БілімБасты жаңалықтар

ҰБТ: маңызды сынақтың мазмұны

Алда маңызды білім сынағы — ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі басталғалы тұр. Бұл кезең талапкерлер үшін өз білімін дәлелдеп, болашақ мамандығына бір қадам жақындауға үлкен мүмкіндік береді. Биыл ҰБТ-ның алғашқы кезеңі 12 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.

187 мың баланың өтініші

Биыл елімізде 187 мың адам қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш берген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың адамға көп.

Қаңтар айында өтетін ұлттық бірыңғай тест сынағына өтініш қабылдау аяқталды. Талапкерлер өтініш беру барысында  тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу  барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады. 2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны — 120. Оның ішінде Қазақстан тарихы пәні бойынша 20 тапсырма, оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл — 140, — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Тестілеу уақыты — 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

Түлектердің таңдау еркіндігі

Ұлттық бірыңғай тестілеу жыл ішінде бірнеше кезеңде өткізіледі.

ҰБТ-ның алғашқы кезеңі 12 қаңтар мен 10 ақпан аралығына белгіленді. Сондай-ақ 1 наурыз бен 6 сәуір, 10 мамыр мен 10 шілде аралығында және 10-20 тамыз күндері өтеді.Соның ішінде 10 мамыр мен 10 шілде аралығында тапсырылған ҰБТ нәтижелері мемлекеттік немесе жергілікті бюджет есебінен бөлінетін білім грантына қатысуға, сондай-ақ жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге жарамды. Облысымызда ҰБТ екі пунктте өткізіледі. Ол:  Ақтөбе қаласындағыӘ.Бөкейханов көшесі, 15А мекенжайында, яғни №602 пункт пен Шалқар қаласындағы Ә.Жангелдин көшесі, 89Амекенжайындағы №622 пункт.Биыл облыс бойынша 11 103 оқушы мектеп бітіреді. Әр түлек тест тапсыратын пунктті өз қалауынша таңдай алады, тіпті басқа қалаға барып тапсыруына да мүмкіндігі бар, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, ҰБТ кезінде әр пунктте бір күнде екі лек ұйымдастырылады. Әр лекке ең көбі 228 талапкер қабылданады. Бұл — түлектерге қолайлы жағдай жасап, тестілеудің жүйелі әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған шара.

Оқушыларды психологиялық қолдау — ортақ жауапкершілік

Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезеңі — оқушылар үшін маңызды білім сынағы ғана емес, сонымен қатар үлкен психологиялық жүктеме түсіретін жауапты уақыт. ҰБТ-ға дайындық барысында баланың эмоциялық жағдайы, ішкі күйзелісі мен өзіне деген сенімі ерекше маңызға ие.Мамандардың айтуынша, ҰБТ кезінде оқушылардың көпшілігінде мазасыздық, қорқыныш, өз мүмкіндігін төмен бағалау, шаршау сияқты психоэмоционалдық қиындықтар байқалады. Кейбір балалар ҰБТ нәтижесін болашақ өмірін шешетін жалғыз мүмкіндік ретінде қабылдап, өзіне шамадан тыс талап қояды. Мұндай ішкі қысым баланың білімін толық көрсетуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Осы кезеңде балаға қоршаған орта, әсіресе ата-ана, педагог және басқа да ересектер тарапынан көрсетілетін психологиялық қолдау аса қажет. Ата-ананың басты міндеті — баласына сенім артып, оны нәтижемен емес, еңбегімен бағалау. Баланы басқа оқушылармен салыстыру, қорқыту немесе шамадан тыс бақылау кері әсерін тигізеді. Керісінше, түсіну, сабыр сақтау және қолдау көрсету баланың өзіне деген сенімін арттырады.Педагогтер үшін де бұл кезең ерекше жауапкершілікті талап етеді. ҰБТ-ға дайындық кезінде мұғалім оқушыны үрейлендіру емес, ынталандыру бағытында жұмыс жүргізуге тиіс. Сабақ барысында қолайлы психологиялық орта қалыптастыру, баланың мүмкіндігін ескеру, сенімді қарым-қатынас орнату — табысты дайындықтың маңызды шарттарының бірі. Бұл кезеңдерде мектеп психологтарының рөлі де айрықша. Психологиялық кеңес беру, релаксациялық жаттығулар, күйзелісті төмендетуге арналған тренингтер оқушылардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Психологтың кәсіби қолдауы баланың қорқынышын азайтып, тестілеуге сабырмен қарауына мүмкіндік береді.Жалпы алғанда, ҰБТ — маңызды кезең болғанымен, ол баланың өмірін толық анықтайтын жалғыз өлшем емес. Бұл білім деңгейін тексерудің бір формасы ғана. Сондықтан қоғам болып, ата-ана, педагог және мамандар бірлесе отырып, оқушының психологиялық саулығын сақтауға, оған сенім мен қолдау көрсетуге күш салуымыз қажет, —дейді Ақтөбедегі «Jan аhual» психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Арайлым Тоқсанбаева.

Оның айтуынша, баланың жанында болып, оны түсіне білу — ҰБТ кезеңіндегі ең үлкен көмек. Психологиялық қолдау көрсетілген ортада ғана оқушы өз мүмкіндігін толық пайдаланып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Сонымен қатар баланың өзімен пікірлесе отырып, ҰБТ-ға түспей қалған жағдайдағы Б, В жоспарын анықтау қажет.

Орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес қала және аудан мектептерінің 11-сынып оқушыларына арналған «Мен және менің болашағым» психологиялық қолдау сабағы өткізілді. Сонымен қатар оқушыларға осы тақырыпта эссе жазу ұсынылды. Шараның мақсаты — ҰБТ мен мемлекеттік емтихан қарсаңында білім алушылардың мазасыздық деңгейін төмендетіп, өзіне деген сенімін арттыру. Сабақ барысында өмір құндылығы, мамандық таңдаудағы жауапкершілік және сүйікті ісі арқылы жетістікке жету жолдары бойынша бағыт-бағдар берілді. Аталған іс-шараға қала және аудандардан 337 мектеп қатысып, 7170 оқушы қамтылды, — дейді ол.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button