Әлеумет

Жер және жемқорлық

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі  қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары мен мемлекеттік мекеме басшылары және кеңес мүшелері қатысты.

Басқосуда  облыстағы жер қатынастарына қатысты мекемелер мен Ырғыз ауданындағы мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты  жұмыстар сөз болды. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Бөгежан Аманбаев ашып бергеннен кейін, ҚР жер ресурстарын басқару агенттігінің облыс бойынша жер инспекциясының бастығы Нұрлан Наурызбаев сөз алды. Инспекция бастығы жерді пайдалану мен оны қорғау жөніндегі атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында облыс бойынша жерді пайдалану заңдылықтарына орай жоспарлы және жоспардан тыс 231 тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 173 заң бұзушылық анықталып, оның ішінде 124 жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдаланған азаматтарға ескерту берілген. Сондай-ақ Хромтау, Мәртөк, Мұғалжар, Қарғалы, Темір аудандарындағы ауылдық округ әкімдерінің жеке және заңды тұлғаларға жер беру кезінде  заңдылықтарды қалай сақтағандығына қатысты тексеру жүргізіліп, азаматтардың өтініштеріне уақытында жауап бермеген қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ал облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Қаби Сәрсенғалиев жыл басынан бері аумағы  218,5 мың гектар болатын 296 жер учаскесінің тиімсіз пайдаланылғаны анықталғанын айтты. Оның ішінде 155,7 мың гектар жер, яғни 255 жер учаскесі мемлекеттің меншігіне қайтарылған. Ал 430,8 мың гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылған жер есебінен жерді игеруге мүмкіндігі бар ірі шаруашылықтарға беріліпті. Осы және өзге де мәселелерге тоқталған басшылар жер беруге қатысты жұмыстардың әлі бір шешімін таппағанын жеткізді. Бүгінгі күні жер алу үшін түскен арыздың көлемі жүз мыңға жеткен. Дегенмен мораторий жариялануына байланысты бұл шаруа әзір тоқтап тұр. Нұрлан Наурызбаев алдағы уақытта  қаланың бас жоспары бекітіліп, мәселе бір жақты болатынын жеткізді.

Жиында «Нұр Отан» партиясының Ырғыз аудандық филиалының төрағасы Мирхан Дуанбеков аудандағы мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Ал қоғамдық кеңестің мүшесі Келдібай Есмағанбетов аталған мәселелерге байланысты өз ойын білдірді. Отырыс барысында жиналғандар басқарма басшыларына сұрақтарын қойып, жерді пайдалануға қатысты ойларын ортаға салды.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button