Жылқы жылында бізді не күтіп тұр?

«…Жылқы жылына аяқ басқалы тұрмыз. Қазақ үшін қазанаттың орны қашанда бөлек. Халқымыз «Жылқы жылы жайлы болады» деп ырымдайды. Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз. Өркениетті ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Алға қойған биік мақсатымыз және нақты жоспарымыз бар.
Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ».
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Әне-міне дегенше, 2026 жылға да аяқ бастық. Осы жылы атаулы даталар, дүниежүзілік деңгейде өтетін ауқымды шаралар аз емес. Сол сияқты түрлі сала бойынша өткізілетін басқосуларды айтпағанда, жер-жерде ашылатын нысандар, инфрақұрылым игіліктері де бірталай.
Біз Жылқы жылындағы халықаралық, республикалық және облыстық ауқымдағы шаралар мен мерейтойларға тоқталып, өңірде соған орайластырылған жұмыс-жобалардың аужайын ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Дүниежүзі бойынша шымылдығын түреді…
Биыл өтетін спорттық сайыстардың ең маңыздысы, әрине, қысқы Олимпиада ойындары. Жарыс 6-22 ақпан күндері Италия мемлекетінің Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүниежүзілік додада алдын ала берілген мәлімет бойынша әлемнің 93 елінен 3,5 мыңнан астам спортшы бақ пен бабын ортаға салады деп күтілуде. 16 спорт түрі бойынша 195 медаль жиынтығы сарапқа салынатын жаһандық жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысады. Атап айтсақ, біздің спортшылар биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бойынша сынға түспек.
— 1994 жылдан бері 8 Олимпиадада бес-ақ спортшы медаль алған. Өкінішке қарай, 2018 жылдан бері бірде-бір медаль жоқ. Сондықтан біз медаль алуға барлық жағдайды жасап жатырмыз.
Кешенді жоспарды іске асыру аясында министрлік республикалық спорт федерацияларымен және өңірдегі әкімдіктермен бірлесіп, жаттығу үдерісін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, халықаралық 125 жарысқа қатысты. Спортшыларды медициналық-психологиялық қолдау, қаржылық қолдау, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс жасау қарастырылған, — деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Дайындықтың нәтижесін көретін уақыт жақын… Байрақты бәсекеде жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Ал қысқы Паралимпиада ойындары 6-15 наурызға жоспарланған.
Сонымен қатар спорт саласы бойынша 22-30 сәуір күндері Қытайдың Санья қаласында Жағажай Азия ойындары, 19 қыркүйекте Жапония елінде Азия ойындары, ал 13 қарашада Сенегал Республикасында Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары өтпек.
Мәдени шараларға келсек, 12-16 мамыр күндері «Eurovision» ән байқауы болады. Жыл сайынғы сазды сайыс бұл жолы Австрияда өткізіледі.Онда биыл 35 мемлекеттің әншісі өнер көрсеткелі отыр.

Ел ішіндегі елеулі даталар
Биыл Алаш қозғалысының көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына — 160 жыл, ұлт ұстазы, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толады.
Сол сияқты ғылым мен әдебиет салаларында есімдері алтын әріппен жазылатын ғалым әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, ақиын ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы, айтыскер ақынЖамбыл Жабаевтың 180 жылдығы тойланғалы отыр.
Қазақ музыкасының негізін қалаушылардың бірі, жерлесіміз Ахмет Жұбановтың туғанына — 120 жыл. Ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев тірі болса, биыл 80 жасқа келер еді… «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған танымал актриса Меруерт Өтекешова биыл 75-ке толғалы отыр.
Жылқы жылында біраз тарихи оқиғалар да қайта жаңғыратыны сөзсіз. Ең бастысы — биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы тойланады. Сондай-ақ 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, ал Желтоқсан оқиғасына 40 жылтолады…
Тарихқа көз жүгіртсек, биыл әйгілі Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің 190 жылдығы атап өтілмек.
Біз ең атаулы деген даталарға ғана тоқталдық. Бір анығы, бұл даталар республика көлемінде жыл бойы ескерусіз қалмай, түрлі деңгейдегі басқосуларға арқау болады.
АЙТПАҚШЫ…
…Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады.
…2026 жылдан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Бұған дейін бұл миссияны Беларусь елі атқарып келген-ді.
Облыстың жұмыс жоспары осындай
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисовадан білгеніміздей, биыл ұйымдастырылатын негізгі іс-шаралар қазақ музыкасының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті композитор, жерлесіміз Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы мен Ақтөбеден шыққан талантты ақын әрі композитор Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына бағытталады.
— Жоспарға сәйкес «Жұбановтар көктемі —2026» атауымен бірқатар іс-шара өткелі отыр. Ал Бәкір ағамыздың мерейтойына орай «Бәкір мұрасы — ұрпаққа аманат» республикалық ақындар айтысы мен «Ақбұлақ» танымдық конференциясы өткізіледі, — дейді ол.
Мұнымен қатар дәстүрге айналған «Сыбаға» салт-дәстүр фестивалі, «Саз» балалар студиясының 20 жылдығы, III республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы, IV республикалық астрономиялық олимпиадасы сынды іс-шаралар өтпек.
Өңірде ұйымдастырылатын спорттық шаралар да аз емес.
— Ақтөбеде қаңтар айының 23-31 аралығында есту қабілеті нашар спортшылар арасында футзалдан Қазақстан чемпионаты, ақпан айында Әшім Қали жүлдесіне арналған (WKF) каратэден «Aktobe open» 25-ші халықаралық турнирі, маусым айында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында үстел теннисінен ел біріншілігі, тамыз айында ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары, сондай-ақ жыл соңына қарай қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіледі.
Күзде Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін XX Азия ойындарына үміткер спортшылардың тізімі жасақталды. Бұйыртса, ірі жарыста
Ақтөбенің намысын дзюдошылар Аман Бақытжан, Есет Қуанов, Әділет Алмат, Бақыт Қосақбаева, Аруна Жангелдина, боксшы Дәулет Төлемісов, грек-рим күресінен Сайфолла Құрман, Мейрамбек Айнағұлов, еркін күрестен Мейрамбек Қартбай, суда жүзуден Айбат Мырзамуратов, Глеб Коваленя қорғамақ, — дейді облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Одан бөлек экономика, білім салалары бойынша жылда өтетін форум, олимпиада, басқа да басқосулар бар.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



