Білім

Балдырған

Ұрпақ

Соғыс ардагеріне хат

Сәлеметсіз бе, соғыс ардагері!

Сіздің басыңыздан сан түрлі қиыншылық өткенін біз, келешек ұрпақ, сеземіз, түсінеміз де. Сол кездерде сіз өмір демей, жастық шақ демей, бәріне мойынсұнып, сол бір алмағайып кезеңде, өміріңіздің ең бір қайталанбас шағында соғыс даласында ел үшін күресіп жүрдіңіз.

Ел үшін таңның атысы, күннің батысы қолыңыздан қару түспеді. Ол кезде қазіргідей қария, немерелеріңіз бен шөберелеріңіздің ақ сақалды атасы емес, жап-жас, әлі өмірдің қиындығын көрмеген жас ұлан едіңіз. Сұрапыл соғыс сол қиындықтың ащы дәмін ерте таттырды. Бірақ сол ауыр шақтар, жолдастарыңыздың сол соғыста қан төгіп, өмірден өткені сіздің жігеріңізді жасытпады, қайта сіздің рухыңызды оятып, намысыңызды қайрады. Сіздің достарыңызға адалдығыңыз шексіз болды, сіз сол жолдастарыңызды өлтірген фашистерді жеңбек болдыңыз және жеңдіңіз де.

Сол қан майдандағы сұрапыл соғысты еске түсіріп, ойлаған кезде, сол соғыс жайлы әңгімелер оқыған кезде біздің де жанымыз ауырып, намысымыз оянып, еріксіз көзімізге ызалы жас келеді. Бізге, келешек ұрпаққа, бұл оқиғалар жан түршігерлік әңгімелер секілді. Бірақ сіздерге яғни соғыс ардагерлеріне бұл оқиғаның қалай болғаны, қашан болғаны, бәрі-бәрі оқымай-ақ белгілі. Себебі сіздер сол қанды соғысты өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Шулаған, атысқан, гүрілдеген танкілердің дыбыстары құлақтарыңызда және жүректеріңізде қалып қойды. Бірақ бұл соғыстың ащы кездерін немерелеріңіз бен шөберелеріңіздің күлкісі, сөйлеген сөздері және Тәуелсіз Қазақстанның көркейген бейнесі ұмыттырып жіберетініне әбден сенемін.

Болашақ ұрпақ сіздің ерлігіңізді ешқашан ұмытпайды және мұндай жағдайды бастан кешірмейді. Себебі біз Тәуелсіз Қазақстанның бақытты ұландарымыз. Сізге алғысымыз шексіз, ерлігіңіз есте қалып, жүрегімізден орын табады!

Айнұр АЯПБЕРГЕНОВА,

№32 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Атамекен

Мұғалжардың самалы

Менің туған жерім — Мұғалжар ауылы.

Мұғалжардың табиғаты өте әсерлі әрі сұлу, көркем әрі ғажап!

Мұғалжар тауы бар, оның ең биік шыңы Боқтыбай деп аталады.

Мұғалжар тауына шыққан кезде бетіңе самал жел үрлеп тұрады. Қандай керемет таза ауа! Құмдарын ұстасаң, жұп-жұмсақ.

Мұғалжар тек табиғатымен ғана ерекшеленбейді, «Көктас» зауытымен де мақтана алады. Тіпті бау-бақшасының өзі жап-жасыл, топырағы құнарлы.

Ауылдың жанынан сылдырап кішкене өзен ағып жатыр.

Мен өзімнің ауылыммен, өз туған жеріммен, кең байтақ еліммен мақтанамын.

Мерей ЖӨКЕНОВА,

Мұғалжар орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

Сыр

Достық

Дос — ең жақын адам.

Әр адамның өз досы болады. Менің де Дияс деген досым бар. Екеуміз де сабақты жақсы оқимыз.

Достар бірін-бірі сыйлайтын, өтірік айтпайтын болуы керек. Нағыз достар бірін-бірі сатпайды, бір-біріне көмектеседі.

Мен досымның ақылды, білімді, жақсы, тәртіпті болуын қалаймын.

Досың көп болсын десең, алдымен өзің жақсы бол.

Ернұр БАЗАРБАЙ,

Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Қобда ауданы.

 

Оқушының өлеңі

Көктем

Көктем келді,

Күн жарқырап ашылды,

Мұздар еріп,

Су өзенге шашылды.

Күн күледі,

Бәйшешектер гүлдейді,

Көктемде ешкім

Жабырқаулы жүрмейді.

Меруерт СӘКЕН,

Н.Крупская атындағы орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

ТУ

Көк туымда Қыран қанат,

Алып Күнді тұр арқалып.

Нұрын шашқан Күнмен бірге

Көктен бізге тұрар қарап.

Дана НЫСАНҚҰЛОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Туған жер

Туған елім — тірегім,

Сен деп соққан жүрегім.

Сенің амандығыңды

Ылғи тілеп жүремін.

Амандық НҰРАДИНОВ,

№2 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Мұқағали ақынға

Мұқағали — өр ақын, қыран ақын,

Артында қалдырған көп ұлағатын.

Хан Тәңірдің ерте ұшқан мұзбалағы,

Өшпек емес өмірден, бірақ атың.

Дәурен АҚБЕРГЕНОВ,

Б.Сейсекенов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Туған күн

Дос, құрбылар келіп жатыр,

Сыйлықтарын беріп жатыр.

Туған күнім бола берсін,

Үйге достар тола берсін.

Қанша АМАНЖОЛОВА,

Қарақұдық негізгі мектебінің 4-сынып оқушысы.

Ырғыз ауданы.

 

Сөзжұмбақ

МЕНІҢ ЕЛІМ

Қырғыз

Аламан

Зекет

Алтын

Қасқыр

Сәлем

Төл

Ай

Нар 

1. Ұлт. 2. Ат бәйгесі. 3. Өз малынан берілетін діни төлем. 4. Бағалы металл. 5. Жыртқыш аң. 6. Сөз анасы. 7. Малдың «баласы». 8. Жердің серігі. 9. Түйенің түрі.

Құрастырған Айзат ӨМІРЗАҚОВА,

4-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы. 

ГАЗЕТІМІЗДІҢ  №37-38 САНЫНДАҒЫ  (28. 03.2013) СӨЗЖҰМБАҚТЫҢ ЖАУАБЫ

1. Көгершін. 2. Өрмекші. 3. Көктем. 4. Таң. 5. Емен. 6. Мамыр.

Мен салған сурет

БІЗДІҢ ӨЛКЕ

Суретті салған Әнуар ДИДАРҰЛЫ,

Талдысай орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.  

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button