Әлеумет

Жол картасы жұмыссыз қалдырмайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауында ел азаматтарының жұмыссыз қалмауы үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Президент тапсырмасына орай Үкімет қаулы қабылдап, жоспар бекітті. «Жол картасы» деп аталатын жоспарды жүзеге асыру негізінде Үкіметтен бөлінген 140 миллиард теңгенің

11 миллиард 754 миллион теңгесі облыстың үлесіне тиді. Қазіргі күні бірқатар бағыттарға жұмсалатын бұл қаражат негізінде облыстың барлық аудандарында іс жүзеге асырылып жатыр.

Қобда

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ ӘРЛЕЙМІЗ…

Қобда аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бастығы Марина Құстұртованың айтуынша, аудан көлемінде жұмысшылар құқықтарының бұзылмауы үшін Қобда ауданының әкімдігі мен ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында 15 меморандумға қол қойылған.

Аудан әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын іске асыру үшін дағдарыстан шығудың жолдарын айқындап берген Жол картасын басшылыққа алып отыр. Осы күні әлеуметтік саланы дамыту және тұрмысы төмен отбасыларын қолдау бойынша жасалатын іс-шаралар анықталды. 82 жұмыс орны ашылып, 135 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды, 32 жұмыссыз кәсіби оқу курстарына жіберілді, 72 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға қатысып, ақша тапты. Бүгінгі күні ауданда Жол картасының бағыттары бойынша жасалған шаралар нәтиже беріп, жұмыссыздар саны азайды, – деді М. Құстұртова.

Жол картасының екі бағытын іске асыруды қолға алған аудан қазіргі күні Қобдадан 70 шақырым қашықтықтағы Ақырап ауылының 3 қабатты мектебінде, аудандық ауруханада және аудан орталығындағы Мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстарын бастап, оған 269 адамды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Күрделі жөндеу жұмыстарына 129 млн. теңге қарастырылған.  Жұмысқа жұмыссыз жүрген жастар, отбасын асырап отырған азаматтар, оралмандар, кәсіптік лицей түлектері тартылмақ. Ал Жол картасының әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және жастар тәжірибесі бағдарламаларын кеңейту үшін ауданда 80 әлеуметтік жұмыс орнының ашылуына 10,7 млн. теңге бөлініп, оқу орындарын тәмәмдап келген 40 түлек іс-тәжірибеден өтуге жіберілетін болды.

Биыл ауданда әлеуметтік объектілердің жөндеусіз, жылусыз қалмауына көп көңіл бөлінбек. Мәселен, аудандағы жалғыз мектеп-гимназияның спортзалын қайта жарақтау жұмыстарына 160 млн. теңге және аудандық Оқушылар үйін күрделі жөндеу үшін 15 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл істерге де ауылдың құрылыстан хабары бар жұмыссыз жүрген жастары тартылатын болады.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Қарғалы

200 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ…

Жол картасы жобасы негізінде атқарылып жатқан шаруалар туралы біз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Ұлдай Берденовадан білген едік.

– Жол картасы негізінде ауданда қандай шаруалар қолға алынды?

– Бүгінде ауданның аумақтық жұмыспен қамту стратегиясын іске асыруға 122,3 млн. теңге қарастырылды. Бұл ауқымды қаражат республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлініп отыр. Жол картасы бағдарламаларын жүзеге асыру барысында ауданда қосымша 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Жосалы, Әлімбет, Петропавловка ауылдарындағы орта мектептер мен Ащылысай ауылындағы мектеп жанындағы балабақша, аудандағы «Бөбек» мектепке дейінгі орталығы күрделі жөндеуден өтеді. Сол сияқты  бөлінген қаражаттың бір бөлігі Қосестек ауылындағы мектепке дейінгі балалар мекемесінің құрылысына жұмсалады.

– Бұл шаруаларды кімдер тындырады?

– Ең бастысы  – ауыл азаматтары жұмысқа тартылады. Оқу орындарының түлектері мен студенттер де іске жұмылдырылады.

– Жол картасы жобасының басты бағыттарының бірі – кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру. Бұл бағыттағы іс қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?

– Қазір ауданда №12 кәсіптік лицей жұмыс жасайды. Мамандардың кәсіби білімін арттыруда бірқатар жұмысшылар осы білім ордасынан білімдерін жетілдірсе, көпшілігін облыс орталығындағы кәсіптік лицейлерге жібереміз. Оқу ақысыз жүргізіледі. Бұл мақсатта Жол картасын іске асыруға бөлінген қаражаттан мамандарға қаржылай көмек көрсетіледі.

Сұхбаттасқан Бақыт ИМАШЕВ.

Әйтеке би

ЖАСАЙМЫН ДЕСЕҢ, ЖҰМЫС КӨП

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы негізінде жасалған Жол картасы жобасына байланысты ауданда бірқатар шаруалар қолға алынды. Аудан әкімінің орынбасары Қаржаубай Ыбрайымовтың айтуынша, биыл аудан бойынша жеті мектеп пен екі балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін 112 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар 52 миллион теңгеге екі клуб пен бір кітапхана ғимараты жөндеуден өткізіледі.

Жол картасы жобасын жүзеге  асыру негізінде ауданда  100 әлеуметтік жұмыс орны ашылады әрі жастар іс-тәжірибеден өтеді. Қазір бұл мақсатта жұмыстар атқарылып жатыр. Ауданда 313 адам уақытша жұмыспен қамтылады. Олардың бірқатары мәдениет ошақтарын жөндеу жұмыстарына араласса, енді бірқатары білім ордаларын қалыпқа келтірмек. Бүгінгі күні әлеуметтік жұмыс орындарын ашу мақсатында 23 шаруашылық субъектісімен келісім-шартқа отырдық. Жұмысшыларға еңбекақы уақтылы берілетін болады, – деді Қаржаубай Ыбрайымұлы.

Қазір ауданның әр селолық округі бойынша адамдарды жұмысқа  орналастыру есебі алынған. Есеп бойынша, ең алдымен әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың мүшелері жұмысқа тартылатын болады.

Жол картасы жобасын жүзеге асырудың басты бағыттарының бірі – кадрларды қайта даярлаудан өткізу, олардың білімін жетілдіру. Қ.Ыбрайымовтың айтуынша, бұл бағытта 169 адамды қайта оқыту мен мамандық алу жөнінде кәсіптік лицейлермен келісім-шарт жасалыпты.

Биыл аудан бойынша 3 мектеп пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні бұл нысандардың негізгі жұмыстары аяқталды. Жұмысқа ауыл  азаматтары мен жұмыссыз жүрген жастар тартылып жатыр. Сондай-ақ, осы жылы Басқұдық, Жабасақ және Ақкөл ауылдарында клубтар жөнделеді, Қарабұтақ және Үшқатты ауылдарында су құбырлары іске қосылады, жол бойында үш жерде май құю стансаларының құрылысы салынады. Міне, осы істерді жүзеге асыру барысында қосымша жұмыс орындары ашылады. Биылғы жылы бақша егу жұмыстары мықтап қолға алынып, егіс көлемін де ұлғайтып жатырмыз. Аудан бойынша шаруашылықтар 43 гектар алқапқа картоп, 35 гектар жерге көкөніс егіп жатыр. Қостанай облысының «Алтынсарин» серіктестігі ауданымызға келіп, 12 мың гектар алқапқа алтын дән себуде. Міне, осындай маусымдық жұмыстардың барлығына қосымша жұмыс күшін тартып жатырмыз, – деді Қ.Ыбрайымұлы.

Жол картасы негізінде жақын арада Жамбыл-Үшқатты бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары басталмақ. Әйке ауылынан стансаға дейінгі 5 шақырымдық жол құрылысы да биыл аяқталуға тиіс.

Б. ӘБДІҚАЛЫҚ.

Шалқар

МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ ҚАЙТА ҚАЛЫПҚА КЕЛЕДІ…

Ауданда Жол картасы жобасының қаншалықты жүзеге асырылып жатқанын білмек ниетте біз аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Дәулетияр Әспеновті сөзге тартқан едік.

Биыл Жол картасының бірнеше бағыттары бойынша жұмыс жанданады. Атап айтсақ, білім саласы бойынша 155 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Осы мақсатта  75,1 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат мектеп және мектепке дейінгі мекемелердің жөндеу жұмыстарына бағытталады, – дейді Д.Әспенов.

Жол картасының басты бағыттарының бірі –  әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасын кеңейту, мамандарды қайта даярлау және жастар іс-тәжірибесін  ұйымдастыру. Д.Әспеновтің айтуынша, ауданда бұл мақсатқа 35,9 млн. теңгені қамтитын 400 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде әлеуметтік жұмыспен қамтуға 26,9 млн. теңге, жастар іс-тәжірибесіне 9,0 млн. теңге бөлініп отыр.

Мәдениет саласы бойынша да нақты жұмыстар жоспарланыпты.

Аудандағы жұмыссыз жүрген жастарды еңбекке араластыру – біздің негізгі міндетіміз. Биыл аудан орталығындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Сол сияқты Шілікті және Жылтыр ауылдарындағы Мәдениет үйлері мен Мөңке би селолық  округі орталығындағы клубты жөндеуден өткізу де жоспарда бар, – деді ол.

Қ.ӘЛИН.

Ырғыз

ШЫНАЙЫ ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАЛДЫ

Жақында ауданға облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Мәлік Жекеев пен облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Сексенбай                                                    Күлімбетов келіп кетті. Алдымен Қалыбай ауылына аялдаған олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер жөнінде әңгіме өрбітті.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиналыста аудан басшысы Мирхан Дуанбеков баяндама жасап, ел Президентінің Жолдауына сәйкес Үкіметіміздің

Жол картасы бағдарламасына орай оң шаралар қолға алынып жатқанына нақты мәліметтер келтірді. Жол картасына байланысты биыл ауданға 300 млн. теңге инвестиция келмек.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы С.Күлімбетов Ақтөбе өңірінде республикаға үлгі боларлықтай игі істер атқарылғанына тоқталды. Білім, мәдениет, мемлекеттік тіл жағдайы жөнінде шынайы пікірлерін жеткізді.

Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу, тиісті салаларға бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуы, еңбек тәртібін сақтау, кадрлар сапасына мән беру жөніндегі әңгімелер көпшілік ойына қозғау салғаны анық.

Марат МЫРЗАЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button