Білім

Бір ел — бір кітап

Фаризаның «Дауасы»

Биыл «Бір ел — бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша ел болып оқуға Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр кітабы ұсынылды. Осыған орай облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты поэзия кеші өтті.

Кешке облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Жанар Рсалина, ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, жас ақын Гүлжайнар Қалдина шақырылды.

Облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Жанар Аманбайқызы акцияның шығу тарихы туралы баяндады. Ертай Ахатұлы жастарды оқуға тарту, білім көзі, рухани қазына — кітап әлемі екенін баса айтты. Ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленетіндігін, оның шығармашылығының негізгі тақырыптары —сүйіспеншілік пен жек көрушілік, ерлік пен қорқақтық, жақсылық пен жамандықтан тұратындығын әңгімелеп берді.

Ал Гүлжайнар Қалдина ақынмен кездескендегі сәттерін айтып, Фаризаға шығарған өлеңін оқып берді.

Кітапхана жанынан құрылған «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мүшелері  Ақмарал Мұқашева «Түстер», Лабат  Қалаубаева «Фаризажан», кітапхана қызметкері Альбина Билалова ақын жырларын мәнерлеп жатқа оқыды.

Шара аясында «Фариза — ашылмаған сыр, қазына» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, өмірі мен шығармашылығынан құралған «Мен сені аялаймын» атты слайд көрсетілді.

Кітапхана директоры Марат Төлебай кешті қорытындылап:

Фариза Оңғарсынова — ұлт мүддесін ұлықтаған қоғам қайраткері, ана тілді ардақтаған тіл жанашыры, Қазақтың дарынды ақыны, таланты танылған, еңбегі жанған, бағаланған бақытты адам. Бақытты болатыны — «Тәуелсіз елі бар, іздейтін қалың оқырманы бар». Ақын қазір де қазақ поэзиясының дамуына өз үлесін қосуда,  жас әдебиетшілерді қолдап, ақыл-кеңес беріп отырады, сондай-ақ қазір ол — «Тұмар» атты республикалық-көркем журналдың бас редакторы, — деді.

Кеш соңында Мұқағали ақынның Фаризаға арнап жазған өлеңі тындалды.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұсынысымен өткізіліп келе жатқан акция Ұлы Абайдың «Қара сөздерінен» бастау алып, М.Әуезовтің «Қилы заманын», М.Жұмабаевтың «Жан сөзін», Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін», Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» повесін, биыл Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр кітабын насихаттауда. Әдебиетті бірге оқиық!

Бақтыгүл ХАМИДУЛЛИНА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button