Денсаулық

Дұрыс тамақтану — денсаулық негізі

Жыл сайын әлемде туберкулез ауруынан екі миллионға жуық адам көз жұмады. Зерттеулер бойынша, туберкулез қоздырғышы мыңдаған жылдарда да өзінің ауру тудыру қабілетіне беріктігін білдіріп отыр.
Көпшілік туберкулезді өкпені зақымдайтын құрт ауруы деп түсінеді. Туберкулез адам мүшесіндегі барлық ағзаларда кезігуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде 9 миллион адам туберкулез диагнозымен тіркеледі.
Туберкулездің негізгі алдын алу шаралары — сәбилерді дер кезінде екпе жұмыстарымен қамтамасыз ету. Алғашқы екпе жұмысы сәби өмірге келгеннен кейін, үйіне шығарылғанға дейін перзентханада жасалады. Бұдан әрі екпе күнтізбесіне сәйкес ревакцинация жасалып отырады (30 жасқа дейін). Ревакцинация жасау алдында отыз жас шамасындағыларға міндетті түрде манту сынамасы беріледі, осы сынама қорытындысы бойынша ревакцинация жасалатын топтар іріктелініп алынады.
Екпеден басқа, туберкулездің алдын алу үшін әрбір адам жыл сайын флюорографиядан міндетті өтуі шарт. Аурумен қарым-қатынаста болғандарды тексерістен өткізу, оларды арнайы тіркеуге алу шаралары да мұқият жүргізілуі керек.
Туберкулезге кез келген адам шалдығуы мүмкін. Бұл аурудың алғашқы белгілеріне жөтелдің екі аптадан асып, оның үдей түсуі, тершеңдік, тамаққа тәбеттің тартпауы, салмақ жоғалту, дене қызуының көтеріліп, ұйқының бұзылуы жатады. Сондықтан сырқаттың осындай алғашқы белгілері байқала қалса, жедел дәрігерге көрініңіз, дер кезінде анықталған ауруды емдеу оң нәтиже береді.

Үміт СӘПИЕВА,

облыстық туберкулезге қарсы күрес

диспансерінің медбикесі.

Ақтөбе қаласы.

 

 

Ми жұмысын жақсарту үшін…

 

Ми жұмысын жақсартудың бір жолы — дұрыс тамақтану. Себебі оның қатпарына қоректік заттар қан арқылы жетеді. Сондықтан тағамда өсімдік (күнбағыс, мақта, соя, т.б) майларындағы қышқыл жеткілікті болғаны дұрыс. Сондай-ақ миға темір, кальций, магний, фосфор, мыс, мырыш та керек.

Қан құрамындағы гемоглобиннің деңгейі негізінен темірге тәуелді. Ал ол балғын көкөністе көбірек. Қан құрамын бөгде микроорганизмдерден кальций сақтайды. Бұл элемент алма, қызылша, қырыққабат, сәбіз, құлпынай, қияр, қызанақтан табылады.

Магний жетіспесе адамның басы ауырады, мазасы кетеді, ұйқысы қашады, үрей пайда болады. Бұған грек жаңғағының, асқабақтың, картоптың, өріктің пайдасы бар. Ми қатпарының оттегімен тыныстауына күкірт елеулі ықпал етеді. Ол баршамызға жақсы таныс картопта, қырыққабатта, сәбізде, қияр мен сарымсақта бар. Адам ағзасы үшін мырыштың (цинк) да пайдасы мол. Ол жүйке мен қан құрамын өз дәрежесінде ұстауға, ақыл-ой қабілетіміздің төмендемеуіне көмектеседі. Мырыш, бидай өнімдерінен алынады. Мидың қалыпты жұмысы үшін осылармен қатар әртүрлі, мәселен Е және В тобындағы витаминдерді қабылдап тұру қажет. Олардың көзі — апельсин, банан, қауын, қырыққабат, құрғақ бұршақ, тазартылған күріш, жаңғақ. Алма қан тамырларын сақтайтын элементке өте бай. Күніне бір алма жеп отырған кісінің миға қан құйылып кетуі мен қан тамырларының бітеліп қалуынан сақтану мүмкіндігі жоғары.

Осы айтылған жайларға назар аударып , шама келгенше ұстансақ, мидың қалыпты жұмысына көп көмегі тиері сөзсіз. Бастың бәріне басшы екенінін есте ұстайық!

Тұрсынай БАБАҒАЛИЕВА,

жедел жәрдем ауруханасының реанимация бөлімінің медбикесі.

 

Шылым шеккенді ауру шырмайды

 

Зерттеулер бойынша, темекі күніне 70 қазақстандықтың өмірін жалмайды. Шылым шегу салдарынан туындаған аурулардан жылына 25000 адам көз жұмады, ол кішігірім қала тұрғындарының санына шақ.

Еріксіз темекі шегу кезінде темекі түтінінің құрамында қатерлі ісікті туындататын 50 зиянды зат бар, олар бес мыңға жуық химиялық құрамалардың күрделі қоспасынан тұрады. Еріксіз темекі шегу — бұрын темекі тартпайтын адамдарда өкпенің қатерлі ісігінің, жүректің ишемиялық ауруының және миакард инфарктісінің пайда болуының негізгі себебі.

Темекі шегетіндердің балалары демікпе және басқа да аллергиялық, жұқпалы, иммунды тапшылық ауруларымен сырқаттанады, мінез-құлық бұзылыстарына шалдығады, дене бітім және психикалық даму жағынан артта қалып, қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін

Темекі құрамындағы улы заттардың саны 70-тен 300-ге дейін жетеді. Алайда темекі шегу кезінде улы заттар одан сайын арта түседі. Өйткені темекі тұтатылғанда, тем­пература 600-ден 900 градусқа дейін көтеріледі де, жаңа улы заттар мен өнімдер түзіледі. Осылайша темекінің құрамындағы улы заттар саны 4 мыңға дейін көбейеді.

Никотин темекі түтінімен ауызға, одан әрі тыныс жолдарымен өкпеге, одан адам қанына сіңіп, қан арқылы адам ағзасының түкпір-түкпірін улайды. Сілекей арқылы жұтынғанда, никотин өңешке, асқазанға өтеді. Сөйтіп, ауыздағы, еріндегі, тілдегі, таңдайдағы өте сезімтал жүйке талшықтарын зақымдайды. Никотин қан арқылы миға жетеді, әуелі оның жүйке жасушаларын (нейрондарды) қоздырады, сосын оларды улай бастайды.

Темекі шегетін аналар тапқан баланың қан түйіршіктерінің гемоглобині кем болады.

Темекі шегуден арылудың басты көмегі — спорттық жаттығулар жасау. Спорт —өзіңе деген сенімді арттырады. Спортпен шұғылданған адамның жүрісі жеңіл, сымбатты болып келеді.

 

Гүлжанар НЕТАЛИНА,

жоғары санатты нарколог-медбике.

Ақтөбе қаласы.

 

 

Созылмалы панкреатит

 

Созылмалы панкреатит — ұйқы безінің ұлғаюымен, ісінуімен қатар жүретін ауыр қабыну сырқаты.

Ұйқы безі көбіне тамақтану тәртібі бұзылғанда, арақ-шарап ішкенде, ащы тағамдарды жегенде зақымданады. Ауру эпигастральдық аймаққа шоғырланады, бір жақ бүйірге ғана таңылған белдік құсап, сол жақ бұғана астына тарайды. Ал холеопанкреатит сырқаты кезінде бауыр да зардапқа ұшырайтындықтан, оң жақтың ауыруы күшейеді. Кесел екі жақ бұғананың астына тараған кезде екі бүйір тұтасып, бел ауыруы мүмкін. Панкреатит болып ауырғанда адам кекіреді, асқазаны қыжылдап, жүрегі айнып, кейде құсуы мүмкін. Сондықтан науқас тәулігіне 5-6 рет тамақтанып, тамақтану уақытын бірдей сақтағаны дұрыс. Тамақтың буға бұқтырылып, суға қайнатылған түрлері ұсынылады.

Аурудың беті қайтып, асқынуы басылғаннан кейін басқа ем-дом белгіленеді. Бұл кезде тамақтың қатты-жұмсақтығы, ащы-тұщылығы бұрынғыдай қатаң  сұрыпталмайды, құнары физиологиялық  талапқа сай келеді.

Панкреатиттің жедел түрімен ауырған адам бір жыл бойы гастроэнтерологтың бақылауында болуы тиіс. Бұл кезеңде ащы, майлы, қуырылған тағамнан және спиртті ішімдіктерден мүлде бас тарту керек. Әйтпесе, ауру панкреатиттің созылмалы түріне ауысуы мүмкін.

Жаңагүл УТЕУЛИНА,

 №1 қалалық емхананың учаскелік медбикесі.                                                                                                                                                  Ақтөбе қаласы.

 

 

Ұрпақ арақтан аулақ болу үшін…

 

Алкогольдік ішімдікке әуес болу, арақтың құлы болу адамның өзі тілеп алған ауру деуге болады. Дана Абай: «Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, не жақсы, не жаманды біле алмай жүр…», — деп күйзелген. Бір сәттік құлқынның қызығы үшін көмейге қылғытатын арақ әкелетін басты қасірет — денсаулықтың күйреуі, мидың ортаюы. Ішімдіктің әсерінен адамның ықыласы кеміп, байқампаздығы тежеледі, мінез-құлқында әдепсіздік, дөрекілік пайда болады. Миға сіңген спирт нерв клеткаларын улап, одан ойлау қабілеті бұзылып, адам рухани азғын болып шыға келеді. Отбасында әйел мен ердің арасында туындайтын жанжалдың үштен екісі, балаларға қатысты қатыгездік оқиғаларының үштен бірі ата-аналардың маскүнемге айналуынан болып келеді. Бақытсыздыққа душар ететін оқиғалардың, адам өлтіру, зорлық-зомбылық, өзіне қол жұмсау сияқты қылмыстардың 50 пайызы тікелей алкогольге тәуелділіктен туындайды екен.

Маскүнемдік — бүгінгі қазақ қоғамының өте өткір әлеуметтік мәселесі. Арақ бар жерде береке бар ма? Қазіргі қоғамда ерлі-зайыптылардың маскүнемдік салдарынан ажырасып кету оқиғалары жиілеп кетті. Арақ ішіп, ардан безіну салдарынан соңғы жылдары жыныс ауруларына шалдығу көрсеткіштері де асқынып барады.

Шөлмекке сыйып тұрған «әзәзіл» арақ, саптаяқ толы сыра адамның ішіне сыя беруі мүмкін емес. Ауылдағы ағайын бие байлап, қымыз ашытып, кейінгі буын қымыз бен шұбат, ағарған ішсе екен деген арман бар бізде. Жастарымыздың болашағына көңіл бөліп, олардың арақтан аулақ жүруіне ықпал ете алсақ, қазақтың шаңырағы шайқалмас еді. Арақ атадан қалған ас емес! Ата-бабаларымыз арақ ішпей-ақ өмір сүріп, ұрпақ өрбітіп, ұлан-ғайыр даланы бізге мирас етті. Осыны еске ұстайық.

Фатима УТЕНИЯЗОВА,

мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің медбикесі.

 

Гепатиттің бір «жауы» — тазалық

 

А гепатиті  — вирустық гепатиттің көп тараған түрі. Оның инкубациялық кезеңі (ауру жұқтыру сәтінен бастап аурудың бірінші белгілерінің пайда болуы кезеңіне дейін) 7 күннен 50 күнге созылады.
Ауруға шалдыққан адамның дене температурасы  жоғарылайды. Алғашқы  белгілері тұмауға ұқсайды. 2-4 күннен кейін науқас адамның несебі сыраның немесе қою шайдың түсі сияқты болып қараяды, ал нәжісі, керісінше, ашық түске айналады. Ауру асқынған кезде сары ауру пайда болады. Адамның А гепатитімен ауыру ұзақтығы 1 аптадан 1,5-2 айға дейін созылуы мүмкін, ал аурудан кейінгі қалпына келу уақыты кейде жарты жылға дейін созылады. Виустық А гепатитінің диагнозы ауру белгілерінің, анамнездің (яғни А гепатитімен ауыратын адаммен қатынастан кейін туындау мүмкіндігі), сондай-ақ диагностика деректерінің ескерілуімен қойылады. Егер уақытында ем алса, аталған аурудан айығып кетуге болады. Ауру кезінде науқас адамға арнайы диета және гепатопротектор, яғни бауырды қорғайтын дәрі-дәрмектер беріледі. Вирус негізінен тұрмыстық қатынас, яғни сапасыз азық-түлікті және суды пайдаланғанда жұғады.
А гепатиті қолды жумай тамақ ішкеннен де пайда болады. Бұндай жайт, әсіресе, балаларда кездеседі.  Сондықтан аурудан аулақ болу үшін тазалықты сақтаған жөн. Азық-түліктің, судың тазалығына мән беріңіз. Ашық су көздерін ас пісіруге, ыдыс-аяқ жууға пайдаланбаңыз. Көкөністер мен жемістерді қолданар алдында мұқият жуыңыз.

 

Нейла САФАРОВА,

Ақтөбе қаласындағы отбасылық медициналық емхананың балалар және ересектер медбикесі.

 

Гемодиализ дегеніміз не?

 

Гемодиализ термині «haemo» және «dialysis» деген грек тілінен аударғанда «қан» және «ыдырау, бөліну» деген мағынаны білдіреді. Яғни жіті және созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде қанды эфферентті әдіспен тазалайды.

Бұндай тазалау жұмысы жасанды бүйрек аппаратын пайдалану арқылы жүргізіледі. Аппарат арқылы зат алмасу нәтижесінде пайда болатын барлық уытты компоненттер организмнен шығарылады. Бұдан басқа бұндай әдіс арқылы судың және электролиттік баланстың бұзылуын қалпына келтіреді.

Сондай-ақ мамандар бұндай терапияның перитонеальды диализ деген әдісін жиі қолданады. Мәселен, гемодиализде қан жасанды бүйрек аппаратының көмегімен тазартылса, ал перитонеальды диализде қан іш қуысында арнайы ерітінділердің ауыстырылуымен жүзеге асады. Ал ішек диализі арқылы ішектің кілегейлі  қабығын гипертониялық ерітіндімен жуады.

 

Р.КУШКЕНОВА,

жедел жәрдем ауруханасының мейірбикесі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button