Ауыл

Мал азығы қалай дайындалуда?

 

Жыл жарымдық қор жасалады

 Қазір өңірде мал көбейді. Соған байланысты табиғи пішенге деген сұраныс та артып отыр. Бұл мәселе өткен жылы едәуір қиыншылықпен жүзеге асырылған болатын. Қуаңшылықтың зардабы бұл науқанды жүргізуде анық сезілді. Ал биыл табиғат қарасқандай болып тұр. Көп жерлерде табиғи шөп тәуір шықты. Жауын-шашын да бар. Мұның бәрі шабындықтың қоюлануына сеп. Ал, осы қолайлы сәтті мал азығын дайындайтын шаруашылықтарымыз қалай пайдаланып отыр? Жалпы ауданда мал азығын дайындаудың барысы қалай? Міне, біз осы сауалдарға жауап іздеп, ресми орындарды жағалаған едік.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхтар Жұмағазиев:

— Аудандарға бір жарым жылдық мал азығын дайындауға тапсырма бердік. Жалпы облыс бойынша биыл 1 миллион 182 мың тонна шөп дайындалуы керек. Бүгінге 1 миллион тоннаның үстінде мал азығы дайындалды. Немесе берілген тапсырма 84,6 пайыз орындалды. Бұл — шабындықтарда шабылған шөп. Енді осы шабылған пішенді қазіргідей ауа райы жауын-шашынсыз қолайлы болып тұрғанда тасып алуға күш салып жатырмыз. Себебі күні ертең астық жинау науқаны басталады, техника, адам күші бөлінеді. Сондықтан оған киліктірмей, бұл жұмысты таяу күндерде еңсерген жөн. Қазіргі кезде  шабылған шөптің облыс бойынша 68,5 пайызы тасылды. Әсіресе, бұл жұмысты Алға ауданы жақсы ұйымдастырып отыр. Мұнда қазірдің өзінде шабылған шөптің 89 пайызы тасып алынды. Мәртөк ауданының жұмыс нәтижесі де осыған шамалас. Хромтау, Қобда аудандарында да мал азығын тасу жұмысы ыждағатты жүргізілуде. Жалпы, мал азығын тасу жұмысы қалған аудандарда да тәуір. Тек Ойыл ауданында ғана өте төмен, 13,4 пайыздың шамасында.

Шаруашылықтардың жеткілікті мал азығын дайындап алуларына қамқорлықтар туғызылып, барлық жағдай жасалуда. Облыс әкімі мал азығын дайындау науқанына байланысты биыл да арзандатылған бағамен жанар-жағармай бөлді.

Әйтседе табиғи шөптің шығымы аудандарда әркелкі. Ол көктемдегі, одан кейінгі кезеңдердегі жауын-шашынның түсуіне байланысты болды. Кей жерлерге жауын-шашын аз түсті. Бұған қоса, өткен жылдың қолайсыздығы  бар. Осындай себептермен Ойыл, Байғанин аудандарында шөптің шығымы төмендеу болып отырғанын айтуымыз керек. Бірақ қалған жерлерде табиғи шөптің шығымы жақсы. Облыс пішенмен өзін өзі толық қамтамасыз етеді. Сол себептен де біз мал азығының бір жарым жылдық қорын жасау жөнінде алға міндет қойып отырмыз. Қазір аудандарға тапсырмалар берілді.

Облыстағы мал азығын дайындаудың жағдайы толық бақылауда. Арнайы құрылған комисиялар жергілікті жерлерде жұмыстың барысын қатаң қадағалайды. Биылғы бір ерекшелік, мал азығын дайындауға шаруашылықтарды ынталандыру мақсатында жергілікті жерлерде екпе шөптер егудің көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Бұрынғы жылдарға қарағанда екпе шөптер еккен шаруашылықтарға қосымша қаржы төленетін болды. Мысалы, судан шөбін еккен шаруашылықтарға сондай қолдау көрсетілді. Қазір судан шөбіне алғашқы орақ  түсті, бірінші орам алынды. Екпе шөптің бұл түрінің түсімі барлық жерде тәуір. Әсіресе, Алға, Хромтау, Мәртөк аудандары судан шөбінен мол өнім жинауда. Егер алда жауын-шашын молайса, бұл екпе шөпті тағы бір орудың сәті түсіп қалар деп ойлаймыз.

Мал азығын дайындаудың қорытындысы екі аптада жинақталып, шығарылады. Тапсырмалардың орындалуы сарапқа салынады. Соның нәтижесімен аудандарға баға беріледі.

Ақтөбе қаласы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Панабек Бимұратов:

— Қазіргі қала базарларына келіп жатқан тайланып буылған бір тай табиғи пішеннің құны 300-350 теңгенің шамасында. Алайда биыл қала айналасында мал азығын дайындаудың жағдайы ойдағыдай емес. Шөптің шығымы нашар. Әйтседе, қала шөптен тапшылық көрмейді деп есептейміз. Өйткені, Әйтеке би ауданынан, Қарабұтақ өңірінен, іргедегі Алғадан, өзге де жақтардан арнайы пішен дайындайтын шаруашылықтар шөп әкеліп сатады. Қаржы болса, шөп табылады, үзілмейді. Ал қаланың өз айналасында шабындық  кем. Оның үстіне биыл шөптің түсімі нашар. Бір жағынан қуаңшылық, екінші жағынан шегіртке де өз әсерін тигізді. Қазір шабылып жатқан жердің әр гектарынан 1,5-2 центнерден ғана өнім жиналуда. Қала маңайындағы шаруа қожалықтарының жері тар. Бір жағынан сол жерге мал жаяды және соны шабады.

 

Жауын-шашыны мол өңірде

 

Облыстың жемшөп қорының берік болуы аудан, ауылдардағы мал азығын дайындау науқанының нәтижелеріне тікелей байланысты. Сондықтан біз бірқатар аудандардың мамандарымен, тұрғындарымен хабарласып, жергілікті жердегі жағдайды білуге тырысқан едік. Соның бірі — Темір ауданы. Бұл ауданда шөптің түсімі биыл жоғары. Өйткені, жаз бойы жаңбыр болып тұр. «Алматының жауын-шашыны бізге ауысқандай, кейде күн түске дейін де, түстен кейін де жауатынды шығарды» дейді тұрғындар бұған риза болып. Мол жауын шабындықты жақсы қоюландырған. Шаруашылықтар шапқан шөпті шапқан күйінде аудан орталығы Шұбарқұдыққа тасып әкеліп жатыр. Ең арзан шөп — Теректінің шаруашылықтарынан келуде.  Әр буған бір тай шөбі — 150 теңге. Сонда 100 тай — бір көлік шөбі 15 мың теңге ғана. Аудан бойынша алғанда осындай буылған пішеннің бір тайы  230-240 теңгеден аспайтын көрінеді. Бұл, әрине, қымбат емес. Осындай жаңа шабылған көк балауса шөп Шұбарқұдықтың базарларында, әр ауылда көлікке тиелген күйде тұтынушыларын күтіп тұр. Әзірге сыртқа шығарылмайды. Себебі, аудан тұрғындарын толық қамтып болмай, сыртқа сатпау жөнінде аудан әкімінің тапсырмасы бар екен.

 

Шөптің бағасы қандай?

 

Қалған аудандарда шөптің бағасы қандай?

Қарғалы ауданында бос шөптің бір тоннасы 15 мың теңге тұрады. Тайланып буылған бір тай пішен 300-350 теңге. Ал Мәртөкте бір тонна шөптің бағасы — 10 мың теңге. Тайланған 20-25 килограммм буылған пішен  350-400 теңге, рулондап буылған 200-250 килограмм шөп  3000-3500 теңге шамасында. Қазіргі кезде ең арзан пішенді  Ырғыз ауданынан табуға болады. Мұнда жаңа шабылған табиғи шөптің бір тоннасы 8 мың теңгеден аспайды.  Ал тайланып буылған пішеннің  бір тайы — 160 теңге ғана. Бізге берген мәліметтерге қарағанда Шалқар ауданында да биыл жаңа орылған шөп мол.   

Тайланған бір бума шөп 320 теңге, бір тіркеме болатын екі тонна шөп 25-30 мың теңге шамасында тұрады.

Мал азығын дайындаудың қазіргі барысына қарағанда биыл мал өсіруші қауым пішеннен таршылық көрмейді деуге негіз бар. Біздің қолымызға тиген ресми мәліметтерге жүгінсек, дайындалған пішен қазірдің өзінде біраз аулаларға жетіп үлгерді. Облыс бойынша 50713 аула бар деп есептелінсе, қазіргі таңда соның 26308-іне шөп түскен. Жеке мал ұстайтын аулаларға шөп жеткізу жұмысын Қобда, Мәртөк, Алға, Хромтау, Шалқар аудандары  биыл тәуір ұйымдастыруда. Бұл аудандарда қазір мал ұстайтын тұрғындардың аулаларына қажетті шөптің жартысынан артығы барып болды.

Биыл мал азығын дайындау барысы бұрынғы жылдарға қарағанда қарқынды сияқты. Бұл науқанға жауапты ресми орындар бізге осылай дейді.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button