Әлеумет

Әлеуметтік жағдайды жақсартудың айқын бағыттары

Жемқорлыққа жол жоқ!

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруға сәйкес Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі нақты жұмыстарды қолға алды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының орындалуына бақылау жүргізеді. Ағымдағы жылы қалалық ішкі саясат бөлімі осы Заңға сәйкес мерзімді басылымдар және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты әрі мемлекеттік жастар саясаты бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ әлеуметтік зерттеу жүргізу бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөнінде электронды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен конкурстар өткізді.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес қолжетімділікті және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында веб-порталында мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары орналастырылды, конкурстар өткізілді, конкурс жеңімпаздарымен шарт жасалды.

Азаматтар өтініштері, жоғары тұрған органдардың актілері мен басқа да құжаттардың  мерзімінде орындалуына тұрақты бақылау жүргізу — бұл бағытта атқарылып жатқан шаралардың бірі. Қазір бөлімде хаттардың орындалуын мерзімінде бақылап, азаматтардан келіп түскен хаттарды  тіркеуге алып отыратын қызметкер тағайындалды.

ҚР Заңнамасында қарастырылған жеке және заңды тұлғаларға негізделмеген ақпаратты беруге жол берілмейді. ҚР «Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес, қабылдау бөліміне келіп түскен барлық өтініштер міндетті түрде тіркеліп, есепке алынып және белгіленген мерзімде қаралуға тиіс.

Жыл басында азаматтардан 22, ал заңды тұлғалардан 11 өтініш келіп түсті. Барлық өтініш иелеріне бөлімнің құзыреті шеңберінде уақтылы жауап берілді.

Бұдан басқа бекітілген кестеге сәйкес, апта сайын бөлім басшысы мен оның орынбасары азаматтарға жеке мәселе бойынша қабылдау жүргізеді.

Бөлімде азаматтардың «Мемлекеттік  қызметкерлердің этикасын бақылау кітабына» қол жеткізуіне мүмкіндіктері бар. Қабылдау бөлімінде мемлекеттік қызметкерлер этикасын бақылау кітабы ілінген. Сондай-ақ «Мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық бұрышы» орналасқан. Негізгі нормативтік-құқықтық актілер: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Тіл туралы», «Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдары  ілінген. Сондай-ақ, бөлімнің қабылдау бөлмесінде азаматтар үшін арыз-шағымдар жәшігі орналасқан. Апта сайын комиссия құрамымен акт құрылып, жәшікті қарау жүзеге асырылады.

Апта сайын бөлім қызметкерлері арасында жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын түсіндіру, онымен күрес барысы, жемқорлық әрекетке  жағдай туғызатын құқық бұзушылық пен оларға қаралған жауапкершілік мәселелері бойынша жоспарлы мәжілістер өтеді.

Бөлім мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша әлеуметтік маңызы бар, жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын түсіндіруге бағытталған бейнероликтер шығаруды жоспарлап отыр.

Бұқаралық ақпарат құралдарында және қала әкімдігінің веб-сайтында ішкі саясат бөлімінің 40-41-26 сенім телефоны жарияланды. Сенім телефоны арқылы азаматтар бөлім қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері мен жемқорлық фактілері туралы ақпаратты беруіне мүмкіндігі бар.

Ералы НҰРҒАЛИЕВ,

«Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі»

мемлекеттік мекемесінің  бастығы.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button