Мәдениет

«Біз бір отбасы секілдіміз»

Қырық жыл бойы «әкемтеатр» сахнасында әйгілі Әзірбайжан Мәмбетовтен бастап, көптеген режиссерлер Оған басты рольдерді сеніп тапсырды. Ол бүкіл даланы табындырған арулардың бейнесін сомдады: Баян, Ақтоқты, Айман, Әйгерім…

Қазақтың Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының мақтанышына, қазақ театр өнерінің жұлдызына айналған тұлғалардың арасында Бақыт Жанғалиеваның есімі біз үшін әрдайым ыстық. Ол – өзіміздің жерлесіміз. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Жанғалиеваның өнердегі, еңбектегі табыстары туралы көп әңгімелеуге болады. Ал өмірде ол өте қарапайым адам.

Әуезов театрының Ақтөбеге гастрольдық сапары кезінде Бақыт Жанғалиевамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жерлестеріңізбен бірге тағы бір еске алсақ: өнер әлеміне қалай келдіңіз?

– Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін бірге оқыған бір топ қыз Ақтөбеге, педагогикалық училищеге жиналды. Соларға мен де ілестім. Бірақ педагогикалық училищеден гөрі мәдени-ағарту училищесіне көңілім бұра берді. Әрі-бері ойланып көріп, театр бөлімін қаладым. Бағыма қарай Нұраш Тілепбергенов, Шәймерден Хакімжанов сынды ұстаздардың алдына келіппін. Шәймерден ағай Мәскеудегі Луначарский атындағы театр өнері институтын бітірген…

– Атақты ГИТИС қой?

– Білуімше, Шәймерден ағай Ыдырыс Ноғайбаевпен қатар оқыған. Ал Нұраш ағай Ташкенттің өнер институтын тәмәмдаған. Сондай білімді, парасатты, мәдениетті адамдардың шәкірті болу да тағдырдың бір сыйы деп есептеймін. Өйткені өмірде шала сауатты оқытушылардың талантты, болайын деп тұрған жастарды бұзып жіберетіні де бар ғой. Иә, бұл әңгіме арасында айтылған ой ғана… Мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін жоғарыдағы ұстаздарым маған: «Бақыт, әрі қарай оқы. Сен үлкен сахнаның адамысың, көміліп қалма», – деп жөн сілтеді. Сөйтіп Алматыға барып, өнер институтына, Рабиға Мұқаеваның класына түстім.

– Ал бұдан қырық жыл уақыт бұрын, Әуезов театрына алғаш келген кезіңізде, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова сынды аруақты тұлғалардың көзін көрдіңіз…

– Сол кезді, сол адамдарды әрдайым үлкен сағынышпен еске аламын. Мен қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын Әуезов театры сахнасына студент кезімде-ақ келдім. Студенттер көбіне жалпы көріністерге қатысатынбыз. Жоғарыда өзің есімдерін атаған адамдармен қоса, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Бикен Римовалар бар, олардан бергі буын – Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов ағаларымыздың тұстастары бар – солардың әрқайсысының ойынға дайындығын көру, пікірлерін, бір-біріне айтқан әзілдерін есту біз үшін үлкен мереке болатын. Институт бітіріп, театрға қабылдандым, жауапты рольдерде ойнайтын болдық. Сол кезде қазақ өнерінің бастауында тұрған, әр басқан іздері аңызға айналған тұлғалардың ақыл-кеңестерін, әрине, сан рет тыңдадық. Олар әр қадамымызды бақылап: «Мынауың артық болды», «мына жерде былай етсең қайтеді?» – деп отыратын, қазір ойласам, бұл үлкен мектеп екен. Серағаң мені «Кірпік» деп атайтын. Әрдайым: «Әй, Кірпік, ұмытпа: өзің ойнайтын аруларға түр-түсің сәйкес келер, бірақ сахнаға олардың түр-түсінен бұрын жүрегін алып шығуың керек, жүрегін!..» –  деп шегелейтін. Бірде көркемдік кеңеске Еңлік бейнесін ұсындым. Сонда Сәбира апамыз: «Мен Рабиға Есімжанованы көргендей болдым», – деп көзіне жас алды. Өнер жолын енді ғана бастаған жас кезім ғой, Сәбира апаның толқынысы маған қатты әсер етті, нақ бір сол кісіден бата алғандай, бойымда бір жігер, сенім пайда болды. Олардың табиғи таланты, білім-парасаты – өз алдына, оған қоса жан-жағына шапағат, мейірім төгіп жүретін, ерекше шуақты тұлғалар еді. Өкінішке орай, сол жандарды арамыздан ерте кеткендей көремін. Бір жылы Алматыға қырғыздың мемлекеттік театры гастрольға келді. Араларында үлкен-үлкен ақсақалдар жүр екен. Соларға қарап, алдымыздағы апа-ағаларымыз еске түсіп, «тірі болса, олар да ортамызды толтырып жүрер еді-ау» деп көңілім жетімсірегендей бір күй кешкенім бар. Қарап отырсам, біздің қатарымыз да азайып қалыпты. Ал бізден бұрынғылардан қазір, міне, жетпістен асқан шағында сахнаға шығып жүрген Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбай ағалар бар. Қатары сирегенде сезінесің: үлкендердің орны бөлек екен…

– Әуезов театрының бүгінгі ұжымы туралы не айтасыз?

– Аруақты аға-апаларымыздан береке-бірлікті мұраға алып қалған ұжым дер едім. Біз бір отбасы секілдіміз. Ауыртпалықты бірге көтеруден қашпаймыз. Ал бір режиссеріміз туралы мақтау айтылса, оны бәріміздің адресімізге қабылдаймыз, түгел қуанамыз.

– Әртістің бағы жануы режиссерге байланысты деседі?..

– Олай десе, мен бақытты әртіспін. Театр табалдырығынан алғаш аттағанымда-ақ Әзірбайжан Мәмбетов Баян ролін тапсырды. Беріде Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Есмұқан Обаев, Болат Атабаев сынды ең мықты режиссерлерімізбен жұмыс істедім. Әрине, режиссерге де өзінің ойын, мақсатын түсіне білетін, соны көрерменге жеткізе алатын әртіс керек қой.

– Сіз үшін өмірдегі сәттіліктіктің көзі?..

– Еңбек. Мен барлық қиындықты еңбекпен жеңуге болады деген сенімнің адамымын. Өмірде әркім әр түрлі жолдармен табысқа жетуі мүмкін, бірақ өз адал еңбегің, маңдай теріңмен жеткен табыс қана баянды болмақ.

– Қандай адамдарды ұнатасыз?

– Қулығы жоқ, адал адамдарға жақын жүргенді жөн көремін. Әрине, «қулық та ақылдың бір сыңары» деп жатады ғой. Оған дауым жоқ. Бірақ не болса да шынын айтатын, ішіне қулық-сұмдық бүкпейтін, аңқылдаған жандардың жанында жүруден артық бақыт бола ма?

– Әрине, талай гастрольда болдыңыз. Алайда туған жердің орны бөлек қой?..

– Ақтөбеге мен театр ұжымымен бірге бірінші рет келіп отырмын. Жастар жағы: «Ақтөбенің қыздары ақ құба, бойшаң келеді екен. Біздің Бақыт апа секілді… Сірә, осы жердің табиғатынан ба?» – деп бір таң қалысып қойды. Расында да, әр жердің табиғаты бөлек, суы, аң-құсы басқа. Ол құстардың үні, әні бөлек – соның бәрі адамның көңілінде із қалдырады, мінез-құлықтың қалыптасуына әсер етеді. Ал топырақ құрамының күнделікті тағамға, суға әсері бар. Түптеп келгенде, жерлестерің қалай да бір ортақ қасиеттермен саған жақын болып, жылы ұшырап тұрады екен. Кезінде мен даусыма байланысты мақтауды жиі естідім («Әрине, мұны жазбай-ақ қой. Жұрт мақтанды деп қабылдар», – деді Бақыт апай. Ол өтінішін орындай алмадық. Өйткені «Бақыттың даусын-ай!» деген мақтаудың жиі айтылғаны өнерсүйер жұрт жақсы білетін ақиқат қой? – авт.). Ал осы жолы байқадым: Ақтөбенің қыздарының үні шыныменен де бөлек… Нақ бір күміс қоңырау сыңғырлап тұрғандай әсер қалдырады екен. Мұны әріптестерім де айтып жатыр. Мен іштей: «Туған жер деген осы-ау!» – деп қойдым. Ақтөбенің кең даласында, сол даланың бір бөлшегі екенімді мақтан етіп өстім. Шетке кеткеніме қырық жыл болғанымен, әрдайым ел жаққа алаңдаймын. Республикалық деңгейдегі бір спорттық жарыс болады дегенді құлағым шалса да, «Ақтөбеден кімдер қатысады екен?» деп сыртынан тілектес болып жүремін. Енді, міне, балам да осы елге келе жатыр.

– Балаларыңыз туралы айтсаңыз…

– Екі бала өсірдім. Қызым Айдана – банк қызметкері. Ал ұлым Сырым о баста шет тілдер институтын бітірген еді. Бірақ кейін өнер жолын қалады. Бұйырса, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрына келмекші…

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО халық әртісі:

– Бақыт Жанғалиевамен отыз жылдай бірге қызмет еттік, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», басқа да қойылымдарда бірге ойнадық. Әріптес ретінде ол маған ұнайды – өте талантты,  әр роліне жауапкершілікпен қарайтын актриса. Бақыт – үлкен жүректі адам. Сахнада да,  өмірде де ешкімді ренжітпеуге тырысады. Ол – екі бала тәрбиелеп өсірген ана. Ақтөбені, туған жері – Шалқарды әрдайым еске алып, ел жақтан жеткен әр хабарды жанына жақын қабылдайды, жақсы жаңалық болса, қуанып, көңілсіз жайларға ренжіп жүреді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button