Спорт

«Үздік үштіктің сапындамыз»

Ақтөбедегі ең үлкен бассейннің бүгінгі тынысы қалай?

Бассейн дегенде ақтөбеліктердің есіне бірден Алтын Орда шағын ауданындағы «Достық» су спорты орталығы түседі. Үлкен-кіші жиі баратын бассейннің толық атауы — су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, аты айтып тұрғандай, бірінші кезекте жас талаптарға арналған мемлекеттік мекеме.Негізгі жүктемелерден тыс уақытта тұрғындарға ақылы негізде қызмет көрсететін жасанды су айдынына күніне қанша адам келеді? Жаттықтырушылар шәкірттері туралы не дейді? Балғындардың өзі су спортын не үшін жақсы көреді?

Қаладағы алып бассейннің тыныс-тіршілігімен танысқанбыз…

Қалада 758 жас су спортымен айналысады

«Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына биыл 13 жыл толады. Халықаралық талап бойынша салынған нысанда түрлі деңгейдегі чемпионаттар өтіп тұрады. Он жолақты жасанды су айдынының ұзындығы — 50 метр, ал тереңдігі 2 метрден асады. Бұған қосымша жаттығу және хореография залдары, 330 көрерменге арналған алаң бар. Спорт мекемесінің басшысы Ләззат Бектұрлиеваның айтуынша, мектепте су спорты бойынша бірнеше секция жұмыс істейді.

— Біздің мекемеде жас спортшыларды даярлауға басымдық беріледі. Қазіргі таңда 6-18 жас аралығындағы 758 бала жүзу мен су добы бойынша жаттығып жүр. Жаз айларында іріктеу жүргізіп, ұл-қыздарды ақысыз негізде қабылдаймыз. Солардан артылған уақытта келушілердің ақылы негізде бассейнде жүзуіне рұқсат етіледі. Күніне 5 сағат абонементтерге қарастырылған. Тәулігіне келетін ондай санаттағы азаматтардың орташа саны —30-40. Сондай-ақ жексенбі күні қарттардың екі сағат тегін жүзуіне болады.

Мемлекеттік мекеме болғандықтан, «Достық» бассейніне жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Биыл 580 миллион теңге аударылды. Коммуналдық төлемдер, жалақы, өзге де шығындар әлгі сомманың есебінен өтеледі. Орталықта 21 жаттықтырушы еңбек етеді, соларды арасында өзге елдерге тәжірибе алмасуға жіберіп тұрамыз. Жыл сайын Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мамандарымызға шеберлік сабағын өткізуге келеді.

Қазіргі таңда мектебімізде халықаралық дәрежедегі 1 спорт шебері, Қазақстанның 9 спорт шебері және 16 спорт шеберіне үміткер бар. Осының өзінен-ақ облыста су спортының деңгейі жақсы екенін бағамдауға болады. Өңірдің құрама командасы жүзуден республика бойынша үздік үштіктің қатарына кіреді. Астана мен Алматының спортшыларына ғана жол беріп тұрмыз… Салауатты өмір салтын ұстанып, жүзуге келетін ақтөбеліктер де жыл санап көбейіп келе жатыр. Сондықтан қалаға жаңа бассейндер қажет-ақ. Өйткені біз тұрғындардың бәрін қамти алмаймыз. Әрі негізгі күшті шәкірттерімізді жаттығуға бөлетінімізді тағы да қайталаймын. Сондықтан, сөзсіз, қаланың ескі бөлігіндегі «Дельфин» бассейнінің орнына жаңасы салынса дұрыс болар еді, — дейді Ләззат Бектұрлиева.

«Достыққа» келетіндердің арасында мүмкіндігі шектеулі ақтөбеліктер де бар. Бүгінгі таңда кешенде қоларбадағы оннан астам азамат тұрақты түрде суда жүзіп жүр. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы, бассейнге барамын деген мүгедектерге есік ашық һәм кіру ақысыз. Тек дәрігерден медициналық анықтамасы мен қасында серігі болса жеткілікті.

— Мәселе деуге келмес, бассейнге ресми жарыстарды өткізуге арналған электронды табло мен біз орналасқан шағын ауданда жарық жиі өшетіндіктен электр генератор керек. Екі қондырғы туралы сұранысты тиісті басқармаға жеткіздік, күн тәртібінде тұр. Көп ұзамай шешімін табады деген үміттеміз, — дейді мекеме директоры.

Айтпақшы, аталған орталықтақазан айында жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты, ал қарашада дәстүрге айналған республикалық «Ақтөбе үміттері» жарысы өткелі отыр.

 60 спортшының жаттықтырушысы

 «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Аманбек Қаныбеков — ұжымдағы жас маманның бірі. Оның айтуынша, жүзуге икемі болмаса жылдап жаттықса да үйрене алмайтындар болады.

Балалар 1 айда жүзудің негізін меңгере алады. Кейбіреулерде бұл процесс жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Тіпті қанша ай келсе де, дұрыс жүзуді игере алмайтындар кездесіп жатады. Өйткені табиғаты бейім емес. Ондай балғындармен қоштасуға тура келеді. Спорт мектебі болғандықтан, ең әуелі нәтижеге жұмыс істейміз.

Қазіргі таңда 8-15 жас аралығындағы 60-қа жуық ұл-қызға жүзуден жаттықтырушымын. Әрине, әр үйдің бір-бір еркесімен жұмыс істеу оңай емес. Бірақ жұмысымды жақсы көргендіктен, ұсақ-түйекке мән бермеймін, шәкірттерім жетіктікке жету үшін бассейнде көп уақытымды өткізуге тырысамын. Осында еңбек еткеніме 5 жыл болды, — дейді 28 жастағы Аманбек.

Әңгімелесушіміз халықаралық, республикалық сайыстарда оза шапқан Арсен Дүйсенов, Нұрай Қасенова, Кәмшат Кенжеғалиева сынды шәкірттерімен ерекше мақтанатынын атап өтті.

Біздің үміттер                 

9 жастағы Кәмшат Кенжеғалиеваның су спортымен айналысқанына 4 жыл болыпты. Осы аралықта жас жүзгіш бірнеше чемпионатта алтын медальді иемденіп үлгерген.

Жүзуге әкем алып келді. Әрине, суда өзіңді еркін сезіну үшін бірталай уақыт қажет. Осы спортты игеруіме 2 жылдай уақыт жұмсалды.

Аяқ-қолды симметриялы қозғалтып, су бетінде параллель жүзуді, яғни брасс әдісін ұнатамын. Аталған техниканы үйреткен Аманбек ағайыма рақмет.

Былтыр күзде Атырауда өткен ел біріншілігінде бас жүлдені иелендім, облыстың бірнеше дүркін чемпионымын. Бұйыртса, жетістіктерім алдағы уақытта бұдан да көп болатынына сенемін, — дейді Кәмшат.

Жас спортшының жаттықтырушысы Аманбек Қаныбеков Кәмшаттың өз жасындағы қыздардың арасында облыс бойынша алдыңғы шепте екенін тілге тиек етті.

Біз сұхбатқа барғанда бассейннен енді шыққан Нұрай Қасенованы да сөзге тарттық. Чемпион қыз спорттағы аяқ алысы туралы былай дейді:

— Жасым — 10-да. 4 жылдан бері осы бассейнге келіп жүрмін. Өзіме суда жүзген ұнайды, шаршамаймын, керісінше, сергіп, демалып қаламын.

Былтыр күзде Татарстан Республикасының астанасы — Қазан қаласында ұйымдастырылған халықаралық жарыста 50 метрге шалқалап жүзуден қола медаль алдым. Республикалық «Ақтөбе үміттері — 2025» турнирінде чемпион болдым. Бір рет рекордсмен атандым. Осымен тоқталып қалмаймын, түрлі деңгейдегі жарыстардың чемпиондығы — басты арманым. Сол мақсатта жаттығудан қалмаймын, ағайымның берген тапсырмасын бұлжытпай орындаймын. 

Бассейнде өзін суда жүзген балықтай сезінетін жас спортшыларға сәттілік тілейміз.

Тәжірибелі медбике не дейді?

«Достық» бассейнінің медбикесі Айгүл Гимранованың жүзгіштерді бақылап, қажет кезде ақыл-кеңес беріп жүргеніне 8 жылға жуықтаған. Сондай-ақ медицина маманының күнделікті міндетіне судың құрамын тексеру де кіреді.

Суда жүзу омыртқа ауруларының алдын алады. Бассейнге келген адам омыртқа сүйектерінің жанындағы кішкентай бұлшық еттерді «тынықтырады». Бұл остеохондроз ауруын болдырмайды. Суда адам салмақсыз болатындықтан, денеге көп күш түспей, омыртқа жотасы созылады. Соның әсерінен адам тұлғасы сымбатты болып, қимыл-қозғалысы еркін де әсем көрінеді. Бұл спорт түрімен машықтанған адамның тыныс алу мүшесі де жақсы қызмет атқаратын болады. Әсіресе көкірек қуысы кеңейіп, тынысы ашылады. Одан бөлек бассейнге арықтау үшін, болмаса өзін сергек сезіну үшін келетіндер көп.

Арнайы қондырғы көмегімен күн сайын судың құрамын, температурасын және ауаның ылғалдылығын тексеріп, талапқа сай болуын қадағалаймыз.

Бассейнге аптасына 3 рет келген дұрыс, — дейді ол.

Бір қызығы, Айгүлдің өзі жүзуге қатты қызықпайды екен. «Демалыс күндері бассейнде жүзуге рұқсат бар. Бірақ соңғы бір жылдан бері бұған  құнт жоқ. Қатты жүземін деп айта алмаймын, біздікі — орташа деңгей», — деп күлді сұхбаттасушымыз.

 P.S. Спорт мамандары мен тұрғындардың өзі бассейндердің керегін ұдайы айтып жүр. Біз бас сұққан мекемеде жүзумен айналысатын үлкен-кіші санының артуы да бұған бірден-бір дәлел. Ел Президенті кезекті Жолдауында халыққа қажетті спорттық нысандарды салу жөнінде тапсырма бергенін ескерсек, бұның кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Әсіресе ересектер үшін қаланың ескі бөлігінен бассейн қажет-ақ.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button