«Ақтөбе» — 100!

Қарашаңырақтағы келелі кездесу

Баспасөз

Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан аймақ шежіресіне айналған қос басылым — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник», сондай-ақ

«Үш таған» журналының басын біріктіріп отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымымен кездесті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов қатысты.

Кездесуде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Жолдас Батырханды редакция мұражайымен таныстырып, газеттің жүз жылдығы аясында жасалып жатқан іс-шаралар барысын айтты.

Осы қызметке тағайындалғандағы алғашқы сапарымды облыс баспасөзінің қарашаңырағы саналатын қос басылымның ұжымымен кездесуден бастағанды жөн санадым. Мақсатым — редакцияның хал-жағдайын білу, өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесіп, ұжымның алдағы іс-жоспарларымен танысу, — деген Жолдас Батырхан биыл шыға бастағанына 100 жыл толған «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газеті ұжымын мерейтойымен құттықтады.

Сондай-ақ ол өз сөзінде облыстық басылымдардың мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы рөлін атап өтіп, ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің алғашқы саны жарық көрген күннен бастап өңірді өркендетуге атсалысып келе жатқанын да тілге тиек етті. Ол газеттің әрдайым өзекті мәселелерді көтеріп, шынайы ақпарат тарататынын, тағылымды әрі танымдық мақалалардың жарияланатынын да сөз етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғасыр биігіне шыққан «Ақтөбе» газетіне құттықтау хатын жолдағаны — газет ұжымы еңбегінің жоғары бағаланғаны деп білеміз. Газеттің жүзжылдық мерейтойын өңір көлемінде біз де елеусіз қалдырмауымыз керек. «Коммунизм жолы» аталған тұста дүниеге келіп, бала күнімнен ата-анамыздың осы басылымды оқығанын көріп өстік. Өзім де  «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Облыстық газеттерге айтар сын жоқ, мақалалар сапалы, халықты құлағдар ететін тың дүниелерді басылым бетінен жиі көреміз. Қазір «газетті гаджет ауыстырды» деген пікір пайда болды. Меніңше, бұл — қате түсінік. Әрине, гаджет жаңарған заман дүниесі болар,  алайда мерзімді баспасөздің қоғамда өз орны бар, — деген Жолдас Батырхан жүздесуде Президентіміздің үш құрылтайда айтқан сөздері, ортақ құндылықтар бағытында берген тапсырмалары әрі оны насихаттауға облыстық газеттердің де ерекше назар аударуы қажеттігін атап өтті.

Кездесуде ол журналистер тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button