Мәдениет

ЕКІ БАСТЫ БҮРКІТ БЕЙНЕЛЕНГЕН ТҮЙМЕ ХИКАЯСЫ

Үкітай Серікбайұлы Байжомартов – экономист-ғалым, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, бірнеше кітаптың авторы. Ол бұл повесінде «Соғыстың соңғы күні», «Жеңісті жылдың ащы шындығы», «Тозақ вагонындағы он күн», «Ит жеккен жердегі» қазақ әуені», «Су түбінде алынған кек» деген бес бөлім арқылы Адам ғұмырын бейнелейді. Оның кейіпкері – қуғын-сүргінге жазықсыз түскен мыңдаған жандардың бірі, өмірде болған адам. Автор кейіпкердің басынан кешкен қиындықтарын көркем тілмен баяндай отырып, халықтар достығы, адами құндылықтар, қазақтың халық әндері мен салт-дәстүрлері, бүгінде сирек пайдаланылып жүрген мақал-мәтелдерді повестің арқауына айналдырған. Қазақы табиғи дарын Әшім қарт пен оның кішкентай немересі Берішбектің сөз сөйлеу ерекшеліктерінен айқын байқалады. Соғыстан кейінгі ахуалды автор тәуір жеткізе білген.

Үкітай БАЙЖОМАРТОВ

Болған оқиғаның ізімен жазылған повесть

Қуғын-сүргін жылдарының еш кінәсіз құрбандарына арнаймын.

Автор.

І

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ КҮНІ

…Бұл Ұлы Жеңісті мейлінше жақындатқан 1945 жылдың жайма-шуақты сәті деп айтуы қиын, себебі «соғыс тәңірі» – ауыр зеңбіректердің даусы «күндей күркіреп» бір толастамай тұрған мамыр айының мазасыздау тәуліктерінің бірі болатын. Күннің көзін Берлин жақтан тынымсыз жөңкілген қап-қара түтіндер жиі жауып, асыға күткен Жеңіс туралы хабардың санаулы сағаттарда келіп жететініне де сеніміңді азайтқандай шақ еді. Ал Берлинге қарай шығыс тұстан жау танк құрамаларының өтіп кетпеуін танкілерге тойтарыс беретін жеке бригада Варшава түбінде қадағалап тұрған аумақта екі күннен бері салыстырмалы түрде тыныштық орнаған-ды. Бұдан сәл ғана бұрын үш танк пен бірнеше автомашинаға мінген немістердің жақындап қалғаны туралы барлаушылардың хабары бойынша қағылған дабыл да гитлершілердің бір де оқ атпай, ақ жалау көтеріп, берілулерімен аяқталған еді. Бұлар – бұдан төрт жыл бұрынғы әлемді түгел жаулап алғалы жүрген, өздерін сөзсіз «жеңімпаз» деп санайтын басқыншы немістер емес, «нан піскен» кеуделерін кеңес жауынгерлері басып тастаған, бұралқы иттей қарындары қабысып, тіпті, көз жанарлары да ауру жанның жайын білдірген, сағы сынған жандардың тобыры екендіктерін дәлелдегендей. Араларында офицерлері де бар. Киімдері кір-кір, өздерінің көптен бері жуынбағандары көрініп-ақ тұр. Ұзақ уақыт қоршауда болғандарын сөзсіз түсінесің. Бригада жауынгерлерінің өздеріне үлкен жиіркенішпен қарап тұрғандарын да сезетіндей. Көпшілігі айыпты жанның кейпін танытып, көздерімен жерге, бір нүктеге қадалуда. Бәрін бірдей қарусыздандырғаннан кейін ерекше бөлімнің бастығы автоматшыларға «Айдап әкетіңдер!» деп дауыстап бұйрық берген бойдан ілби басып кетіп бара жатқан жаңағылардың ізінен ұзақ қарап: «Адам баласының біреуге кіріптар болуы оп-оңай-ау!» – деп Смағұл қатты ойланып қалған-ды. Арада төрт-бес ай ғана өткен соң, осы жеңісті жылдың күзінде өзінің де осылай айдауға түсіп, пұшайман болатынын бұл осы сәтте білген жоқ еді…

Иығынан біреудің қолының ыстық табын, салмағын сезіп, Смағұл қалың ұйқыдан оянғандай болды. Қараса бригаданың командирі екен. Қоңыр көздерінен нұр төгіп, ол күлімсіреп тұр:

– Қатты ойланып тұрсың ғой, Смағұл! Аналарға аяушылықпен қарап қалған сияқтысың. Байқайсың ба, бұлар да ет пен сүйектен жаралған пенделер ғой, ерекше бөлім бастығының қатал даусын естіген соң, тіпті, ұнжырғалары түсіп кетті. Баяғы қиқар, басқыншы немістер бүгінде жоқ! Ұрыс даласында жиі-жиі жеңіліс таба беру, майдан шебінің Берлинді қоршауға ұласуы бұларға енді арылуы қиын аса ауыр психологиялық соққы болып тиген! Араларында адам баласын аяуды білмейтін баскесерлері де, көп дүрмектің ішінде амал жоқтықтан жүргендері де бар! Сондықтан бұларды көрген сайын мен де екіұдай пікірде боламын…

Ол осыны айтты да «жүре сөйлесейік» дегенді ишарамен білдіріп, казармаға қарай беттеді. Сонан соң бірдеңені ойына түсіргендей бір сәтке үнсіз қалды да:

– Сержант Абдулла екеуің әлі күнге үйлеріңе сәлемдеме жібермепсіңдер ғой. Бригада үлесіне тиген трофейлерден ұнағанын алып, елге жіберуге жоғарғы басшылықтың рұхсаты бар. Ештеңеден қорықпай-ақ қойыңдар… Ерекше бөлімнің бастығы: «Үшеуің-ақ қалдыңдар!» – деді. Менің орным бір басқа, сендерге жол болсын!.. Сені әскерге 1940 жылы шақырған ғой, бүгін-ертеңді соғыс та бітеді! Сондықтан, сен, амандық болса, санаулы күндерде алғашқы жауынгерлердің қатарында елге де оралып қалуың мүмкін. Жаймен дайындала бер… – деді…

Бригаданың командирі, полковник Сейдуәли Мұқажанов, неге екені белгісіз, қатардағы жауынгерді – зеңбіректерге жегілетін аттарды бағушы Смағұл Байжановты өзіне тым жақын тартып, қолы босаса болды мұнымен жиі-жиі әңгімелескенді ұнататын. Командирдің өзі ұзын бойлы, қапсағай денелі, соғыстың аса қиын сәттерінде де мою дегенді білмейтін, солдаттарға үнемі әкелік мейірім толы қоңыр көздерімен аялай қарайтын жан болатын. Жауынгерлер де, офицерлер де сыртынан оны «академик» деп атайтын. Ол соғысқа дейін бір жоғары оқу орнында математикадан студенттерге сабақ берсе керек. Қай іске араласса да оның білімділігі бірден сезіліп тұратын. Көпшілік зеңбірекшілердің оны жақсы көргендері сондай, талайларының қалталарында мұқият оралған майдандық газеттің бір нөмірі жүретін. Онда бригада командирінің Курск түбіндегі қанды шайқаста жақын жерде снаряд жарылып, аударып тастаған зеңбіректі контузия алған, жаралы жауынгер екеуі орнына қойып, тікелей көздеп, жаудың 2 танкісін өртегені, қасындағы зеңбіректі оқтаушы жігіт қаза тапқаннан кейін де өзі снаряд тасып, мүлтіксіз көздеп, жүдемелете атып, тағы екі ауыр танкіні істен шығарған жеке ерлігі жайлы, ең бастысы, математик комбригтің сол Курск түбінде ауыр артиллерияны, өздігінен жылжитын зеңбіректерді ұтымды пайдалану жөніндегі армия штабына берген дәл есептелген ұсынысының неміс әскерлерін талқандауға үлкен үлес болып қосылғаны, бұған және жеке ерлігіне қатты риза болған маршал Жуковтың өзі оны Совет Одағының Батыры атағына ұсынғаны туралы мақала жарияланған екен. Соғыс кезінде де бюрократтық іс-әрекеттер аз болмаған ғой, содан болар, батырдың Алтын Жұлдызын Сейдуәли Мұқажанов әлі күнге омырауына таға алмапты. Бірақ майдан шебі ілгерілеп кетіп, бірнеше тәулік бойы ішер ас, шегер темекі, тіпті, оқ-дәрі жеткізілмей қалғанда әлгі газетті «махорка» орауға да бір-біріне қимаған жауынгерлер: «Бейбіт күн де келер, сонда біздің де ауыз толтырып айтып, мақтанатын адамымыз болуы керек қой, жиналған көпшілікке көрсетуге қажет болады!» – деп, ең асыл дүниелері есебінде сақтаушы еді…

…Полковникпен оның аяулы інісінше казарма түбінде қоштасып, жататын орнына келген Смағұл Байжанов кереует жанындағы орындыққа отырды. Тып-тыныш казарма ішін көзімен асықпай мұқият шолды. Осы жерде түнеп жүрсе де, бұрышта жинаулы тұрған көкшіл қоңыр жәшіктерді көрмей келіпті. Әншейінде, ондайға назар аударуға құлықсыз мұны, неге екені белгісіз, «Жәшіктердің ішінде не бар?» деген сұраулы ой мазалай бастады. «Әй, онда не бар дейсің! Оқ-дәрі шығар!» – деп іштей өзіне өзі басу айтып, үнсіз күйде біраз отырды. Бірақ ақыры мұны ынтызарлық сезімі жеңіп, жәшіктің біреуін ашып қарады. Оның іші толған сап-сары түймелер екен. Офицерлерге ме, әлде генералдарға ма арналған дүниелер болуы керек, кіп-кішкентай терезелерден түскен күңгірт жарықтың өзіне жарқ-жұрқ етіп, көздің жауын алады. Алтын түсті бірдеңе жалатылған болар. Әрқайсысында екі басты құс бейнеленіпті. Қос уысын толтырып алды. Осы сәтте әке-шешесінің жас кезінде-ақ жиі айтатын: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» – дегендері есіне түсіп, түймелерді жәшікке қайта салды. Бүгінге дейін шешен жігіті Абдулла екеуінің бригада трофейінен ештеңе алмағандары да мұсылмандарға тән осы өсиетке адал болуға тырысқандықтарының нәтижесі еді. Дінді, ата салтын ардақтайтын қарапайым отбасында ер жеткен Смағұл адалдық, қолайсыз жағдайға ұшырағандарға көмекке келу, үлкендерге құрметпен қарау сияқты ұғымдарды қадірлейтін. Фашистердің басып алғандары түгілі, олардың өздері өмір сүріп келген қалалар мен селолар тас-талқан етіліп қиратылған, бейбіт тұрғындарына дейін мүсәпір күйге түскен жерлерді аяқпен басып тұрып, аяушылық сезіміне берілмеу қиын. Жәшік қақпағын қайта жауып жатқан сәтінде бұған тағы бір ой келді: «Амандық болып, елге оралғанымда алдымнан жүгіріп шыққан ауыл балаларына не беремін? Бұл елде күні ертең мына түймелердің ешкімге де керегі болмауы мүмкін… Соғыс жылдарында ойыншық көрмеген ауыл балаларына жаман сыйлық болмас еді-ау…».

Осы ой оны бір жола жеңсе де іркіліңкіреп біраз үнсіз тұрып, әлгі түймелердің бес-алтауын ғана алды. Аяғын ілби басып барып, оларды зат қапшығына салып қойды. Арада 4-5 ай өткен соң еш кінәсіз болса да бұл түймелердің өзіне бәле болып жабысатынын осы сәтте Смағұл қайдан білсін…

ЖЕҢІСТІ  ЖЫЛДЫҢ  АЩЫ ШЫНДЫҒЫ

…Төрт жыл күткен Ұлы Жеңіс те келіп жетіп, Смағұл туған ауылы Ақсуға оралды. Түн ортасында теміржол стансасында әскери эшелоннан түсіп қалып, жаяулап үйіне жақындағаны сол еді, ауаткомда бөлім басқаратын Өсердің кездесе кетпесі бар ма? Атынан түсіп, үйге бірге кірген ол мұның әке-шешесінен сүйінші алып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін өзінің қуанышын жасырмаған күйі өктем сөйледі:

– Аупартком мен ауаткомның, аудандағы ірілі-уақты мекемелер қызметкерлерінің мініс аттарын бағатын Мұратбектің асау үйретем деп жүріп, мертігіп қалғанына бүгін екінші күн. Өздерің білесіңдер, оны алмастыра қоятын бұл ауылда басы артық ер адам жоқ. Барлары ештеңеге жарамайтын кілең ақсақ-тоқсақ, мына мен сияқты өңкей шолақ. Мен Смағұлды жаңағы аттарды бағуға жіберемін! Өздерің білесіңдер, соғыс жағдайында жергілікті үкімет жұмсаған жерге бармауға болмайды, өйтсе сотталады!…

– Ең болмаса, төрт жылдан кейін өз үйіне бір түн түнесін де! Смағұл елге бүгін оралмағанда не істер едіңдер?! – деп анасы шыр ете қалды.

– Қайдағы соғысты айтасың, «ол аяқталды, Жеңіс келді» деп хабарлаған жоқ па?! Ау, Өсер, жарқыным-ау, Смағұлжан өз үйінен әлі бір кесе шай да ішкен жоқ қой! Таң атуға да аз қалды. Ертең барса да аттарыңды жау ала қоймас!.. – деп әншейінде дауыс көтере бермейтін әкесі де сөзге араласты. Бірақ Өсер оның сөзін дәлелдеп жатуды керек етпейтін уәжбен жедел бөлді:

– Ақсақал, ойда да, қырда да немістердің, жапондардың шпиондары толып жүр. Сталин жолдас бәрімізді солардан сақтандыруда! Чекістер де ұстап жатыр, әкелерін танытып қамап жатыр. Бірақ бүкіл елді жайлап алған әлгі «пәлелердің» әзір таусыла қояр түрлері жоқ көрінеді! Балаңыз сотталсын демесеңіз, кері үгітті қойыңыз! Қане, Байжанов, орныңнан тұр! Сырттағы мен мініп келген кер атты ал да, Тассайға тарт! Жылқылар соның бергі жағасында жусап жатыр. Ай жарық, тез тауып ала аласың. Мен жаңа ғана сол жақтан оралдым. Сен тұрғанда ауаткомның бөлім бастығы ат бақпайды. Басында тігулі ағаш үй бар. Таң атқан соң шайыңды өзің қайнатып ішесің! Бар! Жөнел!

Сталиннің аты аталып, қатты айтылған «шпиондар толып жүр!», «сотталады!» дегенге мәндес сөздер бір де мектеп бітірмеген білімсіз үшеуге берісі әзірейілдің ескертпесіндей, әрісі бұйрығындай естіліп, әуелі үй ішін үнсіздік биледі. Сосын басқа амалы қалмаған Смағұл Өсердің кер атына мініп, түн ішінде Тассайды бетке алып шаба жөнелді…

*  *  *

…Арада төрт айдан астам уақыт өтті. Түнімен күзетіп шыққан мініс аттарын Тассайдан суарып, оларды сайдың шөбі шүйгіндеу екінші бетіне тастады да, ағаш үйге келіп, шешінбестен жата кетті. Күннің ыстығы көтерілмей тұрып ұйқысын қандырып алмақ болатын. «Смағұл аға, Смағұл аға, ояныңызшы…» деген дауысты естіп, ұйқысы шайдай ашылды. Екі бала мұның бетіне үңіліп тұр. Тал түс болып қалыпты.

– Танымай қалдыңыз ғой, мен – Айдармын. Мынау – Омар. Бесбайдың балаларымыз…

«Ауыл балаларының әдетімен өздерін атасының «балаларымыз» деп тұр. Бесбайдың емес, оның баласы Мыңбайдың «мықтылары» ғой бұлар! Орта тұсы жоқ мұрындары-ақ айтып тұр мұны. Үлкені Қызыл әскер қатарына мен алынатын жылы туған-ды. Өмір деген осы-ау, кешегі шарана бүгін адам болып қалыпты… » Осылай аз-кем ойланып қалған ол:

– Үлкен жігіт болып қалыпсыңдар! Өркендерің өссін! Төрлеңдер! Жай келдіңдер ме? Ауыл аман ба? – деп сұрады.

– Ауыл аман, аға! Атыңыздың тұсауын алып, жетектеп әкеліп, белдеуге байлап қойдық. Атам «Тойға шақырып кел!» деп жіберді. Омар екеуміз інілі болдық, аға! Сіздер немістерді жеңіп келген жылы туған соң атын Жеңіс қойдық! Әдемі ат қой, Смағұл аға, ә?! – Айдар ауыл баласынан гөрі қала тұрғыны сияқты осылай жүдемелете бәрін айтып салды, сұрағын да қойып үлгерді.

– Әп-әдемі есім, әдемі болғанда қандай! Інілеріңнің есімдері құтты, бауы берік болсын! Мен жуынып келейін, сендер отыра тұрыңдар, – деп сыртқа беттеді. Қайтып оралса, әлгі екі бала мұның шинелінің жаңадан қадалған түймелерін ұстап көріп, сыбырласып тұр екен.

– Қалай, әдемі ме?! –  Мұның осы сұрағына балалар жарыса жауап берді:

– Әдемі, аға! Өте әдемі…

– Айтпақшы, сен екеуіңе менің арнайы әкелген сыйлығым бар!

Осыны айтқан Смағұл керегенің басында ілулі тұрған зат қапшығын алып, бауын шешті де ішінде бүктеулі жатқан көйлектерінің арасынан түймелерді іздей бастады.

– Өрә-ә-ә! Өрә-ә-ә!!!

Қуаныштары қойындарына сыймай «уралай» келіп екі жағына тұра қалған әлгі екеуінің көздері зат қапшығына «армансыз сүңгіп жүрген» мұның оң қолын бағып  қалған.

– Аға, анандай түйме ғой, ә, әкелгеніңіз?! – деп шыдамы кеткен Омар да иегімен шинелді нұсқап, сөзге араласты.

– Иә, түйме әкелдім! Дәл сондай түймелер…

Мұны естіген екеуінің жүздері бал-бұл жанып, тағы «уралады». Зат қапшығынан     бұл оң қолын суырып ап, алақанын жазған кездегі балалардың қуаныштарында шек болсайшы! Алтын түсті үш түймені екеуі талапайлап, бөлісіп алып:

– Рахмет, аға! Рахмет, Смағұл аға! –  деп шын риза болғандарын білдіріп жатыр.

Еті тірілеу Айдар тағы бір сұрақты жедел қойып үлгерді:

– Аға, екі басты құс бола ма?! Бұл қандай құс?… – деді ол екі алақанындағы ілгектерге кезек-кезек үлкен ынтызарлықпен қарап тұрып.

– Бүркіт қой. Екі бастысы да болады дейді ғой… Ертегі тыңдамап па едіңдер?

– Бізге ондай ертегіні ешкім айтқан жоқ…

– Басқа түйме тауып алып қадасам, шинельдегі ана үшеуін де екеуіңе беремін… Шинелімнің өз ілгектері асау жылқыны үйретем деп жүргенімде үзіліп қалыпты. Қалың шөптің арасынан таба алмадым…

– Өр-рә-ә! Өр-р-рә-ә! – деп айрықша қуанғандарын тағы байқатып алып:

– Аға, түсіріп алған жеріңіз жақын болса, біз осында күнде келіп, іздеп көрелік! Біздің көзіміз көргіш қой, мүмкін, тауып алармыз! – деп Омар неше күн іздеуге де бар екендіктерін әйгілейтіндей ынта танытты.

– «Жалпақ сордағы» жайылым біраз жер ғой. Оның үстіне, шөбі қалың, кімге де таптыра қоймас. Шүйгін шөбі тапталып, жайылым тақырланатын күздің соңын күткен дұрыс болар!..

– Смағұл аға, сіз соғысқан жақта мұндай ілгек көп пе?! – деді Айдар тағы бір ойдың ұштығын шығарып. Мұның басын изеуі мұң екен, ол қасындағы Омарға қарады да:

– Мен өскен соң әскерге сол жаққа барамын! Саған да, ауылдың басқа балаларына да осындай түймелерді кө-ө-өп қылып әкелемін! – деп бір қойды сөзшең Айдар. Оның бұл сөзінің Омарды да аса қызықтырғаны сондай:

– Қанша әкелесің?! Бір қап па?! – деп балалық аңқаулықпен сұрап жатыр.

– Көтергенімше!

Айдар күні ертең жол жүргелі тұрған адамның кейпін тағы танытып қойды…

Балалардың сұрақтары көбейіп, өзін қиын жағдайда қалдырғалы тұрғанын сезген бұл:

– Қой, жүріңдер! Біз барғанша той тарап кетіп, ұят болар!.. – деп сыртқа беттеді…

*  *  *

…Бұлар келгенде тойдың думаны әлі қыза қоймаған екен. Бесбайдың не бары екі бөлмеден тұратын қоржын үйі тойшы қауымға лық толы. Халық 1945 жылды шын мәнінде майдангерлерді ардақтау, мадақтау жылы деп біліп, қандай басқосуда да күні кеше ел қорғаған жауынгерлердің төрден орын алуларына көмектесуге тырысатын. Смағұлдың сыртқы есіктен көрінгені сол екен, үй иесі:

– Төрле, Смағұлжан, төрле! – деп бәйек болып жатыр. – Майданнан келгелі біздің үйден бір кесе шай да іше алған жоқсың. Төргі бөлмеге өт! Құрметті қонақтарым, Смағұлжанға, қадірлі майдангерге төрден орын беріңдерші!

Той иесінің тілегі орындалып, бұған ауылдың үш ақсақалынан төмендеу жерден, осы үйдің жамағайыны  аудан орталығында қызмет атқаратын Жартыбай Көккөзов деген милиционердің жанынан орын тиді. Тигені бар болсын, қызыл жағалы «ит» бұл сыртқы есіктен ішке енгеннен бері сығыр шегір көздерімен мұны жеп барады, қарсы жардағы ұзын шегеде ілулі тұрған мұның шинеліне де жиі көз тастап қояды. Шамасы, көзі алыстан нашарлау көретіндіктен ерекшелеу үш түймедегі екі басты бүркіттің не нәрсе екенін біле алмай, мазасы кетіп отырған сыңайлы. Смағұл үлкендердің бірер сұрақтарына қысқа-қысқа жауап беріп, мынаның қитұрқылығын сезбегендей кейіп танытып отыр. Шай жиналған бойдан шегір көзді Жартыбай отырған орнынан лып етіп тұрып, сыртқа беттеді. Жолшыбай мұның шинелінің оң жақ өңірінен ұстап тұрып, әлгі үш түймеге мұқият зер салып көрді. Сөйтті де, Смағұлға ажырая бір қарап алып, сыртқа шығып кетті. Ауыл ақсақалдары болса Жартыбайдың қылығын жақтырмай, бас шайқасты. Айбар есімді ақсақал:

– Пәтшағарлар-ай, тіміскіленбесе жүре алмайды! «Бітеу жара білінбей тұрмайды» деп бұрынғылар білмей айтпаған ғой! – деп бір қойды. Үй иесі айыпты кісідей қызарақтап:

– «Бойға әбден сіңген әдет сүйекпен кетеді» дейді. Жамағайынымыз болған соң шақырып едім. Қайтер дейсің, қанша тіміскіленгенімен не табады!.. – деді.

– Шырағым, Смағұл, «бүкіл елді «шпиан» дейтіндер жайлап алыпты» деген не сөз өзі? Ауданнан «әкім қара» келсе де айтатындары сол, колхоз басындағылар да соны еске салған болады, бірақ біздің көзімізге әзір ештеңе көрінетін емес… – деп Шман деген қарт сөзге араласты. «Шамасы, әңгіме төркінін басқа арнаға бұру мақсатымен айта салды-ау», – деп түйді Смағұл. «Үлкен кісі сұраған соң жауап беру – міндетім» деп санаған ол:

– Білмедім, ата! Төрт жыл бойы окопта жатып, көрініп келген жауды ғана атып үйренген маған да бұл жағы түсініксіздеу! – дей бергені сол еді, үйге Айдар жүгіріп кірді. Соңында Омар. Қолдарында – бұл берген түймелер.

– Ата, ата, мына қарашы, әдемі ғой, ә?! Смағұл ағам берді! Майданнан екеумізге бұл түймелерді әдейі әкеліпті. Ауылдың басқа балаларында жо-о-оқ! Тек, Омар екеуімізде ғана бар! Рахмет, Смағұл аға! – деп балалық адал көңілден мақтана сөйлеген Айдар бұған тағы да алғысын айтты. Үйге кіріп келе жатып бұл сөздерді естіген Жартыбай қалыптасқан жағдайды ұтымды пайдаланып:

– «Жақсыны көрмек үшін» деген. Қане, мен де көрейін. Қорықпа, өзіңе қайтарып беремін! – деп қаша жөнелмек болған Айдарды желкесінен ұстай алды. Қатты қорқып кеткен бала түйменің біреуін оған теп-тез ұстата қойды. Екіншісін де тартып ала ма деген қорқыныш сезімі билеген ол мынаның қолынан босанып, сәл әрірек барып тұрды. Алақанында түймесі бар оң қолын артына ұстап, зыта жөнелуге дайын екені байқалады. Бірақ екі көзі милиционердің қолындағы өзі берген «дүниеде»!

– Әдемі екен! – деді Жартыбай. Даусынан кекесін лебі сезіліп қалды. Сосын Смағұлға тесіле қарап:

– Қайдан алдың?! – деп сұрады. Даусынан ептеп бір діріл байқалғандай. Әншейінде біліне бермейтін тағы бір нәрсе көрініс берді: бір езуі жоғары тартылып, аузы қисайып кетіпті. Былай қарағанда ол күліп тұрған сияқты. Бірақ шегір көздері зәр шаша қалған. Дауыстағы діріл де, езудің тартыла қалуы да, көздерінің бұлай сұп-суық рай танытуы да бір-бірімен дұрыс адамның бойында ешқашанда жұптасуға тиіс емес екендігі Смағұлдың санасына ыңғайсыз әсер еткендігі сондай, бұл бірден жауап бере алмай, қатты ойланып қалды: «Мынау мұны қандай оймен сұрап тұр? Түрінің жаманыншы! Дәп бір айбат шегіп тұрған қаншық қасқыр сияқты. Ол да әуелі ырылдап сес көрсетіп алады ғой. Соңынан ғана жанкештілікпен жауына атылады». Милиция кіші лейтенанты болса Смағұлды өзінен қаймығып, жауап бере алмай қалды десе керек:

– Жаумен қалай соғысып жүрсің?! Тілің байланып қалды ма, неге жауап бермейсің?! Әлде ұрлап алып па едің?! – деді. Бұл жолы жаңағыдай дірілі жоқ, даусы тым қаттырақ шықты. Еріндері де қалпына келіп қалыпты. Тек көздері ғана манағыдай әлі зәр шашып тұр! Өзіне тосын келген жаңағы ойдың әсерінен әлі құтыла қоймаған бұл: «Неге қаншық қасқыр, еркекке «арлан» теңеуі дәл келеді емес пе? Жо-оқ, мұның жаңағы бір қылығында арланнан гөрі қаншыққа ғана тән көрініс бар!»… Басына келген осы тосын ойдан бұл қалай езу тартқанын білмей қалды. Ал Жартыбай мұны өзін әжуалап тұр деп түсініп:

– Саған да әжуа керек пе?! Өй, өзінің шамасын білмейтін сорлы! Желді күнгі дымқылсыз жердің шаңы сияқты бірден көзден ғайып болғың келіп тұр ма?! Олай ету қолдан келеді! Қане, тағы күліп көрші! – деп ашу шақырды. Айбар және Шман ақсақалдар осы бойда сөзге араласқан-ды, сөйтіп, майдангер жігітті еш кінәсіз «қуырып» бара жатқан Жартыбайға тойтарыс беруді жөн көрген сыңайлы. Әуелі Айбар қарт жирен мұртын бір шиырып жіберіп, өз ой түйінін былай сипаттады:

– Шырағым Жартыбай, сенің арғы аталарың біздің ауылдан шыққан еді. Біз, осы жердің қарттары, күні кеше ел қорғаған майдангерлердің бәріне құрмет көрсетіп, басқаша айтсам, «төбемізге» көтермек ойымыз бар. Байқап отырсаң, Жеңістен соң елге әзір аман-есен  оралған жалғыз жауынгер – осы Смағұл ғана! Мұны ардақтамай, кімді ардақтаймыз?! Ал сен бұған орынсыз тіл тигізіп, мазасын алып барасың! Қой, шырағым, әр нәрсе орнымен болуы керек!

Оны қоштап, басын изеумен отырған Шман ақсақал да құс тұмсығындай имек, ұзын мұрнын екі саусағымен бір сауып алып, сөзге араласты:

– «Жалғыз қаздың үні шықпас» деп, Смағұлжанға шүйіліп тұрған жайың бар-ау сенің, Жартыбай! «Қыран қырылып қалды екен деп, ешкім де жапалаққа жалпақтамайды» дегенді естігенің бар ма?! Кешегі қанды қырғын – майданда болып, Отанын қорғағандардың көпшілігі елге оралмай, сүйектері жат жерде қалды. «Мың күндік қырғын болса да ажалды өледі» дейді атаң қазақ. Алла тағала жар болып, Смағұл елге оралып отыр. Қадірлейік арамызға әзірге жалғыз оралған жауынгерді! Жартыбайжан, жасың кіші ғой, көпті көрген қартыңның сөзін тыңдасаң, саған айтарым: «Тіліне шамасы келмегеннің беделі болмайды» дегенді үнемі жадыңда сақта! Себебі басың жас, өсетін шағың ғой.

– Өңкей қырт, маған да ақыл айтқылары келеді! – деп шалт бұрылып Жартыбай үйден шыға жөнелді. Ақылшы қарттар бастарын шайқасып, үнсіз отырып қалды. Шағын ғана бұл оқиғаның Смағұлға бәле болып жабысатынын, милиция кіші лейтенантының қызметте өсетін жолды ауыл қариясының ақылынсыз-ақ Бесбайдың үйінде қапысыз тапқанын бұл отырғандардың ешқайсысы да осы сәтте пайымдай алмаған еді…

*    *   *

Түні бойы мініс аттарын жайып-бағып, күзетіп шыққан Смағұл таң ата оларды Тассайдан суарып, жайылымның шөбі шүйгіндеу жеріне тастады да, ағаш үйге келді.  Атының ерін алып, тұсады. Күн ысымай тұрып ұйқысын қандырып алуды ұйғарып, қатты шаршаған кезіндегі әдетінше шешінбестен жата кетті. Көзі ілінгені сол еді, «Шпион Байжанов, тұр! Сен тұтқындалдың!» деген дауысты естіп, көздерін ашып алды. Төсектің жанында үшеу тұр. Екі қызыл погонды бұған винтовкаларын кезесе, кешегі ессіз кіші лейтенант  мұның маңдайына наганын тақап, «тұр!» да «тұр!»-дың астына алуда. Неге екенін кім білсін, Смағұл мұның бәрін тым сабырлылықпен қабылдап, үнсіз  орнынан тұрды. «Кеше бостан-бос қауіптенбеген екенмін!» деп ойлады. Зат қапшығын алып иығына ілді. Сосын анадай жерде тұсаулы күйінде жайылып жүрген атына қарай беттеп еді, анау:

– Саған ендігі жерде аттың қажеті болмайды! Қане, аудан орталығына қарай жаяу тарт! – деді  астындағы атын омыраулатып. Қолындағы оқтаулы наганын әлі кезеп жүр. Бұл амалсыз  Жаркентті бетке ұстап, жаяу жүре берді. Ат үстіндегі үшеу мұның соңынан еріп келеді. Ауық-ауық әлгі Жартыбай: «Байжанов, атып тастасын демесең, тезірек жүр!» – деп еліре айқайлап қояды. Әудем жер жүргеннен кейін оның қасындағы  «қызыл жағалының» бірі:

– Жартыбай Куыккозович, орталыққа тезірек жетіп алмасақ, күн ысып кетейін деп тұр. Мынаны мінгестіріп алып, алдыңызда жүріп отыруыма рұқсат етіңізші?! – деп өтініш білдірді. «Қуықкөзович дегені несі-ей! Көккөзұлы демей ме?! Орысша айтқанда да «Коккозович» болмай ма?! Бірақ мұндай «мықтыға» Көккөзі не, Қуықкөзі не, бәрібір шығар! Айналасындағылар, әйтеуір, құрмет көрсеткендей сыңай танытса жарап жатыр!» деп ойлады Смағұл іштей Жартыбайды жек көре.

– Неміс шпионының Жаркентке жаяу барғаны дұрыс еді! Жарайды, мінгізіп ал! Тек, тезірек жүріп отыр! – деді анау өте үлкен өзекті мәселені жеке өзі шешіп бергендей кейіп танытып…

*  *  *

…Мұны аудандық милиция бөліміндегі түрменің қалың темір есікті камерасына әкеліп қамады. Торлы жалғыз терезесі кіп-кішкентай. Оның патша заманынан бері бір рет те ауыстырылмаған кір-кір әйнектерінің сырттың жарығын ішке өткізіп жарытып тұрмағаны өз алдына, абақтының тым қалың қабырғасының ішкі жиегіне қондырылғаны себепті «аспан шырағының» сәулесі соның жақтауларына да жиектеп түсе бермейтін сыңайлы. Сондықтан тал түстің өзінде камера іші қара көлеңке. Дымқылдың сызы, тышқандардың исі сезіледі. «Менің ештеңеге қатысым жоқ, мекемелердің аттарын айдалада баққаннан басқа жазығым тағы жоқ. Жарты… Көккөзов (ақысын жібермеуге тырысқан Смағұл оны іштей осылай «кемсітіп» атағанына риза болып, жымиып алды!) қанша тырысса да қылмыс дерлік ештеңе таба алмаған соң бостандыққа жіберер. Соғыс жылдарында да талай азапты шекпедім бе! Олар да бір күнгідей болған жоқ, ұмытылды ғой! Өзім істемеген нәрсені өлтірсе де мойныма алмаймын!» деп шешті. Ең бастысы, бұлардың өзін не үшін айыпты еткелі жүргендерін түсіне алмай дал болды.

Тассайдан мұнда келгеніне бір жарым-екі сағаттай уақыт болды-ау дегенде ауыр темір есік «зарлай» ашылып, бір милиция капитанымен бірге Жартыбай ішке кірді. Бұл орнынан тұрып, темір орындыққа отырды. Олар мұны, бұл оларды көзбен сынап, камера ішінде бірер минутқа үнсіздік орнады. Жартыбай қасындағы капитанға «бастайын ба?» дегендей ишара білдірді. Анау басын изеді. Аузымен ауаны «ойсырата» қармап, өкпесін ғана емес, қарнын да зорлап толтырғандай екі иінінен терең дем алған кіші лейтенант  өз бастығының алдында кешегі, бүгінгі тұрпайылықтарынан  тез ада болған сыңайлы. Тым жуасып, тіпті, «мәдениеттілеу» болып қалыпты.

– Жолдас нашальнік, мына алдыңызда отырған – немістердің шпианы Смағұл Байжанов. Райком мен райисполкомның, тағы басқа мекемелердің қызметкерлері өз қызметтеріне пайдаланатын аттарды бағып жүр десек, оларды бетімен жіберіп, еш алаңсыз ұйықтап жатқан жерінен ұсталды. Шаққа оятып алдық. Басты кінәсі – неміс елінен әкелінген түймелерді ауыл балаларына таратып беріп, басқыншылардың дүниелерін мадақтады, шенеліндегі кеңес түймелерінің көбісін жұлып тастады, олардың орнына жаудікін қадады! Қазір бұл тұратын ауылда елдің құндылықтарынан гөрі жаудікі жоғары, сапалы саналатын болған. Шалдарына дейін мұны жақтап, бізді даттап сөйлеуді үрдіске айналдырған. Күні бүгінге дейін райком мен райисполкомның аттарын қырып тастамағанына, сөйтіп, ауданды басшылықтың басқару қызметінсіз қалдырып үлгермегеніне таң қалып тұрмын. Мұның теріс ықпалы ауыл балаларының арасында да күшейіп кетіпті. Сондықтан көзіне көк шыбын үймелетіп, тезірек соттау керек!..

Оның сөзін осы жерден ишарамен бөле салған аудандық милицияның бастығы Ерболат Мірболатов Смағұлға қарап:

– Байжанов, мойындайсың ба бұл қылмысыңды?! – деп манадан үнсіз тұрған ол тосын мінез таныта ақырып қалды. Білімі жоқ ауыл адамын осымен қорқытып аламын деді-ау шамасы. Бірақ онысы кешегі майдангерге айта қаларлықтай әсер ете қойған жоқ. Үнемі «от құсып», «зірк» ете қалған күйі ауыр снарядтарды алысқа зытыратын зеңбіректердің қасында болу, ысқырған жау миналары мен оқтарының астында жүру, «қан кештім» дерлік небір қиын оқиғаны бастан өткеру Смағұлды не нәрсеге де салқын қандылықпен қарауға үйреткен-ді. Мұның тым сабырлылығы, керек десеңіз, Берия заманында халықтың ұғымына «жезтырнақ» кейпінде енген мекеменің қапасында қамауда жатқан адамның ертеңгі өз тағдырына деген мұндай «жайбарақаттығы» «қызыл жағалыларды» ашу шақыруға итермеледі.

– Әй, осы сенің тілің бар ма?! Млица нашальнігінің сұрағына неге жауап бермейсің, а?! Тіліңді әзір кесіп алған жоқ едік қой. Бүйте берсең, бізді бұған да итермелейсің, айтпады деме! – деп бір жағынан бастығына жағымпазданған, екінші жағынан Смағұлға тіл тигізіп «үйренген» Жартыбай бір құтырынса, бұжыр бетті, «қалың етті» Ерболат:

– Мә-ә, мынауың мына мені де көзге ілгісі келмейді ғой, ә?! Айрықша даярлықтан өткен шпион болса – болар! Өзін ты-ы-ым еркін сезінеді ма, қалай?! Өзінің артында бізге тізе бүккен тек неміс елі емес, бүкіл оның одақтастары тұрған сияқты көреді-ау деймін! Сосын бұл ерік-жігерін заңнан, заң органдарынан тәуелсіздікке түгел бағындырған сияқты.  Диверсанттар тым салқын қанды болады деуші еді, шпиондықтан да гөрі бұл осы категорияға жататын «халық жауы» сияқты ғой! Жолдас Көккөзов, тергеу, анықтау жұмыстары кезінде, міне, осы жағына көбірек көңіл бөліңдер! Мұның жұмыс істеп жүрген жерінде қандай мемлекеттік объектілер бар, солардың амандығын тексеріңдер! Бұдан үш күн бұрын облыста өткізілген үлкен жиналыста партия осы мәселені алға қойғанын ескертіп едім ғой бәріңе! Сталин жолдастың талабы – осы! Біздің қызметімізге жоғары жақтың берер бағасы осы қылмысты істі соңына дейін дұрыс жеткізе алуымызға тікелей байланысты. Біліп қойыңдар! «Дәу қараны» да іске қосуыңа болады, рұқсат етемін! – деп «көрегендікпен» тергеу жұмысын «жаңа арнаға» бұрып, камерадан шығып кете берді. Неге екені белгісіз, әншейінде  қарауындағыларға бұйрығын өз кабинетінде ғана беретін Мірболатов бұл жолы айыпталушының көзінше бұрынғыдан да гөрі оны зілдендіре, нығарлай жеткізді. Бұлардың әр сөзін мұқият тыңдап, бәрін ақылға салып отырған Смағұл: «Мені «немістің ілгегін алып келіп, соны мадақтады!» деп айыптағылары келеді екен ғой!… Айтпақшы, «Дәу қара» деп жаңағы кімді айтты?!» – деп, сұраулы ойдың «жаңа тізгінін» ұстады.

Бұған үнсіз қадала қарап, «Не істесем, бұдан қажетті жауапты тез ала аламын?» деп ойланып тұрған Жарты… Көккөзов сыртынан жабылмаған камера есігін итеріп ашқан күйі:

– Кезекші, маған «Дәу қараны» шақыр! – деп айқайлады. Арғы жағынан: «Құп болады, жолдас кіші лейтенант!» – деген біреудің, аяқ киімі төрт-бес өлшемге үлкен болса керек, әкесінің етігін киіп алған кішкене баладай тырпылдата жүгіріп кеткені естілді. Енді бір сәтте түрме дәлізі еденінің көне тақтайлары тым қатты сықырлап, бір «дәудің» маң-маң басып жақындап қалғанын сездіргендей болды. Смағұлдың төбе құйқасы соңғы үш жылда бірінші рет шымырлап қоя берді…

…1943 жылдың көктемінде орыстың кішкентай селосы үшін болған шайқастың қызған шағында алты жегін атты ықтасынға апара бергені сол еді, қайырылыстан шыға келген неміс солдаты мұның кеудесіне автоматын тақап тұрып, шүріппесін басып қалды. Зәресі зәр түбіне кеткен Смғұлдың төбе құйқасы бір шымырлап, қас қағым сәтке көздерінің қарауытып кеткені бар. «Мың күндік қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, ажалының жоқтығы ғой, «фрицтің» қаруының оғы таусылған болып шықты. Мұндай жағдайды күтпеген неміс те сасып қалып, қолындағы автоматын түсіріп алды. Ал Смағұл болса оның белбеуіндегі пышақты көз ілеспес жылдамдықпен жұлып алып, әлгінің өзіне жұмсаған-ды!..

…Ауыр темір есік тағы да «зарлай» ашылып, арғы жағынан бір нә-ә-ән қара көрінді. Қабақтары түксиген, қастары менен шаштарының арасы бір-ақ елі. Басы менен иықтарының арасында мойын дегенің жоқтың қасы. Еріндері маймылдардың (поляк елінде көшеде шашылып жатқан кітаптардың бірінен көргені бар) еріндерінен де үлкен, ерекше қолайсыз «дүниедей» көнтиіп тұр. Түрулі жеңінен мол көрініп тұрған білектері жүн-жүн. Ал жұдырықтарының әрқайсысы мұның басынан да көлемді. Бір-бір шоқпарды қолдарының орнына Алла тағала мәңгілік етіп бекітіп берген тәрізді. Бейне бір адам сабауға арналған «машина» дерсің! Смағұл мұның тірі жан екеніне де сенбегендей зерделей қарап отыр. Немістердің машина, т.б. жасауға шеберлігін білетін бұл алғашқыда сол жақтан әкелінген трофей-ау деп те қалды. Бір таңқаларлығы -«Дәу қараларының»  шындығында да жүзі қара болып шықты. «Мұның қолына түссем, өлтірері сөзсіз! Денелі адам қолапайсыздау келеді. Жылдам қимылдасам…».

Осы кезде мұның ойына бұрынғы спортшы, полк барлаушысы Денистің қолы бос кезінде үйреткен әдісі түсті…

Жарты…ның даусы шаңқ ете қалды:

– Пота-а-апы-ы-п…

Ол бұдан әрі орыс тілінде сөйлей алмай, «Дәу қараға» мұны иегімен нұсқады да, оң қолының жұдырығымен сол қолының алақанына ұрып қалды. «Мынаны саба!» дегені ғой. Анау да «Түсіндім!» дегенді білдіріп, басын изеді. Сосын: «Бастадым!» дегенді байқатып, өз кеудесін дүңк еткізіп өзі соғып қалды да, Смағұлға жақындай берді. Оң жұдырығы артында. «Шіреніп тұрып, үлкен серпінмен ұрып жібергісі келеді ғой!» деп пайымдаған Смағұл орнынан ұшып тұрып, терезеге қарай шегіне берді. Шинелін мана шешіп алып, басына жастағанына қуанды. Арқасы жарға тірелген бұл әлгінің көзін алдап әуелі оңға жылжи берді де, тез еңкейген күйі «Дәу қараның» сол қолының  астынан зу етіп өте шықты. Анау орыс тілінде оңдырмай бір боқтап алды да, ебедейсіздеу бұрылып, мұның соңына түсті. Тар камераның іші қолайсыздау болғанмен, бес жыл әскер қатарында болып ысылған, талай кедергілерден өтуді үйренген Смағұл елге оралғанына төрт жарым ай болса да қимыл ептілігін жоғалтпағанына тағы қуанды. Ананың ызаланғанын сезген бұл «Қимылдайтын уақыт жетті!» деп біліп, әуелі темір орындыққа, содан аяқтары еденге бекітілген кішкене үстелге атып шығып, пысылдап келіп қалған анаған қарай шалт бұрылды да, бір орында секірген күйі бар пәрменімен теуіп қалды. Қалың темір нәл қағылған етік «тұмсығының» «Дәу қараның» иек астына оңдырмай тигені сондай, әлгі байғұс шалқалаған күйі жарға шүйдесімен қатты соғылып барып, еденге кеудесінен жан кеткен адамдай созыла құлады. Смағұл да шалқасынан еденге ұшып түсті. Бірақ Денис үйреткен әдіспен екі шынтағы мен жауырынын «төсеп», басын еденге соғылудан сақтады да, бүкіл денесіне ширықтыра серпін беріп, сол бойда аяқтарына  қайта тұрды. Ал бұл жайдың куәсі болған Жарты… Көккөзовтің үрейленгені сондай, есікті жан ұшыра ұрғылап, «Ашыңдар! Ашыңдар!» деп тынбастан айқайлап тұр. «Енді бұл маған бас салмаса болар еді!» дегендей Смағұл жаққа жалтақ-жалтақ қарап қояды. Екі көзі аларып, ауыздарынан түкірік шашырап, денесі де дір-дір етеді. «Дәу қара» болса көздері жұмулы, қимылсыз, сұлық жатыр. Оның терісі сыдырылып, қанталаған иегі сол жақ иығына қарай қисайып қалған, аузынан баяу шұбырып қара қан ағуда…

…Үш қызыл жағалы бұған бір наган, екі винтовканы кезеп тұрғанда, тоғыз адам, іштерінде милиция қызметкерлері бар, ақ киім киген дәрігері де жүр бәрі әлгі дәуді шаққа көтеріп, сыртқа алып кетті. Бұған қару кезенгендердің камерадан шегініп барып шыққандары сол екен, ауыр есік сықырлай жабылып, сыртынан қара құлып салынды. «Диверсант» деп бұдан қорыққандары сондай, үш-төрт күн бойы камераға ешкім бас сұқпай қойды. Тіпті, облыс орталығынан арнайы келген НКВД-ның өкілі де есіктің тесігінен сығалап, ішке кіріп сөйлесуге жүрегі дауаламай: «Очень странно, странно… Диверсанту, вроде, он не похож…» – деп ол кетті… Осыдан соң мұны сырттағы әжетханаға ғана айдап апарып келу үшін біреуі наганмен, екеуі винтовкамен қаруланған бақандай үш адамды күні-түні кезекші етуге милиция бастығы мәжбүр болды. Бұлардың үшеуі  де ұсталған «диверсантты» облыс орталығына айдап кету үшін облыстың өкілі ертіп келген ішкі істер қызметі полкінің жауынгерлері еді…

…Смағұлды «Дәу қараның» тағдыры алаңдатты. «Өліп қалған жоқ па екен байғұс?… Басқаша қимылдасам, мені оның өзі өлтіріп тастауы мүмкін еді ғой» деп іштей ақталды. Кешкілік есіктің кішкене қақпақ жапқышы ашылып, одан екі көзі мен аузы-мұрны ғана көрінген адам сұқ саусағымен «Бері жақында!» деп белгі берді. Мырқым деген мұның бөлесі екен. Осы аудандық милиция бөлімінде түрмеге жабылғандарды қараушы болып қызмет істейді дегенді естіген-ді. Сыбырлап амандық сұрасқан соң ол:

– Сені қамауға алғанын естіген соң әкең қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Бике апам да (Смағұлдың анасын айтып тұр) сырқаттанып жүрсе керек. Келсе де оларды саған кездестірмейді. Мыналарды біздің үйдегі жеңгең беріп жіберіп еді, көрсетпей жерсің. Менің қолымнан бұдан басқа келер ештеңе жоқ… Айыпқа бұйырма… – деді құрт-ірімшік салынған бөз қалтаны беріп тұрып. Даусынан қынжылыс лебі сезіледі. Смағұл:

– Әлгі «Дәу қара» дегені кім? Қазақтар ғана тұратын ауданда ол қайдан жүр? Оның қазіргі жағдайы қалай екен? – деп өзін өткен жолғы оқиғадан бері жиі мазалап жүрген жайды сұрады. Мырқым мұның қайдағы біреуге бас ауыртып тұрғанына ренжіп:

– Әй, Смағұл-ай, өз жағдайыңды ойламайсың ба, сайда өзі, құмда ізі жоқ біреу жайлы бас ауыртқанша! Ол талай бейкүнә жандардың қанын жүктеген қолшоқпарлардың бірі көрінеді. Сен оның жағын сындырып жіберіпсің. Басы тас қабырғаға оңбай соғылғандықтан шығар, әлі есін жиған жоқ дейді! Доғдырлар «адам болып кетуі екіталай» деп отырған көрінеді. Атасына нәлет! Өле берсін! Шынына келгенде, соғысқа дейін ол ақша салған ауыр темір жәшіктерді арқалап кетіп, тасқа ұрып қирататын ұры болса керек. Ресейдің бір қаласында млица бастығы қолға түсіріп, кейін оны ақша ұрлатуға өзі де пайдаланып келген дейді… Қылмысы ашылып қалып, млица бастығы атылып өлгеннен кейін әлгіні НКВД бөлімдері тергеу жұмысына пайдаланып жүрген көрінеді. Өткен жолы облысқа жиналысқа барған біздің бастық қолқалап сұрап алып келді басшыларынан. Әбіштің баласы Еркінбекті білесің бе, білмейсің бе, соны көрші ауылдан сиыр ұрлады деп айыптап, мойнына алдыра алмаған соң жаңағы «қара малғұнды» камераға жіберді, сөйтіп, әлгі байғұсты өлтіре сабатты. Бірақ мойындата алған жоқ. Қазір Еркінбек аудандық ауруханада жайсыз жатыр. Өлетін шығар… Саған Алла тағала жақсылап көмектесті ғой… – деді де арғы жағынан аяқ тықыры естілген соң есіктің саңылауын қақпағымен жаба қойып, дәлізді бойлап ары қарай кете барды…

…Арада тағы екі күн өткенде облыс орталығынан келген НКВД өкілінің төрағалығымен аупарткомның, ауаткомның бірінші басшылары, аудандық милиция бастығы, прокурор құрамына кірген комиссия Смағұл Байжановқа «диверсант әрі Германия мен Жапонияның шпионы, НКВД облыстық басқармасының кәсіби даярлығы ең  мықты қызметкерін тергеу кезінде мүгедек етті» деген айып тағып, он жеті жылға бас бостандығынан айырып тынды. «Атышулы «Дәу қараны» шәйімге келтірмей жайратқан жау диверсанты бәрімізді бірдей қырып кетер!» деп қауіптенген болулары керек, мұның тағдыры шешілген әлгі басқосуларына Смағұлды қатыстырған да, енді қайтып бұдан ештеңе сұраған да жоқ. Баяғы отыз жетінші жылғы «үштіктің» «қызмет нәтижесінен» мұның айырмасы – бұл жолы түйме үшін «күйген» жанның тағдырын бақандай «бестік» шешті…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button