Жаңалықтар

Тұрғындар тілегі ескерілді

«Халық қатысатын бюджет»

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов 11 және 12-шағын аудандар аумағында жасалып жатқан жұмыстарды көрсетті.  Ол өткен жылы аталған жоба аясында 88 жоба қабылданып, оның 52-сі дауыс беру кезеңіне өткендігін айтады. Биыл да жоба аясында 44 жоба жүзеге асырылып, балаларға арналған ойын алаңы, спорт алаңы салынып, жаяу жүргінші жолы мен көп қабатты үй аулалары жөндеуден өтіп жатыр.

Мониторинг мүшелері ең алдымен 11-шағын аудан аумағында орналасқан мектеп жанындағы футбол алаңының құрылысымен танысты. Әзірге мұндағы жұмыстардың 60 пайызы аяқталған. Футбол алаңының құрылысы былтыр басталған. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары қолға алынды.

Бұл нысандағы құрылыс жұмыстары маусым айында басталды. Қазіргі таңда 11-шағын аудандағы №9 мектеп-гимназияның жанындағы алаң стадионға айналып, ол жерде футбол, баскетбол алаңдары, теннис үстелдері, орындықтар орнатылып жатыр. Қыркүйек айына дейін жүгіру жолағы, тротуарлар қолданысқа беріледі. Сондай-ақ аталған аумаққа қарасты «Арман», «Шұғыла» балабақшаларының ортасындағы бос кеңістікке тротуар төселіп,  жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал 12-шағын ауданның 25, 26, 28-үйлерінің ортасында орналасқан бос кеңістік бұрын балшыққа батып жататын. Бүгінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бұл жерге футбол алаңы орнатылды. Қазір балалардың ойын алаңы абаттандырылып жатыр. Енді жақын күндері осы жерде баскетбол алаңы да пайдалануға беріледі.

«Халық қатысатын бюджет» жобасының мақсаты — жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражатын бөлу кезінде халықтың ауқымды қатысуын қамтамасыз ету. Яғни тұрғындардың қаланы абаттандыруда жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндігі бар, — дейді Ж.Төлегенов.

Қалалық мәслихат депутаты Дәурен Жаңажановтың айтуынша, ойын алаңдарының салынуы балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтын тұрғындар үшін қуанышты жайт.

11-шағын аудандағы №9 мектеп-гимназияның жанындағы алаңда күн сайын  балалардың асыр салып ойнап жүргендігін байқауға болады. Енді осы жерде қарттарға арналған демалатын орын салынады. Тұрғындардың басым бөлігі жарықтандыру мәселесі бойынша шағымданатын. Енді бұл мәселе де шешіліп, жаңа оқу жылына дейін аумақта жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі, — деді ол.

Аумақтық кеңес төрағасы Қобыланды Нұрқасымов   «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынып жатқан ойын алаңдарын көріп, қала тұрғындарын осындай игілікті жобаларға қатысуға шақырды.

Мен 11-шағын аудандағы аумақты күнделікті бақылап отырамын. Мұндағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасағым келеді. Салынып жатқан футбол алаңы мен жаяу жүргіншілер жолы көптен ойлап жүрген мәселем еді. Бірнеше рет Астана ауданы әкімінің жиынында балаларға арналған ойын алаңы мен жаяу жүргіншілер жолының керектігін айтқан едім. Енді, міне, сол ұсынысым орындалып жатыр. Тұрғындардың ендігі міндеті, — спорт алаңын күтіп ұстау, дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде 39 жоба бойынша жауапты мердігер мекеме анықталып, абаттандыру жұмысын бастаған. Тағы қосымша бес жоба бойынша конкурс жарияланды. Барлық жобаға жұмсалатын қаржы көлемі — 1 млрд 318 мың теңге.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button