Әлеумет

Бақыт нұры — балаға!

Сейсенбіде Алға ауданы, Бестамақ ауылы маңындағы облыстық Алға балалар үйінің лагерінде «Бақыт нұры — балаға!» атты кең көлемді шара өтті.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ата-анасынан айрылған балаларды отбасылық тәрбиеге бейімдеу мақсатында «Қуан, сәби» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде өткізілуде. Осы мақсатты көздеген облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті «Бақыт нұры — балаға!» атты шараны жыл сайын ұйымдастырып жүр.

Биылғы шараға облыстық білім басқармасының, Алға аудандық білім бөлімінің өкілдері, бірнеше баланы өз отбасына алған патронат тәрбиешілер мен отбасына бала алуға ниеттеніп отырған үміткер ата-аналар қатысты.

Әуелі қатысушылар балалар үйі тәрбиеленушілерінің өнерлерін тамашалады. Шараның ашылу салтанатында облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова:

— «Қуан, сәби» республикалық акциясының аясында өткізіліп отырған «Бақыт нұры — балаға» атты шара облысымызда үшінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы осындай шара нәтижесінде 15 бала туыстарының үйінде жазғы демалыстарын өткізсе, 6 бала патронат тәрбиесіне орналасты.

Балаларды отбасына орналастыру мақсатында біздің департаменттің ұсынысымен облыстық «Ақтөбе» газетінде «Анашым, мені алып кетші»,  «Актюбинский вестник» газетінде, «Білезік» журналында «Найди меня, мама» айдары ашылды. Қазір осы айдарлардың нәтижесінде 2 жыл ішінде 23 бала отбасына орналасты. Атап айтсам, 10-ы патронат тәрбиесіне, 8-і қорғаншылыққа, ал 5-еуі асырап алынды. Мемлекетіміз де оларға деген қамқорлығын аямайды. Қазір арамызда өз баласымен бірге өзгенің де баласын өз қамқорлығына алып, ата-аналық махаббатын сыйлап отырған адамдар бар. Осындай үлгілі отбасыларға алғысым шексіз, — деді.

Одан әрі департамент директоры патронат отбасында тәрбиеленіп жүрген балаларға жеке кәсіпкер Серікқали Сисеновтің атынан 100 мың теңгеге сатып алынған оқу құралдарын, сондай-ақ жеке кәсіпкер Алтай Қарбаевтың атынан сыйлықтар ұсынды.

Шараға қатысушы мүмкіндігі шектеулі балалардың қамын күйттейтін «Ғажап» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Ботагөз Мұхамеджанова да патронат ата-аналарға жылы лебізін арнады.

 

66 БАЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Салтанатты шарадан соң лагерьдің мәжіліс корпусында шараға қатысушылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені бастаған Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, қазір жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында 522 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде Алға облыстық балалар үйінде 323 бала, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде  30 бала бар.

Одан әрі қатысушылар арасындағы әңгіме жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру аясында өрбіді.

Қамқоршы аналардың бірі — Әлфия Алдиярова:

— Мамандығым — мұғалім. Бестамақ ауылында үлкен бір отбасы болып тұрып жатырмыз. Бір ұл, бір қызымыз бар еді, олар аяқтанғасын, бұрынырақ Алғадағы интернаттан екі бала алғанбыз. Былтыр тағы екеуін отбасымызға алдық. Әуелгі уақытта қиналғанымыз рас. Кейін бәрі өз орнына түсті. Олар да бізге үйренді. Балаларым тәртіпті, еңбекқор. Ұлдар ер жеткесін, олардың бір-бір үй болып тұрғанын қалаймыз ғой. Солардың қамымен ауылдық әкімдікке үй салу үшін жер телімін сұрап бардым. Қала емес қой, мен үй сұрамаймын, үйді балалар өздері салып алады, 5 сотық жер телімін сұраған едім, бермеді, — деп, департамент директорына мәселелерін де жеткізді. Күлпаршын Айдарханова алдағы уақытта департамент тарапынан Бестамақ ауылының әкіміне хат жазылатынын айтты.

Кейбір үміткер ата-аналар балаларды көргісі келетінін айтты. Бұған облыстық Алға балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин:

— Бізде бұрын бес жүзден астам бала болды. Қазір бала саны едәуір азайды, 323 қалды. Оның 40 шақтысы биыл ұямыздан ұшқалы отыр. Көпшілік 4-6 жас аралығындағы балаларды сұрайды. Бұл жастағылар тіпті санаулы. Биыл бірінші сыныпты қалай ашамыз деп отырмыз. Сосын кез келген ұнаған, көздеріңізге түскен баланы отбасына аламын деу — бекер. Сұрауы бар ғой. Бірінің ата-анасы түрмеде болуы мүмкін, тағы бірінің студент бауыры бар, енді бірінің нағашысы бар дегендей. Бар баланың жағдайы тексеріліп, анықталған. Бізде қазір отбасына орналастыруға болатын 66 ғана бала бар, — деп түсінік берді.

Сондай-ақ шара барысында Алға облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қолдан жасалған бұйымдары бойынша көрме ұйымдастырылды. Келген қонақтар көрмені тамашалай отырып, өздеріне ұнаған заттарды естелікке сатып алды.

 

ТЕМІРХАННЫҢ АРМАНЫ

Биыл қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен патронат отбасылар арасында Жанғанашовтар отбасы жеңімпаз атанды. Отанасы Сара:

— Өзіміздің балаларымыз бар, шүкір. Бәрі аяқтанды. Сосын жолдасымыз екеуміз ақылдасып отырып, балаларды патронат отбасында тәрбиелейік деп шештік. Қазір біздің үйде төрт бала өсіп жатыр. Кішкентайы — балабақшада, қалғандары — оқушылар. Бүгін осы жерге үш баламмен келіп отырмын. Осы балалардың қамы үшін қартайғанда педагогикалық оқуға түстім. Өзімде техникалық білім бар еді. Талап сондай, — дейді.

Енді 7 сыныпқа көшкен Темірханды балалар үйіндегі достары Асхат, Жасұлан, Салтанат, Төребек, Қайрат қаумалап, шүйіркелесе кетті. Кейін білдік, олар Темірханнан жағдайын сұрапты. Біз де сұрадық.

— Жағдайымыз жақсы. Мамамыз бізге кітапты көбірек оқыңдар деп айтады. Бос уақытты тиімді жұмсауға тәрбиелейді. Мамамыз ауырып қалса, аяқ-қолын уқалауға бәріміз таласамыз. Мамамыз ауырмаса екен! Өскенде аспаз боламын, сосын үлкен мейрамхана ашқым келеді. Ал қазір мамамнан бауырсақ жасауды үйреніп жүрмін. Сосын папа-мамама қазақтың ұлттық тағамдарын жасап беремін, — дейді Темірхан.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button