Мәдениет

Бану – байқау жеңімпазы

Өткен аптаның соңында «Ақтөбе» қонақ үйінің мәжіліс залында Мұқағали Мақатаев атындағы ІІІ облыстық ақындар байқауы өтті. Байқауда алғалық Бану Ғабдуллина бірінші орынды қанжығасына байлады.

Мұндай байқау облысымызда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» облыстық фестивалі аясында өткізілген шараның мақсаты –  ана тіліміздің мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту, жас ұрпақты әдеби шеберлікке баулу. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа ақындардың шығармаларын, соның ішінде Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттау, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Төлебаева.

Шараға Ақтөбе қаласы мен аудандарда өткізілген іріктеу байқауының жеңімпаздары, арнаулы, орта және жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік атқарушы органдар, кәсіпорындар мен мекемелерден 18-29 жас аралығындағы талапкерлер қатысты.

Облыстық байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың шығармаларының мазмұны мен көркемдігіне, шығарманы оқу, әнді орындау шеберлігіне, талапкерлердің сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетіне, дауыс мәнеріне баса назар аударды.

Байқауға қатысушылар әуелі М.Мақатаевқа арнау оқыды. Байқаудың келесі шартында талапкерлер ақынның бір өлеңін жатқа айтып немесе оның өлеңіне жазылған әнді орындауға тиіс болды. Үміткерлер «Ана тілім – алтын бесігім» тақырыбында өз туындыларын оқып, байқаудың соңғы шартында жырсандықтан ақынның 16 өлеңінің біреуін таңдап, жатқа оқыды.

Ақын Ертай Ашықбаев төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен байқауда Алға ауданындағы Тамды орта мектебінің мұғалімі Бану Ғабдуллина бірінші орынды иеленіп, тіл мерекесі аясында Астанада өтетін М.Мақатаев атындағы республикалық ақындар байқауына жолдама алды. Ырғыздық Гүлзат Жеткергенқызы екінші орынға қол жеткізсе, жүлделі үшінші орын «Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» РМҚК Ақтөбе облыстық филиалының маманы Арман Елдесовке бұйырды. Ақтөбе медицина колледжінің студенті Аслан Тәжібай мен қобдалық Гүлнұр Бикеева ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Байқау жеңімпаздарының барлығы арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button