Ресми

Дала өртінің алдын алу

Өткен аптада Ақтөбе қаласының іргесінде өртке қарсы ерікті жасақтардың арнайы тактикалық жаттығуы өтті.

Бұл шара барысында Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы селолық округтердің жұмысы пысықталды. Шартты жоспар бойынша қалалық әкімдіктің кезекші бөліміне Хромтау ауданы аумағынан облыс орталығына қарасты округтерге дала өртінің таралғандағы туралы хабар түсті. Өрт минутына 5-7 метр жылдамдықпен қозғалды. Істің мәнісі бойынша тілсіз жаудың жолында ауыл шаруашылығы жабдықтары мен техникалар қоймалары орналасқан болатын.

Әкімдік кезекшілігі қондырылған дабылға және алдын ала жеткен хабарламаға сәйкес әкімдіктің лауазымды тұлғаларына және селолық округ әкімдеріне хабарлайды.

Жалпы, бұл шараның мақсаты орман-дала өрттерін сөндіруді ұйымдастыру, өрт ошақтарын сөндіру кезіндегі жеке құрамның іс-қимылын пысықтау, материалдық-техникалық жабдықтарды тексеру, әрбір селолық округтегі қажетті қызметтік құжаттарды көрсету болды.

– Ауылдық жерлерде қазір орман-дала өрттерінің алдын алу бойынша аудан әкімдігінен бөлінген аспалы өрт сөндіргіштер берілуде. Арнайы киімдерден де тапшылық жоқ. Су шашатын қондырғылар да алынып жатыр. Сонымен қатар ауылдағы барлық шаруа қожалықтарына ескертпелер таратылды. Ең бастысы, ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылып, басшылары бекітілді. Міндеттері айқындалды. Қазірде жасақтармен байланыс нығайтылды. Ертеңгі күні өрт шыққан жағдайда барлық салмақ жасақтарға түседі, – дейді Жұрын селолық округінің әкімі Талғар Әбдіразақ.

Бұл жаттығуларға облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенко басшылық етті. Оған барлық деңгейдегі әкімдер мен аудан-аудандағы дала өртінің алдын алу мен сөндіруге жауапты мамандар түгелдей дерлік қатысты.

Солардың бірі Әйтеке би ауданындағы Басқұдық селолық округінің әкімі Темірбек Рахметов жергілікті билік пен тұрғындардың кез келген төтенше жағдайға дайын екендігін айтады.

– Басқұдық селолық округінің жер көлемі үлкен. Халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Біздегі өрттердің дені найзағайдың әсерінен болады. Өрттің кесірінен шаруашылықтардың дайындаған мал азығы, яғни шөптері өртеніп жатады. Қолымыздағы МТЗ-80 тракторларының күшіне сенетініміз рас. Өрт бола қалған жағдайда құрамы 70 адамдық жасағымыз дайын. Олардың жартысы село орталығы Тұмабұлақта болса, қалғандары Сарыбұлақта орналасқан. Бұлардың барлығына хабар тиген бойда шұғыл әрекет қылуға дайын. Су тасығыштар да сақадай сай. Жыл сайын жаз шыққан соң қажетті адамдар мен құрылғылар жасақталады. Жоғарыда айтқандай, округ көлемі үлкен болғандықтан, игере алмай қалатын уақыттар да болады. Негізінен жете алмай жатамыз. Бұндай жағдайларда адам күші маңызды, – дейді ол.

Жыл сайын өткізілетін мұндай жиындардың қажеттігін барлығы мойындайды. Шартты түрдегі жоспар да ешқандай қиындықсыз орындалды. Қойманың жарылуы сияқты төтенше жағдайларға медициналық қызметтің де дайын екендігі байқалды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары – төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық комиссия төрағасы Абай Байжомартовтың басшылығымен тілсіз жау уақытында ауыздықталды.

– Бүгін өртке қарсы құрылымдардың жұмысына қанықтық. Өрт сөндіру жөніндегі тәжірибемізді жетілдіре түстік. Әсіресе, сапалақтар мен арнаулы көліктердің күшіне маңыз берілетіндігін көрдік.

Бұл шарадан шыққан қорытынды – халық пен биліктің ынтымағы. Тілсіз жауды залалсыздандырудың басты жолы бірлікте жатыр.

Әр селолық окургте болған сайын, жолай өткенде жергілікті белсенділермен кездесіп, дала өртінің қатері мен салдары туралы әңгімелер айтамыз, тапсырмалар береміз. Әкімдерге нақты бағыттар мен тапсырмалар беріледі, – дейді Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Тілепберген Жансейітов.

Дала өртінің маңыздылығын ескерген жауапты тұлғалар алдын алу шараларына ерекше маңыз бере қарап, ортақ іс-қимыл тәжірибелерімен бөлісті.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button