Қаламгер — руханият қазығы

2026 жылдың күнтізбесіне Ақтөбе топырағынан шыққан бірқатар ақын мен жазушылардың мерейтойлары енген. Атап айтқанда, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Әбубәкір Кердерінің туғанына 165 жыл толады.
Ал белгілі жазушы, аудармашы, өлкетану ісіне зор еңбек сіңірген Ғалым Ахмедовтің туғанына биыл — 120 жыл.
«Ақбұлақ» — барша қазақтың сүйіп тыңдайтын, сүйіп айтатын әні. Биыл еліміз «Ақбұлақтың» авторы, ақын, драматург, әнші әрі сазгер Бәкір Тәжібаевтың ғасырлық мерейтойын атап өтеді.
Көрнекті ақын, аудармашы Амантай Өтегенов көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді.
Сондай-ақ ғұмыр бойы өндірісте еңбек ете жүріп, жастайынан жазуды серік еткен қаламгер Тынымбай Қарин биыл — 85 жасқа, ал әдебиетке өткен ғасырдың 80-жылдарының басында келген буынның көрнекті өкілі, белгілі ақын Ертай Ашықбаев 70 жасқа толады.
Оқырмандарымызға мерейтой иелерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты негізгі деректерді ұсынып отырмыз:
Әбубәкір БОРАНҚҰЛҰЛЫ
(1861-1905 жж.)
Әбубәкір Боранқұлұлы 1861 жылы дүниеге келді. Халыққа Әбубәкір Кердері деген атпен танылды. Сондай-ақ бірқатар зерттеушінің еңбегінде Әбубәкір Шоқанұлы деп те аталады. Шоқан — ақынның әкесіне жеңгелерінің қойған аты.

Боранқұл қолөнер шебері болған. Әбубәкір оның үш ұлының үлкені еді. Әкесі үлкен баласын жастайынан ауыл молдасына оқуға берген. Одан әрі Әбубәкір Орынбор, Троицк қалаларында мектеп, медреседе оқыған. Кейін өзі де Орал, Орынбор, Жаманқала, Ақтөбе өңірлерінде бала оқытты. Зерттеушілердің дерегі бойынша, лауазымды адамдарға хатшы болып та қызмет еткен.
Әбубәкір Кердері алдыңғы толқын және өзімен замандас қазақ ақындарының өлең-толғауларын жақсы білген, ел аралап, көрген-түйгені мол, шариғат жолын ұстанған адам еді. Халықты имандылық жолына, өнер-білімге шақырды. Шығармашылығында халықтың өткені мен бүгіні, заманның беталысы, адами қасиеттер сынды тақырыптар көбірек қозғалды, сондай-ақ ол өз дәуірінің тарихи тұлғалары туралы да деректер қалдырды:
«…Ағадан кетті ағалық,
Ініден кетті інілік.
Інісі болды терең жар,
Жүрмеді аға сүрініп.
Атаның салған ақ жолы
Тоқтап қалды кідіріп.
Заман деген желмая,
Қалмасақ, халқым, жақсы еді
Желмаядан жығылып.
Атаны билеп ұл кетті,
Қожаны билеп құл кетті.
Баласы келсе он беске,
Ата-анадан күн кетті», т.б.
Шығармалары көзінің тірісінде Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасынан кітап болып шыққан. Атап айтқанда, 1903 және 1905 жылдары «Әдебиет қазақия, яки Әбубәкір молланың сөздері» деген атпен екі мәрте жарияланған. Өлең–толғаулары ел арасына дакең тарады.
Туындылары кеңес заманында бірнеше рет «Үшғасыржырлайды»,«Бес ғасыржырлайды» сынды жинақтарға енсе, 1993 жылы «Қазағым» деген атпен жеке кітап болып шықты.
Әбубәкір Кердері 44 жасында өмірден өтті. Оның зираты — Алға ауданының аумағындағы Жабасай қорымында. Беріректе салынған, биіктігі 6 метрден асатын Әбубәкір Кердері кесенесі тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекеттік тізімге алынған.
Ғалым АХМЕДОВ
(1906-2002 жж.)
Ғалым Ахмедов 1906 жылы 25 желтоқсанда Алға ауданында дүниеге келген.

1925 жылы Орынбордағы халық ағарту институтын бітірген. 1926-1938 жылдар аралығында Ақтөбе, Жамбыл облыстарында партия,білім, кәсіподақ салаларында еңбек етті. Оның ішінде Әулие-Ата қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында директор, Жамбыл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Бұдан соң бірнеше жыл елде мұғалімдік қызмет атқарды. 1944 жылы Қазақ мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы, 1950 жылы «Көркем әдебиет» баспасының директоры болып тағайындалды. Кейіннен Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасында көркем аударма редакциясының меңгерушісі болып істеді.
Ғалым Ахмедов шығармашылық жолын аудармашы ретінде бастаған. Ол Л.Толстой, И.Тургенов, А.Чехов сынды орыстың классик жазушыларының туындыларын, басқа да халықтардың қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ғалым Ахмедов — «Жорық жылдары», «Ескі достар», «Жем бойында»,«Алаш «Алаш» болғанда» сынды кітаптардың авторы.
Ерекше айтатын жайт, ол — өлке тарихын, тарихи тұлғаларды, ХХ ғасыр ішінде қазақтың басынан өткен ірі оқиғаларды кейінгі ұрпақтың танып-білуі үшін өте зор үлес қосқан қаламгер. 96 жыл ғұмыр сүрген жазушыөз естіген-түйгеніне қоса,архивтерде көп еңбек етіп, сондай-ақ ел ішінен де Арынғазы хан (1783-1833 жж.), Қазақай ахун (1711-1796 жж.), Алаш қайраткерлері, басқа да тарихи тұлғалар жөнінде деректер жинақтап, әңгімелер, мақалалар жазып, мол мұра қалдырды. Тарихи тақырыптағы мақалалары мен естеліктері 80-90-жылдары біздің газетімізде де жарияланып тұрды.
Бәкір ТӘЖІБАЕВ
(1926-1994 жж.)
Бәкір Тәжібаев 1926 жылы15 мамырда Байғанин ауданының Ақбұлақ ауылында дүниеге келген.

Ол алдымен Темірдегі педагогикалық училищені бітіріп, 1950 жылы Алматы көркемсурет-театр училищесін бітірген. 1950-1958 жылдар аралығында Жамбыл, Шымкент облыстықдрама театрларында актер болып еңбек етті. 1958 жылы Қазақ опера және балет театрына ауысып, осында бөлім меңгерушісі болды. Кейіннен Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры, Қазақ театр қоғамында кеңесші-әдіскер болып қызмет атқарды.
1974 жылдан бастап шығармашылық жұмысқа ауысты. Оның «Қара торғай» атты тұңғыш жинағы 1967 жылы жарық көрген. «Сал сері мен Қыз қосан», «Ана жүрегі»,«Қарагөз қарындасым» (Ж.Жұмақановпен бірігіп жазылған), «Ақтау әні»пьесалары республикалық, облыстық театрлар сахналарында қойылды.
Бәкір Тәжібаев — 150 шақты әннің авторы. Оның«Ақбұлақ әні» — кеңестік дәуірдегі патриоттық әндердің ішіндегі ең кең таралған туындылардың бірі:
«…Сеніңкеліпжағаңнан,
Анамталай су алған.
Сенің келіп жағаңнан,
Әкем атын суарған.
Айналайын Ақбұлақ,
Асыр салғам жағаңда.
Сенен артық өлкені
Бұл әлемнен табам ба?!»
Бұл әнді Қазақстан ғана емес, шетелдерде тұратын қазақтар да сүйіп орындайды.
Бәкір Тәжібаевтың көзі тірісінде өзінің орындауында көп әндері күйтабаққа жазылған.
Ал естелікте өз шығармашылығы туралы: «Аппағым-ау», «Дала жолдары», «Ақбұлақ» әндерін жаздым. Туған жердің бұлағы, табиғаты, қазақтың кең сахара даласы мен үшін үлкен тақырып болды да, Болат Сыбанов, Қапаш Құлышевалар домбырамен орындады. Әншілерден ерекше атап кететін әншім — Роза Рымбаева. Ол менің біраз әндерімді шебер орындап, тыңдаушысына жеткізе білді. Сол үшін ризашылығым шексіз», — дейді.
«Қара торғайдан» кейін оқырмандардың қолына Бәкір Тәжібаевтың «Біздің Роза», «Сахна жұлдыздары», «Балбұлақ», «Ән — дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр — жолаушы» және «Ақбұлақ» сынды кітаптары тиді. Сондай-ақ 2013 жылы «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жыр жинағы жарық көрді.
Амантай ӨТЕГЕНОВ
(1951-2018 жж.)
Амантай Өтегенов 1951 жылы 26 желтоқсанда Қобда ауданының Қарағанды ауылында туған. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.

«Жаңа фильм» журналында, Октябрь (қазіргі Мұғалжар) аудандық «Знамя Октября» газетінде, облыстық «Актюбинский вестник» газетінде, Ақтөбе облыстық әкімдігінде еңбек етті. Сондай-ақ әр жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейін, С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасын басқарды, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде директордың орынбасары болды. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесіне басшылық етті.
Ақын өз шығармаларын орыс тілінде жазды. Амантай Өтегенов — «Лучи в ладонях», «Картинка», «Мужские стихи», «Мост через остров», «Запретный плод», т.б. кітаптардың авторы.
Сонымен бірге ол көптеген қазақ қаламгерінің шығармаларын орыс тіліне аударды. Атап айтқанда, орыс тілді оқырманҚалтай Мұхамеджанов, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Серік Асылбеков, Әбдіжәміл Нұрпейісов, басқа да белгілі қаламгерлердің көп туындысымен Амантай Өтегеновтің аудармасы арқылы танысты.
Тынымбай ҚАРИН
(1941 жылы туған)
Тынымбай Қарин 1941 жылы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында дүниеге келген.

1965 жылы Жамбыл технологиялық институтын бітіріп, еңбек жолын Ақтөбедегі астық қабылдау мекемесінде бастаған. Мамандығы — инженер-технолог. Көп жыл бойы Ақтөбе, Жамбыл, Шымкент облыстарында астық өндіру саласында қызмет етті. 1980 жылдан бастап Ақтөбе ауыл шаруашылығы машиналарын жасау зауытында еңбек етіп, осы жерден зейнеттік демалысқа шықты.
Өндірісте еңбек ете жүріп, шығармашылыққа да ден қойды. 1978 жылы «Арман қанатында» атты жас жазушылар жинағына «Ымырт» әңгімесі енді. Сонымен қатар әңгімелері аудандық, облыстық, республикалық газеттерге де шықты.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Өмір сыры», «Қанағат» әңгімелер жинақтарының, «Шырғалаң», «Ғасыр үні», «Ұлы сезім» романдарының авторы.
Бірқатар туындылары шет тіліне аударылды. «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Байғанин ауданының құрметті азаматы.
Ертай АШЫҚБАЕВ
(1956 жылы туған)
Ертай Ашықбаев 1956 жылы 24 сәуірдеТемір ауданының Бабатай ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын Темір аудандық «Жұмысшы» газетінен бастап, одан кейін Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Осы жылдан бастап көп жыл бойы облыстық «Ақтөбе» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып еңбек етті. Қазір «Үш таған» журналының бас редакторы.
Ертай Ашықбаев — «Қос мең», «Жақсы баға», «Ұя», «Ашық сабақ», «Ғашықтар мектебі», «Қаңтардағы құс», «Қобыландының қонысы», «Шырақ пен шуақ», «Мешін жылы Бабатайда туғалы», т.б.жыр жинақтарының авторы. 2015 жылы шығармалары екі том кітап болып жарыққа шықты, сонымен бірге «Өлең мен өмір» атты әдеби мақалалар кітабы жарық көрген.
1989 жылы «Қос мең» жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлығының лауреаты болды. «Жалын» баспасы ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде 4 рет жүлдегер атанды. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлығының лауреаты атанған. Сондай-ақ республикалық мүшәйралардың бірнеше дүркін жүлдегері.
«Шапағат» медалі және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Әзірлеген Айна САРЫБАЙ.



