Көктайғақтың кесірі…

Қала
Ақтөбеде соңғы күндері күннің күрт жылынуына байланысты жаяу жүргіншілер жолы көктайғақ бола бастады. Қауіпсіздік үшін коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Жаяу жүргінші жолдары қар мен мұздан тазартылып, тайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Әсіресе адамдар көп жүретін орындарға ерекше көңіл бөлінуде.
— Қазір «Астана» ауданында 9 санитарлық учаске бойынша қар мен мұзды тазарту жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Тайғақ учаскелерге құмсыз тұз себілуде. Әсіресе орталық көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарына ерекше назар аударылып отыр. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шара қолға алынды,— деді Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Мирас Әжібаев.
Жауапты мамандар тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақырады. Мұз қатқан аумақтармен жүрмеуге тырысып, тротуар мен жолдан өткенде асықпай, мұқият жүру керектігін ескертеді. Себебі соңғы аптада көктайғақтан жарақат алғандар саны артқан.
Қазіргі таңда жаяу жүргінші жолдарын, қоғамдық кеңістікті тазарту жұмыстарын ұйымдастыру Астана және Алматы ауданы әкімдерінің міндетіне жүктелген. Екі аудан бойынша 16 учаскеде 8 мердігер ұйым жаяу жолдардың тазалығына жауапты.
К.ҚОПАЕВА.



