Әлеумет

Бұқара

  • Айтайын дегенім…

ҚОЙ ТЕРІСІН ЖАМЫЛҒАН ҚАСҚЫР

ешкімнің де көзіне түсер емес

Бұлай айтуым, бәлкім, шамадан тыс «асыра сілтеушілік» те болар. Дегенмен батырып айтпасақ тағы болмайды. Кейде тым жұмсақтық танытып, «әй, құрсыншы, онда менің не шаруам бар» дейсің. Тым бейжайлық та жақсылыққа апармайды екен.

Айтайын дегенім… қаланың шет жағында, көлденең көзден аулағырақ, көп ешкімнің назарын аудара бермейтін Чекалин көшесі бар. Сол көшенің бойында «Алмаз» деген әдемі дүкен бар. «Е, оның несі жаңалық, дүкен деген кез келген жерде тұрған жоқ па?» дерсіз. Дұрыс-ақ, бірақ бар гәп сол дүкеннің сырты емес, ішінде болып тұр ғой. Түсініктірек баяндайын.

Дүкеннің сыртында мін жоқ. ««Алмаз» азық-түлік дүкені» деп қазақша-орысша маңдайшаға жарқыратып жазып тастаған. Кәдімгі дүкен. Бірінші есігіне кірсеңіз, нан мен сүттің саудасы, яғни азық-түлік. Ал екінші есігіне енсеңіз, «таңғажайып әлемге» тап боласыз. Қалайша дейсіз ғой? Үндемеңіз, дымыңыз ішіңізде болсын. Мұнда комьпютерлік ойын бөлмесі. Кіресіз де жайғасып отырып алып ойнай бересіз. «Бала емеспін ғой» дерсіз. Рас, бала емеспіз. Бірақ менің, сенің, оның баласының діңкесін құртып, бар ынта-шынтасын аударып, өзіне қарай ноқтасыз сүйреп тұрған осы «дүкен» туралы айтпасқа болмады. Өйткені бала тәрбиесі бәрімізге де ортақ. Тәрбие демекші, манадан бері айналшық жегендей айналсоқтап айта алмай отырғанымыздың бәрі осы сөзге келіп тірелері хақ.

Компьютерлік ойын клубы…бала…ақша…ата-ана…тәрбие… Енді осының бәрінің басын құрап көріңізші. Бір қазанға сыймайды. «Аққу көкке, шортан көлге» тартып тұр. Не істеу керек? Қолды қусырып қарап отыруға болмайды, бір қарекет жасау керек. Қандай?.. Тағы да сұрақ. Сұрақ көп, жауап неге аз?..

Мен айтып отырайын, сіз туындаған мәселелерді санай отырыңыз. Сонымен…

Компьютерлік ойын клубы есігін айқара ашып «кел, кел» деп тұр, бала барғысы келеді, ата-анадан ақша сұрайды, ата – анасы: «Оған барғанша, неге сабағыңды оқымайсың?» – деп ұрсып, жекиді, біраз сөйлейді. Баланың көңіл-күйі түседі, тіпті, жылайды да. Отбасының тыныштығы бұзылады. Бала далаға кетеді, ал далада … компьютерлік клубтан шыққан досы күтіп тұр. Ол әлгінде ғана «қарсыласын» (ойындағы, әрине) қалай өлтіргенін, маңдайына қалай дәл тигізгенін майын тамызып айтып береді. Бала емес пе, бұл да қызығады, бұл да «өлтіргісі» келеді. Әжесі мен атасының, нағашысы мен апасының берген аз-маз ақшасын қалтаға басып алып компьютерлік клубтан бір-ақ шығады. Сіз «бермеймін, бармайсың» десеңіз де, бала бәрібір бір  есебін табады. Айызы қанып ойнайды. Ойын болғанда қандай! Атыс, шабыс, кісі өлтіру… Сұмдық. Адам шошырлық. Компьютерде істегенін басқа жерде, тіпті, өз отбасында істемейтініне кім кепілдік бере алады?

Қатыгез ұрпақ қайдан шығып жатыр дейміз. Міне, ешқандай дәлелді керек етпейтін ақиқат. Қаланың «Шанхай» деп аталатын түп бөлігінде қой терісін жамылып алып осындай үлкен қасқырдың жатқанына көп болды. Олай дейтінім, мен сол ауданда сегіз жылдан бері тұрып жатырмын. Әлгі «дүкен» содан бері бар. Оның алдында да болған. Арғы жағын өзіңіз санай беріңіз. Бір кезде көптеген компьютерлік ойын клубтары жабылған сияқты еді. Айтпақшы, сол тұста болар, осы «дүкеннің» маңдайшадағы «Компьютерлік ойын клубы» деген жазуды алып тастағаны. Әлдекімдердің пайда табу үшін жасап отырған әрекеті бала тәрбиесіне балта шауып отырғанын неге елемейміз? «Есектің артын жу да мал тап» деген сөз бар. Табыс табудың, пайда табудың жолдары көп-ақ. Есебін тауып істей берсін, бірақ таяқтың бір ұшын бассаң, екінші ұшының маңдайға келіп тиетінін ескерген дұрыс.

Ал енді осынша уақыт күтуге не себеп дейсіз ғой. Сол баяғы қанға сіңген «құрсыншы». «Менен де басқалары бар ғой, құзырлы органдар қайда қарап отыр?», т.б. сылтау жетеді. Бірақ «күл болмасаң, бүл бол!» деп қолды бір сілтеп жүре беруге бұдан әрі шыдамадым. Бәлкім, менен басқалардың мәңгілік шыдайтынына көзім жеткеннен шығар. Не болмаса барлық балалар жүрегіндегі ізгілік пен мейірімділікті сақтап қалуға ұмтылысым болар. Білмеймін… бірақ бір нәрсені білемін, ол – жалғыз жүріп жол таба алмасым анық. Менің жазғанымнан, менің айтқанымнан ештеңе өзгермейді. Ол айдай ақиқат. Осы жолда жалғыз сенерім де, сүйенерім де өздеріңіз, құрметті «Ақтөбе» газеті. Осы айтылған уәжді естір құлаққа, жауапты орындарға жеткізіп, сіз боп, біз боп бала тәрбиесіндегі ұсақ-түйек деп ажыратып жатуға болмайтын бір іске нүкте қоялық. Жүгіміз жеңілдей түссін. Болашаққа бағыт алған барлық жүрек ізгілікке, нұрлы шуаққа толы болғай.

Ажар ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Базына

ҚУАНДЫҚ ӘЛІШЕВКЕ ХАТ

Қымбатты Қуандық Зейнешұлы!

Ізгілікке із тастар, келешекке жол бастар ағаны қамқорлыққа алар, жас қоғамға тіреу болар қымбатты Қуандық Зейнешұлы!

Жеке басыңызды мадақтағаннан гөрі, Сіздің ел-жұрт үшін жасап жатқан игіліктеріңізді мақтан еткеніміз жөн болар еді-ау. Бірақ…

«Жарты жолда атың өлмесін, жас ортасында қатының өлмесін» дегенді естіп өсіп ек, 1993 жылдың 18 мамыры күні еңкеюге қараған шақта, әлгі тілек сыртын берді.

Келер жылы – 1994 жылы бұрынғы Калинин атындағы кеңшардың директоры Үбініғажылт Жұмағалиевтің үйінде ғылым кандидаттары алматылық Тұрсынбаев, Жанша Тәжин, Әділбек Аяпбергенов бесеуің ақ қойдың «гонорарын»  ойластырып жүргендеріңізде кездесіп, бірге қондым. Бұл мамырдың екісі болатын, түс мезгілінде тас жолға шығарып салыстым. Оның бер жағында екі көз бірде қан қысымына тап болып, бірде шел басып, үш рет операция жасаттым. «Ауру болдың – әлек болдың» деген, содан Ақтөбеге қоныс аударуға мәжбүр болдым.

Сізге сонда жағдайымды ескертіп едім. «Түйелеріңді сатып аламын», – дедіңіз, мен сендім. Тіркемелі машинаға тиеп 400 шақырым, Хлебодаров ауылын қосқанда 440 шақырым  жерге үш іңген, бір сүт тайлақты өз күшіммен апарып бердім. Бір түйенің құнын жолға жұмсадым. Үш түйеге алғаным – 150 000 теңге. Тайлақ саудаға да кірмей, пұлсыз кетті. Содан «Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген тіркес ойыма жиі оралатын болды. Қайғының үстіне қан қысымы қосылып, байтал түгіл бас қайғы болып кеткені және бар.

Тірі адамға мал керек. Ақ адал еңбекпен, тірнектеп жиған малын сұрады деп айыптамассың. Мал қанша тәтті болғанымен, «Малым жанымның, жаным арымның садақасы» деп өскен қазаққа ар қымбат, көңіл қымбат. Бар бәледен ұят сақтаса, игіліктің байламы да ұятта. Текті адам тиын үшін тіреспес, қиянатқа кіріспес.

Шәкәрім қажының: «Шаранамен туып едің, бөз оранып өтесің. Бір сағымды қуып едің, қай уақытта жетесің? Қанша дәулет жинап едің, бәрі қалды, не етесің? Мал үшін жан қиып едің, қайтіп алып кетесің?» – деп ХХ ғасырдың басында айтқан пікірі фәни дүниедегі бар пендеге ғибрат болса керек. «Пендеге пәни дүние аз күн ермек, өмірдің алды тәтті, арты кермек», – демекші, өмірдің арты да тұшымды, тәтті болғай.

Мен Сізден салиқалы ой, парасатты пікір күтемін. «Ақылы асса, аға тұт» дегендей, дәулетіне сәулеті сай, елі үшін тер төгіп жүрген, «тікенекті еңбекпен гүлге айналдырар» Сіздей тіршілігін күрмеуі қиын, тынымсыз еңбектен күтер қабырғалы азаматтан күтерім – игілік.

Түгел оқып шығып, жауап берер деген үміттемін. «Бір күн дәмдеске қырық күн сәлем» дегендей, кең пейіл, түзу сәлемнен құдай айырмасын!

Мекен-жайым: Ақтөбе қаласы, Есет батыр көшесі, 107-үй, 57-пәтер. Телефон: 54-54-41.

Құламанбай СӘТЕРОВ.

  • Жаңғырық

ХАТ ЖАЗУДЫ ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ!

Естеріңізде болса, құрметті оқырмандар, «Ақтөбе» газетінің өткен жылғы 20 қарашасында жарық көрген санындағы «Бұқара» бетінде менің «Келініңіз қандай?» атты шағын мақалам жарияланған болатын. Оқырмандарды қызықтырған болса керек, менің мақала соңында жазылған электронды поштама осы тақырыпқа орай көп хаттар келді. Бір қызығы, пікірлер оқушы іні-қарындастарымнан бөлек, өзін Ақлима әже деп таныстырған кейуанадан да келді.

«Айтарым бар» айдарымен берілген шағын материалымда мен қазіргі келіндер турасында қысқаша ой қозғаған едім. Әлбетте, жастығыма байланысты келісті немесе келсап келіндер туралы толыққанды пікірлерім қалыптасып үлгермеуі де мүмкін. Оны мойындаймын. Десек те өз пікірімді айтқым келді.

«Ақтөбенің» бейсенбілік саны жарыққа шыққаннан соң, «Бұқарадағы» келінге байланысты мақалама ғаламтордағы поштама оннан астам хат келді десем, артық айтпаспын. Пікірлердің көп бөлігі газет шыққан күні-ақ жіберілген екен. Мәселен, Бақытгүл Рахат, Әйгерім Тілегенқызы, Таһир Асқаров және өзін интернеттегі хатынан Періште деп таныстырған замандастарым менің пікіріме қосылып, ойымды қуаттайтынын жеткізіпті. Әйгерім, Таһирлер осы тектес материалдарды газет бетінен тағы да көргісі келетіндіктерін айтып, айқара беттің ұйымдастырушысы Мейрамгүл Рахатқызына оқырмандардан сәлем жолдауымды сұрапты. Қуантарлығы, Жеміс Ахмет, Алтынай Әбілқызы, Ақбөбек Жұбаназарова (аты-жөндерін хатта солай көрсеткен – А.Т.) сынды жас келіндер енелерімен жақсы тіл табысатынын айтып, отбасының айрандай ұйып отыратынына көп жағдайда келін жауапты деп жазыпты. Олардың айтуынша, барлығы да кішіпейіл келіндердің қолында. Келін жақсы болса, отбасының жылуы да тарқамайтынын аталған ақтөбелік үш келін де басты назарға алған. Шыны керек, электронды жәшігімді ақтара отырып, бір қызықты хатқа да тап болдым. Өзін хатында Ақлима әже деп жазған оқырман «бәрі де шаңырақтың егесі – ұлдың намыс-жігері арқылы шешілетінін» айтады. Расын айтсам, қысқаша ғана жазылған хатқа мен күмәнмен қарадым. Неге десеңіз, кейуананың ғаламторда отырумен бірге хат жіберетіндігіне сенгенім жоқ… Бірақ, бәлкім, немерелеріне жаздыртқан шығар деген ой да келді. Қалай болғанда да пікірталасқа үлкен адамның қатысқандығына мен шын қуандым.

Сонымен қатар газет бетінде менің хатыма байланысты «Жаңғырық» айдарымен жарияланған мұғалжарлық А.Ыбраеваның «Пікір қоссам деп едім…», Л.Бақанованың «Аналар ақылын тыңдасақ…», т.б. тақырыбымен берілген пікірлерін толық оқып шықтым.

…Тұрақты оқырман болуы керек, қаладағы кітапхана қызметкерінің де айтары бар көрінеді. Ол осы уақытқа дейін келін тақырыбына байланысты материалдардың барлығын да оқып жүр екен. Алғашқы сессияма қажетті кітаптарды іздеп, жергілікті кітапхананың біріне бас сұққаным бар. Оқырман билетін көрсетіп, оқулық алайын деп тұрғанымда: «Сенің фамилияң таныс. Бір жерден естігенім бар. «Ақтөбе» газетіндегі келінге байланысты мақала жазған студент сен емессің бе?» –  деді ойда жоқта кітапханашы. Ол студенттің мен екендігін айттым. Кітапханашы апай: «Сенің қарашадағы мақалаңа оқырмандар өз ойларын білдіріп жатыр ғой. Білесің бе? Сен де бар екендігіңді көрсетіп, тақырыпқа орай түйінді пікіріңді жазбайсың ба?» – деп ұсыныс айтты. Менің шағын ғана хатымның осындай пікір тудырғанына мен риза болдым.

Қарап отырсам, Тышқан жылында менің «Бұқараға» шыққан мақалаларым 20-ға таяп қалады екен. Бір қуаныштысы, мен «Бұқара» арқылы көптеген достар таптым. Олар үнемі басылымда жарық көрген мақалаларыма өз ойларын білдіріп, электронды поштама ұсыныстарын да жолдап жібереді. Газеттегі тақырыптық бетке келінге байланысты оқырмандардың араласуымен қорытынды мақаламды жазумен қатар алғашқы сессиямды да түгел «5»-ке тапсырғаныма қуаныштымын!

Амандық болса, Жаңа 2009 Сиыр жылында да «Бұқараға» материалдар жіберу ойда бар. Хат жазуды ұмытпаңыз, оқырман! «Бұқарамен» бірге болсаңыз, өкінбейсіз…

Айбек ТАСҚАЛИ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті.

aibek_taskali@mail.ru

Бір тақырыпқа екі хат

ДӨРЕКІ ДИРЕКТОРДЫҢ ҚЫЛЫҒЫ

Құрметті редакция! Сіздерге бұл хатты жазып отырған – Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары. «Шыдамның да шегі бар»  дегендей, біз хатты амалсыздан жазып отырмыз. Бір нәтижесі болар деп үміттенеміз.

Ауылда 11 жылдық мектеп бар, аралас мектеп, бірақ онда оқитындардың дені – қазақтың балалары. Осы мектептің кәсібі – оқушы балалардан ақша жинау. Сөзіміз дәлелді болуы үшін айтайық, кеше ғана жаңа жыл өтті, сол жаңа жылдың алдында мектептің спортзалына қойылған шырша ағашын безендіру үшін барлық сынып оқушыларынан 50 (елу) теңгеден ақша жинап алды.

Мектепте жылына 1 рет тест өтеді. Оған міндетті түрде әр баладан 200 (екі жүз) теңгеден жинап алынады. «Ол не үшін жиналады?» деп сұрасаң, басыңның бәлеге қалғаны. Шарылдап ұрысқанда, мынау директор ма, әлде үй шаруасындағы әйел ме деп қаласың. Оқу жыл басталғалы қалақ, сыныпқа шелек аламыз деп балалардан ақша жинайды.

Жыл сайын 20-40 бала мектеп бітіреді. Оқу жылы аяқталысымен балалардан ақша жинау тағы басталады. Алдымен мектепке бағалы сыйлық, содан соң сынып жетекшісіне өзінің тапсырысы бойынша қымбат алтын сырға немесе  хрусталь алу керек. Ақша ата-аналардың қалтасынан шығады. 4-сынып бітірген оқушылар да солай, 11-сынып бітіріп жатқандай, олар да апайына бағалы сыйлық алады және міндетті түрде кафеге отыруы керек.

Бұл мектептің былық-шылығы өз алдына бөлек әңгіме. Директор бухгалтермен қосылып алып, екеуі өзіне қарсы келген мұғалімдердің айлығын кемітіп тастайды. Мектепте асхана жұмыс жасайды. Балаларға беретін тамағы – майы шылқыған пирожки мен газдалған сусын. Ол балалардың асқазанына кері әсер етеді. Онымен мектеп басшысының шаруасы жоқ. Сауда жүрсе болды.

Сынып жетекшілерінен «Неге ақша жинай бересіңдер?» деп сұрасаң:  «Директордың бұйрығы солай», –  дейді.

Мектептің өзінде ауыл шаруашылығын басқаратын әйел екі жұмыс жасайды. Әрі завхоз, әрі оператор. Оператор болып жолдасын тіркетіп қойған… Директордың сөзін сөйлейтін өз командасы бар. Қалған жай мұғалімдер аузын аша алмайды. Себебі сағаттарын қысқартады. Құрметті редакция, осы арызымызды аяқсыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Нәтижесін күтеміз. Біз, ата-аналар, өз фамилиямызды жазбай отырмыз. Себебі мектеп бітіретін балаларымызға кесірі тиеді.

Бір топ мектеп бітіретін балалардың ата-аналары.

Бестамақ ауылы,

Алға ауданы.

ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР

Кезінде Мұғалжар аудандық Ембі қаласындағы шығармашылық дамыту орталығында жұмыс істеген едім.

Басынан баяндайын.

Ашылғанына көп уақыт болмаса да бәрі ойдағыдай жүріп жатты.Неше түрлі үйірмелер,  атап айтсақ, домбыра, би, тігін, компьютер сияқты үйірме тобы жұмыс істеді. Оқушылар әр түрлі байқауларға қатысып, өз өнерлерін көрсетіп жүрді. Байқау байқау ғой, осында қызмет істейтіндер арасында реніш туды. Неге?

Себебін айтайын.

Әңгіме есеп-қисапты ретке келтіретін, уақытында айлығымызды әкелетін есепшіміз жайлы. Сол кісі келгелі еңбекақымыз уақытында келуді қойды.

Қарызға баттық, бірақ ештеңе деп айтуға дауаламадық.

Әуелгіде айлықты уақытында бұрынғыдай ведомостьпен алып жүрдік. Содан есепшіміз: «Айлықтарыңды банкомат арқылы аласыңдар», – деп бір қуантты. Қуанышта шек жоқ. Келесі айлық кезінде қолымызға карточкамызды алып, «Халық банкіне» бардық. Ондағылар: «Айлықтарың әлі түскен жоқ», – деп кері қайтарып жіберді. Содан баяғы күй басталды. Жұмыстағылар банктен алған қарыздарын қалай төлерін білмей жүрдік. Айлық кезінде жинақтаушы зейнетақы қорына ақша аудару керек еді. Соны бәріміз тексерсек, ешқандай да мағлұмат болмай шықты. Сонда қалай? Карточкамыз еш қозғаусыз қалтамызда жатыр. Бұл не деген бассыздық? Не деген масқара?

Мынадай өз жұмысына салғырттықпен қарайтын нем кетті есепшіге тоқтау салар кім бар? Осының кесірінен талай қолынан іс келетін іскер мамандар жұмысынан кетті. Мен де шыдамай басқа жұмысқа ауыстым.

Құрметті редакция! Жоғарыдағы жазғандарым бәрі шындық. Ақиқатын өздеріңнен күтеміз. Аты-жөнімізді келтіре алмаймыз. Қалғанына кесіріміз тиіп жүрер.

Ембі қаласы.

  • Сіздің хатыңызға орай

Жоғарыдағы екі хатқа орай біз мәселенің мән-жайын білейік деп Ақтөбе облыстық білім басқармасының бастығы А.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВКЕ хабарласқан едік. Басқарма бастығы былай дейді:

«Дөрекі директордың қылығы» деген хатқа орай:

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 21 қарашадағы №02-4-1/1103 хатының негізінде 2008 жылдың 17 қаңтарында облыстық білім департаменті бойынша №32 «Білім беру мекемелерінде заңсыз ақша қаражатын жинауға тыйым салу туралы» бұйрық шығарылды. Бұл бұйрық бойынша білім беру мекемелерінің басшыларына заңсыз ақша қаражатын жинау фактілерінің алдын алу жұмыстарын күшейту жүктелді. Және білім бөлімдеріне, заңсыз ақша қаражатын жинау фактілерін болдырған білім беру мекемелерінің басшыларына қолданылатын шараларды күшейту, соның ішінде мекеме басшысын жұмыстан босату шарасын қолдану тапсырылды.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының «Білім беру ұйымдарының ақылы негізде тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) ұсынуы» бабына (63) сәйкес, білім беру мекемелері ақылы қызмет көрсетуге құқылы.

Аталған Заңның 63-бабында көрсетілген қызметтен басқа қандай да болмасын қызметтер үшін ақша жинауға тыйым салынады.

«Шыдамның да шегі бар» деген хатқа орай:

Мұғалжар ауданының Ембі қаласындағы шығармашылық дамыту орталығынының бюджеттік бағдарлама әкімшісі – Мұғалжар аудандық білім бөлімі.

Білім бөлімінің берген ақпараты негізінде шығармашылық дамыту орталығында 23 адам жұмыс жасайды. 2009 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша еңбекақы төлемдері, зейнетақы жинақтаушы қорына аударылатын төлемдер бойынша берешек жоқ. Ай сайын төленетін еңбекақы жинақ кітапшасы арқылы жүргізіледі.

  • Мәселе

ДҰРЫСЫН КІМ АЙТАДЫ?

Менің осы хатымды редакция алқасы қарап, газет бетіне жариялап, өз бағасын бере жатар. Біз егеменді ел болып, өз дінімізді, ділімізді дұрыстап, жер-жерге мешіт салдырып, иманымызды байытып келеміз. Алла жолына, Мұхаммед пайғамбар жолына деп Алладан ақ тілек тілеп, дүниеге аттанған адамдарыңызға иман тілеп аттандырамыз. Қараша айының басында Рысқали Есенғалиев деген қарттың кемпірі бақилық болы, соған құран оқуға бір молда келді. Содан әлгі алаяқ қарт жаназасы, құран шығуы, тіпті, өлгеніне бес жыл болған Рысқалидің шешесінің басына дұға оқып, «оның орамалы қайда?» деп Рысқалидан елу мың теңге алып, оны да азсынып: «Мешітке берме, менің өзіме бер», – депті. Аты Ғалымжан дей ме, әйтеуір, «менің атам үлкен ишан болған» деп өзін дүниенің кереметіндей көрсетіпті.

Елдің ішіндегі осындай алаяқтарды тыюға болмай ма? Өкімет кез келген қалаға мешіт салып, халықтың жағдайын жасап қойды, пітір-зекетін де ниетін айтып, мешітке апарады, өлген адамның жаназасын да сонда шығара алады. Ал мынадай алаяқтарды тыюға болмай ма? Бұлардан асып бара жатқан сауабы болса, мешітке барып бала оқытсын. Өлік шыққан үйдің бермесіне қоймай ақша сұрайтын, халықты тонаған молласымақтарға қашан тосқауыл қойылады? Ал мен талай қайтқан адамдардың намазында болдым. Намазда түйген ақшаны алмай, өзіне қайтарып жіберемін. Ал мына алаяқ маған: «Неге алмайсың? Сен бұған жақсылық істесең, боталы түйе әкеліп бер», –  деп мені көптің ішінде күстәналады. Мұндай адамдар сауап емес, құлқының құлы. Бұл молдасымақ Новыйда тұрады дейді. Өзі бір жақтан көшіп келген сияқты.

Ал, редакция алқасы, менің осы мақала-хатымды газет бетіне толық басып шығаруларыңызды сұраймын. Және осыған дұрыс жауап бере адам болса, жауабын тыңдауға әзірмін.

Досмырза ҚАРМАНОВ,

қарт, зейнеткер.

Үшқұдық селосы,

Алға ауданы.

  • Мамандық

ӨНЕГЕЛІ 35 ЖЫЛ

Ұстаз мамандығы –  еш уақытта ескірмейтін, қажеттілігін, маңыздылығын жоймайтын, жауапкершілігі де жоғары қасиетті мамандық. Себебі ұстаздың алдында еліміздің болашағы, әр ата-ананың көз қуанышы, үкілеген үміті отыр. Сондықтан мұғалім білімділігімен де, парасаттылығымен де шәкірт жанына білім нәрін құйып, жүріс-тұрысымен үлгі бола білуі керек. Ертеңгі елге ие болатын ұрпақтың бойына біліммен қатар адами жақсы қасиеттерді орнықтыра түсу үшін, ең алдымен, мұғалімнің білімді болғаны әрі ой-өрісінің бай болғаны жөн.

… Сондай ұстаздардың бірі Айкенже Оразалина – Бозой орта мектебінде 1974 жылдан бері шығармашылықпен еңбек етіп жүрген жоғары санатты, тәжірибелі ұстаз. Ауыл мектебінде 35 жылға жуық оқушыларға биология пәнінен дәріс беріп келеді. Өз мамандығын жетік меңгерген, он саусағынан өнері тамған шебер ұстаз. Айкенже Әмірқызы қай кезде болсын, қандай іс-шара, ашық сабақтар өткізсін, өзінің жан-жақты білімді, шәкірт жүрегіне жол таба білетін маман екендігін танытты. Ұзақ жылдар мектептің кәсіподақ ұйымын, жас ұстаздардың әдістемелік жетекшісі қызметін абыроймен атқарды.

Айкенже Әмірқызы – өзінің шығармашылық еңбегі арқылы аудан, облыс көлеміне танымал болған ұстаз. Мұның дәлелі – В. Ф. Шаталовтың тірек конспектілері арқылы оқыту технологиясын басшылыққа ала отырып, өзінің «Ата мұра» оқулығы бойынша 6, 7, 8-сыныптарда жасалған «Тірек – сызба белгілері» атты әдістемелік құралы жас ұстаздарға көмекші құрал болып бекітіліп, облыс көлемінде таратылып, өз нәтижесін беріп отыр. Айкенже – сапалы сабақ берумен қатар тәрбие жұмыстарын да жоғары деңгейде жүргізе білетін мұғалім.

Ұстаздың әр ісі – шәкіртке өнеге. Ол – білікті маман ғана емес, қолына ине-жіп түссе, әдемі үлгіде тоқыма бұйымдар жасап шығаратын шебер ұстаз.

Өзінің іс-тәжірибесін жас ұстаздарға да жалықпай насихаттап, білгенін үйретуден шаршаған емес. Сондай-ақ, мектеп жанындағы, сынып бөлмелеріндегі гүл өсіретін  алаңды күтіп-баптап,  оқушылармен бірге еңбектеніп келеді. Оның басшылығымен жабдықталған биология дәрісханасы – қазіргі заман талабына сай мектептегі алдыңғы қатарлы дәрісханалардың бірі.

Айкенженің шәкірттері аудандық олимпиадалардың жеңімпазы болса, «Жас натуралистер», «Жас шебер», «Жас талап» үйірмелерінің оқушылары облыстық көрмелердің жеңімпазы атағына ие болған. Оның биология пәнінен өткізген ашық сабақтары – «Клетканың құрылысы және қызметі», «Фотосинтез», «Ағзалардың негізгі тіршілік ортасы», «Жүйке жүйесі»,  т.б.  жоғары талап денгейінен шыққан сабақ ретінде бағаланды. Оқушы білімінің жан-жақтылығына өте жоғары талаппен қарайтын, өз бойындағы терең білімді бар ынтасымен шебер түсіндіретін ұстаздың мол еңбегі ескеріліп, аудандық, облыстық, республикалық мақтау қағаздарымен марапатталған.

Өмірге түлеп ұшқан шәкірттерімен бірге ата-аналар мен әріптес құрбылары да Айкенженің еңбегіне дән риза.

П.НҰҒЫМАНОВА,

мұғалім.

Бозой орта мектебі,

Шалқар ауданы.

  • Пікір

ДОС ДЕГЕНІМ…

Дос. Бұл сөздің өзі қаншама мағына береді десейші! «Доссыз өмір – тұзсыз ас» деп халқымыз тегін айтпаған ғой. Адам баласы доссыз өмір сүре алмайды. Өмірде адамның тек бір ғана жан досы болатыны бәрімізге мәлім. Ол достар бір-біріне көмектесуден еш тайынбай, қиын-қыстауда қол үшін береді, қайда жүрсе де бірге жүреді, олардың сыры да, жыры да ортақ. Міне, мен де өсіп, кімнің қандай екеніне көзім жетті. Менің бұл өмірде ерекше үлгі тұтып, сол адамдардың достығына қызығатын жандарым бар. Ол, әрине, менің анам мен оның досы. Олар – балалық  шағында бірге ойнап, жастық шақтарын қызықты өткізген, бір-біріне жанашыр, кішкене сыйлық сыйласа, көптей көрген айрылмас адал достар. Олардың жастық шақтары туралы әңгімелерін тыңдасаң, уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың…

Міне, осындай жандар өмірде лайым көп болсын!!!

Азель ЖАНҚҰЛОВА,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button