Спорт

Алты кездесуде алаң иелері жеңді

 Премьер-лига командаларының 20 мамырда өткен кездесулері алаң иелерінің басымдылығымен айшықталды. Көш басындағы «Тобыл» мен «Шахтер» кезекті жеңісіне ие болса, соңғы орындағы «Оқжетпес» те үш ұпай олжалады. Сырт алаңнан ұтылмай оралған жалғыз команда — «Қайсар».

Енді ретімен баяндайық.

Бұл турда «Ақтөбе» Астанаға барған болатын.

Тап қазір турнир кестесінің орта тұсында жүрсе де бұл командалардың әр ойынын қазақстандық жанкүйерлер назардан тыс қалдырмайтыны белгілі. Оның үстіне кезекті бұл кездесу «Қазақстан» телернасы арқылы көрсетілді де, футбол додаларын тамашалауға ықыластылар жасыл алаңдағы жағдайларға тең дәрежеде куә болды.

Дегенмен біздің ерекше риза еткен жай — ойын аяқталғаннан кейінгі сәт. Тілектес командасының ұтылып қалғанынан қарамастан «Астана Арена» стадионындағы «Ақтөбе» жанкүйерлері жерлес футболшыларын жылы ықыласпен шығарып салып жатты. Тосыннан көз салған адамға «Ақтөбе» командасы жеңіске жеткендей болып көрінуі де мүмкін еді.

Бірақ бұл тек жерлестік көңіл-пейілдің белгісі ғана емес, футболшылардың жанкешті ойынына берілген баға да шығар. Өзіңіз есептеп көріңіз, доп ойын уақытының 60 пайызында ақтөбеліктердің иелігінде жүрді. Қақпаға қарата астаналықтар 11 соққы жасаса, біздің футболшылар 14 рет сондай қауіп төндіріпті. Бірақ, амал не, есеп басқаша нәтиже ұсынды.

Иә, «Ақтөбенің» қарсыластар қақпасына гол енгізіп жіберерлік сәттері жеткілікті болды. Марат Хайруллин, Сергей Лисенков, Самат Смақов, Лукаш Байер, Дарко Малетич, Арунас Климавичус, осылардың қай-қайсысының да гол авторы атанарлық мүмкіндіктері болды-ақ. Бірақ соққылар қиыс кетіп жатты, әсіресе, «Астананың» қақпашысы теңбіл допты талай рет тырп еткізбей ұстап қалды. Мұндай қауіп біздің қақпашымыз бен қорғаушыларымызға да тыным бермегені және рас. Екі қақпаға қанша гол соғылғанда да заңдылық болып есептелер еді. Бірақ гол бір-ақ рет соғылды, доп біздің қақпамыздың торында тулап жатты.

53-минутта Таңат Нөсербаевтан айып алаңының ішінде тұрып тамаша пас алған, бұдан бұрын да мүлт кетіп іштей ширығып жүрген Сергей Остапенко көз ілеспес жылдамдықпен кілт бұрылып, допты қақырата тепті. Тап осы сәтте еш айла жасай алмай қалғаны болмаса Андрей Сидельников кездесуді жақсы өткізгендердің бірі болды, ал қақпаға еніп кеткен тап осы доп үшін Андрейді кінәлаудың реті жоқ та сияқты. Бұл қорғаушыларымыздың сәл аңғырттық жіберіп алған сәті болды.

Әрине, бұдан соң «Ақтөбенің» ең болмағанда есепті теңестіріп қоярлық та мүмкіндіктері болды. Бірақ «Астана» қақпасының құлпы ашылмастан қалды.

«Астана»-«Ақтөбе» — 1:0.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Петр Бадло, Зоран Костич (Мұрат Тілешев, 73-минут), Самат Смақов, Лукас Байер, Марат Хайруллин, Петр Илич (Аслан Дарабаев, 56-минут), Сергей Лисенков (Дмитрий Мирошниченко, 71-минут). Юрий Логвиненко, Арунас Климавичус, Дарко Малетич.

* * *

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

  • Өз алаңында алматылықтарды қабылдаған «Шахтер» төрешінің ойын басталғанын жария еткен ысқырығы естілісімен-ақ жасыл алаң өздерінікі екенін еске сала қойды. Сергей Хижниченко қарсыластар қақпасына бірінші минутта-ақ гол енгізіп жіберді. Рас, 9-минутта алматылық Олег Недашковский есепті теңестірді. Бірақ қарағандылықтар тіпті де дес бермеді. 38, 45-минуттарда Андрей Финонченко екі рет гол соқса, оны 47-минутта Станислав Лунин қолдады. Сөйтіп осы турдағы жалғыз ірі есеп нәтижесі тіркелді.

«Шахтер»-«Қайрат» — 4:1.

  • Өткен турда шымкенттік Эндрю Мвесигва «Ертістің» қақпасына екі гол соғып, ерекшелене көзге түсіп еді. Ол бұл жолы Қостанайда өткен кезекті турда да «ерекшеленді», бірақ бұл өкінішті ерекшелік болды. 29-минутта қақпа алдындағы қарбаласта Эндрю сыртқа аударып жібермек болған допты қалайша өз қақпасына тура бағыттағанын аңғармай қалды. Аса тартысты өткен ойында екі команданың бұдан да басқа гол соғарлық мүмкіндіктері болды-ақ. Бірақ таблодағы есеп сол күйі өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ екі команданың турнир сатысындағы орындары да өзгеріске ұшыраған жоқ.

«Тобыл»-«Ордабасы» — 1:0.

  • Өткен турда өз алаңында «Қайраттан» ұтылып, жанкүйерлерін өкпелетіп алған «Ақжайықтың» бұл турда бағзы беделін қайтарып алғысы келгені түсінікті де. Соның нышанындай Павлодарда өткен кездесуде алғашқы голды оралдықтар соқты (16-минут, Борут Семлер). Бірақ «Ертістің» футболшылары 33, 75, 83-минуттарда соққан үш доп (Павел Шабалин, Сергей Иванов, Сергей Струков) бұл үміттің тас-талқанын шығарды да, «Ертіс» екі сатыға ілгеріледі.

«Ертіс»-«Ақжайық» — 3:1.

  • Ісі тіпті де ілгері баспай келе жатқан «Оқжетпес» өз алаңында «Таразбен» өткен кездесуде жанкүйерлерін соңғы жиырма минуттық бөлікке дейін ширықтырып бақты. Сосын барып 71, 82, 89-минуттарда үш гол соғып, өз алаңындағы алғашқы, ал чемпионат басталғалы екінші жеңісіне қол жеткізді. Рас, 78-минутта тараздықтар қарымта доп соғып, теңесуге талпыныс жасады. Әйтсе де көкшетаулықтар аттан түспей қойды. Бұл ойында жанкүйерлер екі гол соққан Абылайхан Махамбетовке ерекше қол соқты.

«Оқжетпес»-«Тараз» — 3:1.

  • Атырауда өткен ойында да бар салмақ соңғы минуттардың мойнына түсті. 78-минутта «Жетісудың» ғана емес, биылғы чемпионаттың да қас мергендерінің бірі Эдин Юнузовичтің соққан голы атыраулықтарды қатты ашуландырды. Қонақтардың «сыйына» 81-минутта Сергей Шафф, 89-минутта Евгений Овшинов қарымта жауап қатып, бұдан бұрынғы екі турда жеңіліске ұшыраған «Атырау» жанкүйерлеріне қайтадан көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Атырау»-«Жетісу» — 2:1.

  • Бұл турда бір кездесуде ғана ешқандай гол соғылған жоқ. Қаскелеңдік «Сұңқар» мен қызылордалық «Қайсар» 90 минут бойы қанша арбасса да теңбіл допты торда тулатудың амалын таба алмады.

«Сұңқар»-«Қайсар» — 0:0.

* * *

12-турдың ерекшеліктері.

Біріншіден, бұл турда 18 гол соғылды, бір ірі есеп нәтижесі (4:1) тіркелді, 3:1 және 1:0 есептері екі реттен қайталанды, бір ойын ғана тең есеппен аяқталды. Жеті кездесудің алтауында алаң иелері жеңіске жетті. Бұл турдың кездесулеріндегі алғашқы доп ойынның 1-минутында, соңғы екі доп 89-минутта соғылды.

Екіншіден, екі футболшы бір кездесуде екі доптан соқты (Андрей Финонченко, «Шахтер»; Абылайхан Махамбетов, «Оқжетпес»), бір футболшы допты өз қақпасына соғып алды (Эндрю Мвесигва, «Ордабасы»). Юрий Дьяк («Оқжетпес») он бір метрлік айып добын нәтижелі орындады. Ойын ережесін өрескел бұзғандары үшін төрт футболшы (Максим Чеботарь, «Оқжетпес»; Юрий Дьяк, «Оқжетпес»; Нұртас Кургулин, «Тараз»; Эдин Юнузович, «Жетісу») жасыл алаңнан қуылды.

Үшіншіден, «Тобыл» өз алаңындағы жетінші ойынын, яғни барлық кездесулерді жеңіспен аяқтады. Өз алаңындағы барлық ойындарда жеңіске жеткендер — «Ордабасы», «Тараз».

Төртіншіден, «Шахтер» өз алаңындағы алтыншы ойынын ұтылыссыз өткізді. Осымен бесінші рет жеңіске жетті. Әзірге өз алаңында ұтылмай келе жатқан командалар — «Тобыл», «Тараз» «Ордабасы».

Бесіншіден, «Сұңқар» қарсыластарымен алтыншы рет тең ойнады. Оның ішінде бес кездесу 0:0 есебімен аяқталды.

Алтыншыдан, «Оқжетпес» оныншы ұтылысынан соң жеңіске жетті, бұл команданың және «Жетісудың» есебіне әзір тең ойын нәтижесі тіркелген жоқ.

Жетіншіден, «Қайрат» үшінші рет ірі есеп нәтижесімен жеңілді.

Сегізіншіден, «Жетісу» чемпионат басталғалы төртінші рет 1:2 есебімен ұтылды.

 

Ойын кестесі

 

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

 

1 «Тобыл»               12       8          2          2          21-11  26

2 «Шахтер»             12       8          1          3          23-9    25

3 «Тараз»                 12       7          1          4          13-13  22

4 «Ертіс»                  12       6          3          3          23-13  21

5 «Ордабасы»        11       5          4          2          15-9    19

6 «Ақжайық»           12       6          1          5          19-16  19

7 «Астана»              11       5          2          4          12-13  17

8 «Ақтөбе»             12       5          2          5          14-9    17

9 «Қайрат»              12       4          3          5          13-18  15

10 «Атырау»           12       4          3          5          11-13  15

11 «Сұңқар»                       12       2          6          4          4-10    12

12 «Қайсар»                        12       3          2          7          9-16    11

13 «Жетісу»             12       3          0          9          14-25  9

14 «Оқжетпес»       12       2          0          10       11-27  6

 

(О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

* * *

Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 7 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 6 доп.

Андрей Финонченко («Шахтер») — 6 доп.

Мирослав Лечич («Тараз») — 5 доп.

Давид Чегашвили («Оқжетпес») — 5 доп.

Игорь Зенкович («Ақжайық») — 5 (екеуі — он бір метрлік айып добы).

Йосип Кнежевич («Қайрат») — 5 (2).

Төрт футболшы 4 доптан, он төрт футболшы 3 доптан соқты.

* * *

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 3 доп;

Марат Хайруллин — 3 (екеуі  — он бір метрлік айып добы);

Сергей Лисенков — 2;

Лукас Байер — 1;

Арунас Климавичус — 1;

Дарко Малетич — 1;

Петр Бадло — 1;

Самат Смақов — 1;

Зоран Костич — 1.

* * *

Ендігі 13-турдың ойындары үш аптаға жуық уақыттан соң өтеді.

16 маусым, сенбі күні «Ақтөбе» өз алаңында «Сұңқарды» қабылдайды.

Көкшетаулықтардың чемпионат басталғалы екі-ақ рет жеңіске жеткенін есептеумен бірге, алты ойынды тең аяқтағанын да ұмытуға болмайды. Нақтырақ айтсақ, көкшетаулықтар сырт алаңдағы кездесулерінде екі рет жеңілсе, екі рет тең ойнап, бір ойында ұтты.

Қалған кездесулер:

«Қайсар» — «Шахтер»;

«Жетісу» — «Астана»;

«Тараз» — «Атырау»;

«Ордабасы» — «Оқжетпес»;

«Ақжайық» — «Тобыл»;

«Қайрат» — «Ертіс».

 Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button