Денсаулық

Екпеден бас тартпа!

Ақтөбе қалалық оқушылар сарайында «Вакцинация — балаларды жұқпалы аурулардан қорғаудың сенімді әдісі» атты акция өткізілді. Шараны облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қалалық әкімдік және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ұйымдастырды. Акцияға облыстық дін істер департаментінің өкілдері және мектеп мұғалімдері мен оқушылар, екпеден бас тартқан ата-аналар қатысты.

Жиында Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Мадияр Қабыл акцияның мақсаты — тұрғындарға вакцинацияның пайдасы туралы түсіндіру екенін айтты. Ал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Нұрсұлу Беркімбаева балаларға туғаннан бастап 17 жұқпалы ауруға қарсы вакцина берілетінін, оның ішінде туберкулез, дифтерия, А, Б  гепатиттері, қызылша, күл, полиомелит секілді аурулар бар екенін айтты. Мәселен, 2005, 2007, 2009 жылдары қызамыққа қарсы жүргізілген вакцинацияның нәтижесінде аталған аурумен ауыратындар саны  45 пайызға төмендеген. 1998 жылы В гепатитіне қарсы жүргізілген екпеден кейін аталған науқасқа шалдыққандар саны күрт азайған.

Адам ағзасында белгілі бір ауруға қарсы иммунитет болмаса, кез келген жерден ауру жұқтырып алуға болады. Сондықтан ата-аналар вакцинадан  бас тартпауы керек, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бастығы Гүлнар Мәмбетжанова кепілдендірілген медициналық көмек бойынша балаларға 17 екпе түрі тегін салынатынын айтып, екпенің пайдасын түсіндірді. Ата-аналарды екпеден бас  тартпауға шақырды. Ал қалалық №1 емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Ақжелең Оразова емханада 66 балаға екпе салынбағанын айтты.

—  Ата-аналардың екпеден бас тартуы соңғы 4-5 жылдықта басталды. Бұл жағдай жыл өткен сайын көбейіп бара жатыр. Бас тартушылардың барлығы да діни ұйымдардың өкілдері. Екпенің пайдасын түсіндіру мақсатында ата-аналарды шақырып, емханада бірнеше рет жиналыс өткіздік. Басқосуларға «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының облыстық, қалалық филиалдарының өкілдері, мешіт имамдары да қатысты. Бұдан бөлек емхананың бас дәрігері Марат Биханов бастаған топ екпеден бас тартқан тұрғындардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Дегенмен, нәтиже аз. Айтатын уәждері — шариғат бойынша екпе алуға болмайды. Олардың түсінігінде екпе алу — баланың организмін улау. Олар бұндай  деректі ғаламтордағы негізсіз материалдарға сүйеніп айтып жүр. Кездесу барысында мешіттегі діни мамандар да тұрғындарға вакцинаның баланың иммундық жүйесін күшейтетінін айтқанымен, бәрібір ата-аналар өздерінің пікірін дұрыс санайды.

Екпеден бас тарту кез келген ата-ананың конституциялық құқығы болғанымен, мұның соңы өкіндіретін жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Себебі екпе алмаған адамның қатерлі дертке шалдығу қаупі бар. Мысалы, ата-аналардың екпе жұмыстарына қарсылығының кесірінен, бұдан бірнеше жыл бұрын Тәжікстанда полиомелит ауруының жоғары деңгейі кездескен болатын. Сол себепті ата-аналар балаларының болашағын, денсаулығын ойлағаны дұрыс, — деді Ақжелең Оразова.

Акция кезінде вакцинацияның тиімділігі мен оны алмаған балалар  қандай ауруға шалдығатыны туралы мәліметтер жазылған кітапшалар таратылды.  Оқушылар сарайының балдырғандары ән шырқап, би биледі.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button