Өңірде жастарға арналған IT Park ашылады

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы
Өңірдің цифрлық трансформациясы және IT-кадрларды даярлау мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын, бұл жыл облыс үшін бетбұрыс кезеңі болуға тиіс екенін атап өтті.
Жиын барысында интернет-инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік және мемлекеттік салаларға цифрлық әрі ЖИ-шешімдерді енгізу, сондай-ақ IT-кадрларды даярлау және ақпараттық технологиялар саласында жаңа білім беру алаңдарын құру мәселелеріне назар аударылды.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша,2025 жылдың қорытындысы бойынша интернетпен 294 ауыл қамтылған, оның ішінде 270 елді мекен мобильді байланыс, 24-і OneWeb спутниктік технологиясы арқылы қосылған. Жалпы алғанда, ауыл халқының интернетпен қамтылу деңгейі 98 пайыздан асты.
— 5G желісін дамыту жалғасуда: Ақтөбе қаласында 82 базалық станция жұмыс істейді, ал аудан орталықтарындакезең-кезеңімен жүзеге асырылады. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026-2027 жылдары 206 ауылда тұрақты жоғары жылдамдықты интернет үшін талшықты-оптикалық байланыс желілері салынады, ал облыстың 9 ауданындағы республикалық маңызы бар автожолдар бойында 17 байланыс мұнарасы орнатылады,— деді Әсет Отарбаев.
Әлеуметтік саладағы цифрлық шешімдерге де ерекше көңіл бөлінді. Білім беру саласында «DaraBala» бірыңғай платформасы дамып келеді. Онда 272,5 мыңнан астам ата-ана және 356,2 мың бала тіркелген. Жүйе жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, сабаққа қатысуды автоматты түрде есепке алады, сондай-ақ жүктеме мен мекемелер жұмысының тиімділігі бойынша талдау қалыптастырады. Қазіргі таңда спорт мектептері мен секцияларға арналған жаңа модульдер сынақтан өткізілуде.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында өңірде 79 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, оның шамамен 20 мыңы Жедел басқару орталығына қосылған. Бет-әлпетті және көлік нөмірлерін тану, түтін мен өртті анықтау, адамдардың жаппай жиналуын және құқықбұзушылықтарды тіркеу функциялары бар 834 интеллектуалды камера енгізілген. Бір жыл ішінде олардың көмегімен 250 қылмыс ашылған — бұл бұрынғыдан 79 пайыз көп, ал жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 34 пайыз азайған.
Сонымен қатар өңірде аумағы 1700 шаршы метрді құрайтын, жылына 300-400 студентті оқытуға есептелген IT Park ашу жоспарлануда. Оның базасында Tomorrow School — жасанды интеллект бойынша Peer-to-Peer мектебі және 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған, ЖИ саласында мамандану бағытын еркін таңдауға мүмкіндік беретін тегін TUMO Center инновациялық орталығы жұмысын бастайды.
Қорытындылай келе облыс әкімі жекелеген жобалардан нақты нәтиже беретін жүйелі жұмысқа көшу қажеттігін атап өтіп, барлық басқармаға цифрлық трансформация картасын іске асыруға белсенді түрде атсалысуды тапсырды.
— Цифрландыру — басқару тиімділігін арттырып, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға тиіс стратегиялық маңызды сала. Барлық салалық басқармаларға цифрлық жобаларды қайта қарап, олардың практикалық тиімділігіне, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік салаға басымдық беруді тапсырамын. Интернеті жоқ 17 ауылдық елді мекенді қысқа мерзімде тұрақты интернетпен қамтамасыз ету қажет және бұл мәселе тұрақты бақылауда болуға тиіс. IT-кадрларды даярлау жүйесін нарық сұранысына сәйкестендіріп, бағдарламалау, киберқауіпсіздік және деректерді талдау бағыттарын күшейту, сондай-ақ IT-компаниялармен тығыз өзара іс-қимыл орнату керек. Цифрлық бастамаларды үйлестіру үшін тұрақты жұмыс істейтін цифрлық трансформация жөніндегі кеңес құрылады, ол жобалардың енгізілуін және халық үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді,— деді өңір басшысы.
Д.ҚАЗИХАН.



