Заң мен тәртіп

Тіл үйренушілер құқықтық сауаттылығын арттырды

Облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп — тұрақтылық кепілі» атты іс-шара өтті. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен жиынға орталық мамандары мен тіл үйренушілер қатысты.

Тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Жанар Омарованың айтуынша, бұл іс-шара құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
— «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткізілген дәріс сағаты өзге ұлт өкілдерінің тіл үйреніп қана қоймай, өз құқығын қорғай білуіне көмектеседі. Қоғамда күн сайын сан алуан оқиға тіркеліп жатыр. Осы орайда Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша әркімнің өз құқығын жетік білуі қорғану құқығын арттыра түседі. Мұндай бағыттағы іс-шаралар Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандарында да өтіп жатыр. Бәріміздің мақсатымыз бір — қоғамдағы заңбұзушылықты болдырмау, — дейді Ж.Омарова.
Бүгінде тілдерді оқыту орталығында тіл үйренушілердің қатары артып келеді. Мемлекеттік тіл оқытушысы Ақбота Қалиева — өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгеруіне үлесін қосып жүрген мамандардың бірі.
— Кезекті сабағымыз ерекше форматта өтті. Қатысушылар үшін арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, құқықтық тәртіпке қатысты түсінік беретін кітаптар таныстырылды. Ең алдымен, тіл үйренушілерге Қазақстанның көрікті жерлері туралы дәріс өткіздім. Одан кейін қазақ тілінің тілдік нормалары бойынша тапсырмаларды орындадық. Сондай-ақ осы жолғы сабағымда адам құқығы мен қоғамдық тәртіп туралы сөз қозғадым. Заңның әділ үстемдік құруы қоғам үшін маңызды, — дейді А.Қалиева.
Бұған дейін тілдерді оқыту орталығының тіл үйренушілері жалпыұлттық диктантта белсенділік танытқан еді. Қала тұрғыны, фрилансер Антон Принько «қазақ тілін үйрену — заман талабы» деген пікірде.
— Қараша айында тілдерді оқыту орталығына тіркелдім. IT саласында қызмет етемін. Оған қоса ютуб канал жүргіземін. Диктор ретінде тапсырыс көп түскендіктен, қазақ тілінде еркін сөйлегім келеді. Бүгінде аудио-контент жасап, поэзия, әңгіме оқып, ютуб каналымда бөлісіп жүрмін. Ендігі мақсатым — қазақ тілді оқырмандар үшін де сапалы контент жасау. Осы жолғы дәріс барысында құқықтық тәртіп бойынша викториналық сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындадық, — дейді А.Принько.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button