Денсаулық

Вакцина және діни көзқарас

Өткен аптада Алматы қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің ұйымдастыруымен екпеден бас тартуға қатысты  жиын өтті. Шараға республиканың әр түкпірінен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Соңғы жылдары балаларына екпе салдырудан бас тартатын ата-аналардың қатары көбейіп кетті. Мамандардың айтуынша, әсіресе, Ақтөбе облысында жағдай алаңдатарлық.  Атырау, Алматы облыстарында да екпеден бас тартатындардың саны көбейген.   ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше, қазір республикада екпеден бас тартқандардың саны тоғыз жүзден асыпты.

—  Екпеден тұрғындардың елу пайызы діни көзқарастарына  байланысты бас тартып отыр. Әсіресе, осындай жайтқа қатысты  дерек Ақтөбе облысында көбейіп тұр. Сондықтан жергілікті жердегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының басшыларымен бірлесіп, арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.  Жалпы бұндай түсіндіру жұмыстары бір ғана Ақтөбе облысы емес, өзге аймақтарда да жүргізіледі, — деді Жандарбек Бекшин.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, вакцинация жұмысы қолға алынғанға дейін жұқпалы аурулар, оның ішінде тырысқақтан жыл сайын 5 миллионға жуық адам көз жұмса, қызылшадан 135-140 миллион адам зардап шегіп, 5-7 миллион бала көз жұматын болған. Ал вакцинациялау жұмыстарынан кейін тырысқақ, шешек, оба секілді ауруларға шалдығатындардың саны күрт төмендеген. Вакцинацияның тиімділігі тек шет мемлекеттерде ғана емес, біздің елімізде де көрініс тапты. Мәселен, 2002 жылы екпенің арқасында Қазақстан полиомиелит ауруы тіркелмеген ел ретінде арнайы тізімге енді. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингі ғылымипрактикалық орталығының эпидемиологиялық мониторингі бөлімінің бастығы Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, соңғы 15 жылдың ішінде вакцинациялаудың нәтижесінде балалар арасында вирусты «В» гепатитіне  шалдыққандардың саны 1235 есе төмендеген. Ал қызылшамен ауырғандардың саны соңғы жиырма жылда 59 есеге, қызамық ауруы — 1300, эпидемиялық паротитпен ауыру 160 есеге азайған. Көкжөтел, дифтерия, сіреспе секілді ауруларға шалдығушылардың да  саны төмендепті.

Жиында Хамза Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының иммуннология зертханасының бас ғылыми қызметкері Борис Каральник Қазақстан Еуразиялық аймақтың орталығында тұрғандықтан, жұқпалы аурулардың сырттан келу қаупі туындайтынын айтты. Мемлекеттің иммундық профилактика саласындағы саясаты осы қауіптің алдын алуға және сырттан келетін аурулардың  таралуына жол бермеуге арналған. Сондықтан Борис Каральник ата-аналарды екпеден бас тартпауға шақырды.

Елімізде жұқпалы ауруларға қарсы денсаулық  сақтау министрлігі мен бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен вакциналардың тізімі бар.  Яғни министрлік тиімділігі жоғары, сапалы және арнайы сертификаты бар вакциналарды сатып алады. Сырттан сатып алынатын кез келген вакцина мұқият зерттеулерден өтеді. Өйткені біз өнімнің сапасына көз жеткізуіміз керек. Қазіргі күні қолданыстағы вакциналардың сапасы өте жоғары. Соған қарамастан, соңғы жылдары  вакцинаның сапасына қатысты да мәселелер айтылып жатыр.  Кез келген дәрі-дәрмек секілді екпелердің де кері әсері болады. Мәселен, екпе алғаннан кейін бала белгілі бір дәрежеде ауырсынуы мүмкін. Бұл  медицинада қалыпты құбылыс және бұлай болуы орынды. Егер ешқандай белгі болмаса қорқу керек,  — деді Борис Каральник

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары ғаламтордағы ғылыми негізсіз ақпараттардың әсерінен екпеден бас тарту деректері жиі тіркелген. Мәселен, 2008-2009 жылдары Австрия, Болгария, Босния мен Герцеговина, Германия, Испания, Италия, Польша, Франция секілді елдерде қызылша таралған. Осы кезде ауру жұқтырғандардың көпшілігі  кері түсінікпен екпеден бас тартқандар болыпты. Мәселен, 80-90-шы жылдары көкжөтел, дифтерия, 2000 жылы қызылша мен полиомиелит аурулары эпидемиологиялық қауіп төндірген. Ал біздің елімізде осы кезеңдерде  балаларды екпелердің ұлттық күнтізбесі бойынша иммундау жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде қауіпті жағдай орын алмаған.

Мамандардың айтуынша, ата-аналардың бірі екпеден діни көзқарасы бойынша бас тартса, енді бірі шалғай аудандарда орналасқандықтан, екпенің тиімділігі туралы біле бермейді. Әрі бұрын алдын алуы тиіс жұқпалы аурулармен ауырып көрмегендіктен, тұрғындардың көпшілігі екпеге немқұрайды қарайды. Соның салдарынан  соңғы жылдары екпе алмаған балалардың қатары өскен.

Жиында Алматы мемлекеттік институтының  балалардың жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Раушан Ідірісова, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингі ғылымипрактикалық орталығының эпидмониторинг бөлімінің эпидемиологы Оксана Иманғалиева, республикалық иммуннобиологиялық зертхананың меңгерушісі Жаннат Сатыбалдиева, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар ауруы кафедрасының доценті Ләззат Ералиева және эпидемиолог маман Жанар Бекенова екпенің тиімділігі және вакцинаның сапасы секілді бірқатар мәселелерге байланысты баяндамалар жасады.

Жиын соңында ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз кеңесін өткізді. Жандарбек Бекшин 2005-2009, 2010-2011 жылдары қызылша және полиомиелитке қарсы жаппай иммунизацияны өткізуге ақпараттық қолдау көрсеткені үшін БАҚ  өкілдеріне алғыс айтып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды. 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button