Әлеумет

Ораза кезіндегі әңгімелер

Біз — жолаушымыз…

Ертеде бір жас жігіт дүниені аралап көрмек болып, саяхатқа шығады. Күндердің күнінде бір үлкен ғалымның үйіне тап болыпты. Үйдің қабырғалары толған кітап екен. Сосын — бір үстел мен орындық және төселген жұпыны кілем мен шетте жиналған төсек. Басқа мүлік көрінбейді. Жігіт таңданысын жасыра алмай, үй иесінен:

— Сіздің неге еш заттарыңыз жоқ? — деп сұрайды.

— Міне, бар, — деп, ғалым әлгі заттарын нұсқапты.

— Осы ғана ма? Басқа мүлкіңіз қайда? — дейді жігіт.

— Өзіңнің де арқалап жүрген дорбаңнан басқа ештеңең жоқ қой? Басқа заттарың қайда? — дейді ғалым оның сауалына қарсы сауал қойып.

— Мен жолаушымын ғой. Ап-ауыр қылып артық затты қайтемін? — дейді жігіт.

Ғалым сонда оған күлімсіреп қарап:

— Көрдің бе, жолаушыға артық заттың керегі жоқ деп өзің айтып тұрсың. Мен де — ақырет жолаушысымын, — деген екен.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың нұры жаусын!) хадисінде: «Дүниеде мәңгі қалатындай емес, жолаушы сияқты өмір сүру керек» — делінген. Бұрынғылар адам дүниенің қызығына берілген сайын, оның уайым-қайғысы, қиындықтары көбейе береді деп есептеген…

 

Адалдық

Хазірет Омар бірде түнде жұмыс істеп отырады. Сол арада бір сахаба келе қалыпты. Хазірет Омар ә дегенде оған жауап қатпай, алдымен жұмысын аяқтап алыпты. Содан соң, жанып тұрған шамды сөндіріп, орнына басқа шам жағады. Сосын барып қонақпен әңгімеге кіріседі. Сахаба: «Неге маған бірден жауап қатпадың? Шамды неге ауыстырдың?» —  деп таңғалады. Сонда хазірет Омар: «Алдыңғы шырақ — мемлекет қазынасынікі. Оның жарығымен тек мемлекеттік істерді ғана атқарамын. Ол шырақты жағып отырып, жеке басымның шаруасымен айналыссам, көптің мүлкін өз пайдама пайдаланған болмаймын ба? Ол үшін ақыретте не жауап бермекпін?! Сенімен тек жеке мәселелерді әңгіме ететін болғандықтан, қазынаның шырағын сөндіріп, өзімнің жеке шамымды жақтым. Сондықтан күттірдім», — деген екен…

 

Сөздің қасиеті

Ертеде бір халифа түс көріпті. Түсінде бүкіл тісі түсіп қалған екен. Ұйқысынан ояна салып, түс жорушыны шақыртады. Түс жорушы: «Әміршім! Бұл жақсы түс емес. Ағайын-туыстарыңның бәрі өліп, жалғыз қаласыз», — дейді. Халифа бұл сөзге қатты ашуланыпты. «Егер бүкіл туысымнан айырылар болсам,  маған өмір сүрудің не қажеті бар?» — деп, түс жорушыға жүз дүре соғуға бұйырады. Бірақ жаны тыныштық таппай, дереу басқа түс жорушыны шақыртады. Көрген түсін оған да баяндайды. Ол: «Әміршім! Барлық ағайын-туысқандарыңнан сенің өмір жасың ұзақ болады екен», — депті. Сонда халифа: «Екеуінің айтқаны — бір сөз. Бірақ жеткізуі екі бөлек», — деп, екінші түс жорушыға жүз ділдә беруге бұйырады.

 

Әйелді ері емес, ары қорғайды

Әрі бай, әрі қолында билігі бар, ықпалды адамның тамаша бағы болыпты. Шаршаған кездерінде сол баққа келіп демалады екен. Бір күні бақ ішінде бағбанның әйелімен кезігіп қалады. Әйел өте сұлу екен. Әлгі бай оған қатты қызығып, бағбанды бір алыс жерге жұмсап жіберіпті. Содан соң әйелге:

— Бүкіл есіктерді жауып кел, — деп бұйырады.

Әйел сұлу ғана емес, арлы, сезімтал әрі ақылды жан екен.

Біраз уақыт ағаштардың арасында отырады да, қайтып келіп:

— Барлық есіктерді жаптым, бірақ бір есікті жабуға күшім жетпеді, — депті.

— Ол қай есік?

— Ол — Аллатағаланың біздің әр ісімізді бақылап тұратын есігі…

Бұл жауапты естіген бай қатты сасып қалады. Сол арада тәубеге келіп, жөніне кетіпті.

 

Қажылардың қажысы!

Пайғамбар заманында Бағдат шаһарында бір етікші өмір сүріпті. Меккеге қажылыққа бару үшін, өзінің адал еңбегімен қаржы жинайды. Бірақ сапарға енді шыққалы отырғанында, көршісі қатты ауырып қалады. Көршісі жалғыз ғана жас баласы бар, қарайласатын ешкімі жоқ, мүгедек жан екен. Әлгі етікші сырқат көршісін бағып-қағу үшін сапардан қалады. Бір таңқаларлығы, нақ сондай жағдай екінші жылы да қайталанады. Ал үшінші жылы Меккеге аттанамын деп, өзін ертіп кететін керуенді күтіп отырғанында, әлгі сырқат көршісі қайтыс болады. Етікші енді көршісінің жетім баласын тастап ешқайда кете алмайтынын сезеді. Сөйтіп, қажылық сапарға аттанып бара жатқан жерлестеріне пайғамбарға (Оған Алланың нұры жаусын!) сәлем айтып баруды өтініп, қала береді.

Ең ғажабы —  қажылық сапардан оралған жерлестері етікшіге: «Сенің қасиетті Қағбаны тәуап етіп жүргеніңді көрдік!» — десіп, таң-тамаша қалыпты. Ал пайғамбар (Оған Алланың нұры жаусын!) өзіне етікшінің сәлемін жеткізгендерге: «Ол етікші — қажылардың қажысы!» — деп жауап берген екен.

 

Өсиет

Бір ауқатты, ел арасында абыройлы болған адам хал үстінде жатып, жалғыз ұлын шақыртыпты.

— Ұлым, саған айтар өсиетім — жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же, — депті.

Сөйтіп, көз жұмады. Ұл әкесінің өсиетін орындай бастайды: жұма сайын қыз алады, қала сайын үй салады. Ас ішсе, бал ішеді. Әкеден қалған дәулетті солай аз уақытта тауысып бітіреді.

Бір күні ішерге ас та таба алмай, ойланып отырып-отырып, әкесінің досына барады.

— Әкемнің өсиетін орындаймын деп, ауыр халге жеттім, — деп, басынан өткеннің бәрін баяндап береді.

Сонда әкесінің досы:

— Әттеген-ай, оның өсиетін ұқпаған екенсің. Әкеңнің: «Жұма сайын қыз ал» дегені«Әйеліңмен әрдайым күні кеше қосылған жандай сыйлас, сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өтесің» — дегені еді. «Қала сайын үй сал» дегені — «Әр қалада сені өзіндей көріп, құшақ жая қарсы алатын досың болсын» — дегені еді. Ал «Ас ішсең бал же» дегені — «Еңбекпен тапқан ас балдан тәтті, нәпақаңды еңбекпен тауып же» — дегені еді, — депті.

 

Құрма, арпа, айран…

 

Қасиетті Рамазан айы біздің жерімізде бірнеше жыл қатарынан шілде-тамыз айларымен сәйкес келмек. Ораза ұстап жүрген ағайынға мынаны жеткізгіміз келеді:

— Айша анамыз арқылы жеткен екен: Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың нұры жаусын!) оразасын жас құрмамен, жас құрма болмаса, кепкен құрмамен, ол болмаса сумен ашқан. Құрманы ауыз ашқанда ғана емес, ауыз бекітерде де пайдаланған дұрыс. Оның қуаттылығы, тағамдық құндылығы өте жоғары. Құрамында белок, май және көмірсу да бар. Ғалымдардың айтуынша, құрма — құрамында осы үшеуі бірдей кездесетін бірден-бір жеміс. Сондай-ақ оның құрамында В тобы витаминдері, фосфор мен кальций бар. Құрма бауырды тазартуға, ми жұмысына пайдалы.

— Жазғы күн ұзақ. 17 сағат бойы ас-сусыз жүретін болғандықтан, ауыз бекітерде неғұрлым құнарлы тағам түрлерін пайдаланыңыз. Мысалы, арпа, бұршақ (фасоль) сорпасын ішкен дұрыс. Ағза сусыздануға ұшырамас үшін, сұйық тағам мен суды молырақ пайдаланыңыз.

— Асқазанға ауыр тиетін және өткір, ащы тағамдардан аулақ болыңыз. Әсіресе, газдалған сусындарды мүлде ішпеңіз.

— Дәрігерлер жаз кезіндегі оразада кептірілген жемістерді (құрма мен інжір, т.б.), сүт тағамдарын молырақ пайдалануға кеңес береді. Тауық еті мен балық та пайдалы.

— Ораза Алланың разылығы үшін ғана ұсталады! Алланың разылығы емес, денсаулығымды дұрыстаймын, т. с. с. мақсаттар көздеген жанға ол өте ауыр тиюі мүмкін. Егер денсаулығыңызда кінарат болса, ораза кезінде дәрігерге қаралып, оның кеңесіне құлақ түріңіз. Ислам дінінде денсаулығы келмейтін адамға ораза ұстамауға рұқсат етілген.

— Күніне бір мезгіл Құран, діни әдебиеттер оқыған дұрыс. Бұл Сізге рухани күш береді.

 

Кімдер ораза ұстап жүр?

 

BNews.kz сайтының тілшісі Кенжекей Тоқтамұрат өнер адамдарына «Ораза ұстайсыз ба?» деген сауалмен хабарласыпты.

Белгілі әнші, сазгер Ұлықпан Жолдасов бұл сауалға: «Алла қабыл етсе, осымен екінші жыл ораза ұстадым» — деп жауап берген.

Ал әнші Ақбота Керімбекова биыл үшінші жыл ауыз бекітіпті. Ол тілші сауалына: «Алла қабыл етсе, ораза ұстаймын. Биыл — үшінші жыл. Әр мұсылманның парызы болған соң, орындауға міндеттіміз деп санаймын. Ораза ұстасам да, ұстамасам да, мен әрдайым елімнің амандығы үшін дұға оқып жүремін» — деп жауап беріпті. Ақботаның ақ тілектерін Алла қабыл еткей дейміз.

Әнші Досымжан Таңатаров біраз уақыттан бері ораза ұстайды екен. Ол өз жауабында жалпы өнер адамдары арасында имандылық жолына бет бұрғандар көп екенін жеткізіпті. «Рамазан — сабыр айы ғой. Ораза ұстағаныма 7-8 жыл болды. Биыл да ниет етіп, Алла разылығы үшін ауыз бекіттім. Жалпы, қазір өнердегі азаматтар дінге белсенді  түрде бет бұрды» — дейді Досымжан.

Ал nur.kz сайтының жазуынша, барша қазаққа танылған «Жігіттер» квартетінің мүшелері де биыл ораза ұстапты. Рамазан айында олар гастрольдік сапарларға бармайтын және тойларға қатыспайтын көрінеді. 

 Бет интернет материалдары бойынша әзірленді

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button