Білім

Республикалық тамыз кеңесі: Елбасы жүктеген міндеттер қолға алынды

1 қыркүйек — Білім күні

 Өткен жұма күні «Білім беру жүйесін жаңғырту — адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» тақырыбында республикалық тамыз кеңесі өтті. Жиынға біздің облыстың 37 делегатын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастап барды. Басқосу барысында облыс басшысының «2011-2012 жылдарға білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы:                      білім беру және әлеуметтік бағдарламаларды жаңарту кепілі»  атты баяндамасы тыңдалды.

Облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратовадан Астанда өткен тамыз конференциясы туралы білген едік.  

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық  мақаласында білім саласына да  ерекше көңіл бөлген. Тамыз кеңесіне Мемлекет басшысының осы еңбегі арқау болды. Мәселен, Елбасы мақаласында  директорлық корпустың сапалық әлеуетін жақсарту туралы айтқан еді. Соған байланысты министрлік Мемлекет  басшысы жүктеген міндеттерді орындауды қолға алды. Енді мектеп директорлары әр 5 жыл сайын конкурстан өтеді.

Елбасы өзінің мақаласында: «Қазақстан тарихы бойынша оқу жос­пар­ларын, оқулықтар мен оқу құралдарын тал­­дау­дан өткізсін, оқу орындарында Қазақ­стан тарихын оқытудың мазмұны мен пі­шінін өз­герту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын» деп тапсырма берген болатын. Тамыз кеңесінде Бақытжан Тұрсынұлы мектеп оқулықтарының  жаңартылатындығын айтты. Министр өз сөзінде: «Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында отандық оқулықтарды, соның ішінде тарих оқулығын әділ сы­нады. Расында, оқулықтар талапқа сай емес. Олар ескірген әдістемелер бойынша жасалады», — деді. Соған байланысты Бақытжан Тұрсынұлы «Оқу­лық» республикалық ғылыми-тәжі­рибелік орталығына және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясына оқулықтарды әзірлеуге және сараптама жүргізуге қатысты жаңа дидактикалық талаптар түзу туралы тапсырма берді. Сонымен қатар аталған мекемелерге жаңа парадигма негізінде, «Қазақстан тарихы» бойынша бағдарламалар, оқулықтар мен оқу құ­ралдарын әзірлеу міндет­телді.

Мемлекет басшысы мақаласында министрлікке орта, техникалық және кәсіптік, жо­ға­ры оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты  міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасаған еді. Білім және ғылым министрлігі бұл тапсырманы да орындауды қолға алып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде бі­лім берудің интерактивті түрлерін пайдалану кеңейтіледі. Сонымен бірге онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламалары енгізіледі. Министр 2020 жылға қарай Қазақстан мектептерінің 90 пайызында «e-learning» электрондық оқыту жүйесі енгізілетіндігін айтты. Жалпы электрондық оқыту әдісін енгізуге бағытталған пи­лоттық жоба былтырдан бастап қолға алынды. Жаңа жүйе 44 мектепте бар. Бақытжан Тұрсынұлының айтуынша, 2013 жылы 926 мектеп электронды жүйеге көшуі тиіс.

Электрондық оқытудың пайдасы көп. Ең бастысы, жаңа жүйенің арқасында ауыл мен қала мектептерінің арасында айырмашылық болмайды. Ауылдың баласы да, қаланың баласы да, мүм­кіндігі шектеулі балалар да оқу материалдарын қалаған уақыттарында еркін пайдалана алады.

Тамыз кеңесінде бұдан да басқа мазмұнды әңгіме айтылды. Соның бірі — мектептердегі жаттанды оқытуды жою.  Расын айту керек, оқушылардың көпшілігі үй тапсырмаларын «жаттап» алады. Биылғы тест тапсырмаларының мазмұны  жаңартылды. Оған ойлап шешуді қажет ететін логикалық тапсырмалар енгізілді. Қорытындысында, көп оқушы осы тапсырмалардан ұпай жинай алмады. Мысалы, республика бойынша тестілеуге қатысушылардың 36 пайызы шектеулі балды алған жоқ.  Бұған балалардың тапсырма жауаптарын жаттап алуы себеп болып отыр. Түсініп оқымаған материал ұзақ уақыт есте сақталмайтыны анық.

Министр ұлттық бірыңғай тестілеудегі төмен көрсеткіштерге бұдан былай мұғалім жауап беретіндігін қадап айтты.

Тамыз кеңесінде айтылған жаңалықтардың бірі — келесі жылдан бастап 1-сынып оқушылары ағылшын тілін оқитын болады. Бақытжан Тұрсынұлының айтуынша, 4-5 жылдан кейін, мектептердегі кейбір пәндер ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан оған қазірден бастап дайындық жасау керек.

Мектепте ағылшын тілін оқытуға байланысты адамдар түрлі пікір айтады. Олардың арасында қарсы пікір айтушылар көп. Менің ойымша, бұл — дұрыс емес. Балаға ағылшын тілін үйреткеннен қазақ тілін оқыту әлсіремейді. Нақты дерекке сүйенейік, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай  облыста мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің саны 26 бірлікке көбейді. Қазір облыстағы 450 мектептің 291-і (64 пайызы) — қазақ мектебі. Бұл — республикалық көрсеткіштен жоғары (республика бойынша 59 пайыз). Сонымен бірге 90-жылдарда оқушылардың небары 40 пайызға жуығы ғана қазақ тілінде білім алды. Ал қазір олардың саны 74,5 пайызға жетті (республика бойынша көрсеткіш — 61 пайыз).

Дамыған елдердегі тұрғындардың үштен екі бөлігі ағылшын тілін еркін біледі. Мысалы, Нидерландыда — 87 пайыз, Финляндияда — 60 пайыз, Германияда — 51 пайыз тұрғын ағылшын тілін меңгерген.

Сондықтан бұл игі бастамаға бәріміз қолдау көрсеткеніміз жөн.

Басқосу барысында біздің облыстың әкімі Архимед Мұхамбетов те сөз алды. Архимед Бегежанұлының «2011-2012 жылдарға білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы: білім беру және әлеуметтік бағдарламаларды жаңарту кепілі» атты баяндамасы тыңдалды.

«Экономиканы инновациялық дамытудың міндеттерін шешуге бағытталған білім берудің қазіргі заманғы моделін құру қажеттігі туралы Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа Жолдауларында бірнеше мәрте айтып өтті.

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында Мемлекет басшысы адами әлеуеттің жаңа сапасына ұмтылудың басты құралы ретінде білім беруді одан әрі дамытудың нақты қадамдарын белгілеп берді», — деді облыс басшысы.

Архимед Бегежанұлы өз сөзінде 2011-2012 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы да мазмұнды әңгіме айтты: «2011 жыл білім берудің ұлттық және аймақтық жүйелері үшін атаулы кезеңге айналды. Басты мақсатты бағдары адами әлеуетті дамытып, азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін жүзеге асыру болып табылатын  білім беруді дамытудың 10 жылға арналған Мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының маңыздылығы — бір ғана аспектіден — оны жүзеге асыру үшін білім берудің аймақтық жүйесіне қазірдің өзінде түскен  қаржыдан-ақ көрініп отыр. Сонымен қатар Мемлекеттік бағдарлама —  Қазақстан азаматтарының ахуалы мен ойлау жүйесін өзгертетін фактор!».

Бұдан соң облыс әкімі әңгімесін былай жалғады:

«Елбасы әртүрлі жиындарда ұлттың сапалық деңгейін көтеру турасында құнды пікірлер айтып жүр. Соның бірі — заман ыңғайын, озық технологияның тілін білетін, жаңаша ойлай алатын ұрпақ әзірлеу.

Жаңғырту мәселелерін шешуде біздің облысымыздың білім беру жүйесі де өз үлесін қосуда», — деп облыстағы білім беру мекемелерінің жағдайына тоқталды.

Бес жыл ішінде білім беру жүйесін қаржыландыру көлемі 56 пайызға немесе 1,7 есеге артты. Тек 2012 жылдың өзінде білім беру шығындарына 46,3 миллиард теңге қаралды. Бұл —  облыс бюджетінің үштен бір бөлігі.

Білім беру нысандарының құрылысын қаржыландыру 1,3 есеге өсті. Ағымдағы жылы жалпы құны 5,1 миллиард теңгеге 26 білім беру нысаны салынуда. Соның ішінде 4 құрылыс республикалық бюджет есебінен салынып жатыр. Демек, биыл білім беру желісі 12 жаңа мектеп пен 2 балабақшамен толығады.

Қаржыландыру көлемі артқанмен, білім беру нысандарына күрделі жөндеу қажеттілігі әлі де толық қанағаттандырылмай отыр. Сондықтан облыстың өзекті мәселелерін шешуге бизнес қауымдастығын кең көлемде тарту мақсатында «Көркейе бер, туған жер!» акциясын қолға алдық. Шара 3 жылға жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде бұл акцияға 4 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке тұлға ат салысты, — деді Архимед Мұхамбетов. Біздің облыстың әкімінің бұл игі бастамасын жиынға қатысушылар құптап, қатты қызығушылық білдірді.

Облыс әкімі өз сөзінде білім сапасын көтеру туралы ой-пікірін білдірді. Архимед Бегежанұлы математика — экономиканың негізі екендігін айта келе,   математикалық білімді жоғары деңгейге көтеру үшін Ақтөбе облысында өзінің  тапсырмасымен  «Математикалық білімді көтеруге бағытталған облыстық жоспар» құрылғандығын жеткізді.

Аталған жұмыс жоспарында математикалық білім деңгейін көтеру үшін шахмат ойынына үлкен мән берілді. Біз бұл ретте Самара, Қалмақияның шахматты енгізген мектептерінің педагогикалық тәжірибелерін зерттеп, шахмат ойынының балалардың үлгерім, оқу материалдарын қабылдау деңгейіне айтарлықтай әсер ететініне көз жеткіздік, — деді облыс басшысы. Архимед Бегежанұлының бұл бастамасы да кеңеске қатысушылар  тарапынан қолдауға ие болды.

Жалпы, республикалық тамыз кеңесі өз мәнінде, жоғары деңгейде өтті.

 

 

Ақтөбе оқу жылына дайын!

 

Екі күннен соң  біздің облыстағы 448 мектепте алғашқы қоңырау соғылады. Дәл осы күні еліміздегі барлық мектептерде «Мемлекеттік рәміздер — ұлттық мақтанышым» тақырыбында тәрбие сағаты өткізіледі.

Облыс бойынша жаңа оқу жылында  114 мыңнан астам бала білім алады.  Оның 12 мыңнан астамы биыл  мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер.

Білім күні мерекесі қарсаңында біз облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратовамен мектептердің оқу жылына дайындығы туралы әңгімелескен едік.

 

Мектеп құрылысы

 

Жоспар жүзеге асса, биыл бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткіземіз: 2012 жылы 12  мектеп пен 2 балабақша еңсе тіктейді.

Жыл өткен сайын білім беру мекемелерінің құрылысы үшін қаржы көп бөлініп жатыр. Мысалы, былтыр  бөлінген қаржы — 4 миллиард 400 миллион теңге. Ал 2010 жылы 3 миллиард 329,5 миллион теңге бөлінген еді. Биыл 5,1 миилиард теңгеден астам қаржы бөлінді, — дейді Жанат Бақытжанқызы. Оның айтуынша, 1993-2003 жылдары облыста небары 5 мектеп қана салынған.

Жалпы, 1992-2011  жылдарда облыста 54 мектеп бой көтеріпті. Бұл білім шаңырақтарында  20 345 бала білім алады.

Биылғы жылы 26 мектептің құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның 22-сі — жергілікті бюджеттен қаржыландырылып отыр. Қалғанының құрылысы үшін қаржы республикалық бюджеттен бөлініпті. Жалпы бұл мақсатта 5 миллиард 940  миллион теңге аударылған.

Облыста 11 апатты жағдайдағы мектеп бар. Мысалы, Ойыл ауданындағы 3 мектептің жағдайы сын көтермейді. Сонымен қатар , Мәртөк (2), Әйтеке би (2) Хромтау (1) аудандарында да апатты жағдайдағы мектеп бар. Ақтөбе қаласындағы №18 орта мектептің де жағдайы мәз емес. Қазір бұл мектептің апатты жағдайда тұрған ғимараты қайтадан салынып жатыр. Сонымен, биыл 10 апатты жағдайдағы мектептің проблемасы толық шешіледі. Әзірге 1 мектеп — Мәртөк ауданындағы 40 шақты бала оқитын негізгі мектеп сол қалпында тұр. Бұл мектептің орнына  келесі жылы жаңа ғимарат салынады, — дейді Ж.Самұратова.

 

Күрделі жөндеу

 

Күрделі  жөндеу жұмыстары үшін де бөлінетін қаржы жыл сайын көбейіп жатыр. Биылғы жылы бұл мақсатқа бөлінген қаржат былтырмен салыстырғанда 3 есе көп: 1 миллиард 696 миллион теңге.

Биыл  облыстағы 64  білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілуде. 64 нысанның  54-і — мектеп, 8-і — балабақша, 2-еуі — қосымша білім беру мекемесі. Ақтөбе қаласындағы 23 мектеп, 2 балабақша, 1 лагерь жаңаша түрге енетін болады. Жөндеу жүргізілетін қалған ғимараттар  — ауылдардағы білім беру мекемелері, — дейді басқарма бастығы.

Айта кету керек, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының 4-бағыты бойынша 64 нысанның 11-іне күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы республкалық бюджеттен (408 миллион теңге) бөлініпті.

 

Оқулық

 

Қорландыру жүйесі бойынша 4 жыл сайын оқулықтар жаңартылады. Соған байланысты биыл 1,7 және 8-сыныптардың оқулықтары қайта басылып шығарылды.

Баспаларға тапсырысты әр ауданның өзі береді.  Бұл үшін қаржы аудандық бюджеттерден бөлінеді. Мұғалжар, Хромтау, Алға және Әйтеке  би аудандарында жыл өткен сайын оқулықтарға бөлінетін қаражат көлемі мардымсыз болып бара жатыр. Әйтеке би ауданы биыл тіпті кеш қимылдады. Оқулықтарға шілде айында қаржы аударды. Дегенмен, бұл аудандағы балаларға оқулықтар уақытында жеткізілетін болады, — дейді Жанат Бақытжанқызы.

Жалпы, оқулықтарға тапсырыс беру жұмыстары сәуір айында  басталады екен.

Елімізде мектеп көп. Сол себепті баспалар («Атамұра», «Алматыкітап») оқу жылына дейін оқулықтарды толық шығарып болуы үшін ерте бастан қамданады. Тапсырысты ертерек берген аудандар оқулықтарын көп уақыт созбай алады.

Биылғы оқу жылында оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар үшін  184 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде «Өзін-өзі тану» оқулығы үшін бөлінген қаражат — 74 миллион теңге. «Өзін-өзі тану» оқулығы ғана  барлық балаларға мектеп кітапханасынан тегін беріледі. Ал қалған оқулықтар тұрмысы төмен және көп балалы отбасының балаларына таратылады, — дейді облыстық білім басқармасының бастығы.

 

Мұғалімдер

 

Облыста 15 886 мұғалім бар. Оның ішінде жоғары санаттағылардың үлесі — 2500 (15,7 пайыз). І санаттағы  мұғалімдердің саны —  6292 (39,6 пайыз). Ал облыс орталығындағы 64 мектепте барлығы 4007 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 793-і қалаға қарасты ауылдарда еңбек етіп жатыр. Ақтөбелік мұғалімдердің 704-і — жоғары санатқа ие. І санатты мұғалімдердің саны — 1106. Санаты жоқ мұғалімдер — 992.

Жанат Бақытжанқызының айтуынша, қазақ мектептеріндегі педагогикалық кадрлардың сапалық құрамы  сын көтермейді.

Қазақ мектептеріндегі мұғалімдердің 12,5 пайызында ғана жоғары санат бар. Ең төмен көрсеткіш — Қарғалы ауданының үлесінде. Бұл ауданда жоғары санатты бір де бір мұғалім жоқ. Алға (3,8 пайыз), Мәртөк (3,7 пайыз), Әйтеке би (4,1 пайыз) аудандарының да жағдайы мәз емес. Облыс мұғалімдерінің 31,3 пайызының мүлде санаты жоқ. Әсіресе, Қарғалы (78,2 пайыз) мен Әйтеке би (54 пайыз) аудандарында санаты жоқ мұғалімдер көп, — дейді басқарма бастығы.

 

 Жас маман

 

Жыл өткен сайын жас мамандарға сұраныс азайып барады, — дейді Жанат Бақытжанқызы.  Оның айтуынша, бұдан 3-4 жыл бұрын 500-600 маманға сұраныс болыпты. Ал биылғы оқу жылындағы қажеттілік: 264 маман. Әсіресе, математика пәнінен — 45, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінен — 32, ағылшын тілі пәнінен — 24, химия пәнінен — 23, физика пәнінен — 21 мұғалім керек болған.

— Мұғалжар  —  36, Хромтау — 31, Мәртөк — 25, Қарғалы мен Әйтеке би аудандары 23 маманның қажеттігін айтып сұраныс берген еді. Қазір 243 жас маман мектептерге орналасты. Дегенмен, 21 педагог жетіспейді, — дейді Ж.Самұратова. Оның айтуынша, Хромтау ауданындағы Ақтасты, Майтөбе, Тасөткел, Аққұдық, Ойсылқара мектептеріне ағылшын тілінің маманы тапшы.

Жас мамандар  аталған мектептерде жұмыс істегісі келеді. Дегенмен, қыста көлік қатынасы қиын. Бұл ауылдарда ауа райының қолайсыздығына және жолдың нашарлығына байланысты жол жабылып қалады екен. Сондықтан, жастар әлгі ауылдарға барғысы жоқ. Мамандардың бармауының тағы бір себебі, сағат аз. Яғни жалақы аз төленеді. Жақын орналасқан 2 ауылға 1 маман жіберуді ойластырған едік. Дегенмен, мәселені бұлай шешу де қиын тиіп отыр. Себебі, көлік қатынасы жоқ. Мән-жайды түсіндіріп, Хромтау ауданының әкіміне бірнеше жыл қатарынан хат жаздық. Бірақ жауап болмады, — дейді Жанат Бақытжанқызы. Оның айтуынша, қазір Мәртөкке математика пәнінің — 2, ағылшын тілі пәнінің — 4 мұғалімі, Шалқарға орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 6 мұғалімі, Ойыл ауданына орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 4 маманы қажет.

 

Көркейе бер, туған жер!

 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастамасымен қолға алынған акция аясында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шара 3 жылға жоспарланған. Қазірдің өзінде акцияға 4 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке тұлға қатысуда. Олардың демеушілігімен 6,7 миллиард теңге бөлініпті. Мысалы, Қобда ауданындағы «Алтын қыран» ЖШС директоры И.Салжанов 200 орындық балабақша салып жатыр. Кәсіпкер нысан құрылысына 120 миллион теңге бөлген.

Мәртөк ауданында жеке кәсіпкер Н.Тілеубаев Хазірет орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Бұл үшін кәсіпкер 16 миллион теңге аударыпты.

Шалқар ауданына қарасты Қотыртас ауылында «Емшан» ЖШС 35 миллион теңгеге балабақша салып жатыр. Ал «АСТ ТрансэнергоРем құрылыс» ЖШС 18 миллион теңгеге психологиялық-педагогикалық кабинет салуға көмектесіп жатыр.

Хромтау ауданында «Дөң кен байыту комбинаты» АҚ филиалы бұрынғы Энергоцех ғимаратын балабақшаға сәйкестендіру үшін күрделі жөндеу жасауда. Бұл мақсатта бөлінген қаржы: 124,5 миллион теңге.

 

Біздің дерек:

 

*** Облыс бойынша барлығы 15 886 мұғалім бар. Оның — 2500-і жоғары санатты, 6292-сі — І санатты мұғалім.

 

*** Облыс бойынша 448 мектеп бар. Оның  66-сы Ақтөбе қаласында орналасқан.

*** Биыл жыл аяғына дейін облыста 12 мектеп еңсе тіктейді.

***Биыл Ақтөбе қаласында 5 мектеп пен 2 балабақша бой көтереді. Қазір облыс орталығындағы 25 білім беру мекемесіне 525 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

*** Облыс орталығындағы 64 мектепте биылғы оқу жылында 49 мың оқушы тәрбиеленеді. Оның  5800-ге жуығы — 1-сынып оқушылары.

 

Біз мектепке барамыз!

 

Бауыржан СЕРІК, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Мен биыл алғаш мектеп табалдырығын аттаймын. №38 мектепте Дариға апайдан оқимын. Қуанып жүрмін. Тәтем Аружан сабаққа кеткенде ол келгенше сағынып жүретінмін. Енді бірге барамыз. Жап-жаңа сөмке, кітап, дәптер, қалам сатып алдық. Балабақшада жүргенде көп әріп үйренгенбіз. Мектепке әжем апарып, алып келетін болады. Тезірек 1 қыркүйек болса екен…

 

Ләззат ДАСТАНҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Енді 2 күннен кейін мектепке барамын. Соған қатты қуанып жүрмін…

Мектепке баруға қажетті заттардың бәрі де дайын. Анам Бибігүл мен әкем Дастан оқуға қажетті барлық құралдарды алып берді. Менде әдемі мектеп формасы да бар.

Алфавиттегі  42 әріпті жатқа білемін. Жаза да аламын. Санауды да білемін. Тіпті, есеп те шығара аламын. Мен мұның бәрін балабақшада үйрендім. Сондықтан «Нұрсәт» балабақшасындағы ұстаздарыма, әсіресе, Жайнагүл Орынбасарқызы мен Айгүл Назбекқызына шексіз алғыс айтамын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button