Білім

Жайлы мектептің жайы

Облыс әкімі Асхат Шахаров Есет батыр шағын ауданындағы 2000 орындық жайлы мектепке барды.

Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған аталған тұрғын алаптағы екінші мектеп.

Өңір басшысы жаңа білім ордасындағы оқу жағдайымен, материалдық-техникалық базасымен танысып, педагогтер, ата-аналар және оқушылармен кездесті.

— Балаларға арналған заманауи әрі қауіпсіз оқу жағдайын жасау мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Президенттің тапсырмасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске асырылуда. Бұл жоба балалар үшін тең мүмкіндіктер мен сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жайлы мектептер балалардың үйіне жақын жерде, заманауи жағдайда білім алуына мүмкіндік береді. Мұнда сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған: мұғалімдер құрамы толық жасақталған, оқу кабинеттері мен цифрлық сыныптар жабдықталған, жұмыстағы ата-аналарға ыңғайлы болу үшін ұзартылған топтар ұйымдастырылған. Жоспарланғандай инфрақұрылым мен қолайлы кіреберіс жолдар оқу процесінің қауіпсіз әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Барша оқушыға табыс пен жетістіктер тілеймін, — деді облыс әкімі.

Аталған білім ордасында арнайы пән кабинеттері мен зертханалар, шеберханалар, екі спортзал, кең асхана, оқу залдары бар кітапхана, сондай-ақ заманауи цифрлық инфрақұрылым қарастырылған. Педагогикалық ұжым 49 адамнан тұрады. Олардың қатарында жоғары және арнаулы орта білімі бар мамандар, сондай-ақ «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы» және «педагог-модератор» біліктілік санаттарына ие ұстаздар бар.

Есет батыр шағын ауданында бүгінде бірнеше жалпы білім беретін мекеме жұмыс істейді. Олардың қатарында 900 орындық №78 мектеп-гимназия, 1200 орындық Дінмұхамед Қонаев атындағы №60 орта мектеп және 2000 орындық №82 орта мектеп бар.

Жаңа 2 мың орындық мектеп қолданыстағы білім беру ұйымдарының жүктемесін азайтып, оқушылар үшін жайлы оқу жағдайын қамтамасыз етіп отыр.

Оқушылардың ата-аналары үйдің жанынан заманауи мектеп салынғаны үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұған дейін балалар басқа шағын аудандардағы мектептерге, кейде ауа райының қолайсыз жағдайында қатынауға мәжбүр болған.

—Бұрын менің екі балам №78 мектеп-гимназияда оқыды. Енді олар жаңа мектепке барады. Үйіміздің жанынан осындай заманауи білім ордасының ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда қажетті кабинеттер мен қолайлы білім беру ортасы жасалған. Балаларға оқуға ыңғайлы әрі қызықты болады деп ойлаймын. Әр ата-ана баласының жайлы әрі заманауи мектепте оқығанын қалайды. Сонымен қатар шағын ауданда спорт мектебінің салынып жатқаны да қуантады. Балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуда,—деді ата-аналардың бірі Ақмарал Егізекова.

Мұғалім Қарлығаш Қарашолақованың айтуынша, жайлы мектептің пайдалануға берілгені— ата-аналар үшін де, ұстаздар үшін де үлкен қуаныш. Ол балалардың сапалы білім алуына заманауи жағдай жасағаны үшін Президентке ерекше алғысын білдірді.

Кездесу соңында өңір басшысы оқушыларға сәттілік, ал педагогикалық ұжымға жемісті еңбек пен кәсіби жетістік тіледі.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button