Жаңалықтар

Лаура — талапшыл маман

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үдерісі жалғасуда. Осы бағытта ерекше жауапкершілік жүктелетін салалардың бірі — фармацевтика. Дәрілік заттардың сапасы, пациенттердің қауіпсіздігі, препараттардың айналымын бақылау мемлекеттік қызметкерлерден жоғары кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді.
Осындай мамандардың бірі — медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіндегі фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Лаура Нұрманова.
Оның медицина мен фармацевтикаға қызығушылығы студенттік жылдарынан басталған. Ол 2012 жылы Ақтөбе медициналық колледжін «фармация» мамандығы бойынша тәмамдап, 2017 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде осы мамандық бойынша бакалавр дәрежесін алды. Оқу барысында дәрілік заттардың сапасын бақылау, қауіпсіздігі және айналымы бойынша білімін тереңдетті.
Еңбек жолын 2010 жылы университеттің медициналық орталығы жанындағы дәріханада бастаған. Кейін жеке секторда фармацевт және провизор-аналитик ретінде тәжірибе жинақтады. Бұл кезең оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына үлкен әсер етті.
Мемлекеттік қызметке 2018 жылы келді. Фармацевтикалық қызметті бақылау саласындағы алғашқы жылдардан бастап азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауға, нормативтік құжаттарды зерделеуге және тексеру іс-шараларына белсенді қатысты.
— Фармацевтика саласындағы әр шешім адамның денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұнда жауапкершілік — басты орында,— дейді ол.
Бүгінде Лаура Қайратқызы фармацевтикалық қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымына мониторинг жүргізу, азаматтардың өтініштерін қарау, сондай-ақ дәріханалар мен медициналық ұйымдармен өзара әрекеттесу бағытында жұмыс істейді.
Әріптестері оны ұқыпты, талапшыл әрі «ең алдымен – пациенттердің қауіпсіздігі» қағидатын берік ұстанатын маман ретінде біледі. Азаматтар тарапынан көбіне дәрілердің қолжетімділігі, сапасы мен бағасына қатысты мәселелер көтеріледі. Мұндай жағдайда жедел әрі нақты шешім қабылдау — басты міндет.
Қазақстанда «қызмет көрсететін мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға басымдық берілуде. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ашықтықты арттыру және бюрократияны қысқарту — осы бағыттағы негізгі міндеттер.
Лаураның пікірінше, адами фактор қашанда басты элемент болып қала береді.
— Заманауи технологиялар жаңа мүмкіндіктер ашады. Алайда олардың тиімділігі адамдардың адалдығы мен кәсібилігіне тікелей байланысты, — дейді ол.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button