Денсаулық

Көктемгі әлсіздік және одан құтылу жолдары

 

Әдетте көпшілігіміз көктем жақындағанда көңіл күйіміздің нашарлағанын сеземіз. Жұмысқа деген қабілетіміз төмендеп, енжарлық пайда болады. Ұйқымыз келіп, тез шаршаймыз. Дәрігерлер  бұндай белгі адам бойындағы дәрумендер қорының азайғанын білдіретінін айтады. Себебі дәрумен жетіспегендіктен, денеде әлсіздік пайда болады. Ағзаның  ауруға қарсы тұру қабілеті төмендейді. Осының салдарынан созылмалы аурулар өршиді. Сондықтан халқымыз көктемді «қараөзек шақ» немесе «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп атайды. Ал дәрігерлер көктемгі әлсіздіктен құтылу үшін дәрумендерге бай әрі құнарлы  тағамдарды молынан пайдалануды ескертеді.  Сонымен…

 

Дәрумен неге жетіспейді?

 

Дәрігерлердің айтуынша, дәрумен  жетіспеушілігінің түрлі себептері бар. Біріншіден, дәрумендер ағзаға жеткіліксіз мөлшерде түссе, екіншіден, ас қорыту жүйесінің ауруларынан дәрумендер ағзаға сіңбейді. Дәрумен жетіспеушілігі, әсіресе, көктемгі уақытта ерекше байқалады. Егер осы кезде ағзадағы дәрумендер қорын толтырып отырмаса, эндокринді жүйенің  жұмысы нашарлап, созылмалы аурулардың өршу қаупі артады екен. Бұған қоса ауа райының өзгеруі де адамның көңіл күйіне әсерін тигізеді. Әрі адамдардың көпшілігі қыста аз қимылдайды да, көктем шыққанда қимыл-қозғалысты үдетеді. Осы кезде жұқарып тұрған иммундық жүйеміз бірден  әлсірейді. Адамдардың көпшілігінің қан қысымы төмендеп, басы ауырады. Бұған қоса көктемде күн бір жылып, бір суып тұратындықтан, көп адамдар суық тигізіп алады. Сөйтіп көктемгі әлсіздікке тап болады.

Ақтөбе қалалық №1 емхананың аймақтық терапевті Ботагөз Нұрғожинаның айтуынша, дәрумен жетіспеушілігіне, әсіресе, орта жастан асқан адамдар жиі ұшырайды. Сонымен бірге  онкологиялық ауруға шалдыққан, яғни химиятерапия алатын науқастар мен  темір жетіспеушілік анемиясымен ауыратын адамдардың бойында да көктемгі уақытта дәрумендер тапшылығы айқын сезіледі. Адамның ас қорыту жүйесі бұзылғанда, мәселен, гастрит, панкреатит, холецистит пиелонефрит, секілді аурулар асқынған кезде де қаназдық ауруы пайда болып, ағза дәрумен тапшылығынан зардап шегеді екен.

— Дәрумен жетіспеген кезде бас айналып,  ұйқышылдық басады. Адам әлсіреп, жұмысқа қабілеті төмендеп, дел салдық күйін кешеді. Тез шаршайды. Жүйкесі жұқарып, сәл нәрсеге ашу шақырады. Кейде қан қысымы төмендейді. Дене салмағы азайып, шаш жиі түсіп, көздің көру мүмкіндігі нашарлайды. Тіпті тырнақтың реңкі өзгеріп, қаншалықты күтіммен қарасаң да, қалпына келмейді. Онда сызықтар мен дақтар пайда болады. Дененің терісі құрғап, тіпті қабыршақтанып кетеді. Бұндай кезде бұрыннан созылмалы аурумен ауыратын адамдардың дерті қайта қозса, кейбіреулер жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін. Әсіресе, ер адамдарға қарағанда әйелдер дәрумен тапшылығына жиі ұшырайды. Өйткені жүктілік, өзге де физиологиялық жағдайлар ағзадағы дәрумендерге әсерін тигізіп отырады. Сондықтан біздің емханада жүкті әйелдерге ерекше назар аударылады. Егер әйелдің анемиямен ауыратыны анықталса, тардиферон дәрісі тегін беріледі. Қазір маған қарасты алқапта алты әйелге осы дәрі беріліп отыр.

Жалпы емханада артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, бронх тұншықпасы, асқазан жарасы, ревматоидтты полиартритке, В,С гепатиті ауруларына  арналған кейбір дәрі-дәрмектер тегін берілетінін айта кеткен жөн.

Бұған қоса жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, артериялық гипертензия, глоукома, тік ішек, тоқ ішек және  сүт безі,  жатырішілік қатерлі ісіктерінің алдын алу мақсатында скрининг жүргізіліп жатқанын тұрғындардың есіне салғым келеді. Скринингкке  1995 пен 1941 жылдардың аралығында өмірге келген барлық азаматтар қатысады, — деді Ботагөз Нұрғожина.

 

 

Сізге қандай дәрумендер жетіспеуі мүмкін?

 

1. Екі алақаныңызды жоғары қаратып созыңыз. Сосын екі қолыңыздағы төрт саусақтың екі буынын бір мезгілде жұмып, саусақ ұштарын алақаныңызға тигізіңіз. Саусақтар мен алақан арасындағы буынды бүкпеңіз. Егер осы жаттығуды ойдағыдай жасай алмасаңыз, сізде В6 дәрумені тапшы.

2. Егер кез келген жеріңізді соғып, көгертіп алып, ол көпке дейін қалыпқа келмесе, сізде С дәрумені жетіспейді.

3. Басыңыз айналып, құлағыңыз шуылдай ма? Бұл В6 және Е дәрумендерінің, марганец пен калийдің жетіспеушілігінен пайда болады.

4. Көзіңіз қызарса, қараңғы жерге бірден үйренісе алмасаңыз, А және В 2 дәрумені жетіспейді.

5.  Егер В12, В6, Р және селен жетіспесе, баста қайызғақ көбейіп кетеді.

6. Шашыңыздың түсі солғын, ұштанғыш болса, В9, С витаминдері жетіспейді.

7. Ұйқысыздықтың себебі В тобы дәрумендерінің, калийдің, кальцийдің жетіспеушілігінен.

 

 

Әлсіздіктен қалай құтыламыз?

 

Адам бойындағы әлсіздікті жеңу үшін қолданылатын дәрілік дәрумендердің табиғи көздерден алынатын дәрумендерге қарағанда ағзаға аз сіңірілетіндігі дәлелденген.Сондықтан дәрігерлер көктемде ас мәзіріне көкөністерді мейлінше көп пайдалану керектігін айтады. Әсіресе, сары май, жұмыртқа, балық, ет, сүт, ірімшікпен  күнделікті тамақтанып тұру керек. Себебі аталған тағамдарда дәрумендердің қоры көп. Мәселен, сүттің құрамындағы Д дәрумені кальций жетіспеушілігінің алдын алады.

Ботагөз Нұрғожина көктемде әлсіздік пайда болса дәрігермен кеңесіп, «Сана сол», «Витрум», «Пиковит», «Дуовит», «Мультивитамин» секілді дәрумендерді  ішіп тұрғанның зияны жоқ екенін айтады. Алайда дәрумендерді қабылдамас бұрын әлсіздіктің себебін білген жөн. Яғни алдымен негізгі дертті емдеп алу керек. Осыдан кейін барып дәрігердің нұсқауымен дәрумендерді ішуге болады. Жалпы, көктемде барлық адамдарда әлсіздік пайда болады. Егер әлсіздіктен дер кезінде құтылмаса, адам жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Өйткені әлсіздік жүрекке күш түсіреді.

Ең алдымен азаматтар салауатты өмір салтын ұстанып, жүйелі тамақтануы керек. Мүмкіндігінше табиғи тағамдарды пайдаланған жөн. Оның ішінде ұлттық тағамдарды, шұбат, қымыз ішіп тұрса иммунитет күшейеді. Ағзасында кальций жетіспейтін адамдар тары жегені дұрыс. Ересек адам күніне бір литрге дейін табиғи сүт ішсе, дәрумен тапшылығын сезінбейді. Бұған қоса ас мәзірінде көкөністерді пайдалану керек. Мәселен, қанды көбейту, қақырықты түсіру, сіңірлерді бекемдеу, денені қуаттандыру үшін қант қызылшасы пайдалы. Әсіресе, көктемде қант қызылшасын немесе шырынын ішіп жүрген адам бойкүйездікке, әлсіздікке ұшырамайды. Ал сәбіздің құрамында дәрумен жетіспеушілігінен болатын ауруларға қарсы, ағзаның тұмауға қарсы тұруын күшейтетін, зат алмасуды жақсартатын заттар бар.

Көктемде сарымсақтың пайдасы зор. Ол В1 тобының дәрумендері мен С, Д дәрумені, йод, май, тағы да басқа заттарға бай. Оның құрамында ауру тудыратын микробтарды жоятын ерекше бактерицидтік заттар болғандықтан, ол медицинада кеңінен қолданылады.

Көктемде пайдалы тағамның бірі — пияз. Пияздың құрамында С дәрумені мен каротин көп. Көктемнің көкөніс шыға қоймаған кезеңінде пиязды ас мәзірінен түсірмеген жөн. Өйткені пияз ауру жұқтырмайтын және қырқұлақ ауруына  қарсы заттарға бай.
Ал бұлшықеттердің, жыныс бездерінің қызметін жақсарту үшін қажетті  Е дәрумені  фундук, қара нан, зәйтүн майы,  жаңғақ, бұршақ, малдың бауыры, жұмыртқа, сүтте көп кездеседі,   дейді Ботагөз Нұрғожина.

Дәрігерлердің айтуынша, әдетте адам көңіл күйінің құбылуы да ауруға шалдықтырады екен. Мәселен, үнемі торығып, ұнжырғасы түсіп жүретіндердің 45 пайызында әртүрлі ауырсыну сезімі пайда болатын көрінеді. Әсіресе, ызаланып, қайғырып, бір нәрсені уайымдап жүретіндер ең алдымен ауруға шалдығады екен. Сондықтан көктемде көңіл күйді түсірмеуге тырысқан жөн. Күніне, кем дегенде, 8 сағат ұйықтап, мүмкіндік болса, түс уақытында бір мезгіл мызғып алған жөн. Сондай-ақ дәрігерлер көңілді көтеретін ашық түсті киімдер киген дұрыс екенін айтады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button