Спорт

Тимурдың табысы. «ақтөбенің» шабысы

Премьер-лига

23 маусымда өткен 16-турдың басты ойынында көшбасшы «Ақтөбе» биыл «Астананы» екінші рет ұтты. Ал көш соңындағы «Жетісу» екі тайм бойы басымдылықпен ойнаған «Ертісті» кенеттен сан соқтырып, қосымша минутта гол соғып кетті де, турнир кестесінде екі адым ілгері жылжыды. Өз алаңында жеңіске жеткен «Шахтер» қайтадан үшінші орынға көтерілді.

Енді ретімен баяндайық.

16-турда «Ақтөбе» өз алаңында «Астананы» қабылдады.

Бейнелеп айтсақ, «Астананы» сондай-ақ стадион лық толы жанкүйер қабылдады. Себебі стадион кассасында басы артық билет те қалмап еді.

Үш күн бұрын «Ордабасымен» 120 минут ойнаған, жеңіске жеткен жерлестеріміз астаналықтардың белсенділікпен бастаған ойын өрнегін лезде бұзып үлгерді. 14-минуттың шамасында қақпаға жұлқына тура ұмтылған Александр Гейнрихті Зеало түйіп құлатты да, жапа шеккен Александр айып добын өзі соқты. Кәнігі қақпашы Ненад Эрич қағып үлгеріп, кері секіріп түскен допқа бірінші болып Петр Бадло жетті де, қарбалас сәтте Тимур Кападзеге пас тастай қойды, Тимур мүмкіндігін мүлт жібермеді — 1:0.

«Астана» абыржып қалды. Темірді қызған кезінде соғуды мақсат еткен Дмитрий Мирошниченко 17-минутта допты қақшып түсіп, айып алаңына дейін әкелді де, көлденеңдете тепті, Тимур Кападзе аяғын тоса қойды да, жібек торға сүңгітіп жіберді — 2:0.

Екінші таймда астаналықтар есе қайтаруға белсене кірісті. Әсіресе, алғашқы он минуттың аясында аса ынталана ойнады. Сондай сәттердің бірінде қонақтардың қуаныш шамы жарқ ете қалды. 54-минутта былтыр «Ақтөбеде» ойнаған Исламбек Қуаттың жойқын соққысын Андрей Сидельников қайтарып үлгергенімен, қорғаушыларымыз Исламбектің сондай соққыны екінші рет қайталауына бөгет бола алмай қалды да, доп қақпа маңдайшасын сүйкеп барып торға топ ете түсті — 2:1.

Бұдан соң да екі қақпаның маңында алма-кезек қауіпті сәттер болып жатты. Ненад Эрич пен Андрей Сидельников бұл кездесуде расында да тамаша шеберліктерін көрсетіп бақты.

59-минутта «Ақтөбе» құрамында алғаш рет алаңға шыққан, «Рубиннен» келген Сергей Давыдов су жаңа ойыншы екеніне қарамастан бірнеше сәтті қимылдар жасап, командаға тың серпін қоса алатынын байқатқандай болды.

Ал қонақтар соққан бір голдың футболшы ойыннан тыс қалғаны себепті есептелмей қалғанын, кездесу соңына таман «Ақтөбенің» айып алаңы дүбірге толып кеткенін ескерсек, бұл жеңістің оңай келмегенін де, жерлестеріміздің шын мәніндегі сайыпқырандар екенін де мойындауға тура келеді.

Қалай болғанда да, Астанада 20 сәуірде өткен 6-турдағы есеп сол күйі қайталанды. Сол кездесудегі Андрей Харабара мен Дмитрий Мирошниченконың табысын бұл жолы Тимур Кападзе жүзеге асырды.

Тимур мен оның командасы осылай ойнады.

«Ақтөбе»»-«Астана» — 2:1.

Гол авторлары: Тимур Кападзе, 15-минут (1:0); Тимур Кападзе, 17-минут (2:0); Исламбек Қуат, 54-минут, (2:1).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Юрий Сидельников, Петр Бадло (капитан), Андрей Харабара, Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин, Роберт Примус, Роберт Арзуманян (Алексей Мулдаров, 57-минут), Асхат Тағыберген, Сергей Ковальчук (Сергей Давыдов, 59-минут), Александр Гейнрих (Сергей Гридин, 83-минут), Тимур Кападзе.

«Ақтөбе» командасында ескерту қағазын алғандар: Марат Хайруллин, 58-минут; Андрей Сидельников, 88-минут.

«Астана» командасының футболшыларына да екі ескерту қағазы көрсетілді.

«Ақтөбе»-«Астана» кездесуіне 12 000 жанкүйер келді. Бұған дейінгі ірі көрсеткіш 11 000 жанкүйер жинаған «Қайрат»-«Ақтөбе» кездесуі еді.

Ал «Ақтөбе» мен «Астана» осымен 14 кездесу өткізді.  5 рет «Ақтөбе», 5 рет «Астана» жеңіске жетті. 4 кездесу тең есептермен аяқталды.

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Ертіс»-«Жетісу» — 0:1

Гол авторы: Шавкат Саломов, 90+4 минут (0:1);

«Шахтер»-«Атырау» — 3:2

Гол авторлары: Алдин Джидич, 8-минут (1:0); Дәуренбек Тәжімбетов, 50-минут (2:0); Валентин Чуреев, 59- минут (2:1); Игорь Зенкович, 74-минут (3:1); Айбар Нұрыбеков, 81-минут (3:2).

«Ордабасы»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Эдин Юнузович, 16-минут (1:0).

«Восток»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Папа Ньянг, 47-минут (1:0).

«Ақжайық»-«Қайрат» — 0:0

ОЙЫН КЕСТЕСІ

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

1 Ақтөбе          16   11       4          1          23-7    37 

2 Астана          16   10       2          4          27-18  32

3 Шахтер        16   7          3          6          20-20  24

4 Қайрат       16       6          5          5          22-19  23

5 Ордабасы 16       6          5          5          14-12  23

6 Ертіс           16       5          6          5          16-16  21

7 Тобыл        16       4          5          7          22-21  17

8 Восток            16   4          5          7          9-16    17

9 Атырау      16       4          5          7          11-22  17

10 Жетісу*        16   3          8          5          11-18  14

11 Тараз      16       3          4          9          13-20  13

12 Ақжайық*           16       4          6          6          21-20  12

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

*Ойыншылар мен бапкерлердің жалақысын кешіктіргені үшін «Ақжайықтан» — 6 ұпай, «Жетісудан» 3 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

*   *   *

16-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 11 гол соғылды. Алаң иелері 7 гол, қонақтар 4 гол соқты. Орта есеппен әр кездесуде қақпаға 1,83 доп енді. Бір футболшы бір ойында екі гол соқты — Тимур Кападзе («Ақтөбе»). Бір кездесуде ойын тағдырын 90+4 минутта соғылған гол шешіп кетті. Қақпаларға 24 сәуірде өткен 7-турда дәл осылай 11 гол соғылған болатын.

Екіншіден, алаң иелері 4 кездесуде жеңіп, қонақтар 1 кездесуде ғана ұтты, 1 ойын тең есеппен аяқталды. Өткен турдағы тәрізді бұл жолы да ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. Бірдей есеп нәтижесі (1:0) үш рет қайталанды. Чемпионат басталғалы 1:0 есебі жиырма төртінші рет, 2:1 есебі он жетінші рет, 0:0 есебі он алтыншы рет, 3:2 есебі екінші рет тіркелді.

Үшіншіден, бұл тур тәртіпсіздіктерге көп бой алдырды. Кездесулер барысында 35 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 18, қонақтар — 17). Евгений Тарасов («Шахтер») жасыл алаңнан қуылды. «Ертіс» футболшылары 5 рет, «Атырау» және «Ордабасы» футболшылары 4 реттен «сары қағазбен» марапатталды. Бұл турда футболшылары еш ескерту алмаған жалғыз команда — «Тобыл». Кездесулер барысында он бір метрлік айып добы белгіленген жоқ.

Төртіншіден, чемпионат басталғалы 96 кездесуде 46 рет алаң иелері жеңіп, 29 кездесу тең есеппен аяқталды, 21 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 209 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,17 доп енді. Алаң иелері — 129, қонақтар 80 гол соқты.

Бесіншіден, «Ақтөбе» өз алаңында осымен 8 ойын өткізді. 7 ойында жеңіп, 1 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 22 ұпай жинады. Доп айырмашылығы: 16-3. Ал сырт алаңда 8 кездесу өткізіп, 4 рет ұтты, 3 рет тең ойнады, 1 рет жеңілді. 7-4 доп айырмашылығымен 15 ұпай жинады. Барлық 16 кездесудің 9-ында «Ақтөбе» өз қақпасына еш гол енгізбеді. Қақпасына ең аз гол өткізген және өз алаңында жеңіліс дәмін татпаған, сондай-ақ өз алаңында ең көп ұпай жинаған команда — «Ақтөбе».

*   *   *

Мергендердің алғашқы ондығы:

Игорь Зенькович («Ақжайық», «Шахтер») — 10 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 7;

Игорь Бугаев («Тобыл») — 6;

Эдин Юнузович («Жетісу», «Ордабасы»)  — 6;

Олег Недашковский («Қайрат») — 5;

Мануэль Курто («Тараз») — 4;

Александр Гейнрих («Ақтөбе») — 4;

Сергей Хижниченко («Шахтер») — 4;

Йосип Кнежевич («Қайрат») — 4;

Папа Ньянг («Восток») — 4.

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 4 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 3;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 3;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1;

Сергей Ковальчук (жартылай қорғаушы) — 1;

Сергей Гридин (шабуылшы) — 1;

Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

Роберт Примус (қорғаушы) — 1.

*   *   *

29 маусымда, сенбі күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Атыраумен» кездеседі.

Бірінші айналымда, 24 сәуір күні өз алаңымызда «Атырауды» 3:0 есебімен жеңген болатынбыз. Гол авторлары: Андрей Харабара, Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин.

Қалған кездесулер:

«Астана» — «Ертіс»

«Тараз» — «Шахтер»

«Қайрат» — «Ордабасы»

«Тобыл» — «Восток»

«Жетісу» — «Ақжайық»

УЕФА

Алдымызда — армения

Шілдеде Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ойындары басталатыны мәлім.

Жеребе Еуропа лигасының бірінші іріктеу ойынында «Ақтөбе» мен Арменияның «Гандзасар» командасын тоқайластырып отыр.

Алғашқы ойын 4 шілде күні сырт алаңда, Еревен қаласында, ал қарымта кездесу 11 шілдеде Ақтөбеде өтеді.

«Gandz-a-sar» армян тілінен аударғанда «Қазына тауы» деген мағынаны береді екен. Заманында бұл клубтың Армян КСР чемпионы (1989,1991), Армян КСР Кубогы иесі (1963) болғанын әрідегі шежіреге жатқызсақ, Армения чемпионатында үш рет қола медаль алғаны (2008, 2011, 2012/13) — бергі тарих. Қолымызға түскен деректерге қарағанда, Еуропа лигасында 6 ойын өткізіп, 5 рет жеңілген, 1 рет қана ұтқан. 4 гол соғып, өз қақпасына 16 доп енгізіп алған.

Егер «Ақтөбе» бұл сыннан жеңіспен өтетін болса, келесі қарсыласы норвегиялық «Хедд» болмақшы. Бұл команда — 2012 жылғы Норвегия Кубогы иегері.

Ал павлодарлық «Ертіс» Болгарияның миллион жанкүйері бар «Левски» командасымен күш сынасады. «Левски» (Литекс) —Болгарияның 26 дүркін чемпионы, 27 мәрте ел Кубогының иегері. 2006 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған тәжірибелі клуб.

Болгарияның тағы бір командасымен «Астана» да сайысады. Олардың қарсыласы — «Ботев» клубы (Пловдив). Бұл команда кезінде 2 рет ел чемпионы, 2 рет ел Кубогы иегері, әлденеше рет күміс, қола жүлдегері болғанымен, 1995 жылдан бері ауыз толтырып айтар жетістіктерге жете қоймаған клуб.

Ал Чемпиондар лигасында екінші іріктеу кезеңінен бастап (16-17 және 23-24 шілде) сынға түсетін қарағандылық «Шахтердің» жағдайы, расын айтқанда, мәз болмайтын түрі бар. Бұлардың қарсыласы — белоруссиялық БАТЭ. Бұл команданың былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнағанын, сол жолғы бір кездесуде кейін чемпион болған «Баварияны» 3:1 есебімен ұтып та кеткенін еске түсірсек, «Шахтер» бабына емес, бағына ғана сиынатын сияқты.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button