Білім

Балдырған

Мультфильм

Микки маус

Мультфильмді жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, сірә. Әсіресе, қызықты мультиктерді көргенде, бүлдіршіндер қуанып, жадырап қалады. Ал Микки Маусты білмейтін, оны жақсы көрмейтін балалар кемде-кем…

Әйгілі тышқан туралы туындыны балалар ғана емес, ересектер де қызыға қарайды. Мультфильмнің мультипликаторы Уолт Дисней алғашында Миккиді Мортиметр, Минниді Минерва деп атағысы келіпті. Бірақ туынды жұртшылыққа «Микки Маус» деп таралды.

Кішкентай көрермендерін ұйыта білген мультфильм былтыр 60 жасқа толды.

Техника

Сағат

Білесің бе, біз сағатсыз уақытты білу қиын деп ойлаймыз. Алайда ертеде адамзат күн, от, су арқылы уақытты болжап отырған.

Әлемде ең алғаш уақытты күн сағат арқылы білген. Бұл сағатты тас пен ағаштан жасаған екен. Жерге таяқша қадап, оған уақыт бірліктері тізбектеледі. Таяқшаға түскен көлеңкенің жылжуына қарай адамдар уақытты біледі.

Уақыт өте келе күн сағаттардың көлемі ұлғайып, піл сүйегінен, бағалы бұйымдар мен қымбат ағаштардан жасала бастайды. Тіпті, адамның ұстап жүруіне ыңғайлы етіп, қалта сағаттары да жасалады. Бірақ адамдарға күн арқылы уақытты білу қиынға соғады. Себебі күн сағаттары арқылы уақытты тек күн шыққанда ғана біле алады екен.

Біздің дәуірімізге дейін 400 жыл бұрын Платон су сағаттарын ойлап тапқан. Қытайда су сағаттары 4,5 мың жыл бұрын пайдаланылған екен. Мұнда бір құтыдан екіншісіне тамшылап аққан суға қарап уақытты шамалаған. Қызығы, мектептегі қоңырау мен күнделікті қолданып жүрген шырылдауық сағаттар да осы су сағаттарынан жасалыпты. Бұл сағат екі құтыдан тұрады, бір құтыдан екіншісіне өткен су бос кеңістіктегі ауаны ығыстырады. Ал ауа арқылы белгілі бір уақыт аралығында сырнайдан әуелеген музыка пайда болады екен.

Ал Шығыс елінде от сағаттары көп пайдаланылған. Мұнда таяқшаларды жағу арқылы уақытты біледі.

ХVІ ғасырдың соңында Галилео Галилей сағаттың жаңа түрін табады. Ол Пизан шіркеуіндегі шамдарға қарап отырып, дененің салмағы мен пішінінен гөрі желдің ырғағымен жылжыған шынжырдың тербелу жиілігі қажет екенін анықтайды. Міне, осыдан бері адамдар сағаттың көптеген түрлерін жасап келеді.

Балдырған-ақпарат

Жас ақындар айтысы

Жақында Шалқар қаласында аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқу залында «Туған өлкем – неткен көркем» атты жас ақындар байқауы өтті.

Айтысқа 7-9 сынып оқушылары қатысты. Байқау мақсаты – оқушыларды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу және дарынды, талантты оқушыларды табу.

Оқушылардың өнеріне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі М.Есмағанбетов, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мемлекеттік мекемесінің директоры Б.Жақсыбаева және Оқушылар сарайының әдіскері Ж.Қонысовалар қазылық етті.

Айтысқа қатысқан жас ақындардың арасынан А.Қойшыбаева, Г.Тілегенова, Н.Садықова, М.Қалмақановалар жүлделі орындарға қол жеткізді.

Е.ӘБДРАХМАНОВ,

№5 Шалқар орта мектебінің

9-сынып оқушысы.

Ғылым

Рустам жүлдемен оралды

Жақында Ақтау қаласында республикалық пәнаралық олимпиада өтті. Оған еліміздің әр аймағынан 400-ге жуық оқушы қатысты. Білімділер бақ сынаған сайысқа  36 ақтөбелік оқушы қатысып, оның 16-сы күміс және қола медальдарға қол жеткізді.

Жүлделі оқушылардың ішінде біздің мектебіміздің озат оқушысы Рустам Муса да бар. Қалалық және облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрген Рустам бұл жолы тарих пәні бойынша сынға түсті. Көптеген білімді оқушылар бас қосқан жиында Рустам топ жарып, II дәрежелі диплом және күміс медальды иемденді.

Озат оқушының жетістігіне бірден-бір көмегін тигізген – жетекшісі Динара Абдуллина. Келешекте біз Рустамнан мол үміт күтеміз.


Нұрлыхан ХАСЕНОВ,

№30 орта мектептің

10 «б» сынып оқушысы.

Оқушы өлеңі

Ақтөбе

Адамға ең ыстығы – туған жері,

Ақтөбем, баурап алдың мәңгі мені.

Ерекшесің, дарасың сен өзгеден,

Сен арқылы таныдым дүниені.

Сен дегенде сұлулықтың дерегі көп,

Өзіңді айтсам ойымның елегі көп.

Туған өлкем, Ақтөбем, сен тұрғанда –

Лондон, Пекин, Париждің керегі жоқ.

Өркен МҰҚАҚ,

№50 Ақтөбе орта мектебінің

7-сынып оқушысы.

Қызықты оқиға

Кел, санайық!..

Менің Нұрасыл деген кішкентай ерке інім бар. Оның қылықтары мен сөздері, күлкісі адамды еріксіз баурап алады. Бір күні ұйықтар кезде Нұрасыл маған:

– Менің ұйқым келмейді, – деп қиғылықты салғаны. Қанша алдап жатқызайын  десем де, ол өздігінен ұйықтар емес. Содан соң мен:

– Кел, ішімізден санайық. Сонда тез ұйықтап қаламыз, – дедім. Нұрасыл жөнді санау білмейтін, сондықтан тез ұйықтап қалатын шығар деп ойладым. Ал өзімнің шаршағаным соншалықты, дым сезбестен ұйықтап кетіппін. Кенет біреу қатты жұлқылап жатыр. Ұйқылы-ояу қарасам, інім:

– Тәте, сексен тоғыздан кейін неше болады? – дейді.

Сөйтсем, мен ұйықтап қалғанда інім әлі санап жатыр екен…

Жұлдыз ӨМІРСЕРІКОВА,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button