтік жәрдемақы алған еді, биыл олардың  саны – 50.

Жақында Атырау облысынан сұраныс келді. 3600-ге жуық жұмыс күші керек екен.  Бұл жөнінде аудандағы жұмыссыздарға айтылды. Олар өздеріне ыңғайлы мамандықтарға түйіндеме жіберіп жатыр.

Өткен жылы 53 адам кәсіби білім алды. Жыл басталғалы 12 адам кәсіптік лицейлерде дәріс алып жатыр. Ақтөбе қаласындағы №1, №2, №3, №4 кәсіптік лицейлерде білім алу үшін әлі де бірнеше адам барады. Айта кететін жайт, олар тегін білім алады. Және аудандық бюджет есбінен олардың тамақтануы мен пәтерақысына 10-13 мың теңге төленеді. Сонымен қатар жолақысының жартысы төленеді. Мұның бәрі – жұмыссыздардың санын азайту үшін жасалып жатқан әрекет.

ЫҚЫЛАСТЫҢ ДӘЛЕЛІ

Оразбай ӘДІЛБАЕВ,

Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Аудиториядан облыс халқының облыс басшысының жұмысына қанағаттанатыны көрініп-ақ тұрды. Артық әңгіме болған жоқ.

Біздің Шалқар ауданында да үлкен мәселелер шешіліп жатыр. Соңғы жылдары аурухана, емхана салынды. Бұған дейін білте шаммен отырған Аяққұм елді мекеніне осыдан бір жыл бұрын электр жарығы барды. Жаңақоныс селолық округінің Аққайтым ауылына газ жүргізілді. Қазір 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Мұның бәрі біз үшін ерекше оқиғалар болды.

Осындай игі істердің жасалуы, біріншіден, республикамыздың экономикасының жақсарғанына, өндірістің өркендеп өскендігіне байланысты, екіншіден, облыс әкімінің қашықтағы елді мекендерге, қазақы ауылдарға деген шынайы ықыласын дәлелдейді. Ауданымызда бес мыңнан аса ардагер бар, оның ішінде 28-і – Ұлы Отан соғысының ардагері, сондай-ақ ауданда 600-ден астам тылда еңбек еткендер бар. Осы ардагерлер және соғыста ерлері қаза тапқан жесірлер коммуналдық төлемақыдан босатылғаны белгілі, осы коммуналдық төлемақыдан босату бір адамды ғана емес, түгел отбасын қамтып отыр. Мұндай көмекті еліміздегі басқа облыстар жасай алмай отыр. Бұл да республикада біздің облыс экономикасы көрсеткішінің жоғары екеніне тағы бір дәлел бола алады емес пе…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button