Спорт

«Ақтөбені» ұтқан «Тобыл» топ жарды

Премьер-лиганың 6 мамырда өткен 9-турынан соң көш бастаушы өзгерді. Екі команда сырт алаңда жеңіске жетті. «Жетісу» жанкүйерлерін тағы да қапаландырды.

Енді ретімен баяндайық.

«Ақтөбе» бұл турда өз алаңында «Тобылды» қабылдаған болатын.

Екінші орында келе жатқан қостанайлықтардың биыл қақпаны нысанаға алу көрсеткіші нашарлау «Ақтөбеден» жеңілмеуді, реті келсе, үш ұпай олжалауды мақсат етіп келгені даусыз еді.

Солай болды да. Және мәселе күтпеген жерден алғашқы минуттарда-ақ шешілді. Қонақтар екінші минутта айып алаңына таяу тұстан айып добын соғу мүмкіндігін алды. Әуелете тебілген допты абыр-сабыр ортадан суырыла көтерілген Сергей Концевой басымен біздің қақпаға бағыттай салды. Гол!

Кездесуде қақпаға енген жалғыз доп осы болды. Рас, бұған тағы бір доп қосыла жаздады. Бірінші таймның ортасында Анатолий Богданов шірене соққан доп қақпамыздың маңдайшасына тиіп кері серпілді.

Бұл кезеңдерде де, екінші таймда да ақтөбеліктер қонақтардың қорғанысын бұзуға әрекет жасаумен болды. Сергей Лисенков, Марат Хайруллин, Самат Смақовтардың соққылары қонақтар қақпашысын біршама мазалады да. Ал қонақтар аяқ асты қарсы шабуылдар ұйымдастыруды мықтап ойластырғаны байқалды. Мысалы, Бауыржан Жолшиев пен Нұрбол Жұмасқалиевтардың қимылы біздің футболшыларды әбігерге түсіріп бақты. Тіпті кездесу соңын таман тамаша пас алған Бауыржан біздің қақпашымыз Сидельниковті көгалға сұлата алдап өтті, бірақ соққысы қиыс кетіп, бармақ тістеп қалды.

Биылғы чемпионаттың алғаш рет Орталық стадионда өткен, 10 мың жанкүйер жинаған бұл кездесуі осылай аяқталды. «Ақтөбе» — «Тобыл»: 0:1.

Футболшыларымыздың соншама мол жанкүйерлеріне қуаныш сыйлай алмағаны зор өкініш болды. Егер біздің Орталық стадионға бұл күні 10 мың жанкүйер жиналса, өз футболшыларын Астанада 6 мың, Таразда 5,5 мың, Шымкент пен Қызылордада 3 мың жанкүйер ғана қолдапты.

Осы жеңістен кейін «Тобыл» ойын кестесінде бірінші орынға шықты.

Бір анық болғаны, «Ақтөбе» футболшыларының өзара қимылдарында түсіністік тым тапшы екені көрініп-ақ тұрды. Ал нәтижесі ойластырылмаған құр жүгіріс, әйтеуір екпіндете ілгері ұмтыла беру, допты нысанаға жеткізбей тебе салу секілді дәрменсіздіктер мұндайда барша ынта-ықыласты зая кетіретіні белгілі.

Ойын барысында қонақтардың екі ойыншысымен бірге біздің үш ойыншымыз (Арунас Климавичус, 30-минут; Самат Смақов, 34-минут; Петр Бадло, 63-минут) ескерту қағаздарын алды.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Самат Смақов (капитан), Юрий Логвиненко, Петр Бадло, Дарко Малетич, Арунас Климавичус, Лукаш Байер, Сергей Лисенков (Дмитрий Мирошниченко, 62-минут), Аслан Дарабаев (Владимир Вукайлович, 58-минут), Марат Хайруллин, Брана Илич (Зоран Костич, 62-минут).

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

  • Соңғы екі тур бойы көш басында тұрған, оған қоса қатарынан төрт тур бойы өз алаңында да, сырт алаңда да тек жеңіске жетіп келе жатқан «Ақжайықтың» тұмсығы тасқа тиді. Шымкентте өткен кездесуде Дәуренбек Тәжімбетов 47,62-минуттарда соққан екі голға оралдықтар еш жауап қайтара алмады. Бір жағынан бұл ешқандай кездейсоқтық та емес. Шымкенттіктер бұған дейін бір-ақ рет, онда да сырт алаңдағы ойында ғана жеңілген болатын. «Ордабасы» — «Ақжайық»: 2:0.
  • Үшінші орында тұрған, соңғы бес тур бойы ұтылыс көрмеген «Шахтер» де жеңілуге мәжбүр болды. Астанада өткен ойында қарағандылықтар 10-минутта Михаил Рожков соққан голға еш түзету енгізе алған жоқ. Бұл жолы «Астананы» ойынға жаңа бас бапкер Мирослав Беранек әзірлеген еді. «Астана» — «Шахтер»: 1:0.
  • Үшінші орынға қарағандылықтардан бір саты төмен тұрған «Тараз» көтерілді. Олар өз алаңында Алматыдан келген, соңғы төрт тур бойы жеңіліске ұшырамаған «Қайратты» сәл ғана басымдылықпен ұтты. «Тараз» — «Қайрат»: 2:1.
  • «Қайсар» чемпионаттағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Қызылордалықтар ең соңғы орында келе жатқан көкшетаулықтардың қақпасына ойынның ең соңғы дерлік сәтінде, 86-минутта ғана (Градимир Црногорац) гол соқты. Сөйтіп «Қайсар» бір саты жоғары көтерілді. «Қайсар» — «Оқжетпес»: 1:0.
  • Ойын кестесіндегі «Қайсардың» 13-орнына соңғы кездері жеңілістен көз ашпай келе жатқан «Жетісу» сырғып түсті. Талдықорғандықтар өз алаңында павлодарлықтардан ұтылып қалды. «Жетісу» — «Ертіс»: 1-2.
  • «Сұңқар» мен «Атырау» алаңнан бейбіт тарасты. Қаскелеңдіктер гол да соққан жоқ, өз қақпаларын да аман сақтады. «Сұңқар» — «Атырау»: 0:0.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, бұл тур чемпионат басталғалы доп ең аз соғылған тур болды — 11 гол.

Екіншіден, ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ, ал 1:0 есебі үш рет, 2:1 есебі екі рет қайталанды, бір футболшы бір кездесуде екі гол соқты (Дәуренбек Тәжімбетов, «Ордабасы»), ойын ережесін бұзғаны үшін бір ойыншы жасыл алаңнан қуылды (Вагнер, «Қайсар»).

Үшіншіден, «Тобыл» қатарынан жетінші рет ұтылыссыз ойнады.

Төртіншіден, қатарынан төрт рет жеңіске жеткен «Ақжайық» бұл турда ұтылуға мәжбүр болды.

Бесіншіден, «Жетісу» қатарынан төрт рет ұтылды.

Алтыншыдан, «Ордабасы» бес тур бойы не ілгері озбай, не кейін сырғымай, ерекше тұрақтылықпен 6-орында келе жатыр.

Жетіншіден, бұған дейін қатарынан үш рет ұтылған «Астана» жеңіске жетті.

 

Ойын кестесі

 

Командалар           О         Ж        Т         Ұ          Д         Ұ

 

1  «Тобыл»               9          6          2          1          18-9    20

2  «Ақжайық»           9          6          1          2          16-8    19

3   «Тараз»               9          6          0          3          10-9    18

4   «Ертіс»                9          5          2          2          18-9    17

5   «Шахтер»            9          5          1          3          14-7    16

6   «Ордабасы»      8          4          3          1          12-6    15

7   «Атырау»            9          3          3          3          9-10    12

8   «Ақтөбе»            9          3          2          4          9-7      11

9   «Қайрат»             9          3          2          4          9-12    11

10  «Астана»           8          3          1          4          10-13  10

11 «Сұңқар»                        9          2          4          3          4-8      10

12 «Қайсар»            9          2          1          6          8-15    7

13 «Жетісу»             9          2          0          7          11-21  6

14 «Оқжетпес»        9          1          0          8          7-21    3

 

(О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұ — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұ — ұпай).

 

Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 7 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 5 доп.

Мирослав Лечич («Тараз») — 5 доп.

Давид Чегашвили («Оқжетпес») — 5 доп.

Бес футболшы 4 доптан, алты футболшы 3 доптан соқты.

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 3 доп;

Марат Хайруллин — 2 (біреуі — он бір метрлік айып добы);

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичус — 1;

Дарко Малетич — 1;

Сергей Лисенков — 1.

Ескерту қағаздарын алғандар: Виталий Евстигнеев (төрт рет), Самат Смақов (үш рет), Исламбек Қуат (екі рет), Владимир Вукайлович (екі рет), Петр Бадло (екі рет), Юрий Логвиненко, Зоран Костич, Дарко Малетич, Дмитрий Евстигнеев, Арунас Климавичус. Алаңнан қуылғандар — Петр Бадло, Дарко Малетич, Исламбек Қуат.

12 мамырда, сенбіде «Ақтөбе» Көкшетауда «Оқжетпеспен» кездеседі.

«Оқжетпес» қазір ең соңғы орында келе жатқанымен, 7-турда сырт алаңда, елордада «Астананы» 4:1 есебімен ұтып кеткенін де ұмытуға болмайды.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Ақжайық»;

«Қайрат» — «Ордабасы»;

«Ертіс» — «Тараз»»;

«Тобыл» — «Жетісу»;

«Атырау» — «Қайсар»;

«Астана» — «Сұңқар».

 

М.Беранек — «Астананың» бас бапкері

 

Соңғы турларда шабысы тым әлсіреген «Астана» командасының президенті де, бас бапкері де ауысты.

Кеңес Одағы заманындағы үздік футболшылардың бірі, бір маусымда гол соғу жөнінен рекордшы да болған 48 жастағы Олег Протасов биыл қаңтарда осы команданың бапкерлік тізгінін қолға алғанда оған «Астананы» ұлттық чемпионатта жеңімпаз атандыру және Чемпиондар лигасының жолдамасына қол жеткізу міндеті қойылған болатын.

Бірақ Олег бұл мақсатқа жете алмайтын болды. «Астана» алты турда жеті-ақ ұпай жинады, тіпті өз алаңында көш соңындағы «Оқжетпестен» 1:4 есебімен ұтылып масқара болды.

Осыдан соң О.Протасовтың бапкерліктен кетпеске амалы қалмады.

Енді «Астананы» Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, чех маманы Мирослав Беранек жаттықтыруға кірісті.

Біздің ұлттық құраманың тізгінін 2011 жылдан бастап ұстаған М.Беранек елордалық клубтағы алғашқы қадамын өткен 9-турда жеңіспен бастады. Бұл кездейсоқ табыс па, әлде негізгі межеге барар жолдың байыпты бастауы ма, оны, әрине, уақыт көрсетеді.

 

Абайлаңыз, айыппұл!

 

Қазақстан Футбол федерациясының Тәртіптік бақылау комитеті 3 мамыр күні мәселесі қаралғандардың басынан сипаған жоқ. Әркім өз ісіне лайық «сый» алды.

Чемпионаттың 7-турындағы «Тараз» — «Ордабасы» командаларының кездесуі 2:1 есебімен аяқталғаны белгілі. Бұл, бірақ, ойынның ғана нәтижесі. Тәртіптік бақылау комитетінің кезекті отырысы бұл есепке жаңа «нәтижелер» қосты.

«Тараз» футбол клубына чемпионат кездесулерінде қажетті қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін қайтара орындамағаны үшін 300 000 теңге айыппұл салынды. Бір деп қойыңыз. Екіншіден, осы клубтың бас бапкері Любо Петрович техникалық аймақтан тысқары шығып кетуді қайталай бергені үшін, оның үстіне кездесуден соңғы міндетті түрде қол алысу тәртібін сақтамағаны үшін және 400 000 теңге айыппұлға жығылды.

Рас, «Ордбасы» да құрқол қалмады. Олар өз жанкүйерлерінің тәртіпсіз қылықтары үшін 600 000 теңге айып төлеуге міндетті болды.

Осы турдағы «Жетісу» — «Ақжайық» (1:2) командаларының кездесуі де назардан тыс қалған жоқ. «Жетісу» футбол клубы өз жанкүйерлерінің әдепсіз әрекеттері үшін 150 000 теңге айып ақша төлемекші.

8-турдағы «Атырау» мен «Астана» кездесуінде (1:0) астаналық Мұхтар Мұхтаров атыраулық әріптесіне қол жұмсағаны үшін жасыл алаңнан қуылған болатын. Бұл қылықты одан әрі талқылаған Тәртіптік комитет астаналық футболшыны 5 кездесу бойы ойыннан шеттетуге шешім қабылдады.

Астана командасына шығарылған «үкім» мұнымен шектелген жоқ. Осы турда «Астана» командасының қосалқы құрамы көрсеткен тәртіпсіздіктер, яғни бір ойында 5 футболшының ескерту қағаз алуы «жазаға» лайық деп табылды. Бұл клуб 30 000 теңге айыппұл төлейтін болды.

 

Арменияның бір артықшылығы

 

Үстіміздегі жылдың 5 маусымында Қазақстан ұлттық құрамасы рейтингтік жолдастық кездесуді Армения құрамасымен өткізетін болды.

Армения құрамасы, расын айту керек, бізден әлдеқайда мықты. Қазір олар ФИФА рейтингінде 47-орында тұр. Шотландия, Украина, Польша, Белоруссия, Австрия сияқты елдердің құрамаларын артта қалдырып отыр. Біз 137-орында тұрмыз.

Тағы бір салыстырмалы деректер келтірелік. «Еуро-2012» додасының іріктеу ойындарында «А» тобындағы біздің Қазақстан құрамасы бір-ақ рет жеңіп, бір рет тең түсіп, сегіз рет ұтылғаны, 6-24 доп айырмашылығымен ең соңғы 6-орында қалғаны белгілі.

Ал «В» тобындағы армениялық футболшылар өз қарсыластарын бес рет жеңді, екі рет тең ойнап, үш кездесуде ғана жеңілді. Қарсыластар қақпасына 22 доп соғып, өз қақпаларына 10 доп жіберіп алды, 17 ұпай жинады. Сөйтіп өз тобында Ресей мен Ирландиядан кейінгі үшінші орынға табан тіреді. Армяндардың осы іріктеу ойындары барысында қазір рейтингтік көрсеткіштері бойынша 35-орында тұрған словактарды 3:1, 4:0 есептерімен ұтқанын да айтпай кетуге болмайды.

Қысқасы, Армения құрамасынан үйренереміз бар сияқты.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button