Әлеумет

Құрылыс объектілері: энергия үнемі

 

Қазақстан Республикасында энергия ресурстарына деген бағаның тұрақты түрде өсіп отыруы жағдайында, энергия үнемдеу жүйесіндегі стратегиялық мәселе тұрғын және қоғамдық ғимараттардың қоршау конструкцияларының жылуфизикалық сипаттамаларына қойылатын жаңа күшейтілген талаптардың енгізілуі болып табылады. Мұндай талаптардың болуы ел экономикасының тұрғын үй-коммуналдық секторында энергия ресурстарын мейлінше ұтымды пайдалану қажеттілігін қалыптастырады.

Қазақстанның тұрғын үй қорының қазіргі жай-күйі тұрғын және қоғамдық ғимараттардың қоршау конструкциялары арқылы жылудың едәуір деңгейде ысырап болуымен сипатталады. Қоғамдық ғимараттар мен қалалық тұрғын үй қорының көпшілік бөлігі жылуды тиімсіз оқшаулайтын қоршау конструкцияларымен, жылумен жабдықтау жүйелерімен жабдықталған.

Қазіргі тұрғын үй қорындағы болат арматурадан жасалған метал қаңқалы, ауыр және энергияны көп қажет ететін керамзит фракциялары бар түрлі бетондар пайдаланылатын сыртқы қабырғалар ғимараттың жылу тиімділігін айтарлықтай дәрежеде төмендетеді.

Осыған байланысты, тұрғын ғимараттардың жылу тиімділігін арттыруға бағытталған, отындық-энергетикалық ресурстарды үнемдеп ғана қоймай, сонымен бірге өңірлерге әлеуметтік және экономикалық әсер ететін энергия үнемдеу құрылысын әзірлеп, оны іске асыру аса өзекті болып отыр.

Құрылыста ресурс үнемдеу принциптерін іске асыру жаңа энергетикалық тиімді жылу оқшаулағыш құрылыс материалдары мен технологияларын, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым саласындағы конструкциялық шешімдерді қолдану дегенді білдіреді. Ресурс үнемдеудің  қандай да бір әдістерін қолдану мүмкіндігі ғимараттардың энергия тиімділігі сыныбы бойынша анықталады.

Отындық-энергетикалық ресурстар шығысын азайтуға энергия үнемдеудің кешенді тәсілі арқылы, өңірлердің климаттық, техникалық-экономикалық, әлеуметтік және экологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, сәулет-жобалау және конструкциялық шешімдерді, сондай-ақ ғимараттардың инженерлік жабдығын жетілдіру есебінен ғана қол жеткізуге болады.

Жылу және энергия тиімділігі тұрғысынан алғанда, сыртқы жылуоқшаулағышы, желдетілетін және желдетілмейтін қасбеті бар, жеңіл жылуоқшаулағыш материалдар пайдаланылатын ғимараттар құрылысына көшу орынды болмақ. Тиімді қымтағыш ретінде көбікті полиуретаннан, көбікті полистиролдан, көбікті изолдан, минералды, шлак және шыны мақта мен талшықтан жасалған плиталарды, ұяшықты және жеңіл бетондарды, гипсті, құралатын термоқосымшалар және монолит түріндегі арболитті, құм және полистиролдан, перлиттен, вермикулиттен жасалған қиыршықтас түріндегі сеппелерді және т.б. пайдалануға болады.

Негізгі көтеретін конструкциялардың жылу ысырабын азайту үшін кеуекті құм бетондарды, сондай-ақ шлак негізіндегі жеңіл бетондарды және кремний өндірісіндегі қалдықтардан жасалған, керамзиттен 5 есе арзан жаңа қымтағышты пайдаланған жөн.

Қосымша қымтау кезінде қабырғаның біртекті конструкциясы көпқабаттыға айналады. Бұл жобалау сапасына және жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптарды күшейтеді. Өйткені қолданылатын материалдардың әртүрлілігі және көп болуы қымталатын конструкциялардың жылу қорғау қасиеттері мен пайдалану сенімділігін азайтуға алып келетін қателіктерге бой алдыру мүмкіндігін жеңілдетеді.

Соңғы 10-12 жыл ішіндегі әлемдік құрылыс тәжірибесінде сыртқы қоршаулардың тұтас қосымша жылу қорғанысын құрудың түрлі тәсілдерін әзірлеп, енгізу және бұрын салынған ғимараттардың сәулеттік келбетін жаңғырту кең етек алды. Көптеген шетелдік құрылыс фирмалары тиісті бұйымдар мен конструкциялар жиынтықтарын шығаруға маманданады. Құрылыс саласының осы бір жаңа тармағының дамуы, ең алдымен, тұрғын және басқа да ғимараттарды жылытуға жұмсалатын отындық-энергетикалық ресурстарды үнемдеу қажеттілігімен тікелей байланысты.

Біздің еліміздің жағдайында ғимараттарды жылытуға кететін шығындарды үнемдеу де маңызды. Қазіргі күні әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында энергия үнемдеу тұжырымдамасы мен бағдарламасы осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған. Алайда елімізде, ең алдымен, ірі панельді және ірі блокты ғимараттарды қосымша қымтау және гидроқорғау қажеттілігі осындай ғимараттардың айтарлықтай бөлігінің сыртқы конструкциялары қойылатын талаптарға жауап бермейтін, төмен, көбіне қанағаттанарлықсыз жылу-техникалық сипаттамаларға ие екендігіне негізделген. Салынған толықтай құралатын ғимараттардың бұл кемшіліктері мынадай бірқатар себептерге байланысты түсіндіріледі: үлгілік жобалардың жергілікті жағдайға, әсіресе, қатал климатты аудандарға; жылу-техникалық көрсеткіштері жобаларда көзделгеннен айтарлықтай төмен керамзитті бетон пайдалануға бейімделіп жасалмағандығы; панельдердің түйіскен жерлері үшін сенімді саңылаусыздандырғыш материалдардың жоқтығы, конструкцияларды дайындау және монтаждау сапасының төмендігі.

Жоғарыда көрсетілгендерге байланысты, бұрын салынған ғимараттардың көпшілігінде сыртқы қоршаулардың термиялық кедергісінің қажетті шамасы қамтамасыз етілмейді. Сонымен бірге, ол қабырға панельдердің түйіскен жерлерінен су өтуі кесірінен қоршаулардың материалдары ылғалдануы нәтижесінде төмендеп кетеді де, бұл конструкциялардың тоңып, соңында мерзімінен бұрын бұзылуына алып келеді. Мұндай ғимараттарды жылыту отынды едәуір артық жұмсауды қажет етеді, алайда бұл шараның өзі де көбіне тұрғын үй-жайлардағы қалыпты жағдайды қамтамасыз ете алмай қалады.

Осыған байланысты, заманауи материалдарды, жабдықтар мен аспаптық-өлшеу құрылғыларын пайдалана отырып, ресурс үнемдеу технологияларын енгізу негізінде, тұрғын және қоғамдық ғимараттардың жылу қорғау тиімділігін арттыратын тұрғын ғимараттарды қосымша қымтаудың жекелеген жүйесі үшін физикалық-техникалық және конструкциялық-технологиялық негіздер әзірлеу өзекті және дер кезіндегі міндет болып отыр.

Құрылыс технологиялары сапасының проблемасына инженерлік-технологиялық, эстетикалық, пайдалану және экономикалық факторлардың түрлі сипаттағы аспектілері жатады. Құрылыс өндірісінің негізгі мақсаты – адамның толыққанды тұрмыс-тіршілігі үшін сапалы ғимараттар мен құрылыстар салу.

Құрылыс өнімінің сапасы пайдалану сенімділігін, экологиялық тазалық пен қауіпсіз, жайлы өмір сүру жағдайына кепілдік беруі тиіс. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында сумен, жылумен, электрмен және газбен жабдықтау жүйелерін кең көлемді жаңғырту, сондай-ақ тұрғын үй қатынастарының оңтайлы моделін құру (бұл азаматтардың өз мүлкінің сақталуына жауапкершіліктерін арттыруды қажет етеді) қажеттілігі туралы айтылған. Осыған байланысты, салынып жатқан ғимараттардың жылу тиімділігін арттыруға бағытталған энергия үнемдеу іс-шараларын әзірлеу және оларды іске асыру аса өзекті болуда. Бұл шаралардың жүзеге асуы отындық-энергетикалық ресурстарды үнемдеп ғана қоймай, сонымен бірге өңірлерге әлеуметтік және экологиялық жағынан әсер етуге мүмкіндік береді.

 

 

Б.ҚҰРМАНБЕКОВ,

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Энергия тиімділігі орталықтары объектілерінің құрылысы дирекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button