Ауыл

Жаңатұрмыстың жаңа көпірі

Жол

Мұғалжар ауданының Жаңатұрмыс ауылына кіреберіс жолда жаңа көпірдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындары үшін бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе еді.

Бұрын Жаңатұрмыстың кіреберісінде қауіпсіздік талабына сай келмейтін, қирап тұрған тұрған ескі әскери көпір бар еді. Соның салдарынан көктемгі су тасқыны кезінде жол қатынасы толық тоқтап, ауыл халқы талай рет қатынассыз қалған.

Жаңа нысан Мемлекет басшысының өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасымен салынды. Құрылысқа 15 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Көпірдің биіктігі — 3 метр, ені — 7 метр. Бұл әрлі-берлі қатынайтын көліктердің жыл бойы қауіпсіз әрі  тоқтаусыз қозғалуына мүмкіндік береді.

Жаңатұрмыстағы халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы екі жыл ішінде мұнда әлеуметтік маңызы бар бірқатар жоба іске асырылды. Ауылға газ құбыры тартылып,  ұялы байланыс мұнарасы орнатылды, тұрғындар интернет желісіне қосылды. Сонымен бірге блок-модульді су тарту нысаны жұмыс істеп тұр, ал ауылдағы негізгі мектепке күрделі жөндеу жасалған.

Бүгінде 142 адам тұратын ауылда небәрі 29 үй бар. Бірақ Жаңатұрмыс ауылының тарихи мәні  зор.  Бұл ауыл —  қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан Құдайберген және Ахмет Жұбановтардың туған жері.

Жаңа көпірдің ашылуы ауыл тұрғындары үшін айтулы оқиғаға айналып, ауылдық аумақтарды дамыту жолындағы маңызды қадам болды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button