Биыл облыста 31 ауыл газдандырылды

Көгілдір отын
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірді газдандыру жұмыстарының қорытындысы шығарылды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша,биыл халқы 12,9 мың адам болатын 31 ауыл газдандырылды. Бүгінде облыстағы 319 елдімекеннің 203-іне көгілдір отын тартылған, онда 900,7 мың адам тұрады. Халықты газбен қамту деңгейі — 97 пайыз.
Газдандыру көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысы республикада 6-орында тұр. Қазіргі уақытта 24 елдімекенді газдандыруға арналған жалпы құны 14,5 млрд теңгенің 18 жобасы, сондай-ақ 5 ауылды газдандыруға арналған 3 жоба әзірленуде. Сондай-ақ 2026-2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттерді қалыптастыру үшін жаңа жобалар бойынша қосымша өтінімдер берілді. Бұл ұсыныстар толық қаржыландырылған жағдайда 210 елдімекен немесе 903,7 мың адам газбен қамтылады, бұл— облыс халқының 97,4 пайызы.
Жиында өңір басшысы үздіксіз жылыту маусымын қамтамасыз ету қажеттігіне де назар аударды. Асхат Шахаров жылыту жүйесі, инженерлік желі және отын қорының тұрақты жұмысын, әсіресе әлеуметтік нысандарда, көп қабатты тұрғын үйлерде және шалғай ауылдарда қатаң бақылауды күшейтуді тапсырды.
— Газдандыру қарқынын сақтау және барлық жобаның орындалу сапасын қатаң бақылауқажет. Көгілдір отын тартылған елдімекендерде тұрғындардың нақты газға қосылуын қамтамасыз ету керек. 2026-2028 жылдарға арналған жобаларды дайындауға және шалғай ауылдар үшін нақты шешімдер әзірлеуге айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Сондай-ақ жылыту маусымын бақылау бойынша жүйелі жұмысты жолға қойып, туындайтын тәуекелдерге дер кезінде әрекет ету қажет. Ауылдарды газдандыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыты болып қала береді және тұрақты бақылауда болады,—деді облыс әкімі.
Д.ҚАЗИХАН.


