Үш ауылға газ берілді

Көгілдір отын
Шалқар ауданындағы Бершүгір ауылдық округіне қарасты Бершүгір, Сарысай және Алабас ауылдарына көгілдір отын берілді. Жаңа инфрақұрылымның игілігін енді мыңдаған тұрғын көре алады.
Аталған жоба облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылды. Газ желілерінің құрылысын «Ерзат» өндірістік кооперативі жүргізген.
Көгілдір отынның қосылуы ауыл халқының тұрмысын жақсартпақ. Енді бұрынғыдай көмір мен отын тасымайды.
Салтанатты шараға облыстық аудан әкімі Жанболат Жидеханов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Дәулетов, және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі көгілдір отынның берілуі маңызды оқиға екенін атап өтті.
— Бүгін — Бершүгір ауылдық округі үшін ерекше әрі тарихи күн. Табиғи газдың қосылуы — Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалуының бір көрінісі. Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді, — деді аудан әкімі.
Шалқар ауданы бойынша газдандыру деңгейі 88,5 пайыздан 92,1 пайызға дейін өсті. Ал табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болғандар саны 38,7 мың адамға жетті. Қазіргі таңда аудандағы 30 елді мекеннің 12-сі көгілдір отынмен қамтылған.
К.ҚОПАЕВА.



