Әлеумет

Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы

Үкітай БАЙЖОМАРТОВ

Болған оқиғаның ізімен жазылған повесть

Қуғын-сүргін жылдарының еш кінәсіз құрбандарына арнаймын.

Автор.

Жалғасы. Басы өткен сандарда

– Иван, ренжіме! Мен «Ақсақ коммунист» атанбай-ақ қояйын… дей беріп едім,

– Сөзді қой, Андрей! Ленин партиясының қатарында мынадай сын сәтте болу – мың абырой! Мә, мына қағазға арызыңды жаз! Мен сені партия қатарына қабылдаймын. Жаман соғысып жүрген жоқсың. Мергендігіңмен көпке үлгісің. Сенің атқан оғыңнан немістің талай офицері «жер құшты»! – деп Иван қоярда-қоймай арыз жаздырды. Сосын соның жоғарғы сол жақ бұрышына: «Партия қатарына бір ауыздан қабылданды! Политрук И.Евсеев», – деп қол қойды. Солай алған партбилетті бейбіт өмірдің алғашқы айында-ақ оп-оңай кейін тапсырып тындым. Неге екенін білмеймін, соған ренжіген мен жоқ.

– Неліктен сотталдың? – деп сұрады одан екінші қара жігіт. Бұл да әр сөзге жіңішкелік белгісімен қатар «о» және «йо» дыбыстарын қосып сөйлеп, қай ұлттың өкілі екенін бірден танытып алды. «Е-е, – деді іштей Смағұл, – Менің «қазақ» дегенімнің бәрі кәріс болып шықты. Айдалып келе жатқан алты адамның ішіндегі жалғыз қазақ мен болдым!»…

– Жабық партия жиналысы мені партиядан шығарған күні сағат түнгі он бір жарым шамасында екі қара машина біздің үйдің жанына келіп тоқтап, олардан түскен НКВД-ның екі офицері мен үш солдат мені тұтқындады. Шамасы, Эдуардтар телефон соққан болар. Бар айтқандары «Совет еліне, бүкіл қоғамға жала жапқаныңыз үшін тұтқындалдыңыз!» болды. Сот дегендері де үш адамның басқосуы екен. Мен таққан айыптарының бірін де мойындаған жоқпын. Сонда да олар өз дегендерін істеп, он жылға кесті… Сонымен, өздеріңмен бірге Магадан асып бара жатқан жайым бар…

Вагон ішінде бір сәтке үнсіздік орнады. Тек темір тегермештер ғана баяғыша болат жолдардың бір-біріне жалғанған жерлеріне аяусыз соғылып, бұлар мінген көлікті тынымсыз тербеп келеді, тербеп келеді. Сөйтіп, олар бейне бір тас төселген көшемен шауып келе жатқан ат тұяғының дыбыстарын құлаққа әкеледі. «Саясилардың» қалған төртеуі осы жерде өздерінің қалай сотталғандарын «айтсам ба екен, айтпасам ба екен?» деп ойланып қалған секілді. Бұл жағдайды түсіне қойған Андрей қарсы алдында отырған шүңірек көзді сары шалға қарап иегін созды да:

– Виктор, Магаданға дейінгі жол ұзақ, арада әлі бірнеше мың шақырымдай жер жатыр. Жол қысқарсын, сен айтсаңшы, кеңес үкіметінің өзіңдей қаусаған шалды неге соттағанын? Теріңнің сүйегіңе жабысып тұрғанынан қорқам, олар сені Магаданнан ағаш кесіп, елге пайда әкелсін деп жібергенімен, орта жолда өліп қалып, бір табыттың бағасындай шығын әкелуің тіпті де ғажап емес. Мына отырған біз де «дүние жүзіндегі ең халықтық елдің әділ сотының шешімін» өз аузыңнан естімей қалуымыз мүмкін! – деді. Даусынан ызаның лебі сезіледі. Ол Виктордың не үшін сотталғанын да білетін сыңайлы.

– Жарайды, тыңдағыларың келіп отырса, айтайын. «Ер жүрек адамды оққа байлауға да болады, оққа қарсы айдауға да болады» деген ғой. Менің бұл сөзіме қарап, өзімді ер жүректердің қатарына санасын деп те отырған жайым жоқ. Реті келген соң сөз бастар қып тілге тиек етіп отырғаным ғой. Сонымен, өз жайыма келетін болсам, «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, еш кінәсіз «кінәлі» болып, «Ит жеккенге» кетіп бара жатқан жайым бар…

Виктор бірер секунд  уақыт бойы төмен қарап үнсіз отырып қалды. Смағұлдан басқа төртеу соның аузын бағып, үнсіз отыр. Енді айтылар әңгіменің қызықты болатынына бәрі де сенімді сияқты. Тек «неміс диверсанты» ғана шалқасынан жатқан күйі вагонның төбесіндегі бір нүктеге тесіле қарап, міз бағар емес. Бірақ оның да құлақтары мыналардың әңгімесіне түрулі сияқты…

– Біздің деревняда Федор деген «атқамінер» бар. Белсенді-ақ.. Қазір селолық Кеңестің төрағасы. Менің отыз жыл отасқан кемпірім соғыста жүргенімде ауырып, о дүниелік болыпты. Тірі адам тірілігін істейді. Бір Матрена деген орта жастағы жалғыз басты әйелді «айналдырып» көріп едім, кет әрі емес сияқты. Әбден әмпей-жәмпей болып алғаным сондай, арада он шақты күн өткенде әлгі Матренаның үйіне қонып қалдым. Ол да талай нәрседен хабардар екен. Мен немістердің фрауларынан үйренгендерімді көрсетіп, әлгіні «таңдандырам» деп ақ терге де, көк терге де түсіп жатсам, ол «мына қимыл былай аталады», «мына қимылды олай атайды» деп, «өзге түрлі өнерімен» менен де асып түсті. Сөйтсем, жас кезінде бірер айдай болса да жезөкшелікпен айналысқан біреумен пәтерде бірге тұрса керек. «Қызықтың көкесі» ұйқысыздықтан маған тым ұзарып кеткендей көрінген осы түннің соңында болып шықты: терезе жақтауын сартылдата ұрып: «Аш! Матрена, аш деймін мен саған! Ашасың ба, жоқ па?!» – деп біреу ешіре айқайлап тұр. Терезеден сыртқа көз салған Матрена:

– Ойбай, бұл әлгі Федор ғой. Қасындағысы есепші Климентий. Енді қайттім, а, енді қайттім! Сен, Виктор, бар киіміңді алып, кілт үйге кіріп тұра тұрсаң қайтеді, а?! Олар осы бөлмеге кіргенде сен арғы жақтан сыртқа білдірмей шығып кете аласың. Виктор, сенен өтінемін! Сөйтші! Басқа күннің бірінде тағы келерсің… Мен Федорға сөз беріп едім: «Сенен басқа еркекке жоламаймын!» деп. Облыс орталығына кеше кеткен оны бұлай тез оралады деп кім ойлаған?! Оның мінезі жаман, екеумізді де оңдырмайды. – Осылай Матренаның маған жалынғанын көрсең. Менің де жыным ұстап кетті. Тырдай жалаңаш күйімде ұшып тұрдым да, жарықты қосып кеп қалдым. Ананың жыны менікінен де мықты екен, жалғыз қабатты үйдің терезесіне суға сүңгігендей әй-шай жоқ қойып кетті. Маңайдың бәрі у-шу болды да қалды. Бет-аузының терезе әйнектері аяусыз тілген жерлерінен қан саулап жүр. Ол маған жұдырығын ала ұмтылды. Мен де ол кезде қарусыз емес едім. Оның үстіне, «Тіл» әкелуге қажет деп кезінде үйренген әдістерім тағы бар, сілтеген қолын қағып жіберіп, екі көздің арасынан оңдырмай соқтым. Федор шалқалап барып жарға басы соғылып, құлап түсті. Байқаймын, есеңгіреңкіреп қалғандай, орнынан шаққа тұрып, маған тағы ұмтылды. Мен ұзын сирағымды оңды пайдаланып, іштен тептім. Көйлек-дамбалсыз қимылдағандықтан ба, әйтеуір, сілтеген қол мен аяғым қапысыз дөп тиіп жатыр. Федор ішін ұстаған күйі бүк түсіп отырып қалды. Бірақ қол-аяғымен бере алмаған сазайымды «аузымен беруде»! Арнайы курстан өткен екен деуге де болатындай, әкем мен шешемнен, жақын, заузатымнан түк қалдырмай сыбады. Матренаның да, жақтаса алмай  сыртта, тереза алдында тұрған Климентийдің да ештеңелерін қалдырмады. Зығырданым қайнап кетті, маңдайдан тептім. Анау жаны кеткендей сылқ етіп жантая құлады. Өлген шығар деп едім, абырой болғанда тірі екен. Бетіне су бүріккенімде көзін ашып, маған бірдеңе деген болды. Сосын орнынан тұрмай, үнсіз жатып қалды. Манағыдай емес, пәтінің қайтып қалғанын бірден түсіндім. Мен киімдерімді киіп бола бергенімде милиционер де келіп жетті. Бастарыңды бұдан артық несіне ауырта берейін, содан сот болды. Федордың маған таңбаған бәлесі қалмады: кеңес үкіметін қаралаушы да, немістердің дүниелерін мақтаушы да, өз елімізден шығарылатын заттарды даттаушы да, еңбек етпейтін «лодыр» да, кез келген адамды «менің бетіме неге қарайсың?!» деп сабайтын барып тұрған содыр да, тал түсте әйел зорлайтын зорлықшыл да, кесе жатқанды қағып түсетін ұрлықшы да мен «болдым». Сонымен де қоймай ол талайларға арыз жаздырып алып, сотқа тапсырыпты. Ең бастысы, Климентий екеуі қайта-қайта кезек-кезек сөз алып, мені айыптаумен, қаралаумен болды. Матрена да солардың жағына шығып кеткен екен, ол да: «Үйіме түнде кіріп келіп, мені зорлады. Араға түскен Федор мен Климентийді, милиционерді сабады», – деп гөй-гөйледі-ай келіп!..

– Жұдырықтасуға мықты болғаныңмен, төсекте Матренаға қауқар көрсете алмағансың ғой шамасы. Әйел жарықтық еркектің бір-ақ нәрсесін айрықша қадірлейді дейтін еді. Ойынан шыға алмағансың ғой! – деп қасындағы төртеудің бірі мұны қағытып қойды. Басқалары бұған ду күлді. Анау қызарақтап:

– Солай болса, солай болған шығар, бар болғыр! – деп бұларды тағы күлдірді. – Кезінде ашылмай қалған қылмыстарды да маған таңды. Сонымен, тал түсте «қылмыскер болып шығып», тіпті, «саяси қылмысты» деген деңгейге дейін «көтеріліп», мына өздеріңмен бірге кетіп бара жатқан жайым бар…

– Мына түріңмен «адам сабадым» дегеніңе кім сенеді?!

– Түрмеде салқын тигендіктен қос өкпем қабынып, ұзақ ауырдым. Содан сот процесі де кеш өтті ғой. Болмағанда мен бүгінде «жазамды» өтеп жүретін едім…

Бәрі де мұның жуан жұдырығына зерделей қарап барып түсіністік тапқандай болды. Смағұл да шалқасынан жатқан күйінде мойнын бұған бұрып, сынай қарады да, іштей: «Сенбейтін несі бар, ана жұдырықтар бұған тегіннен тегін беріле салмағанын ұғу қиын ба?!» – деп бір қойды…

Бет-аузы жас жеткіншектікіндей бөріткенге толы, қызыл шырайлы, төртпақ денелі орта жастағы «саяси қылмыскер» «кезек менікі» дегендей тамағын қырнап, қырнап жіберіп, сөз бастады:

– Соғыстан оралғаннан кейін «етек көтерудің» қызығына түскеннің бірі мен едім. Біздің селодан майданға аттанған жиырма сегіз еркектің, өзімді қоса санағанымда, үшеуміз-ақ аман-есен оралғанбыз. Менің құдай қосқан қосағым мен екі балам үйге әуеден дәл тасталған бомбадан қаза болған екен. Соғыстан оралғаннан кейін нағашы ағамның үйінде тұрдым. Әсіресе, мен кеткенде екі жастағы ер баламның тәтті қылықтары әуелгі айда есіме қайта-қайта түсіп, қатты қайғырып жүрдім. Сондай кездерде жер бауырлап жатып алып, үнсіз жылайтынмын. Күн артынан күндер, сүреңсіз көрінген апталар бірінен соң бірі осылай өтіп жатқан…

Бұжыр беттінің әңгімесі дәл осы жерде күрт үзілді. Тағалы аттың тасқа тиген тұяқтарындай болып шойын тегермештер біркелкі ритммен «тақ-тұқ», «тақ-тұқ» деп дыбыс шығарудан бір танар емес. Пойызға ең соңынан тіркелген бұл вагон баяу ғана ырғалып, тербеліп келеді, шайқалып келеді…

Бұл жолғы үнсіздік ұзаққа созылған жоқ… Себебі бұжыр бетті Евгений қасындағы төртеуге жағалай көз жүгіртіп алып, «диверсантқа» да сынай қарап барып, әңгімесін одан әрі қарай жалғастырды:

– Адам дегенің табиғатынан ерекше жаратылған жан иесі ғой. Біреуді тәуір көру, енді біреуді жақтырмау, жаныңда жүрсе де үшінші біреуге, тіпті, көңіл аудара қоймау – оған тән нәрсе. Нағашы ағамның Валерия деген көршісі болатын. Ертеректе күйеуге шығып, бірақ дәм-тұзы жараспаған соң айрылысып кеткен екен. Мен майданнан оралғалы оның бұл үйге келгіштеп кеткенін іштей сезіп жүргенмін. Бір күні ағам мен жеңгем балаларын ертіп көрші ауылдағы тойға кетті. Сол бойда Валерияның келе қалмасы бар ма! Сылтауы – қарызға ақша сұрау. Мен үйде ағам-жеңгемнің жоқ екенін айтып, төрге шығуын өтіндім. Неге екенін қайдам, әншейінде тым айрықша ұзын мұрнымен, ерекше жақ сүйектерімен еркекке ұқсайтындығы себепті кеудемнен біреу кері итеретіндей сезінетінмін,  бүгін ол маған өте сүйкімді көрінді. Оның қасына барып отырып, қалай құшақтағанымды білемін. Ол да осы сәтті жан тәнімен зарыға күткен болуы керек, бетін кеудеме басып, қатты құшты-ай келіп… Ары қарай аш жолбарыстың өз жемтігін қалай бас салғанындай қимылды мен жасадым, сол сәтте қаншық қабыланның өзіме тап бергенін де сезінгендей болдым… Арғы жағы белгілі ғой деймін, бәрің де «тісі шыққан балаларсыңдар» ғой. «Мылжа қылып» шайнап бергеннің қажеті болмас деп білемін.

-Ха- хааа-аа! Ха-ха-аа! Ха-хааа!

«Саясилардың» аяқ астынан естілген осы өте қатты күлкілері олардың күзетшілеріне вагон төбесін ұшырып жіберетіндей боп әсер етті. Дем алып жатқандары  бастарын шошына көтеріп алып, бұларға алара қараса, күзетте тұрғандары: «Прекратить смех!» – деп айқайлап, мылтық кезеді. Баяғысынша тып-тыныш күйде вагон төбесінен көз алмай жатқан жалғыз Смағұл ғана.

Әйелдер мен еркектердің араларындағы оқиғаларға басқалардан гөрі көбірек мән беретіндігінен болса керек, Виктор өздерінің күлкісі тудырған сәл үзілістің өзіне шыдай алмай:

– Ең қызық жеріне келгенде кілт үзіп тастадың ғой. Содан әрі не болды?.. – деп, реніш білдіре сұрақ қойды. Мұның жайын түсіне қойған Евгений:

– Ау, жарандар-ау, ең тәттінің де, ең қызықтының да, ең тартымдының да, ең көркемнің де «өмірі» қысқа болатынын білмейтін бе едіңдер?! Ең қызықты әңгімем бітіп,.. – дей беріп еді, шыдамсыздау Виктор  оның сөзін тағы да бөлді:

– Сонда сен не үшін сотталғансың, айтшы?! Магадандай тым ерекше жерге жай серуендеп немесе ағайыныңның үйіне қыдырып бара жатпаған боларсың?!

– Айтайын десем, сол айтайын дегенімді де айттырмай, сұрақтарды үсті-үстіне қойып, бір арнаға бет бұрғызбай отырған өзің емессің бе! «Тәттісі» бітті, ендігі айтпағым – «ащысы»! Бұған қанағаттанатын болсаң, айтайын!.. Біздің селода Иван Степанов деген учаскелік милиционер болатын. Оның да Валериядан ойы болса керек, мен соған жақындағалы мені ұнатпайтындай пиғыл таныта бастаған-ды. Бір күні Петро деген маскүнем жоқ жерден пайда болып, маған жүз грам ішуді ұсынды. Ондайдан кім бас тартады, сол әкелген жартылық шыныдағыны бөліп ішіп алдық. Оған бұл аз көрінді. Ағамның «мойнына жаздырып», келесі жартылықты мен әкелдім. «Қылдай бөліп» мұны да ішіп алдық. Әлгі қатты қызып қалғандай, «былжырап» отырып, әңгіме бастады:

– Женька, білесің бе, чиновниктер құтырып бара жатыр… Бізді, майдангерлерді, көзге ілмеуге айналды… Айтшы, ей, біз сонда не үшін соғысқанбыз, не үшін қан төккенбіз, а?.. Соғыстың біткеніне бір жыл өтпей-ақ «тылдың егеуқұйрықтарына»: «Пошел отсюда, алкоголик!» – дегізіп, құйрығымыздан тептіру үшін бе?!..

Мен болсам жарытымды бірдеңе айтып, біреуге бірдеңені түсіндіретіндей күйде емес едім, әйтеуір, қайдағы-қайдағыны айтқандай болғанымды білемін. Содан отырған жерімде, далада ұйықтап кетіппін…

…  – Евгений Волков, тұр орныңнан! – деген бұйрықты естіп, басымды көтеріп алсам, қасымда бір аға лейтенант тұр. Бір қара көлеңкелеу бөлмеде жалғыз жатыр екенмін. Анадай жердегі үстелдің екі жағына бір-бірден орындық қойылған. Үстінде милиционердің жыртылған киімі жатыр. «Мұнда қалай келіп қалдым?» деп аң-таңмын. Ойыма, есіме ештеңе түсер емес. «Әлгі маскүнем Петромен далада арақ ішіп отырған сияқты едім ғой, мұнда қалай келіп қалғанмын?» – деп таңданамын келіп… Қасымда тұрған милиционерден:

– Бұл сауықтырғыш па? – деп сұрадым. Анау ызалы түр көрсете жымиып:

– Жоқ, дала қаңғысы – маскүнем мырза! Бұл – түр-р-ме-е! – деді нығарлай. – Ендігі тұрағың осы болмақ! Тұр орныңнан! Ана орындыққа отыр!

Аға лейтенанттың нығырлай берген бұйрығы маған онша әсер ете қойған жоқ, орнымнан сүйретіле тұрып, әлгінің көрсеткен орындығына отырдым. «Түрмесі несі, мен қатты мас болсам, апарар жерлері әрі кеткенде сауықтырғыш емес пе?» деген ой басымнан кетер емес. Көз алдымда кешегі арақ ішкен сәтіміз ғана. Онан әрі ештеңені еске түсіре алар емеспін… Аға лейтенант болса жүзіме көз сала маған қарсы қарап отыра кетіп:

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button