Су спорты: сан мен сапа сәйкес пе?..

Қай спорт түрінің де денсаулыққа пайдалы екені, соның ішінде жүзудің бұл жағынан алдыңғы орында тұратыны белгілі. Өйткені суда жүзгенде адамның бүкіл бұлшық еті қозғалысқа түсіп, бұның өзі дене жаттығуы болып есептеледі. Сәйкесінше, аталған спортқа жылма-жыл сұраныс артып келеді. Ал жұртшылыққа ұсынылған жағдай соған сай ма? Біз облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Ахамбаймен өңірдегі бассейндердің жай-күйі, су спортына маманданған спорт мектептерінің аужайы, Ақтөбенің мықты жүзгіштері мен сала бойынша мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік…

Биыл ашылатын бассейндер
— Облыстың су спорты бойынша деңгейін айтпастан бұрын бассейндердің бүгінгі жағдайына тоқталғанымыз жөн болар. Қаншасы бар?
— Өңірдің спорттық инфрақұрылымы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында жаттығу және спорттық мақсатта барлығы 22 бассейн жұмыс істейді. Тарқатып айтсам, соның 7-еуі аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрамында болса, 3-еуі жекенің меншігі. Ақтөбе қаласының өзінде 3 мемлекеттік бассейн бар: ұзындығы 50 метрлік «Достық»,25 метрлік «Шағала» және №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі бассейндер, сондай-ақ 8 жекеменшік бассейн. Тағы біреуі аудандық жалпы орта білім беру ұйымының жанында орналасқан.
— Былтыр бірнеше нысанның құрылысы басталып еді…
— Иә, осы жылы облыс аумағында бассейні бар бірқатар денешынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.Атап айтқанда, Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені, Алға, Шалқар қалаларында, Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында және Әйтеке би ауданының Темірбек Жүргенов ауылындағы спорт мектептері. Осылайша облыста суда жүзетіндерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.
«Дельфиннің» тағдыры…
—Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде бассейндердің жоқтығы жөнінде не айтасыз?
— Әлгінде айтқанымдай, Ақтөбе қаласында мемлекеттік және жекеменшік 11 бассейнбар. Өзіңізге мәлім, қаланың ескі бөлігіндегі «Дельфин» спорт мектебі әбден ескіргендіктен жабылды. Сонда жаттығып жүрген 188 спортшыны «Достық» спорт мектебіне толық ауыстырдық. Бүгінгі таңда басқарма «Дельфиннің» орнына жаңа нысан салу бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр.
— Байырғы «Дельфин» бассейннің ендігі «тағдыры» не болады?
—1968 жылы салынған ғимараттың шатыры 1972 жылы опырылып, бассейн ваннасына зақым келтірген. Осыған байланысты нысан консервацияланды. Сөйтіп, 1977 жылы қайта қалпына келтірілді. Онымен осыдан 3 жыл бұрын бассейн ғимаратына техникалық тексеру жүргізілгенде, жағдайы қанағаттанарлықсыз екені анықталды.
Қазіргі таңда «Дельфин» бассейнінің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайын. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының ақпаратына сәйкес бассейннің құрылысы 2027 жылға жоспарланған.
«Біздің команда — Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы»
— Бұл спорт түріне қызығушылар көп пе?
—Облыста балалар және жасөспірімдердің 9 спорт мектебінде жүзу спорты бар. Барлығы 1716 спортшы шұғылданады. Соның ішінде аудандарда орналасқан6спорт мектебінде 613жас жүзумен айналысып жүр. Өткен жылдармен салыстырғанда, едәуір өсім байқалады.
Мақтанғанымыз емес, өңірде спортшыларымыздың дайындалуына барлық инфрақұрылыммен мүмкіндік бар.Айталық, халықаралық деңгейге сәйкестендірілген «Достық» су спорты орталығында ұзындығы 50 метр, тереңдігі 2-3 метр, 10 жолақты бассейн, жаттығу залы, хореография залы бар, ірі деңгейдегі жарыстарды өткізуге көлемі 6х9 метрлік хронометражды ақпараттық табло орнатылған.
Су спорты түрлері бойынша «Достық» спорт мектебінің ашылуы Ақтөбеде жүзу спортының кеңінен дамуына және облыс құрамасының спортшылары — Қазақстанның спорт шебері Диана Назарова,жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шеберлеріАйбек Қамзенов,Айбат Мырзамұратов, Глеб Коваленя,тағы басқаларға жол ашты. Облыстың құрама командасы талай рет тәуір нәтиже көрсетіп, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды.
Жалпы, соңғы жылдары облысымызда су спортына қызығушылық артып келеді. Жыл сайын алғашқы даярлық топтар ашылып, оларға 7-15 жас аралығындағы балалар ақысыз қабылданады.
— Болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылардың бірнешеуін атап өтсеңіз.
— Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ел Кубогының жеңімпазы, Үндістанның Ахмедабад қаласында өткен XI Азия чемпионатының күміс жүлдегері Айбат Мырзамұратов, жоғарыда аталған атақтарға ие және Қазақстан рекордсмені Глеб Коваленя, Қазақстанның спорт шебері, ұлттық құрама командасының мүшесі, республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы Константин Корольков, Қазақстан чемпионы Асылым Сәрсенова сынды спортшыларымызды ерекше атап өтер едім. Бұйыртса, осы күзде Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін XX Азия ойындарына аталған жас талаптарымыз қатысқалы отыр.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Қазақстан су спорты түрлері федерациясының мәліметінше, елімізде жүзу бойынша бірнеше спорт түрі дамыған. Атап айтсақ, су добы, жүзу, синхронды жүзу, суға секіру және ашық суда жүзу.
Соның ішінде жүзуден Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Дмитрий Баландин брасс әдісімен 200 метр қашықтықта алтын медаль жеңіп алды. Ол — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жүзуден тұңғыш Олимпиада чемпионы.
Қазақстанда синхронды жүзу де дамыған, Наталья Трусова, Наталья Цицер, Нела Яфарова сынды білікті жаттықтырушыларымыз бар.
Ал ашық суда жүзуден 2007 жылы Алматы қалалық федерациясының бастамасымен бірінші Қазақстан чемпионаты өтті.
Қазіргі таңда жоғарыда аталған федерацияға Нұрлан Жақыпов басшылық етеді.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



