Әлеумет

Аға барлаушы

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихының қай парағынан да жеңісті күнді жақындата түскен шайқастарды оқимыз. Соғыс кезіндегі майдандардың қай-қайсысында да қасық қанын қиған ұрыстар жүрді. Дегенмен Мәскеу, Ленинград, Сталинград, Курск доғасы шайқастарының сұрапыл жылдардағы бетбұрыс болғаны рас. Қоршауда қалған Ленинград… Аштыққа ұшырап, бұратылған адамдар… Ладога көлі… Ақтөбелік Смағұл Әбенов осы Ленинград майданында болған.

…Қарабұтақ ауданының Ленин ауылында ұжымшар жұмысында жүрген Смағұл әкесі Әбен Ермағамбетов екеуі Отан қорғауға бірге шақырылады. Орынбор облысының Дамбаров стансасында әкелі-балалы бір үйдің азаматтары жұртпен бірге қан майданға дайындалып жатады. Алайда эшелон болмай екеуі де ауылға кейін қайтарылады. Смағұл қайта шақырылып, 1942 жылдың 19 маусымында әскер қатарына алынады.

Ал әкесі Әбен бронмен қалдырылып, Тасөткел ауылдық кеңесіне қарасты Молотов атындағы ұжымшарда басқарма қызметін атқарады. Кейін Каганович атындағы ұжымшарда басқарма болып тұрғанында мал базы өртеніп кетіп, бақылаусыздығы үшін деген айыппен 3 жылға сотталып, 1948 жылы оралады. Әбен мұның алдында, яғни 1933 жылы ұжымшарда бригадир болып тұрғанда шабылған жердің өлшемі сәйкес келмей шатылған екен. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген осы ғой.

Ақтөбеден аттанған эшелон Ресейдің Свердлов қаласына алып барады. Бір жағынан жауынгерлік дайындық, екінші жағынан сондағы зауыт құрылысының жұмысы жігіттерді шыңдай түскен. Алайда көптеген жауынгерлердің Отанды майданда қорғамай, зауытта жүргендеріне көңілі толмады. Осы жылдың аяғына қарай №51 дербес соғысушы артиллериялық армия сапына алынады.

– Челябі облысының Шварко деген стансасына келгенімізде бір майдангер жараланып қалған екен, соның орнына аға барлаушы болып шыға келдім, – дейді Смағұл ата. – Шыға келдім деуімнің реті бар. Барлаушы дегенге «тіл» әкелетін барлаушы екен деп ойласам, мүлдем олай емес. Кәдімгі жаудың атып жатқан снарядтары қай жерден ұшып шықты, қай жерге түсті, міне, осыларды барлауың керек. Күндіз қиын, түнде найзағай сияқты жарқырайды ғой. Құлақта телефон-байланыс, қолда бинокль, секундомер бар. Осындай құралдар арқылы жаудың оғы қай жерден атылғанын есептеп шығуың керек. Сондай-ақ, орыс тілін білуің де керек қой. Бар орысшаммен жаным қалмай соға беремін.

Қаңтардың басында әскер Ленинград майданына жіберіледі. Ладога көлі қытымыр аяздан әбден қатқан. Жауынгерлер мұздың үстімен жүріп келеді. Қырылған адам, аттап өтудің өзі қиын. Осылайша, жау қолындағы Волковская высота, Красносельское деген жерлерді азат етуге қатысады. Биік төбелерге барып орналасады. Барлаушылар биікте. Наурыз айына дейін жасалған бірнеше шабуыл сәтсіз аяқталады. Неміс басқыншыларының қоршауында қалған Ленинградтың жағдайы ауыр.

…Сонымен, от пен жалынның арасындағы шайқаспен жазды да қарсы алады. Ленинградтың жері жазда батпақты келеді. Дегенмен күш жинаған біздің әскерлер фашистерден Ленинградты және оның маңындағы біраз қалалар мен селоларды азат етеді. 1944 жылдың 14-17 қаңтарында ақыры жаудың шебін тас-талқан етіп, Псков қаласына кіреді. Осы Псковта әскери қырағылығы үшін КОКП мүшелігіне кандидат болып өтеді. Мамыр айында қайтадан Ленинградқа алып келеді. Бұл кезде финдерге қарсы соғысқа әкеліп салады.

– Осылайша, Финляндияңды да көргенмін, – дейді Смағұл ата. – Өзен-көлі, орманы көп жер екен. Финдер жеңіліс тапты. Біраз кідірдік. Финнің қарапайым халқы соғыстың ресми аяқталғанын біледі екен, «картоп терейік, атпаңдаршы» дейді. Сол кезде ауыл еске түсетін. Фин соғысынан кейін атай КОКП мүшесі болып қабылданады.

5 маусымда соғыс аяқталған соң армияны қайтарып, Эстонияның Тарту қаласына апарады. Мұнда Тарту жаудан қайтарылады. Балтық теңізіндегі Муха, Серб деген аралдар азат етіледі. Сонымен, 1945 жылға да жетіп, Курляндияда болады.

Атай 1944 жылы болған 10 екпінді соққының үшеуіне қатысқанын айтады. Бірінші соққы – Ленинградты азат ету, төртінші соққы – финдерге қарсы соғыс, сегізінші соққы Эстонияда болады.

Ауылға 1947 жылы ғана оралады. Барлаушы жолдастарынан екі-ақ адам елдеріне аман-есен қайтыпты. Олар: Хабаровскіде тұрған Иван Кисилев және челябілік Соколов.

Жеңіс күні мерекесінде тағатын болса, омырауларын толтыратындай награда табылады. Бірақ Смағұл ата соның бәрін жарқыратпай-ақ «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін ғана таққанды жөн көреді екен.

Елге аман-есен келіп, ауылдастарымен қауышқан соң жұмысқа араласып кетеді. Коммунистік партия қайда жұмсаса, бұл кісі сонда барады. Яғни қай жерде қандай жұмысшы жетпей жатыр, соны барып толықтырады. Алдымен автокөлік жүргізушісінің оқуын оқып, еңбек етеді. Содан мал шаруашылығына ауысып, сегіз жыл сиыр бағады. Шөп дайындаушылар бригадасының бригадирлігін 12-13 жыл атқарады. Кейін қазіргі Әйтеке би ауданының «Басқұдық» кеңшарында қойма меңгерушісі болып, зейнеткерлікке шығады. «Әліби Қойлыбаев, Кеңес Қалжанов деген екі директорым бар. Осы екі адаммен көп жұмыстас болдым, бірге еңбек еттік. Мен туралы солар айтып бере алады», – дейді Смағұл ата.

Соғыстың да, бейбіт өмірдің де ыстығы мен суығын көрген Смағұл ата үнемі шүкіршілік етіп отырады. Сұранудан, жыланудан мүлдем аулақ адам. Кеңес үкіметі тұсында кез келген жұмысшы алып жатқан санаторийлер мен демалыс үйлеріне жолдаманы соғыс ардагері ретінде пайдаланып көрмепті. 1990 жылы өз қаражатына Ленинградқа барып, бұрынғы майдандастарының, қала жұртшылығының рухына тағзым етіп қайтыпты.

Жас ұлғайған соң ауылда тұру қиын ғой. Ақсақал Ақтөбеге ат басын тірейді. Себебі балалары да қалаға келіп орналасып жатыр еді. Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде қаладан үш бөлмелі үй берген. Смағұл ата Елбасының, облыс басшыларының қамқорлығына ризашылығын үнемі айтып отырады. Тіпті, газет арқылы «Ардагер» емханасының ұжымына шексіз алғысын жеткізуді де ұмыт қалдырмады. Кішкентай сырқаттанса, «қозғалмаңыз, қазір барамыз» деп Татьяна деген дәрігер әбігерге түсетін көрінеді.

– Кеңес үкіметінің де жақсы жақтары көп болды. Дегенмен ол кезде дәл қазіргідей күйге жете алған жоқпыз. Кеңестің уақытында тек сексенінші жылдардан бастап қана ғой дұрысталғаны, оның арғы жағында ештеңе де болған жоқ. Осы өмірімде бәрін де көрдім ғой, – дейді биыл сексен жеті жасқа қараған атай. – Біздің әкіміміз Елеусін Сағындықов өте кішіпейіл, қарапайым адам. Шаруаны да ұқсата біледі. Шаруаны жүргізу арқылы қаржы көзін тауып, халыққа жағдай жасауды алдыңғы кезекке қояды. Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, зейнеткерлерге қаншама жеңілдік жасауда. Бірақ адамда қанағат болуы керек. Ал пенде болған үстіне болса дейді. Соғыс жылдарында бір аяқ, бір қолдан айрылсам да, елге тірі жетсек деп армандаған ұрпақпыз. Сондықтан ел тиыш болсын. Еңбек етем деген адамға жұмыс та, нан да табылады. Осыны айтқым келеді.

Шынымен де солай-ау!

P.S. Металлургтер көшесіндегі ардагерлерге арналған үйде тұратын Смағұл ақсақал соғыс ардагерлері атынан Шанхай ауданында «Ардагер» дүкені немесе арзандатылған бағамен сатылатын азық-түлік дүкені ашылса деген ұсыныс жасады.

Бет қатталып жатқанда Қазақстандағы Ресей елшісі М.Н. Бочарниковтан Алғыс хат келді. Хат мәтіні мынадай:

27 қаңтар – біздің әрқайсымыз үшін қастерлі күн. Ленинградтың тоғыз жүз күн бойы қоршауда қалуы – қайғылы жағдай, дей тұрғанмен біздің тарихымыздың ерлік парағы болып табылады. Қаланы қорғаушылардың және тұрғындардың маңдайына ойға келмейтін сынақтарды жазды – аштық, аяз, артиллериялық атыстар мен бомбаның гүрсілдері. Бірақ Ленинград бәріне де шыдады және адамзат рухының шексіз ерлігін әлемге паш етіп, жеңіске жетті.

Құрметті Смағұл Әбенов! Сіздерге, барлық қоршауда болғандарға, біздің ортақ Отанымызды қорғаушыларға ерліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Зор денсаулық, мазмұнды ұзақ өмір, сәттілік пен бақыт тілеймін.

М.Н. БОЧАРНИКОВ,

Қазақстандағы Ресей елшісі.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button