Әлеумет

Кәсіпкерлер неге қамсыз ?

Жұма күні Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның төрайымдық етуімен әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үш жақты комиссияның отырысы өтті. Шараның мақсаты — Елбасы Жолдауын жүзеге асыру, экономикалық тұрақтылықты сақтау, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсарту.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Негізгі мәселе — зейнетақы қорларының жиналуы, жеке кәсіпкерлер мен өздерін жұмыспен қамтитын азаматтардың зейнетақы қорларын жинақтауда туындайтын мәселелер туралы зейнетақы және жәрдемақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың облыстық филиалы директорының орынбасары Өтеген Үркімбаев пен облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім бастығы Нұрлыбек Жүсіпов баяндама жасады.

1997 жылы Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында бірінші болып Зейнетақы реформасын жүзеге асырды. 1998 жылдан бастап Ел Үкіметінің қаулысына сәйкес мемлекеттік зейнетақы қоры ашылып, сол қорға азаматтар жалақыларының 10 пайыздық  жарналарын жинады. Бұдан соң 13 жинақтаушы зейнетақы қоры ашылды.

Кәсіпкерлердің көпшілігі жинақтаушы зейнетақы қорларына жарналарын аудармай жатыр. Олардың біразы қазіргі ақшасына малданып жүр. Ертеңі үшін қам-қарекет жасап жатқан жоқ. Әрине, зейнеткерлердің бәріне мемелекет тарапынан зейнетақы төленеді. Дегенмен, ол ақша мардымсыз. Сондықтан кәсіпкерлер қазірден бастап қамдануы керек. Кәсіпкерлер табыстарының 10 пайызын зейнетақы қорларына аударса, өздері үшін тиімді болады, — деді Өтеген Үркімбаев. Одан соң облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім бастығы Нұрлыбек Жүсіпов сөз алды.

Облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басты міндеттері —  зейнетақы, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар және әлеуметтік төлемдерді тағайындау. «Қазақстан Республикасы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, 1998 жылғы қаңтардың 1-інен бастап ер адамдарға жасына байланысты зейнетақы жалпы еңбек өтілі 25 жылдан кем болмаған жағдайда 63 жасқа толғанда, әйелдерге жалпы еңбек өтілі 20 жылдан кем болмаған жағдайда 58 жасқа толғанда тағайындалады, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.  Оның айтуынша, бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінде зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақы тағайындау кезінде көбіне екі мәселе туындайды екен.

Мысалы, төлемдер жылына бір рет немесе бірнеше айға бір рет аударылады. Зейнеткерлікке шығатын адамдарға жұмыс беруші жеке құрылымдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, өндірістік кооперативтер) ай сайын зейнетақы қорларына жарналарын аудармайды. Кейбір азаматтар зейнетақы қорларына жарналар мүлде аударылмаған анықтамалар алып келеді. Мұндай азаматтарға уақытында зейнетақы тағайындалмайды. Тағы бір мәселе, жүктілігіне байланысты демалысқа шыққан әйелдер соңғы 3-4 айда өте көп мөлшерде, 1 миллион-1,5 миллион жалақы алғандығы туралы анықтамалар әкеледі. Анықтамалардың дұрыстығын тексеру үшін қаржы полициясына және салық комитетіне хат жолдаймыз. Көп жағдайда  бұрмалаушылыққа негізделген деректер анықталады, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Жиын барысында республикалық әлеуметтік «Парыз» конкурсына қатысатын кәсіпкерлермен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Д. Жанғожиннің, негізгі азық-түлік бағаларын көтермеу іс-шаралары және инфляцияны тұрақтандыру жөнінде қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы А.Даржанованың баяндамалары тыңдалды.

Шара соңында қала әкімінің орынбасары,  қалалық үш жақты комиссияның төрайымы Айгүл Арынғазиева жиынды қорытындылап, құзырлы мекеме  басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар берді.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button