Денсаулық

Денсаулық

Күресті өзімізден бастайық!

Қандыағаш қаласында аудандық мәдениет үйінде Бүкіләлемдік туберкулез ауруына қарсы күрес күніне орай акция өтті.

Акцияға Мұғалжар ауданының денсаулық сақтау саласының қызметкерлері,

экономикалық-политехникалық колледжінің, гуманитарлық-техникалық колледждің оқушылары, ұстаздары, халыққа қызмет ететін ауданның бүкіл сала өкілдері қатысты.

Қатысушылар әуелі бейнематериалдар көріп, қабырғаға ілінген көрнек құралдармен танысты. Аудандық фтизиопедиатр Ж.Төребаева балалар мен жасөспірімдер арасындағы туберкулездің алғашқы белгілері, алдын алу жолдары, БЦЖ, манту екпесі туралы мысалдар келтіре әңгімеледі.

Ересектердің денсаулығын бақылайтын фтизиатр Г.Дабылова туберкулез ауруының ерекшелігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған DOTS бағдарламасы бойынша анықтау және емдеу туралы дәріс оқып, қатысушылар қойған сұрақтарға жауап берді.

Колледж  оқушылары зиянды әдеттер туралы өз ойларын ортаға салды. Акцияда тест бақылау ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Светлана ИНИСОВА,

Мұғалжар аудандық денсаулық нығайту орталығының дәрігері.

Гельминттерден сақ бол!

Гельминтоз — адамдар мен жануарлардың ішек құртына шалдығуы. Бұл ас немесе тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұғатын ауру. Зерттеулер бойынша, гельминттер, яғни ішек құрттары жер шарының барлық жерінде кездеседі, таралу жолдары да әртүрлі. Көп жағдайда ішек құрттар адам ағзасын тазартылмаған, қайнатылмаған суды пайдаланудың әсерінен зақымдайды. Жуылмаған көкөністер мен жеміс-жидектер де ағзада гельменттердің пайда болуына әсер етеді. Көпшілікке ұнайтын қалайыдағы майшабақ, шикілей тұздалған шошқа майын жегенде аса сақ болған дұрыс.

Ішек құрты ауруымен балалар ғана емес, ересектер де ауырады.

Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу жеңілірек, сондықтан барлық асқа пайдаланатын тағамдарды толық кулинарлық тазалаудан өткізу керек. Үнемі сапалы ауызсуды пайдаланған жөн.

Құрт жұмыртқаларын тасымалдаушы саналатын ит пен мысық денсаулығының да маңызы зор. Үйдегі ит пен мысықты жиі-жиі ветеринарлық тексерістен өткізген артықтық етпейді.

Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, балалар ойын алаңдарын қоқыстар мен ас қалдықтарынан тазарту, нәжістерді, кәріз суларын залалсыздандыру —  гельминтоз ауруының алдын алудағы шаралардың ең негізгісі.

Бір ескерерлік жайт, гельминтозға шалдыққан науқасты үй жағдайында емдеу дұрыс емес. Аурудың алғашқы белгілері білінгеннен-ақ, науқасты дер кезінде дәрігерлік тексерістен өткізіп, медициналық ем қабылдаған жөн.

М.АСАНОВА,

М.Оспанов атындағы БҚММУ

медицина орталығының медбикесі.

Ақтөбе қаласы.

Диабеттен құтылуға бола ма?

Диабет — қанда қант мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын дерт. Бұл аурумен жас та, кәрі де ауырады. Әсіресе, жасөспірім кездегі диабет ауруы өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы дәрі (инсулин) қолдану ұсынылады.

Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршегін өңдей алмайды. Соның салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады.

Диабеттің алғашқы белгілері: үнемі сусап тұру, үнемі шаршаулы сезіну,

қол, аяқтың ұйып, жансыздануы, салмақ азаюы.

Диабеттің асқынған кездегі белгілері: терінің қышуы, көздің көру қабілетінен айырылуы, аяққа жазылмайтын созылмалы жара шығуы, естен тану.

Диабет белгілері балаларда, жасөспірімдерде біліне бастағаннан-ақ міндетті түрде тәжірибелі эндокринологке көрсету керек.

40 жастан кейін диабетті дәрі-дәрмексіз-ақ дұрыс тамақтану арқылы емдеуге болады. Диабетпен ауыратындар диетаны өмір бойы сақтауы керек, бұл жағдайда дұрыс диета сақтаудың мәні зор.

Диабетпен ауыратын толық адамдар алдымен артық салмақтан арылуы керек. Тәтті тағамдарды пайдаланбау қажет. Олардың ірі ұнтақты ұннан пісірілген нан, сондай-ақ күріш, картоп және басқа да құрамында ақуыз бар тағамдармен тамақтанғаны жөн. Диабет ауруымен зардап шегетін ересек адамдардың алмұрт тектес тікенекті кактустың (нопал, опантиа) сөлін ішкені дұрыс. Бұл үшін кактусты ұсақтап турап, езіп, сөлін сығып алып, күн сайын тамақ алдында үш рет 1,5 кеседен қабылдау қажет.

Аяқты үнемі таза ұстау керек. Жаралап, қажатып алмас үшін ыңғайлы аяқ киім киген жөн. Аяқ қан тамырлары қызметін жақсартып, қан айналысын ретке келтіру үшін (аяқта қара дақтар болып немесе ұйыған жағдайда) демалған кезде аяқты жоғары көтеріп жатқан жөн 

Б.ЕРМАҒАМБЕТОВА,

А.ЕСЕТОВА,

Медициналық жедел жәрдем ауруханасының медбикелері.

Ақтөбе қаласы. 

Сары аурудан сақтанайық!

Бұл жолы біз гепатит, яғни бауырды зақымдайтын вирустық инфекция туралы айтайық. Біздің халық бұл ауруды «сары ауру» дейді. Кей жерде «қызба» деп аталғанымен, гепатит көбіне температура көтермейді.

Балалар бұл аурумен ауырғанда тез емделе алады, ал инфекцияны ересектер мен жүкті әйелдерге жұқтырып алса, қатты ауырады. Науқас әдетте екі апта бойы өте ауыр халде болады және аурудан кейін бір ай, кейде үш айға дейін қатты әлсірейді. Науқастанған адамның көзінің сарғаюы түзелсе де, бойында аурудың инфекциясы үш апта бойына сақталады әрі осы кезде өзгелерге жұқтыруы да мүмкін.

Гепатит инфекциясын жұқтырған адамның асқа тәбеті болмайды, бауыр тұсы ауырады, бірнеше күннен кейін көзі сарғаяды. Тамақ ішсе немесе оның исіне лоқсып, құсады. Несебінің түсі — қызғылт сары, ал үлкен дәреті ақшыл болады.

Осындай белгілер байқалған жағдайда ең әуелі дәрігерге көріну қажет. Мына жайттарды да ескерген абзал: антибиотиктердің гепатитке еш пайдасы жоқ. Оның үстіне кейбір дәрілер бауырға одан сайын зиян келтіреді. Науқас тынығып, көп сұйық ішу керек. Егер тамақ ішкісі келмесе, апельсин және басқа да жемістердің шырындарын немесе сорпа ішкен пайдалы. Көкөністер де организмді дәрумендермен байытады. Дәрігерлер бауырға салмақ түсіретін  ет, жұмыртқа, балық секілді құрамында протеині мол тағамдарды неғұрлым аз жеуге кеңес береді. Ауырғаннан кейін, кем дегенде, алты ай бойы алкогольді ішімдік ішпеу керек.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» жөн. Сондықтан да гепатиттің алдын алуда жеке гигиена ережелерін қатаң  сақтаудың маңызы зор. Жеке сүлгі, жеке ыдыс пайдалану қажет. Гепатиттің стерилденбеген ине шаншудан да тарайтынын есте ұстаңыз. Сол себепті де жаңа сатып алынған шприцтің ашылмағанына көз жеткізіңіз.

Жанна ҚАСЕНОВА,

медициналық жедел жәрдем ауруханасының реанимация бөлімінің медбикесі. 

Артериалды гипертензия асқынса…

Өткен жылы Алматыда егде жастағы науқастарға ретроспективті тексеріс жасалды. Нәтижесінде қарияларды да жас ерекшелігіне қарай тұрғындардың денсаулығын скринингтік тексеру бағдарламасына қосу керектігі дәлелденді.  

Қарт адамдар арасында қан айналым жүйесі ауруларының артуы республиканың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қан айналым жүйесі ауруының көрсеткіші 2007-2009 жылдар ішінде 100 мың ересек тұрғынға шаққанда 1,1 есе жоғарылаған. Әсіресе, қариялардың артериалды гипертензия ауруының әсерінен көз жұмуы 1,4 есе артқан екен.

Осыған байланысты тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің, оның ішінде ауруханаға жатқызбас бұрын жасалатын көмектің сапасы маңызды.

Алматыда жасалған тексеру қорытындысы науқастардың басым көпшілігі өздерін еш себепсіз әлсіз сезініп, көңіл күйінің нашарлағанын, жұмысқа қабілетінің төмендегенін, бас ауыруы мазалайтынын анықтаған. Кейіннен үдемелі атеросклероздың негізгі симптомдары қосылған: ұйқының, есте сақтау қабілетінің, көздің көруінің  бұзылуы, бас айналу, құлақтағы, бастағы шу, жүрек тұсындағы ауру сезімі, ентігу, жүрек ырғағының бұзылуы, эмоционалдық тұрақсыздық сияқты белгілер жиілепті. Артериалды гипертензиямен ауыратын егде жастағы науқастар соңғы болған оқиғаларды, жаңа оқиғаларды есте сақтаудың, зейіннің төмендегенін, кез келген нәрсеге күйіп-пісетінін ашушаңдық пайда болғандығын байқаған.

Тексерістер өткен науқастар артериалды гипертензияның клиникалық ерекшеліктерін анықтай түсуге мүмкіндік берді. Бұл сырқат адамның жасы ұлғайған шағында жиі көрініс береді. Бірақ ол аяқ асты пайда болмайды, жасырақ уақытта қан айналым жүйесінің ауруларын емдемей жүре бергеннен болады.

Артериалды гипертензия егде жастағы науқастарда жылдам асқынады. Ол нәтижелі емдеу мүмкіндігін азайтады. Сондықтан әр адамның жасы егде тартқанда сырқаттануы жас уақытта ескерусіз қалдырған ауруларының жалғасы екенін есте ұстауы керек. Әсіресе, қан айналым жүйесінде болатын сырқаттар елеусіз дамып, жас ұлғайғанда емге ырық бермей асқынып кетуі мүмкін.

 

Гүлнұр ШАКБИТОВА,

М.Оспанов атындағы БҚММУ

клиникалық зертханашы.

Өт жолының бітелуі бауырды бұзады

Өт жолы бітелген кезде бауырдың жұмысы тежеліп, адам ағзасының механикалық сарғаюға душар болғаны байқалады. Механикалық сарғаю кезінде өт жолының бітелу ұзақтығына және өтке қатысты жүйедегі ауытқуға байланысты бауырдың морфофункциясы бұзылады. Соның әсерінен холестаз бауыр жетіспеушілігі ауруына әкеліп соқтырады. Кейде ағза көзге көрінбей, жасырын түрде механикалық сарғаюға ұшырайды. Оның құрылымы мен ауру түрін уақытылы анықтаудың және операция жасамас бұрын емдеудің операция кезіндегі асқыну мен операциядан кейінгі өлім көрсеткішін төмендетуде үлкен маңызы бар.

Сонымен қатар өт жолында тастың пайда болуы, холециститтің асқынуы тиімді емдеу тактикасын таңдауға кедергі келтіреді. 12 елі ішектің тарылуы, панкреатит, бауырдан тыс өт жолдарының тыртығы, бауырдың паразитарлы аурулары сияқты бауыр мен өт жолының көптеген қатерлі ауруларымен науқастанғандар ерекше күтімге мән беруі керек. Бұл аурулар белгілі бір жағдайларда ағзаның механикалық сарғаюына әкеледі, бұл көбінесе іріңді холангит түрінде көрінеді.

Бауырдың бұзылуы өт жолдарындағы қабынуға және сарғаюдың ұзақтығына байланысты болады. Өт қышқылының улы әсерінің нәтижесінде бауырдың оттегіні тұтынуы төмендеп, қызметі бұзылады. Ол өз кезегінде мембрана жасушаларының құрылымын өзгертіп, мембраналық липид, холестерин, май қышқылдары мен мембрана байланыстырушы ферменттердің белсенділігін бұзады. Бауыр қызметінің бұзылуы көп жағдайда организмде ауру түрлерінің асқынуына алып келеді. Зат алмасу процесі, оттегі тасымалының құрылысы бұзылады.

Мамандар ағзасы механикалық сарғаюға ұшыраған 24 пен 82 жас аралығындағы 78 науқастың жағдайын зерттеді. Сол кезде холедохометиаз 74 пайызында, созылмалы панкреатит 95 пайызында, бауырдан тыс өт жолы тыртығы 12,5 пайызында кездескен.

Гүлнұр ШАКБИТОВА,

М.Оспанов атындағы БҚММУ

клиникалық зертханашысы.

 

Ауырмаудың жолын бірге іздейік!

Біздің емхана әрқашан тұрғындармен аурудың алдын алу бағытында жұмыс жүргізеді.

Дәрігерлер өздеріне тиесілі аумақ тұрғындарын ауырса ғана емдеп қоймайды. Олар көпшілікпен денсаулықты сақтау, зиянды әдеттерден аулақ жүру, денені шынықтыру туралы әңгіме өткізіп отырады. Әсіресе, ауруды асқындырмауға ерекше мән береді. Осы мақсатта жүрек кеселдері мен сүт безі, жатыр мойыны, тік ішектің қатерлі ісіктерін, қант диабетін, суқараңғыны (глаукома), гепатитті, тіс ауруларын, яғни осындай 8 дертті алдын ала анықтау жұмыстарын жүргізеді.

Біз бұл ретте мемлекеттік тапсырысты  артығымен орындадық. Бұл — бүкіл көрсеткіштер бойынша профилактикалық-скринингтік шараларды тиімді жүргізгеніміздің табысы, ұжымның мерейі.

Жаңагүл УТЕУЛИНА,

№1 қалалық емхананың учаскелік медбикесі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button