Білім

40 оқушыға грант пен стипендия беріледі.

7 мектеп үздік атанды

Маусымның 20-сы күні Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына орай облыстық «Жас дәурен – 2009» фестивалі өтеді. Салтанатты шарада облыс әкімі Елеусін Сағындықов «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін марапаттайды. Сонымен қатар колледждерде дәріс алып жатқан үздік 40 оқушыға облыс басшысының гранты пен стипендиясы табыс етіледі.

Жалпы биылғы оқу жылында облыстағы  466 мектепте 119 768 оқушы соңғы қоңырау рәсіміне қатысты.  289 білім шаңырағының 6466 оқушысы мектеп бітірді. Оның 72-сі – «Алтын белгі» иегері. 26 түлек «Үздік аттестат» алады.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов биыл облыс түлектері ҰБТ-ға жақсы әзірленгендіктерін айтады. Бұның басты дәлелі – ҰБТ-ның көрсеткіші.

Тестілеу нәтижесі бойынша облыстың орташа балы 77,6-ға жетті. Бұл – өткен жылмен  салыстырғанда 9,4 пайызға артық деген сөз. Биылғы мектеп бітірушілердің арасында шектеулі балды жинай алмағандар аз болды. Сынаққа қатысқан түлектердің  9,8 пайызы ғана 45 балл ала алған жоқ. Ал былтыр бұл көрсеткішке сынаққа қатысушылардың 35,9 пайызы жете алмаған болатын, – дейді Аманғали Алхатұлы.

ҰБТ көрсеткішіне байланысты бірнеше білім ордасы «Үздік мектеп» атаныпты. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Тәттігүл Байланова былай дейді:

Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, №9, №32 және №51 гимназиялар республикадағы үздік мектептердің қатарына қосылды. Ал облыстық физика-математика мектеп-интернаты, қазақ-түрік лицейі мен Шұбарқұдық гимназиясы облыстағы «Үздік мектеп» атанды. «Жас дәурен» фестивалінде аталған білім шаңырақтарының басшыларына облыс әкімінің атынан Алғыс хат тапсырылады.

Г. БАЗЫЛҚЫЗЫ.

«Жас түлек-2009»  ерекше өтеді

Сейсенбі күні қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз кеңесін өткізді. Басқосуда «Жас түлек-2009» мектеп бітіру кешінің ұйымдастырылуы сөз болды.

Биыл аталған мереке ерекше өткізілмек. Өйткені Ақтөбе облысы ҰБТ-дан 74 балл алса, қала бойынша бұл көрсеткіш – 84,7 пайыз. Бұл – өзге облыстарға қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Осыған орай қала әкімінің орынбасары мерекенің жылдағыдан ерекше ұйымдастырылатынын жеткізді.

Мереке 20 маусым күні сағат 20.00-де облыстық әкімдіктің алаңында басталады. Алаң ерекше безендіріліп, түлектер жүретін жолға ақ атлас төселеді. Шараға облыс және қала мектептерінен екі жарым мың түлек қатысады. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов 72 түлекке «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» тапсырса, түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары мен  орта оқу орындарының  үздіктеріне 60-140 мың теңге аралығында 40 грант пен стипендия табыс етеді. Мерекенің соңында аспанға түрлі тілек жазылған екі мың шар ұшырылады. Бұдан кейін мереке 11-шағын аудандағы орталық мәдениет және демалыс саябағында жалғасын табады. Саябақта Гала-концерт және жастарға арналған би кеші ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, жиында Сәния Қалдығұлова биыл мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда атап өтуге тыйым салынатынын жеткізді. Мереке күні түлектерге орта білім беру туралы аттестат мектеп қабырғасында беріледі. Ал қалалық білім бөлімінің бастығы Айгүл Арынғазиева ҚР Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім басқармаларынан арнайы бұйрық түскенін, барлық мектеп директорлары бұйрықпен таныс екенін айтты.

18 маусым күні мерекеге әзірлік жұмыстары басталады. Сол күні кешкі  сағат 19.00 – 22.00 аралығында Пацаев көшесі мен Әбілқайыр хан даңғылы жабылады. Ал мереке күні кешкі сағат 18.00-22.00 аралығында Әбілқайыр хан  мен Ә. Молдағұлова даңғылдары және Пацаев көшесіндегі көлік қозғалысы тоқтатылады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button