Аудан тынысымен танысты

Кездесу
Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев, облыстық мәслихаттың депутаты Наурызбек Сарбасов келді.
Сапар аясында Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, аудандық мәслихаттың төрағасы Кәмшат Ермағамбетов, «Amanat«партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жұматай Бисенов депутаттарды Қандыағаш қаласындағы бірқатар нысан мен мекеме жұмысымен таныстырды.
Әуелі депутаттар Қандыағаш қаласында ашылған жаңа мал сою пунктінің жұмысымен танысты. Жаңа нысан былтыр «Жақсылық — 2025» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жанынан ашылды. Бұл пункт заманауи құралдармен жабдықталған, ветеринарлық талаптарға сай әрі қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Мал етін сақтайтын тоңазытқыштары да бар.
Депутаттармен кездесуде нысан иесі Ерлан Анарбеков мал сою пунктін кеңейткісі келетінін айтып, жоспарымен бөлісті. Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев нысан иесінің ұсыныс-пікірін тыңдап қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бұдан кейін халық қалаулылары «Алтын сапа» тігін цехы, Қандыағаш вагон депосында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.Депутаттар «Неохим» ЖШС-ның де жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын басшысының есебін тыңдады. Кәсіпорын жоғары сапалы кірпіш шығарады. Бүгінде Қандыағаш қаласындағы кірпіш зауытының өнімдері тұтынушылардың сұранысына ие болып отыр.
Ақтөбе облысының индустрияландыру картасына енген кәсіпорынның тынысымен танысқан депутаттар олардың жұмысына сәттілік тіледі.
Сапар соңында Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев аудан әкімдігінде Мұғалжар ауданының белсенді жастарымен кездесті.
Жандос АЙТЖАН,
Мұғалжар ауданы.



